ТЕКТІЛІК ТІЗБЕГІНІҢ БІР БУЫНЫ

ТЕКТІЛІК ТІЗБЕГІНІҢ БІР БУЫНЫ

(Қоғам белсендісі Нәзипа Шанаидың келбеті)

Көп балалы отбасында өскен балалар ересектер әлеміне қадам басқанда өмірге тез бейімделетіні, кейбіреулерге алынбас қамалдай боп көрінген кедергілерді оңай еңсеретіні туралы естіп те, көріп те жүрміз. Кейбір зерттеушілер оны балалардың кішкентай кезінен «бәсекеге қабілетті» болып өсуінен деп түсіндіретінін де оқыдық. Солай да шығар. Бірақ, біздіңше, оның тағы да бір – біздің халыққа тән, әлдеқайда шынайы және әлдеқайда түсінікті негізі бар сияқты. 

 «Қой егіз туса шөптің басы айыр шығады» деген мақалына қарап-ақ дарқан қазақтың көп балалы болуда да арқасын кеңге салып, ол баланың өсіп-жетілуі үшін де табиғатқа иек артқан жаратылысын тануға болады. Тіпті санамызда көп балалықты және қиындығы мен қызығы қатар жүретін өмірді – солай болу керектей қабылдайтын, «Жанды берген Құдай нанды да береді» деген ұғым қалыптасып қалғандай. Байырғы қазақтың баланы адамға берілетін теңдессіз сый деп қарап, қазіргілердей көп балалы болудың қиын екенін көлденең тарта бермеуіне де әсер еткен осы ұғым болар, бәлкім.  

Ал шындығына келгенде көп балалы болу сынағын берген Жаратушы сол сынақтан өту жолын да берген бізге. Ол – мұндай отбасы балаларының ішінде біреуінің зейінді болып тууы, келе-келе сол әулеттің көшбасшысына айналуы. Бірдей қаннан жаратылып, бір жатырда жетілсе де, Ұлы жаратушы оның бойына бауырларына қарағанда басқарақ қасиет-қабілеттерді дарытып, ерекше сана-сезім иесі етеді. Ондай бала көпшіл болып, өзінен бұрын үйінің жайын ойлап, әке-шешенің қас-қабағына қарап өседі. Және оның ұл не қыз, үйдің үлкені не кенжесі болуы шарт емес, әке-шеше үшін де – көп «қара домалақтың» бірі. Сондықтан да болар, кең пейіл қазақ оны өз ата-анасына беруі, оны айтасыз, баласы жоқ ағайынның бауырына салуы ғажап емес... 

Арада жылдар өтіп, кешегі құйттай баланың қатарластарынан өзгеше қалыбын көргенде ғана ата-ана оның «болатын бала» екенін сезеді. Ата-анаға қамқор боп, мал табу; ұлды үйлендіріп, қызды ұзату; ағайынмен арақатынасты сақтап, жолдан жығылмау; ауырғанды емдетіп, жастарды оқыту, оларға дұрыс жол көрсету... Және өмірінің әр кезеңінде иығына артылған осындай қатпар-қатпар жүкті атқара жүріп, қызмет ету. Жәй ғана қызмет етіп қоймай, еңбек сатыларымен көтерілген сайын рухани дүниесі бай, кәсіби біліктілігі жоғары маман ретінде танылып, мойындалу. Құрметке бөлену. Бұл – табиғаттың сыйымен көп баланың ішінде көшбасшы болып жаратылғандардың бәріне тән қасиет. 

Қоғам қайраткері, Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы, «Құрмет» ордені мен көптеген медальдардың иегері Нәзипа Шанаи сондай бала болды. Ол 1931 жылы атажұрттағы нәубеттен бас сауғалап ауа көшкен көп қазақтың бірі, бір рулы елдің асыраушысы, сөзұстары Ыдырыс Шанайдың бел баласы – Жақсылықтың отбасында 1961 жылы, көршілес өзбек жерінде дүниеге келген.


