Карл Маркстің капиталы
2021 ж. 26 желтоқсан
3018
0
немесе ұстаз Қадыр Жұмашев туралы үзік сыр
«Шын дарын иелері әр кез тасада, көрмеден жырақта, халық ішінде отырады». А.П.ЧЕХОВ.
КӨҢІЛ ТҮКПІРІМДЕ әрдайым осы кісіге деген зор құрмет, ерекше ілтипат тұрады. Әрине, әр шәкірт өмірдің қым-қуыт бұралаң жолдарымен маңайынан қаншалықты алыс кетсе де, мектеп қабырғасындағы қайсыбір ұстаздарын осылайша қадір тұтатын шығар. Мен де, қалам ұстап жұргендіктен, мұғалімім Қадыр Жүмашевты жыл аралатып кездестіріп қалған сайын «осы ағам жайлы неге жазбаймын, республика жұртшылығына кейбір ерекше қырларын неге айтпаймын?!» деп толғанамын.
Ұстазым туралы, тіпті, өлең тіліне пара-пар марапат сөзді табар да едім, оны көсілдіріп қағаз бетіне түсіру де қолдан келер еді. Бойына сонау балғын шағыңнан жеке үлгі-өнегесімен, айрықша білік-парасатымен нәр сіңірген мұғаліміңнен неңді аянасың?!
Алайда, ылғи тартына береді екенмін. Өйткені, ұстазымның менің мақтау-мадақтауыма мұқтаж емес екенін білемін, қанша әрлесең де, жасандылығы байқалмай қалмайтын жылтырақ сөз тіркесін жаратпайтынын білемін.
Расында, өмірдің өзіндей қарапайым да, күрделі құбылыстар туралы асқақ сөйлеудің не қажеті бар?!.
Бірақ, деді-демеді, бұл адамды көбіміздің пір тұтып өскеніміз рас. Ал осыны, шынында, қалай айтпақ керек?..
Тегінде, көңілдегі көрікті ойыңның жария болды-ақ сүреңсізденіп қалатыны секілді, біреуге деген кіршіксіз тілегің: «...Япырау деймін, «Сүйемін!» дегенді айтуға, шын сүйсе егер батылы қалай жетті екен?!» деген ақын Қайрат Жұмағалиевтың өлеңіндегідей, жүрек тереңінде құпиялау жатса құндырақ сияқтанады.
Қазір ойласам, Қадыр аға жөнінде сөз қозғаудан тартыншақтауымның да басты себебі осы екен – ұстазға деген биік құрметтің қадірін түсірмеуге ұмтылып, алыстан, іштей тілектес болуды қалаппын. Оның үстіне жазуға моральдық құқың болмаса күнделікті тірлікте көптің біреуіндей ғана көрінгенмен, жан дүниесіне тым жақын келгеніңді де, аса шалғай тұрғаныңды да ұната қоймайтын дүниетанымы теңіздей терең, талғампаз адамды жайдақ сөзбен жақсылығын айтамын деп отырып, ренжітіп те алуың ғажап емес-ау. Десе де...
ӨЗІ АЙТАДЫ: – Сонау 1959 жылы өзім түлеп ұшқан мектепке күндердің күні қайта оралып, оның директоры боламын деп ойлаппын ба! 1964 жылы ҚазМУ-дің филология факультетін тәмамдаған соң еңбек жолын осында бастадым. Маған дейін мектепті Қасқырбек Омаров, Кенжебай Жәмпейісов, Нөкеш Ақпанов, Жамбыл Кәленов, Гүлбаршын Ақпановалар басқарған.
Тарихынан өзің де хабардар боларсың, отызыншы жылдары осында жолы түскендіктен ба екен, бұл мектеп бертінге дейін С.М. Киров есімімен аталған. М.О.Әуезов аты ел тәуелсіздігін жариялаған тұстарда берілді.
Ақшатау кеніші Оңтүстік-Шығыс руднигінің сирек ұшырасатын молибден, вольфрам металдарын өндіріп, әсіресе, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ел қорғанысына елеулі үлес қосқаны Дінмұхамед Қонаевтың «Өтті дәурен осылай» кітабында лайықты айтылған. Бұл рудалардың космостық құрал-жабдықтар мен стратегиялық бағыттағы ракеталар жасауға, т.б. құнды қажеттіліктерге жұмсалатыны белгілі. Содан да кеншілердің әлеуметтік ахуалы соңғы төрт-бес жылға дейін жақсы еді.
