Қалтасы қалыңдар ән әлемін былғап жатыр...

Қалдыбек ҚҰРМАНӘЛІ

ШӘМШІНІ ШЫНАЙЫ ТАНУ – ЕРТЕҢНІҢ ЕНШІСІНДЕ – Қалдыбек аға, ұлтымыздың біртуар сазгері Шәмші Қалдаяқовтың мол мұрасына қамқорлығыңыз көпке аян. «Қазақ вальсінің падишасын» қалың қазақтың әрбір отбасында танып, әндерін барлық буын ұрпақтары жатқа айтады. Сіздің «Шәмшітану» саласына бет бұруыңызға не түрткі болды? – «Қазақтың әрбір ақжаулықты анасы Шәмші әндерімен бесігін тербетті» десек, артық айтқандық емес. Шәмші ағамыздың әндері анамыздың әлдиіндей менің де құлағыма сіңісті болды. Шәмші Қалдаяқовпен көзі тірісінде кездескен адамның бірімін. 1990 жылы «Қазақконцертте» композитордың тұңғыш ән кешін өткізуге білек сыбанып кірісіп жатқанымда, Шәкең: «Қалдыбек, менің алпыс жылдығымды өткізуді Мәдениет министрлігі өзінің мойнына алып жатыр, сен ренжіме!» – деп, маған шақыру билеттерін берді. Сөйтіп, ағамыздың ән кешіне қонақ ретінде қатыстым. Ол кезде мен де көшеде жүрген бала емес едім, Жазушылар Одағының жанынан құрылған жастардың «Жұлдыздар» атты әдеби-өнер бірлестігінің төрағасы болатынмын. Ф.Оңғарсынова, М.Шаханов сынды танымал ақындардың шығармашылық кештерін ұйымдастырып, біраз төселіп қалғанмын. Шәмші ағам: «Қалдыбек, аман болсаң, әлі менің талай кешімді өзің өткізесің ғой» – деген еді. Өкінішке орай, маған Шәкеңнің көзі тірі кезіндегі кештерін өткізу бақыты бұйырмады... 1992 жылдың 29 ақпан күні Шәмші ағамыз дүниеден озды. Сол сәтте ағамыздың рухына арналған «Ән аға» атты әнім туды. Әннің сөзін көрнекті ақын Ибрагим Исаев жазды. Бұл әнді Шәмшіге деген қазақ халқының сағынышы деп қабылдауға болады. Ән халыққа кеңінен таралды. Сол кезде Шәмшіні қадірлейтін замандастары және ол кісінің шығармашылығына құрметпен қарайтын ел ағалары: «Қалдыбекжан, Шәмшіге арналған әсем әнді дүниеге әкелдің, бұл ән халықтың жүрегінен үлкен орын алды. Өзің қаншама кештердің өтуіне мұрындық болып жүрсің ғой, енді Шәмші ағаңның кешін өткізуді қолға алсаң дұрыс болар еді», – деген ой тастады. Содан 1992 жылдан бері Шәмші әндерінің кешін тұрақты түрде өткізіп келемін. Халық «Ән аға» әнін Шәмшіге арналған әнұран ретінде, ән падишасына әннен тұрғызылған ескерткіш ретінде қабылдайды. Шәмші ағамыз Қазақстанның әнұранын 26 жасында жазыпты, мен де Шәмшіге арналған әнұран сынды әнді жазғанда 26-да екенмін. «Қазақ» радиосының Алтын қорында Ш.Қалдаяқовтың 43 әні болса, Шәмшінің өзіне арналған әннің өзі бүгінде 100-ден асып жығылады. Мұның өзі қалың қазақтың Шәмші шығармашылығына деген шексіз құрметінің белгісі болса керек. – Қазақ вальсінің королін қазақ халқы тегіс танып, пір тұтқанымен, оның сырлы да сазды, терең де талғамды шығармашылығын толық тани алды ма? Тиісті биігінде, лайықты тұғырында бағалай алдық па? – Шәмші Қалдаяқовты дәл қазір «толық танып біттік» деуімізге әлі ерте. Мен айтқан болар едім, Шәмшіні 2030 жылы толық танып бітеміз деп. Неге десеңіз, дәп сол жылы – композитордың 100 жылдық мерейтойы. Ауқымды шараны ЮНЕСКО-ның аясында, кең ауқым, өркени деңгейде өткізу жоспарымызда бар. – Шәмшітану саласында қарқынды қимыл, тынымсыз ізденуде оза шауып, өнеге көрсеттіңіз. Қандай қызықты жаңалықтарыңыз бар? – Кейбіреулер Шәмші «287 ән жазды» дегенді алға тартады. Мұның бәрінің бос сөз екендігін мен дәлелдеп бердім деп ойлаймын. 