Болмысы бөлек Беркімбай

Болмысы бөлек Беркімбай

Небәрі отыз алты жасында Республиканың тұңғыш құрылыс өнеркәсібі министрі болған іскер инженерге осыжоғары лауазымды атқару бақыты екі мәрте бұйырды

Беркімбай Пәрімбетұлы – артына өшпес із қалдырған мемлекет және қоғам қайраткері. Ұлттық инженерлік академияның іргетасын қалаушылардың бірі. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген құрылысшысы, еліміздің құрылыс индустриясының белсенді ұйымдастырушысы. Еліміздің өркендеуіне орасан зор еңбек сіңірген, құрылыс саласының дамуына жол ашқан, талай шәкіртке жөн сілтеп, жол көрсеткен есімі естен кетпес ұлы тұлға.

Ол 1929 жылдың 11 қыркүйегінде Қызылорда облысы, Шиелі ауданының қазіргі Алғабас ауылында дүниеге келген. 1951 жылы Шымкент технология институтын құрылыс материалдары мамандығы бойынша бітіріп шыққан және институттың ғылыми кеңесінің ұсынысымен Қазақстан ғылым академиясының отқа төзімді және құрылыс материалдары институтының аспирантурасында білімін шыңдайды. Беркімбай Пәрімбетов оқу мен еңбекті тиімді ұштастыра білді. Аспирантурада оқып жүріп-ақ, ғылым академиясының архитектура, құрылыс және құрылыс материалдары институтында кіші ғылыми қызметкері болып жұмыс істейді. 1954 жылы профессор, техника ғылымының докторы Ю.Буттың жетекшілігімен кандидаттық дисертациясын қорғайды. Осы жылдан бастап КСРО құрылыс және архитектура академиясының қазақ филиалындағы жұмысын бастап, осында кіші ғылыми қызметкерден филиал басшысы қызметіне дейін жоғарылайды.

Б.Пәрімбетовтың еңбек жолының шарықтау шегі деп 1965-1985 жылдары аралығындағы жиырма жылды ерекше атап өтуге болады. Өйткені, ол 1965 жылы 36 жасында құрылыс материалдары өнеркәсібінің министрі қызметіне тағайындалады. Беркімбай аға сол кездегі ең жас министр еді. Бірақ ол жаспын демеді. Елдегі осы саланы дамытудың негізін салушысы әрі көшбасшысы бола білді. Бұған дейін Қазақстанда құрылыс материалын өндіретін кәсіпорындардың саны өте аз, ескірген және қуаты нашар болып, қарқынды құрылыс жұмыстарын жүргізуге шамасы жетпейтін.

Министрлік қызметке тағайындалғаннан бастап Беркімбай Пәрімбетов республика бойынша жаңа техника мен алдыңғы технологияларға негізделген Қазақстанның өзінен шығатын шикізаттарды пайдаланып, сырттан келетін материалдарды барынша азайта отырып өзімізге арнап өнім шығаратын кәсіпорындар құрумен айналысады.

Беркімбай Пәрімбетов – Қазақстандағы құрылыс материалдары индустриясын дамытқан ірі ұйымдастырушы болды. Оның белсенді қызметінің арқасында құрылыс материалдарын шығаратын ондаған жаңа өндіріс орындары салынды. Көптеген ірі цехтар мен кәсіпорындар қайта құрастырылып, құрал-жабдықтармен жаңартылды. Оның басшылығымен республикамызда Қазақстан үшін дәстүрлі болып есептелмейтін, бұрын қолданыста болмаған құрылыс материалдарының түрлерін шығаратын өндіріс саласының жаңа тармақтары іске қосылды. Олар сол кездегі Целиноград қаласындағы жұқа керамика, Павлодардағы жұмсақ кровли, Қарағандыдағы пластмасса мен линолеумнен жасалған құрылыс бұйымдарын шығаратын зауыттар еді. Бұл кезеңдерде мәрмәрді, ұлутасты және гранитті өңдеп, құрылыс материалы ретінде пайдалану ісі қарқынды дамыды. Осындай құрылыста пайдаланатын жаңа қаптама материалдардың арқасында Республика астанасы Алматының ғана емес, Қазақстанның барлық қалаларының бейнесі ажарланып, көрікті қалалар саны көбейді. Құрылыс материалдарын шығарудан Қазақстан Кеңес одағы бойынша Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орынға тоқтады.