Әуел баста жеті жылдық болып құрылған мектептің де тұрмысы жаман емес-тін. Орта мектеп дәрежесі 1953 жылы беріліпті.
Мұнда бірқатарының есімдері республикаға танымал, елмен біте қайнасқан Кенжебай Жәмпейісов, Көшкінбай Әбілдин, Түтәй Сағытаев сияқты білікті ардагерлер еңбек етті. Осында табан аудармай қырық жылдан тер төккендердің қатарында Гүләйым Серікова, Ахмедия Ботбаев, Мәният Мияшев сынды аса тәжірибелі ұстаздар болды. Әсіресе, анау Көшекең, Кенжекеңдер өте білімді мамандар еді. Екеуі көп жылдар кезек-кезек аудандық оқу бөлімін де басқарды. Қазір де мектепте сол ардагерлердің ісін лайықты жалғастырып жүрген мұғалімдеріміз көп. Зейнеп Берібаева, Күләш Мұқажанова, Әйгерім Жаманқұлова, Сара Көшмағанбетова, Мекен Айменбетова, Гүлбаршын Томашева, Мейрам Амангелдиевтер іс-тәжірибе жинақтау, жаңа-әдістемелер игеру, оны шәкірттер бойына сіңіруде көш басында жүрген ұстаздарымыз. Бұлардың да өкшесін басып, кәсіби шеберліктерін шыңдап келе жатқан жас толқын кадрларымыз және бар.
Кейінгі жылдары өтпелі кезеңнің ауыртпалықтарына байланысты халықтың тұрмыстық деңгейі күрт төмендеп кеткені белгілі. Бұл орайда, осындай жағдайға қарамастан, барлық қиындықтарды жеңе отырып, мектеп ахуалын нашарлатпай, қайта жақсарта түстік деп батыл айта аламын. Бүгінде, өзі, халықтың ұйтқысы мектеп болып тұр емес пе. Ел әкімшілікке емес, мектепке жиналады. Әкіміміз: «Ата-аналар жиылысы болса мені шақырарсыз, айтарымызды айтайық» деп тұрады.
Ата-аналардың ұйымшылдығы арқасында мектепті отын-сумен қамтамасыз ету, оны ағымдық жөндеуден өткізу сияқты шаралардан қиындық көре қойғанымыз жоқ. Қыс айларында кейбір қала мектептерінің өзінде жылудың тоқтатылуы себепті екі апта немесе бір ай көлемінде сабақ болмай қалды дегенді естіп жатамыз, бізде ондай болған емес. Соған қарағанда салыстырмалы түрде, жағдайымыз көптеген мектеп- терден көш ілгері сияқты.
ӘДЕТТЕГІШЕ өзгелердің жақсылығын көбірек айтуды қалайтын Қадыр мұғалімнің алдындағы әріптес ағалары туралы «халықпен біте қайнасқан» дейтін мінездемесін осы кісінің тура өзіне арнауға болар еді.
Осыдан бір жылдай бұрын кезекті іссапармен елге барған бір тұсымда жекелеген шен-шекпенділердің кесірінен бағалы қазба байлықтарын шығарып, елге құт болып отырған шахталардың жабылып, сегіз-тоғыз айға дейін еңбекақы алмаған кеншілердің ереуіліне куә болғаным бар. Шынында да, қала типтес кеніште көпшілігі мал ұстамайтын, егін салмайтын жұмысшылар бала-шағасына тас шайнатсын ба, ашынып, алаңға шыққан екен. Сол кеншілердің арасында еңсесі езіліп Қадыр ағам да жүрді. Өзі жетекшілік жасап отырған мектепті кезінде тұңғыш болып алтын медальмен бітіріп, жоғары оқу орнын үздік аяқтап, «өмір университетіне» қоян-қолтық араласып, ел мойындайтындай, энциклопедиялық білімді игерген Кәкеңнің ешқашан кеуде кермей, әрдайым кішіктік көрсетіп, шәкірттерімен де сабақтың тар бағдарламасы шеңберінен шығып кетіп, халықтың өз тілімен сөйлесуді ұнататындығы есіме түседі. Негізінен, Тарих, Қоғамтану пәндерін жүргізген жас мұғалім сабақ арасында өзіне ғана тән сырбаздықпен әдемі жымиып алып, белгілі тақырып мазмұнын: «...қазақша айтқанда»... «ол сөйтіп өз күйкі тірлігін күйттеп кетті ғой»... «орыстар ондайда иди отсюда!» дер еді деп сөз сабақтап, қызықтыра түсіндіретін-ді.