Әкесінің қарындасы

«Алланың әр адамның тағдырына жазғаны болады ғой. Маған жазғаны – шалдың қызы, Ыдырыстың қызы болу екен, - дейді Нәзипаның өзі, - Ыдырыс атам мен Дәмежан әжем мені 2 жасымда әке-шешемнен алып, бауырына басыпты. Біз бөлек тұрдық. Бар білетінім – кемпір-шалдың барлық өмірі күтуден тұратын. Сонда күтетіні – атамның жалғыз ұлы, менің Дахан көкем (Жақсылықты әке-шешесі Жақан деген, тілі келмегендіктен балалар Дахан деп кеткен). Мен әкемді солай атайтынмын».

Атасы мен әжесінің көкесіне деген сүйіспеншілігі сәби жүрекке де сіңіп, әлде, әкесі екенін адам түсіне бермейтін күштің әсерімен сезіп, қара жолдың шаңын бұрқыратып келер машинаны тағатсыздана күтіп жүретін құйттай қыз көз алдыма елестейді (бәлкім, өз басымнан өткендіктен болар). Бірақ көкесі алдынан жүгіріп шыққан құйттай қызды басынан да сипамайды екен. (Бұның біреуге бала берген барлық ата-анаға тән қасиет екені белгілі). Құйттай қыз алғашында біртүрлі болып, ішінде «Неге?» деген жауапсыз сұрақ туындайтын. Баласын біреуге берген жандардың жазылмаған қағидаларын ұстанған көкесінің де сол кезде өз әке-шешесінің көңіліне қарағанын Нәзипа жылдар өте түсінді...

Көкесі бұл ұстанымынан кейін, әке-шешесі бақилық болғанда да айнымапты – Нәзипаны «балам» деп бауырына тартпай, өмір бойы қарындасым деп арқа сүйеп, тіпті, кей кездерде, артынан ерген ұлдай қарайды екен. Ағайын-туыстан біреу қайтыс болғанда да «Қашан бата жасап барасың?» деп мазасызданып, «Ұят болады, сенің орның бөлек қой» деп отыруынан әкенің бұған артқан сенімін де, ұрпағының басын ұйыстыратын қызын – «жүйрік болар тұлпарды шабысынан таныған» көрегендігін де байқауға болады. 


Отанның жөні бір бөлек!

Нәзипаның аталары Қазақстанда 1928-1930 жылдары болған 370-тен астам халықтық көтерілістің бірі – Қызылқұмдағы «Ағатай» көтерілісіне қатысқандар. Белсенділерді қудалау күннен күнге өрши түскен соң олар «Бесқұдық», «Әулие Орынбай тауы» деп аталатын атақоныстарынан үдере көтеріліп, «мұсылман елдер ғой» деген оймен Ауған, Иранға бет алады. Бірақ діттеген жерлеріне жете алмайды. Сусыз, жолсыз сапардың азабынан қаншама жаннан айырылған көш Самарқан қаласында тоқтайды.

Ол жақта біздің елге қарағанда тыныш екен. Түнде жүріп, күндіз бой тасалаған топ бір мезгіл ес жиып, бойларын жазады. Кетпен шауып, жер тырмалаған жергілікті халықпен бірге нәпақаларын тауып, бала-шағаның аузын нан мен ағарғанға жеткізеді. Біртіндеп атыс-шабысты, қудалаудан қорқып көз ілмейтін түндерді де өткеннің еншісіндей еске ала бастайды.

Еңбекқорлығымен, шариғат шеңберінен шықпаған қалпымен, ағайынға қамқорлығымен сыйлы болған Ыдырыс ақсақалдың балалары сол жерде аяқтанып, тұңғыш немерелері дүниеге келеді. Кейін қабылдаған шешімдеріне қарап, қарияға осы немерелерінің болашағы ой салғанын байқауға болады. Ой болғанда да – туған елге оралу туралы, атажұрт, ана тіл туралы жүрек тұсын сыздататын мұңлы ой. Ағайынмен әңгімеде де «тойғанның жөні бір бөлек, Отанның жөні бір бөлек» деген мазмұн қылаң беретін. Сол ойдың жетегімен болар, немерелерін өзбек мектебіне емес, орыс мектебіне бергізеді. 