21 жылдан бері Шәмші саласымен айналысып жүрген жан ретінде менің білетінім, Шәмшінің саф алтындай Алтын қорда сақталған 43 қана әні бар. Композитордың өзге де әндерін жинақтай отырып, оған тағы да 40-тан аса ән қостық. Оның ішінде «Өмір-өзен», «Сүймегендер сағынбайды», «Ақсудан ұшқан аққуым», «Арқалықтың ақ таңы» т.б. Он шақты ән М.Шахановтың жеке архивінен алынды. Соның өзінде әлі 100-ге жеткен жоқ. Шәмші ағамыздың ескерткішін орнатуға Алматы қаласының әкімдігі арнайы жер бөлді. Алматыдан ескерткіш ашылатын күн де алыс емес. Қазіргі таңда жақсы ескерткіш тұрғызу үшін оның жобасына арнайы бәйге жарияланды. Шәмші шығармашылығына қатысты фотосуреттерді және композитордың әніне арнайы салынған суреттерді енгізе отырып, «Шәмші» атты фотоальбом шығармақпыз. Яғни, осы альбомда Шәмшінің мол мұрасы суреттер арқылы сыр шертетін болады. Композиторға арналған мұражай ашу да жоспарымызда болғандықтан, Шәмші тұтынған заттар жан-жақтан жинақталу үстінде. Суретшілер одағымен бірлесе отырып, Шәмші әндеріне салынған суреттердің көрмесін өткізуді, республикалық, халықаралық дәрежедегі ғылыми-теориялық конференция өткізуді де жоспарлап отырмыз. Тағы да айта кетерлік бір нәрсе – Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығы бойынша кандидаттық диссертация қорғамақпын. Қазіргі таңда ғылыми ізденіс үстіндемін. Жетекшім – Ғарифолла Есім ағамыз. Осы уақытқа дейін Шәмші саласында біраз істерді атқарылды. Бірақ, атқарылуға тиісті іс әлі шаш-етектен. Жүзеге асуы тиіс жұмыстардың барлығын тоқсан-тоқсанға бөліп, жүйелеп қойдық. Барлық істі бір күнде, я болмаса, бір жылда атқару мүмкін емес. Сондықтан, біраз іс мемлекеттің қаржылық мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен атқарылатын болады. «Қалдыбек пен Қалдаяқов егіз ұғым» деп Ғарифолла Есім ағамыз айтпақшы, Қалдыбекті Қалдаяқовтан Жаратқаннан басқа ешкім айыра алмайды. Алла Тағала өмір берсе, «Шәмшітану» саласында көптеген ілкімді істерді атқарамын деген ойдамын. ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ЭСТРАДАСЫ ЕСКЕКСІЗ ҚАЙЫҚҚА ҰҚСАЙДЫ – Қалдыбек аға, қоғамда «қазақ эстрадасы тоқырауда» деген пікір жиі қылаң бере бастады... – Бүгінгі қазақ эстрадасының хал-ахуалы – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселенің бірі. Шын мәнінде, қазіргі қазақ эстрадасы ескексіз қайыққа көбірек ұқсайды. Ешқандай сергек сілкініс, тың толғаныс байқалмайды. Мемлекет тарапынан қазақ эстрадасына болмашы ғана көңіл бөлінеді. Ресми концерттерге қатысатын санаулы адамдарға маусымдық ықпал көрсетіледі. Эстрада тарландарының мерейтой концерттері өте жұпыны, «жетім қыздың тойындай» төмен дәрежеде өтіп жатады. Қазақ мәдениетіне Ө.