1973-1979 жылдары Б.Пәрімбетов Мәскеуге қоныс аударды. Ол жақта жүріп КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Қазақ ССР министрлер кеңесінің тұрақты өкілі қызметін атқарды. Осындай өте жоғары қызметте жүрсе де, ол ғылыммен айналысуды еш тоқтатқан жоқ. 1975 жылы Оңтүстік Қазақстанда Сазтөбе цемент зауытын жобалап, салғаны үшін КСРО министрлер кеңесі сыйлығының лауреаты атанды. КСРО Министрлер Кеңесінің сыйлығы — Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтармен қатар, Кеңес Одағының маңызды сыйлықтарының бірі. 1969 жылы 28 мамырда КОКП ОК және КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысымен құрылды және халық шаруашылығы мен ғылымды дамыту саласындағы үздік жетістіктері үшін, атап айтқанда — өнеркәсіпті, энергетиканы және ауыл шаруашылығын дамыту үшін маңызды жаңа технологиялық шешімдерді әзірлегені және енгізгені үшін берілді. Бұл марапат оның ұзақ жылдар бойындағы еңбегінің, теориялық білімі мен практикалық іскерлігін ұштастыра жүргізген ұшқыр идеясының өтеуі еді. Осының арқасында Кеңес одағында алғаш рет түсті цемент өндіріле бастады.

Беркімбай ағаның 1979 жылы «Өнеркәсіптің минералды қалдықтарынан алынатын құрылыс материалдары» деген монографиялық еңбегі жарық көрді. Ал 1981 жылы осы жинақталған еңбектерінің негізінде докторлық диссертациясын қорғап, техника ғылымының докторы атанды.

1979-1984 жылдары аралығында ол қайтадан Қазақ ССР құрылыс материалдары өнеркәсібінің министрі қызметіне оралды. 1984 жылдан өмірінің соңғы жылдарына дейін өзінің жеке бастамасымен құрған «Оргтехсторой» акционерлік қоғамын басқарды.

Осылайша Беркімбай Пәрімбетовтың басшылығымен Қазақстанда 23 жаңа кәсіпорын салынып, бұрын жұмыс істеп, кейін тоқырауға тап болған кәсіпорындар қайта құрылды әрі қуатты өндірушілерге айналды. Қысқасы, бұл саланың ісі ілгері бас¬ты. Оған мысал, сексенінші жылдардың басында цемент өнімі екі есе, асбестцемент пен шифер 1,8 есе, құрастырмалы темір бетон өндіру 2,5 есеге көбейді. Сапалы инертті материал өндіру өндірісі жаңадан пайда болды. Жамбыл, Қарағанды, Ақтөбе, Алматы, Целиноград, Көкшетау облыстарында ұсақ тас өндіретін зауыттар пайдалануға берілді. Целиноград керамика зауытында, Павлодар картон-рубероид, қарағанды «Стройпластмасс» комбинатында жаңа құрылыс материалдары гранит пен мәрмәрдан, Маңғыстаудың ұлутастынан түрлі өнім шығаратын өндірістер ұйымдастырылды. Ғылымға, қоғамға және мемлекетке сіңірген еңбегі үшін Беркімбай Пәрімбетов «Еңбек Қызыл Ту» орденімен үш рет және «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды. Сондай-ақ «Қазақ ССР-інің Еңбек сіңірген құрылысшысы» атағы берілді. Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің алтыншы, жетінші, сегізінші шақырылымдарына депутат болып сайланды. 1991 жылы «Силикат және қиын балқитын бейметалды материалдар технологиясы» мамандығы бойынша профессор атағы берілсе, 1992 жылы халықаралық инженерлер академиясы мен Қазақстан Республикасы Инженерлер академиясының мүшелігіне сайланды.

...Көп жылдар Шиелі аудандық білім бөлімін басқарып, оқу-ағарту саласында өшпес ізін қалдырған сұлу Сырдың сырбаз азаматы Жағыпбар Зермұхамедов бір күні мені кабинетіне шақыртып алды. Әңгімесін «Беркімбай ағаңды білесің бе?» деп бастап, ол кісі кім болғанын, қаншалықты еңбегінің барын айта келіп, кіндік қаны тамған Алғабас ауылындағы мектептің атын алуға лайық екенін айтып, қажетті құжаттарды жинауды тапсырды. Бұл маған артылған зор сенім екенін түсіндім. Тапсырма да, сенім де зая кетпеді. Көп ұзамай-ақ телефоннан «Рақмет саған, комиссиядан еш кідіріссіз өтті» деген Жағыпбар ағайдың қуанышында шек болмады. 2005 жылдың 25 мамырында мектептің маңдайшасына Беркімбай Пәрімбетовтың аты алтын әріппен жазылып ілінді.

Беркімбай Пәрімбетов жоғары лауазымдық қызметтер атқарып жүрсе де, көптеген тамаша мамандарды тәрбиелеп шығарды.

Оның жетекшілігімен 20 ғылым кандидаты, 4 ғылым докторы дайындалды. 20 жылдан астам уақыт Бүкілодақтық «Строительные материалы» журналының редакция алқасының мүшесі болып, әлемдік сәулет құрылыс ғылымының дамуына зор үлес қосты.