«Әке көрген оқ жонар» деген, кейін Жақсылықты да діні бір десең де тілі мен ділі бөлек елде қыздарым өзге жұртқа кетіп қала ма деген ой жиі мазалайды. Ақыры, әкелі-балалы екеу: «Балалар өз елінде өссін» деп, елге оралуға бел буады. Осылайша, араға қырық жыл салып, Шанаи әулеті оңтүстіктің Шардара ауданына қоныс аударады.  


Көзбен көріп, көкейге түю 

Нәзипаның балалық шағы сол кезде дүниеге келген өз қатарластарынан көп ерекшеленбейді. Ата-әже бауырында өскен балаларға тән ертерек есею, үлкен кісілерге өзгеше мейіріммен қарау, аңғарымпаздық, қас пен қабақтан ой түю және ес біле келе пайда болған әке-шешеге деген сөзбен айтып жеткізе алмайтын сағыныш болмаса... Бағына қарай, ата-әжесі де, әке-шешесі де Нәзипаның бойындағы ерекше қабілет-қасиетті тани білді және оның таңдауларына кесекөлденең тұрмады. Сенді. Сенім артты. 

Өздерінің ана тілдерін ұмытпауында әжесі Дәмежанның еңбегі зор дейді. Атасы ерте кетіп, кеш келеді – өз балалары ғана емес, бүкіл ағайын аузына қарап отырған соң біресе алқап аралап, біресе малды қарап, одан қалды кейбір құжаттарды реттеп, күн сайын үйге қас қарая бір-ақ келеді. Бұлар орыс мектебінде оқиды, айналасындағылардың бәрі өзбекше сөйлейді. Соны байқаған әжесі «Мен түсінсін десеңдер, қазақша сөйлеңдер» деп талап қояды екен. (Осындайда «Қазіргі әжелер неге өйтпейді?» деген ой келеді). Бұл – бала кезде сөйлеген тілдің, алған тәрбиенің ұмытылмайтынына да мысал: Нәзипа ала тақиялы ағайынның арасына түссе, өзбек музыкасына құйқылжыта билеп, соларша «гәпіріп» кететінін талай байқадым. 

Көкесі екеуінің арасында бала кезден өзгеше, бір-бірін теңдей көретін қарым-қатынас орнықты. Бұл қарапайым жүргізушінің білім-таным көкжиегі кеңдігіне, бойындағы дала абыздарына тән даналыққа сүйсініп әрі таңырқай қарайтын. Ол құлақ түрген әндерді тыңдап, ол мақтаған кітаптарды іздеп жүріп, тауып оқитын. Өз кезегінде көкесі де Нәзипаның бойындағы білімі мен қажыр-қайратын жақсы арналарға бұрып, жөн сілтеп, өмірінің соңына дейін қатар құрбысындай ақылдасып отырды. 

«Көкем нашарлаған кезде үлкен қыздары Шәрипа мен Әнипаға «жақсымын» деп, олар шығып кетсе маған «Дайындала бер, сен жөн білесің ғой. Үлкендерден Мұсылман ағаң сүйекке кірсін. Қонақасын үйде бер, дәмханада адамдар асығып, «дәлел» дұрыс оқылмайды» деді. Артындағы тірліктің берекесі кетпеуін ойлап, бізге өз өлімінің жиынын жоспарлап беруімен көкем нағыз батылдық пен имандылықтың өнегесін көрсетіп кетті» деп еске алады Нәзипа. 

Сырттай қарай жүріп, атасы мен әкесінің мақтан ететін қасиеттері оның өз бойында да бар екенін байқаймын. Өз елімде, Арқалық ауданында атақты сынықшының қасиеті ұлдарына емес, кенже қызына қонғанын; «Қайыңды» ауылында тұратын емшінің дарыны екі ұлына емес біз қатарлы қызына өткенін білетіндіктен, ерекше қасиетті кімге қондыру Ұлы жаратушының құзырында екенін түсінемін. Сондықтан да Нәзипа сіңлімнің әр сөзінен, әр ісінен ұрпақтың болашағына деген алаңдаушылық пен қамқорлықты, «ана» деген қасиетті ұғымды кірлетпеуге жол көрсетуін, тілді дамытуға деген ұмтылысты, ұлтқа деген сүйіспеншілікті – бір сөзбен айтқанда, текті жанға тән іс-әрекетті көріп, әрдайым сүйсініп отырамын.

