«Рухани жаңғыру» - кемел болашақтың кепілі
2021 ж. 26 желтоқсан
2688
0
Қазақ халқының ұлт боп ұйып отыруы – тіліне, тарихи жадыны мен ұлттық рухына-діліне байланысты. Бұлар ошақтың үш аяғындай ұлттығымызға тіреу болып тұрған қасиетті ұғымдар. Біреуін алсаң ошағың опырылып өзінен өзі құлайды. Сондықтан да 2017 жылы 12-сәуірде Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалада ұлттық бірегейлікті сақтап, қоғамдық сананы жаңғыртуда тарих пен рухтың қаншалықты маңызды екенін ерекше атап өтті. Әсіресе бұл жаңғыру ұлттық тарих пен мәдениетке негізделуі қажет дегенді Елбасы баса айтты.
Елбасының тапсырмасына сәйкес осы мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға байланысты 2019 жылы «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ құрылды. Институттың негізгі мақсаты Елбасының «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананың жаңғыруы» атты бағдарламалық мақалада көрсетілген міндеттерді іске асырып ілгері жылжыту стратегиясын әзірлеп іске қосуды және оны қазақстандық отбасылық саясатта және ЖОО орындарында оқытуды іске асыру үшін әдістемелік тұрғыдан сүйемелдеуді қолға алған болатын.
Осыған байланысты аталған Институт биыл 1-қазаннан 23-қарашаға дейін мектеп мұғалімдері мен ЖОО орындарының оқытушылары үшін дайындық вебинар курстарын ұйымдастырып арнайы дәрістер өкізген болатын. Онда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мақсат-міндеттері мен оның негізгі ұстанымдарын түсіндірумен қатар оны жастардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқытудың әдістері, отбасылық құндылықтарды насихаттау мен қоғамда жастарға қатысты мәселелер әңгіменің басты өзегі болды. Мұның басты мақсаты «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қатысты білім базасын жасап, оқушы жастардың бойында ұлттық құндылықтар мен дүниетанымдық ұстанымдарды нығайту, ойын және коммуникативтік қызмет арқылы жас ұрпақтың бойында көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру болып табылады.
Дәріс тыңдаушылар өз кезегінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға қатысты өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Соның ішінде Бағдарламаны мектепке дейінгі білім беру мен балабақша жүйесінде қолдану мүмкіндіктері мен әдістері талқыланды. Мысалы, мектептерде «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қатысты кабинеттер мен бұрыштар ашу ұсынылды. Олар міндетті түрде интерактивті тақталармен, тарихи карталармен және ұлттық тарихқа қатысты көркем құрал-жабдықтармен және өз бетімен білім алу үшін кітаптармен жабдықталуы тиіс.
Ал балабақшаларда бүлдіршіндердің жас ерекшеліктерін ескере отырып «Рухани жаңғыру» бұрыштарын ұлттық ертегілер мен мультфильмдердегі кейіпкерлердің және ұлттық нақыштағы басқа да сүреттермен толтыру қажет. Әсіресе балабақшада әр баланың киім ілетін шкафтарына қазақ халқының тұрмыс-салтымен, мәдениетімен байланысты музыкалық аспаптардың, төрт түлік пен құрал-саймандардың сүреттері ілінсе, қазақ күйлері мен әуендері жиі тыңдалса екен деген ұсыныс айтылды.
Ал ЖОО-ның 1-курс студенттері үшін «Рухани жаңғыру» ұстанымдарыәдістемелік нұсқаулар жасалды.
Ол курсты оқу барысында студенттер қазақ халқының ұлттық болмысы және рухани құндылықтарымен танысып, «Біз кімбіз? Қайда бара жатырмыз? Не жоғалттық? Нені қабылдадық? Жаһандану заманында ұлттық қасиетіміз бен болмысымызды қалай сақтап қаламыз?» деген сұрақтарға жауап алатын болады.
Тарихи сана – қазақ болмысының ажырамас бөлігі. Өйткені ол қазақ халқының бірегейлігін сақтаудың бірден-бір шарты болып табылады. Ол – Елбасы атап айтқан ұллтық код немесе ұлттық кілттің негізі!
Жалпы, ұлттық код деп нені айтамыз? Менің ойымша ұлттық код (кілт) – белгілі бір халықтың бойына ғана тән болатын дүниетанымдық құндылықтардың кешені. Қазақ халқы үшін олар келесідей – шежіре мен тарихи жады ретінде «Жеті ата» ұғымы; «Тіл» - онсыз ұлттық бірегейлік пен рухани мұра жалғасын таппайды; «Ел мен Жер» ұғымы – оларсыз Елбасы айтқандай Отан, «Ата мекен» деген түсінік қалыптаспайды; «Ар мен Намыс» - қазақтың барлық іс-әрекетінің мәні осы екеуінде (мативация). «Малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы!» деген нақыл қазақ халқының өз құндылықтар жүйесінде бірінші орынға нені қойғанын анықтаса керек.
Қазақстан Республикасының 30 жыл ішінде қол жеткізген табыстары аз емес. Соның арқасында Қазақстан дүниежүзіне өзін таныта білді. Ендігі міндет Қазақ жастарына ұлттық рухта мықтап тұрып тәрбие беру. Бүгін қазақ жастары әрқилы. Олардың арасында әртүрлі діни ағымдарға және және әртүрлі елдердің мәдениетіне еліктегендер баршылық.
Сонда оларды біріктіретін нәрсе не?
Ол – өз халқыңмен, өз еліңмен тарихи тағдырластықты ұғынып білдіреті тарихи жады!
Осы бағытта «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ алдында әлі атқаратын міндеті мен қызметі ұшаң теңіз.
Институттың жұмысына табыс пен сәттілік тілейміз!
Алла жар болсын!
Жұмаділ Арман Қабдешұлы, т.ғ.к.,
ҚР ҰҒА Ш.Ш. Уәлиханов ат. Тарих
және этнология институтының ЖҒҚ,
ҚБТУ қауымдастырылған профессоры
qazaquni.kz