Беркімбай Пәрімбетовтың шәкірттері өз ұстазын құрмет тұтып, «Беркімбай ағаның шәкіртімін» деп мақтанышпен айтатын. Құрылыс материалдары министрінің орынбасары болған әріптесі Н.Черняк оның өміріндегі мына бір сәтті ерекше есіне алған екен. Ол бірде министрліктің есебін тапсыруға Мәскеуге барады. Сонда министр А.Яшин оны кабинетіне шақырып: «Сен Б.Пәрімбетовке менің оны өте жақсы көретінімді жеткіз» десе, Алматыдағы құрылыс материалдары саласында темір-бетон зауытының директоры әрі інісі Болат Абдулахатұлы «Ағамыз өте биязы, мінезге бай, әрбір сөзін салмақты, елмен қосып, ағайын-туыс, жекжаттардың да қамын ойлап, қол ұшын беруге әрдайым дайын болатын. Өте көп білетін. Білгенін айтудан жалықпайтын, қандай да бір қиындық кездессе, қашан шешімін тапқанша тыным таппайтын, болмысы бөлек жан деп әрдайым айтып отыратын.

Қызылорда қаласының бір көшесі және Алматыдағы «Таугүл-3» шағын ауданындағы бір көше Беркімбай Пәрімбетовтың атында. «Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» деген тәмсіл тап осы ғалым ағамызға арналғандай...

Техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Беркімбай Пәрімбетовтің 90 жылдығына орай Алматы қаласында «Қазақстандағы XXI ғасыр құрылыс индустриясы: жетістіктер мен болашағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конеренцияны Ұлттық инженерлік академия, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы, Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты, KAZGOR жобалау академиясы, Құрылыс материалдары және жобалау ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырды.

Іс-шараға қазақстандық ғалымдар, жобалық құрылыс кешенінің мамандары, сәулет-құрылыс жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылар құрамы, докторанттар мен студенттер және Ресей ғалымдары қатысты. Құрылыс саласындағы Беркімбай Пәрімбетұлы сынды алдыңғы буын ғалым ағамыздың еңбектері жас ғалымдардың жаңаша ізденістеріне арқау болып отыр. Ғалымдар мен ғылымға жаңадан қадам басқан жастар арасындағы алтын көпір. Б.Пәрімбетовтің мерейтойына орай ұйымдастырылған конференцияға қатысып, белсенділік танытқан университет студенттері бұл сөзіміздің айқын дәлелі.

...Беркімбай Пәрімбетов қазақ елінің дамуына орасан зор үлес қоса жүріп туған ауылын түлетуді де есінен шығармаған азамат. Туған ауылы бұрынғы Ленин атындағы колхозды ұзақ жыл басқарған Әзімхан Исмаилов¬: «Ол елін жақсы көретін. Оның көркейгенін, сәнді болғанын қалайтын. Сол кезде біздің Ленин атындағы колхозға Қоқаннан, Тартоғайдан көшіп келушілер көп болды. Оның үстіне тұрғылықты колхозшылар да үйлер тұрғызды. Солардың үй соғуына Шымкенттен колхоздың цемент, шифер, т.б. құрылыс материалдарын алуға Беркімбай тікелей көмек берді.

Ол өте қарапайым да кішіпейіл еді. Кез келген адамға жәрдем етуге дайын тұратын. Біздің аудан орталығындағы қайта соғылып жатқан Мәдениет үйінің залындағы жарықшам (люстра) бір кезде өте кішкентай әрі сұрықсыз еді. Соны тәуіріне ауыстыруға тура келіп, таныстар арқылы Шымкенттен, Қарағандыдан іздедік, тәуірі табылмады. Содан соң Беркімбай інімізбен телефон арқылы хабарластық. Ол хабарын ертең айтамын деді. Ертеңіне өзі маған телефон арқылы табылғанын айтты. Ол люстра Югославиядан әкелініп, тығулы жатыр екен. Оны сол кездегі біздің ауданның мәдениет бөлімінің меңгерушісі Роза Байсақалова барып, көлікпен әкелді. Мұндай қызметтерін айта беруге болады. Біз респуб¬ликада¬ көрнекті жұмыс атқарған Беркімбай Пәрімбетов інімізді мақтаныш етеміз. Ол нағыз азамат еді. Қазақтың әр азаматы осындай болса кәнекей!» деп еске алады. Десе дегендей, 36 жасында министр болған Беркімбай Пірімбетов ағамыз болмысы бөлек азамат еді.

Айжамал ӘБДІХАМИТҚЫЗЫ,

Шиелі ауданының «Құрметті»

азаматы.

Алғабас ауылы.

 Қызылорда облысы.

qazaquni.kz