Қазір жұрт «тектінің ұрпағы» деген сөзді айтып жатады. Өкініштісі, оны бір лауазым иесінің, байдың, атақты адамның ұл-қызына қатысты қолдану етек алып барады. Дұрысында қазақ танымындағы аса қадірлі «тектілік» дейтін ұғым – адам бойындағы асыл қасиеттердің ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей берілуі. Парасаттылық сабақтастығы. Біз білетін Нәзипа – сол парасаттылық тізбегін сақтап қалған ерекше буын. 


Өрге бастаған өзіндік жол

Оның бүгінгі биігіне шығуы кейбір «тез пісетін» бақша өнімдері сияқты лезде танымал болғандарға, сөйтіп, бастық, депутат, «жұлдыз» болып шыға келгендерге мүлде ұқсамайды. Кеңес заманының жоғары білім беру тәртібіне сәйкес Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технология институтын бітіріп, жолдамамен Қарағандының Сарань қаласына келді. Жас маман Қарағанды резинадан жасалатын техникалық бұйымдар зауытының стандарттау бөліміне инженер-технолог болып қабылданып, еңбек жолын бастады. 

Қазақстанның өз егемендігін жария етуі қаншама саналы азаматты дүр сілкіндіріп, тап сол кезде ел үшін ең қажетті деген істермен айналысуға түрткі болғаны белгілі. Нәзипа да солардың бірі еді. Ол өз бағытын күрт өзгертіп, қазақ тілі мүлде тұралап қалған қалада ана тілімізді дамыту ісіне бел шеше кірісті: қазақ мектебін ашу үшін үй-үйді жағалап, үгіт-насихат жұмысын жүргізді; үлгі көрсету үшін өз ұлдарын қазақ мектебіне берді. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің филология факультетін сырттай оқып бітіріп, №5 Сарань орта мектебіне қазақ тілі мұғалімі болып жұмысқа тұрды. Оның еңбек жолында да Мұқағали ақынның өлеңіндегідей оқиға қайталанды: қатардағы мұғалім болып кірген ол бірнеше жылдан кейін сол мектептің директоры болып тағайындалды.

Міне, содан бері еңбек жолының барлық кезеңдері педагогика және тіл саласы ұштасып, бірге өрілуімен айшықталады. Қарағанды білім ордалары мен тіл саясаты тарихында Н.Шанаидың қолтаңбасы бар. Облыстың, қаланың тіл дамыту саласында басқа өңірлерге өнеге болған озық, нәтижелі жобалар сол жылдардан бастау алады.  

«Нәзипаны Қарағандыдан білемін, өте іскер әрі халықтық дипломатия ережелерін жақсы игерген, тәрбие негізі мықты адам. Ол облыстық әкімшілікте әлеуметтік сала бойынша қызметте жүргенінде мен университетте оқытушы едім. Біздің топонимия бойынша жұмыстарымызды қолдап, облыстық мәслихат арқылы тұрақты қаржыландыруға қол жеткіздік.

Одан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясына келгенде көп жұмысты бірлесе атқардық. Соның ішінде «Қазақ халық этнографиясын» ерекше атап өтер едім. Халқымыздың бай энографиялық мұрасын өзге жұрттарға таныту мақсатында еңбек үш тілде жазылып, Нәзипа ханымның қолдауымен көп таралыммен шықты. Одан соң «Қазақстан этностары» сериясын шығардық», - дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев.

Қарағандыдан кейін біздің кейіпкердің тағдыр жолы еліміздің жаңа астанасына бұрылды. Бастапқы алған білімі емес, жүрек қалауымен таңдаған екінші мамандығы – тіл саласында көптеген мәселелерді қолға алу қажет болып тұрған кезең еді ол. Тілдің өңірдегі жағдайымен таныс болғандықтан, кейбір мәселелердің орталықтан басталуы керектігін ұққан Нәзипа Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің Тіл комитетіне қызметке шақырылғанда қуана келісті. 