Жәнібе­ковтің, Е.Еркінбековтің кезін­дегідей қолдау бүгінгі күні ауадай қажет. Қазақ мәдениеті дәуірлеп тұрған шақта әнші, компо­зиторлардың шығарма­шылық кештері алдын ала жоспарланып, билік тарапынан толыққанды қолдау көрсетілетін. Егер біз қазіргі заманғы қазақ эстрадасын – жаңа мен ескіні ұштастыра отырып дамытуды қолға алған болсақ, дұрыс бағытты тапқан болар едік. Мемлекеттен қайыр көрмегендіктен, қазақ эстрадасы қай бағытта дамитынын да білмей, аңтарылып қалды. Ән тоқырап, ырғақ пен әуен көбейді. Осының салдарынан халықтың талғамы да бұзылды. Бұрын радиодан берілетін қазақ әндерінің тоқсан пайызы лирикалық әндер болатын. Ал, қазір радиодан лириканы тыңдау мүмкін емес. Кілең ырғақты әндер жайлап алған. Композиторлар өздерінің әдемі лирикалық әнін өткізу үшін бір-екі сайқымазақ ән шығарады. Ғұмыры ұзақ болмайтын мұндай әндер халықтың санасына теріс әсер етіп жатыр. Тойға арналған әндерімізді тыңдасаң, жұрттың «жегені – алдында, жемегені – артында», «қағанағы – қарқ, сағанағы – сарқ» мамыражай, майшелпек тірлік кешіп жүргендей, тіпті, қазақтың проблемасы мүлдем жоқтай көрінеді. Таңның атысы, кештің батысы «биле, биле» деуден жалықпайды. Көп әндердің сөзі сын көтермейді. Бұл да өз алдына бір мәселе. Қазіргі қазақ эстрадасындағы әндердің 95 пайызын «той әндері» құрайды екен. Бірақ, бір күні мұның да заманы өтеді. Той әндері мен той арқылы халыққа танылған әншілеріміз осыны ескеруі тиіс деп ойлаймын. Бүгінгі қоғамда әншінің беделі мен имиджінің жойылып бара жатқандығы да алаңдатады. Егер мемлекет ай сайын әншілерге лайықты жалақы беріп тұрса, онда әншілеріміз той кезіп кетпес еді. Бұл өз кезегінде өнер адамдарының беделін нығайтуға жол ашар еді. Бұрын өнер саласын таңдаған жас өрендер, ең алдымен, ауылдық, сосын, аудандық, әрі қарай облыстық байқауларға қатысқаннан кейін ғана республикалық дәрежеге көтерілетін. Осындай түрлі сатылардан өту арқылы мол тәжірибе жинақтайтын. Әрі ол кезде билік тарапынан өз дәрежесінде қолдау да көрсетілетін. Қазір: «Ақшаң болса, қалтаңда...» деген заман болды. Қаржысы бар адамдар 15-20 ән жаздырып, бір әніне бейнебаян түсіріп, Республика сарайында концерт өткізе беретін болды. Билік тарапынан ешқандай бақылау болмағасын, әркім білгенін істеп жүр, қазір. Қалтасы қалыңдар ән әлемін былғап жатыр. Мемлекет тарапынан тұрақты да, кәсіби бақылау орнатылса, өнер әлеміндегі келеңсіздіктерге жол берілмес еді. – Яғни, «Көркемдік кеңес құру» мәселесін қолға алсақ, дұрыс болар еді дейсіз ғой... – Қазақ мәдениетінің дамуына «Көркемдік кеңестің» оңды ықпалын тигізетіні анық. Қазіргі таңда да бірқатар көркемдік кеңестер