Қадыр мұғалімнің ұстаздық ерекшеліктерінің бірі – әр оқушыға құрметпен қарап, өзімен тең дәрежеде, әріптес ретінде ұстауында, баланың жеке пікірімен есептесіп отыруында болар. Ол шәкіртті ешқашан кемсітпейтін, кемшілікті бетке баспайтын, қателігіңе, балаңдығыңа әрдайым кешіріммен қарайтын. Оқушылар да мүғалімнің осындай қатынасына сәйкес құрметпен жауап берер еді. Алда-жалда егер үй тапсырмасын орындамай барсаң, ұстаз үлкен сабырмен жүзіңе түп-тұнық қой көздерін қадап, біраз үн-түнсіз отыра тұрса болды, шыққан бойда-ақ өз-өзіңнен қысылып, өзге пәндерді жиыстыра тұрып, осы сабақты пысықтауға кірісер ең.
Мұғалімнің көрнекі құрал пайдаланудағы да бір қырын бейнелейтін жалғыз ғана мысал – ұстаз К.Маркстің әйгілі «Капитал» еңбегі туралы оқулықтағы шағын үзінділерімен шектелмей, сол қалыңдығы жарты қарыс кітаптың түпнүсқасымен таныстырғаны әлі күнге дейін көз алдымда түр.
ӨЗІ АЙТАДЫ: – Бізде кадр тұрақсыздығы деген проблема жоқ. Ежелден қалыптасқан ұжымымыздың іргесі берік сақталып келеді. Қай пәннің де мамандары сайма-сай. Әр сабақты өз мұғалімдері жүргізеді. Суретшіміз де, музыка жетекшісі, дене тәрбиесі, алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімлері, бәрі арнайы маманданған ұстаздар.
Экономикалық қиындықтарға байланысты штатты қысқарту туралы нұсқау бізге де түсті, бірақ жоғарыдағылар солай бұйырған екен деп ол іске лап бере кірісе кетуден байқастадық. Ішкі, сыртқы мүмкіндіктерді саралай келе, білікті мамандарды сақтауға ұмтылдық. Өйткені, қалай болғанда да, білім сапасы бірінші кезекте тұруы тиіс. Сондай көзқарастың нәтижесінен болар, өткен оқу жылында он бес шәкіртіміз жоғары оқу орындарына, сегіз түлек арнаулы орта оқу орындарына қабылданды.
Сондай-ақ, Алматыдағы республикалық дарынды балалар мектеп-интернатымен байланысымыз нығайып келеді. Онда бір баламыз оқиды. Енді ол оқу орнына болашақтарынан көп үміт күттіретін дарынды үш оқушымызды дайындап отырмыз.
«Дарын» демекші, Президент шыршасына қатысып, ән салған Самал Төлеутаева деген оқушымыз есіме түсіп отыр. Тәрбиесі келіссе болайын-ақ деп тұрған қабілетті бала. Сабағы да жақсы. Бірақ ата-анасы жалғыз перзенттері болғандықтан, қыздарының өнерден гөрі өзге мамандықтардың бірін таңдағанын қалайтын сияқты.
Мен өзіне қалжыңдап болсын: «Біздің мектептен шыққан инженерлер де, заңгерлер де, экономистер де жетеді. Егіндібұлақтықтар «Мақпал бізден шыққан!» деп шірегенде жер-көкке сыймайды. Біз де «Самал Ақшатаудан шыққан» деп мақтанып жүрейік те, бәрін қойып әншілігіңді жалғастыра берсеңші» дедім. Өзі біледі, әрине.
Алматы, Талдықорған жоғары оқу орындарының информатика факультеттеріне екі оқушымыз қабылданды. 1992 жылы заманның кеңдеу кезінде арнайы кластарды компьютерлендіріп алып едік, қазіргі үлкен жетістіктеріміздің бірі сол болып тұр.