Тіл комитеті қабылдаған бағдарламалардың орындалуына талдау және мониторинг жасау бөлімінің, сосын басқарманың бастығы болды. «Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» іске асырылуы аясындағы барлық жұмыстардың басы-қасында жүріп, көптеген қажетті шаралардың қабылдануына, халық зердесін ашатын іс-шаралардың өткізілуіне, тіл мен діл қазанын қайнатуға бағытталған игі жұмыстардың ұйымдастырылуына мұрындық болды. Елде тіл үйрету курстары, орталықтары жаппай ашылып, бағдарламалар жасалып, әдістемелер қабылданып жатты. Мемлекеттік тілде білім беретін мектептер саны көбейіп, жер-су атауларын өзгерту жұмыстары қарқын алды. Бұлардың бәрінде саланың өркендеуіне үлес қосып жүрген тіл жанашырларының, соның ішінде Нәзипа Ыдырысқызының да еңбегі зор.


Өсер елдің баласы

Біздің жолымызды да тіл саласы түйістірді. Әуелі бұқаралық ақпарат құралдарынан оның тілді дамытуға қатысты сұқбаттарын көріп, терең, батыл ойларына елең еттім. Пікірлері өзімнің ойларыммен үндес еді. 

Өз басым тіл саласында пікірін, ойын бүгежектемей, батыл айтатын, көтерілген мәселенің оң немесе теріс екендігіне нақты тарихи, ғылыми деректер келтіре отырып, кез келген аудиторияда мемлекеттік тілімізді қорғап шығатын, тіл мәселесі әрбір тәуелсіз мемлекеттің суверендік құқығы екенін нықтап айта алатын тұлға керек деп санаймын. Тіліміздің дамуына кедергі келтіретін күңкіл сөздер айтылып, қисық-қыңыр істер жасалып жатқанда, біздің халқымыз жоғары бағалайтын «биязы, кішік» болу сияқты қасиеттер жүрмейді. Мұндайда «Айтпасаң, сөздің атасы өледі»... 

Сондықтан да Нәзипаның тіл, отбасылық құндылықтар, тәрбие және білім, әлеуметтік қорғау, тағы басқа мәселелер бойынша екі тілде де асқан мәдениеттілікпен, өте сауатты сөйлейтін сөздерін сүйсіне тыңдаймын. Әр тақырып оның әр қырын аша түседі. Терең білімін көрсетеді. Зияткерлік әлеуетін танытады. Кез келген адам біле бермейтін, мән бермейтін сала бойынша хабардар болып шығады. 

Алғаш танысқанымыздың өзі халқымыздың «Өсер елдің баласы бірін-бірі «батыр» дер» деген нақылын ойға оралтады. Бір үлкен жиында Нәзипа жап-жас жігітті ертіп әкеліп, «Тіліміз саяси еркіндігін алуы үшін ілеспе аударманы дамытуымыз керек. Ал ол саланы Камал апайдан артық ешкім білмейді. Үйрен. Мамандар дайында», - деді. Ол Қарағанды облыстық тіл оқыту орталығының директоры Мейіржан Сыздықов болатын. Зерек, іскер жігіт екен. Арамызда тығыз ынтымақтастық орнап, сонда басталған игі істі бүгінгі менеджерлер іліп әкетіп, қаншама үздік мамандар дайындалды.

Арада он шақты жыл өткенде жолымыз Қазақстан халқы Ассамблеясында тоғысты. Бұл кезде Нәзипа Шанаи ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары еді. Ассамблея тарапынан қолға алынған небір игі іс-шараларының қазақы мазмұнын (контентін) жасау – Нәзипаның мойнында болатын. Мектеп жасындағы балаларға қазақ тілін үйретуге бағытталған «Мың бала» жобасы, аналарды қоғам өміріне тартуға, ұл-қыздарымызды өз өнегемізбен тәрбиелеуді көздейтін «Ақ орамал» жобасы, қазақ халқының тарихын, өмір сүру философиясын зерделеуге, салт-дәстүрін құрметтеуге бағытталған «Қазақтану» жобасы, жастарға мемлекеттік тілді білуді үйрететін «Тіл мектебі» жобасы («Тайқазан», «Өмірім сізге аманат...», «Қоржын»)... тізе берсең шегіне жетпейсің.

