Батыс аймақтық ата-аналар форумы өтті

Батыс аймақтық ата-аналар форумы өтті

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Атырау қаласында «Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ата-ана – ұлттың ұясы» атты батыс аймақтық ата-аналар форумы өтті. Бала тәрбиесіне ата-ана назарын арттыруға бағытталған игі шараға өңір ата-аналары мен мектеп басшылары, тәрбие әдіскерлері, ұстаздар қатысып, отбасы құндылықтары туралы пайдасы мол ақпараттарға қанық болды.

Пленарлық отырыста «Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы Нұркен Асанов тағылымы зор, тәлімі мол жиынның мақсатына тоқталды. «Болашағымыздың жарқын болуы үшін ата-аналармен бірлесіп бірлестік құрдық. Бүгінде ақпарат өте көп, оның бәрін қабылдай беру дұрыс емес, тіпті қауіпті болуы да мүмкін. Сондықтан біз ата-анаға керек деген ақпараттарды зерттеп-зерделеп, сараптап ұсынып отырмыз. Тәуелсіздігімізді ары қарай баянды етер болашақ ұрпақ десек, олардың білімі мен тәрбиесі басты назарда болуы тиіс», – деп атап өтті «Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы.

Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті басшысының орынбасары Жомарт Карамбаев zoom арқылы байланысқа шығып, ұрпақ тәрбиесінде бірлесе әрекет етуге әрқашан дайын екендіктерін жеткізді. «Бұған дейін бірлестіктің ұйымдастыруымен Шымкент, Павлодар қалаларында өткен аймақтық ата-аналар форумы бүгін Атырау қаласында жалғасын тауып отыр. «Бала-ата-ана-ұстаз» деген үштіктің ынтымағын арттыруда дәнекер болып жүрген «Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің жұмысына сәттілік тілеймін. Бәсекеге қабілетті жас ұрпаққа тәлім беру баршамыздың ортақ мақсатымыз», – деді Жомарт Карамбаев. Сонымен қатар, Атырау облысы Білім беру басқармасы басшысының оқу-тәрбие, ұйымдастыру мәселелері жөніндегі орынбасары Айнагүл Дюсекенова, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Саламат Идрисов, облыстық мәслихат депутаттары Нәсіп Шалабаева мен Нұржан Ермұханов тәрбиедегі өзекті мәселелерге тоқтала отырып, тұлғалық тұрғыда толық қалыптасқан парасатты перзент тәрбиелеу үшін ұсыныстарын білдірді. Пленарлық отырыста «Сенімен Болашақ» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымбек Бермағанбетов кездесуге модераторлық етті.

Қатысушылар ерекше ықылас танытқан форумның семинар-тренинг пен сұрақ-жауап бөлімі ата-аналарға ой саларлық құнды ақпараттарға толы болды. Педагог-коуч Ғалымбек Бермағанбетов, бала тәрбиесіндегі эксперт-маман Елжас Ертайұлы, отбасылық коуч Асхат Абжанов сынды білікті мамандар ата-ана мен бала қарым-қатынасы, бала психологиясы туралы зерттеп-зерделеген білімдерімен бөлісті. Бала табиғатын түсіну, оның бойындағы ерекшелігін көре білу, ынталандырып отыру, жасөспірім кезеңіндегі қиыншылықтары мен мәселелеріне тоқталып, пікір алмаса отырып талдады. Отбасы адам үшін ең жақын әлеуметтік орта екенін айтқан мамандар, жанұяда белгілі дәстүрлер, жағымды өнегелер мен рухани құндылықтар болуы керектігін атап өтті. Кездесу барысында бала келешегін ойлап алаңдаған ата-аналар ойындағысын бүкпесіз ортаға салды.

qazaquni,kz