Қиындық мәселелеріне тоқталатын болсақ – барлық білім саласы бастан кешіп жатқандай, біз де мектепті қаржыландыруға зәруміз. Жаңадан шығуға тиісті оқулықтар қат. Мәселен, мемлекет тәуелсіздігіне байланысты қоғамтану пәнін «Адам және қоғам» деп алып едік, міне, сол оқулық қолымызда жоқ. Мәскеу «Человек и общество» аталатын оқулықты әлдеқашан шығарған. Қанша жақсы болғанмен, оны басшылыққа ала алмайсың, саясатымыз бөлек, мүдделеріміз үйлеспейді. Өзге де оқу- әдістемелік құралдарына мұқтажбыз. Барының өзінің тақырып аялары өте тар және шалағай жазылған. Заман талабына лайық оқулық авторларының ізденімпаздығы мен белсенділігі осындайда көрінсе дейміз.
Бұл тұста айта кетейін, аудандық оқу бөлімінің негізгі маманы Қарлыға Секербековаға ризамыз. Білім жүйесінде болып жатқан өзгерістерді ең алдымен осы кісі арқылы естиміз десек болады. Әдістемелік әдебиеттерді жеткізуде де қамқорлығын аямайды. Бүгінгі күн талаптарына сәйкес пайдасы зор семинарларва да ұдайы ұйытқы болып отырады.
ӨЗ ОЙЫМША, кезінде ұлы Мұхтар Әуезовтің алдын көріп, Темірғали Нұртазин, Есмағамбет Ысмайылов, Сімет Кеңесбаев, Зейнолла Қабдолов сынды тұлғалардан дәріс алған Қадыр мұғалім ұстаздық жолды таңдамай, ғылым жолына түссе, сөз жоқ, ірі ғалымға айналар еді немесе үлкен жазушы болар еді.
Кәкең сабақ арасында белгілі бір көркем шығармаларды білікті әдебиет сыншысындай жіліктеп талдап бергенде көз бақырайып, ауыз ашыла таң-тамаша болып отырар едік. Байқап қалып жүреміз, бәлкім, оны өзінің белгілі курстастары Дүкенбай Досжанов, Сұлтан Оразалинов, Кәрібай Ахметбеков, Оразбек Сәрсенбаев, Жеңіс Қашқыновтар осы зерделілігі үшін құрметтеген болар.
Қадыр мұғалімнің оқушыларды тамсандыратын тағы бір қыры – суретшілігі. Ол ылғи төс қалтасында жүретін жуан фломастерін алып әбден жаттыққан кәнігі суретші қолымен мезетте-ақ әр түрлі кескіндер мен достық шарждар салып бергенде оқушылардың мерекелік қабырға газеттері жайнап шыға келер еді.
Тегінде, белгілі тұлғалардың дені – суретшілер. А.Пушкин, М.Лермонтов, Л.Толстойды айтпағанда, өз топырағымызда туған Бауыржан Момышұлы, Олжас Сүлейменов, Қадыр Мырзалиев, Қалмұқан Исабаев, Сәкен Жүнісов сияқты жазушылардың кәсіби мамандардан кем түспейтін суретшілігін бүгінгі ұрпақтардың бірі білсе, бірі білмес. Біздіңше, Кәкеңнің де сегіз қырлы, бір сырлылығының мәні сондай жан-жақты дарындылықта жатыр. Қадыр мұғалімнің кей отырыстарда ел қолқасымен белгілі серілерше домбыраға қосылып, әуелете ән салып жіберетіндігінің де куәсіміз.
Осы тұста мектеп мұғалімдерінің ішінде ер адамдардың үлес салмақ кемдігі проблемасы ойға түседі. Егер педагогтер арасында Қадыр Жұмашевтай ұстаздар көп болса, білім мен тәрбие сапасы да арта түсер еді-ау деп қиялдайсың. Әсілі, дүниенің тірегі де болдым-толдым деп асып- таспайтын, атқарған еңбегін бұлдамайтын осындай біліктің, білімнің кеніші іспетті ұлағатты ұстаздар емес пе!
Құлтөлеу МҰҚАШ,
ҚР Білім беру ісінің үздігі.
Қарағанды облысы.