2018 жылы Елбасы жарлығымен 1 шілде Ұлттық Домбыра күні деп белгіленгенде, Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік филиалдары сол күні туған нәрестелерге домбыра тарту ететін болды. Барша ұйымдастыру жұмыстарына басшылық жасап отырған Нәзипа маған хабарласып, сәбилерге домбырамен бірге табысталатын құттықтау хат жазуымды өтінді. Пандемия кезінде сәл іркілгені болмаса, 1 шілде күні дүниеге келген балаларға табыс етілетін «Айналайын!» деген хаттың жазылу тарихы, міне, осындай.  

Ассамблея аясында қызмет ететін этномәдени бірлестіктердің бәрінде, бірінің тілі бөлек, бірінің діні басқа ортада өз адамындай болып жүру оңай емес. Нәзипа сондай жан бола алды. Оның бір сырын бізге ел ішіндегі бірлік пен татулыққа үлес қосып, мемлекеттік тілді насихаттап жүрген, елордадағы «Ахысқа» түрік этномәдени бірлестігінің басшысы Аскер Пириев ашты: «Ассамблея жұмыстарына белсене қатысып жүргендер қашанда Нәзипа Ыдырысқызының этносаралық мәселелер туралы байсалды ойларына құлақ түреміз. Ол – кәсіби маман, адал дос, ақ пен қараны айыра білетін ерекше жан. Қандай да бір іс-шара өткізілетін болса немесе іссапарға барсақ, ол жерде Нәзипа ханымның болғаны өзімнің атқарып жүрген ісімнің дұрыстығына сенімділік беріп, одан әрі ынталандыра түседі. 

Осылайша, маған ғана емес, этномәдени бірлестіктегілердің көбіне орайын келтіріп, берген ақыл-кеңестерімен, кейде үнсіз әрекеттерімен, ал кейде саралы әңгімелерімен әрі ұстаз, әрі ақылшы, әрі досқа айналды». 


Жақсылығын үлгі еткен   

Одан үйренер нәрсе көп, соның бірі жұрт көп айтатын ұрпақтар сабақтастығы мәселесіне деген көзқарасы. Көзінде оты бар, пейілі таза жастарды танып, жебеп жіберуі; Жастарды өмірге икемдеуге байланысты дәріс оқуы; Жас отбасыларға дабырасыз көмек жасауы; Жүрген жерінде өзі қатарлас кісілерге жастарға жол ашу керектігін құлаққағыс ететіні – айта берсек толып жатыр. Содан да болар, озық ойлы жастар, тіпті аяқтарын нық басқан адамдар да оған үйірсек. Бұл феноменді әлеуметтану ғылымдарының докторы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрайымы Айгүл Кәкімбекқызы Сәдуақасова былай деп түсіндіреді:

«Нәзипа Ыдырысқызы өз ұстанымы, жеке дауысы мен пікірі бар, не нәрсені болсын бағамдай алатын адамдар санатына жатады. Бұл ерекшелігін әртүрлі көзқарастар мен нанымдағы адамдардың дауыстарын сіңіре отырып, терең ойластырудан, тұла бойымен сезінуден пайда болған қасиет деуге болады. Нәзипа Ыдырысқызы сол адамдарды естіп, қабылдап және олардың ойларын білдіре алу қабілетіне ие. Және де олар айтқан идеялардың нақты іске асуы және өмір сүруіне жол ашу үшін бар күші мен ерік-жігерін жұмсайды. Сеніммен тіршілік етудің, қандай да бір үлкен және маңызды нәрсеге қатыстылықтың ерекше ауанын жасайтын да – міне, осы жай. 

Бір байқағаным Нәзипа Ыдырысқызымен қарым-қатынаста болған әр адам жақсылық пен даналықтың күшіне, әлемнің сұлулығына көз жеткізеді. Сайып келгенде, бұл олардың өзіндік бағытын табуына және одан айнымауға негіз қалайды».

Белгілі тіл жанашыры, «Қарашаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің директоры, кәсіпкер, Баян Ахатай: «Өмірде адамдардан жолы болған жанмын. Әр адамның тұлғалық қалыптасуына игі әсерін тигізіп жүретін жандар болады. Назипа Ыдырысқызын танығаннан өзінің терең парасат-пайымымен, сабырымен, тектілігімен тәнті етті. Өзім жауабын таппаған кейбір сұрақтарымның жауабын осы кісінің бойынан таптым: бойыма сіңірген сайын өсу байқаймын. 

Аналық болмысының нәтижесі азамат болған балаларының бойынан есіп тұратыны қандай! Бүгінде Аналар кеңесін басқаруы да кездейсоқтық емес, тұнық тәрбиеге сусап тұрған қоғамның сұранысының бір өтеуі болар деп ойлаймын». 


Аналар таңдаған төрайым

Ассамблеяның Аналар кеңесі оның құрылымдарының бірі ретінде бұрыннан да бар болатын. Биыл жазда ол ресми түрде жаңа форматқа өтіп, Нәзипа Ыдырысқызы төрайымы боп сайланып, республикалық маңызы бар қоғамдық ұйымға айналды. Мақсаты айқындалып, жоспары бекітілді. Онда аналардың басты міндеті – ұрпақ тәрбиесі екендігі тайға таңба басқандай жазылды. Әрине, қоғамның саяси-экономикалық өміріне белсене атсалысу ісі де басты назарда. Дегенмен басты құндылық – отбасылық құндылықтар.

Сондықтан Аналар кеңесі жұмысын Әкелер одағымен меморандумға қол қоюдан бастады. Басқа да мазмұндас жұмыстар атқаратын қоғамдық бірлестіктермен ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды. Бірнеше өңірде көшпелі отырыстар өткізіліп Аналар кеңесінің қызметінің бағыт-бағдары түсіндірілді. Жарты жылдың ішінде «Ақ орамал» акциясын, «Ана әлдиі» конкурсын сәтті өткізіп, елордада ашылған «Бақытты отбасы» орталығының жұмысын мазмұндық байытуға атсалысты. «Бүгінгі заман ертегісі» байқауы жария етіліп, «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы қолға алынды. Бұл – жоспардағы жұмыстың аз ғана бөлігі.

«Қоғамда аналарға ұлттық рухани тәрбие беру қажеттілігі бар. Себебі Ана – ұлттың ұяты. Негізгі мақсат – Аналар мектебін қалыптастыру, - дейді Нәзипа. - Өмір болған соң отбасында да тығырыққа тірелетін жайттар кездеседі. Мұндай кезде балаға да, анаға да, әкеге де көмек керек. Біздің Аналар мектебі дегеніміз – ұлттық тәрбие кеңесі іспеттес. Бұл жерде басында тақия, үстіне қазақша көйлек киіп жүрсін деп отырған жоқпыз. Өйткені бүгінгі заман басқа ғой. Солай болғанмен де ұлттық тәрбиеден алыстап кете алмаймыз. 

Ұлттық тәрбие деген – ұрпақтар сабақтастығы. Тәрбиелі ұрпақ қалыптастыру. Қазақтың өзінің басқа елдерден мүлде бөлек мәдениеті бар. Этикасы бар, эстетикасы бар, болмысы басқа. Сол мәдениет ұрпақты тәрбиелеуге де, отбасын сақтауға да үлкен негіз болады» деп сенеді ол.

Сол сенім жүзін нұрландырып, жарқын идеялары көз алдында жүзеге асып жатқанын көргендей, жымияды. Қарап отырып, өзің де соған сенесің. Болашақтан жақсылық күтетін, елінің жарқын өміріне сенетін адамдардың арамызда жүргені қандай жақсы!  

Камал ӘЛПЕЙІСОВА, 

жазушы