бар. Соның бірі – концерттік бағдарламалармен айналысатын «Қазақ әуендері» деген акционерлік қоғам, екіншісі – «Қазақстан халқының рухани даму қоры». Бұл мекемелердің әрқайсысы өздеріне тиісті жұмыстарды атқарып жатқан шығар. Бірақ, бізге халықтың жүрегіне жол тартатын шығармаларды сүзгіден өткізіп, сараптап отыратын тағы бір көркемдік кеңес қажет. Бұл мекеме жәй ғана «Көркемдік кеңес» ретінде құрылатын болса, өзін-өзі қаржымен қамтамасыз ете алмауы мүмкін. Біз осы мәселені білікті заңгерлермен, елге белгілі депутаттармен бірге талқылай отырып, «Көркемдік кеңес және авторлық құқық» атты Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарайтын құзырлы мекеме ретінде құруды жоспарладық. Бұл ойымыз жүзеге асатын болса, авторлыққа бөлінген қаржының бәрі қоғамдық негіздегі авторлар қоғамына емес, мемлекеттің мекемесі болып табылатын «Көркемдік кеңес және авторлық құқық» мекемесіне құйылған болар еді. Сонда мекеме қызметкерлері де толыққанды жалақымен қамтамасыз етілер еді. Аға буын, орта буын, жас буынның өкілдерінен құралған бұл кеңеске мүше ретінде шығармашылықтың түрлі саласының өкілдерін енгізу қажет. Кеңес мүшелері бірінші кезекте әділ баға беруі тиіс, әрі олардан өздерінің қойған бағаларын дәлелдеп беру талап етілуі керек. Осындай құзырлы мекеме жұмыс жасайтын болса, кімнің кім екені анықталар еді. Сондай-ақ, әншілердің өзі де әннің саны үшін емес, сапасына жұмыс жасауды қолға алуға мәжбүрленеді. – Қазақ эстрадасының дамудың даңғыл жолына түсуі үшін қосымша қандай қадамдар жасалуы керек... – Біз, әдетте, «Болашақтың қожасы – жастар» деп, өскелең ұрпаққа көп үміт артамыз. Бірақ, оларға дұрыс қолдау көрсетуді білмейміз. Мәселен, бізде мемлекеттік концерттерге өзінің айдауынан шықпайтын әншілерді ғана шақыру үрдісі белең алған. Ал, шын таланттарды қолдау қолымыздан келмей отыр. Шын мәнінде, «жастардың біздің болашағымыз» екені рас болса, олардың арасындағы шын таланттарға қолдау көрсете білуіміз керек. «Қырандарына қамқор бола алмағандар – шымшықтардың ұятына қалады» – деп Мұхтар Шаханов ағамыз айтқандай, қырандарымызды қолдамасақ, ертеңгі күні олардың биікке самғай алмасы ақиқат. Таланттылар мен талантсыз­дардың аражігін ажырату үшін, жанды дауыспен ән айту мәселесін қолға алуымыз керек. Осы бір орынды ұсынысты о баста Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдаған сыңай танытқан еді, кейіннен үнсіз қалды. Айта берсек, шешімін табуы тиіс мәселелер көп-ақ. Тек мұның бәріне билік тарапынан оң көзқарас болуы керек. «ХАЛЫҚ ҮШІН ШЫҒАРМА ЖАЗДЫМ» ДЕГЕН АДАМДАРҒА СЕНБЕЙМІН...          Суретші Әділ Несіпбаевтың Қ.Құрманәлінің "Шай ішіп кетсем қайтеді?" атты әніне салған картинасы – Аға, төл әніңіздің қайсысы жүрегіңізге жақын? – Шығармашылыққа бет бұрғаныма жиырма бес жыл толыпты. Осы уақыт аралығында отыз екі ән жазыппын. Мен өмірімде өзімді қинап ән жазған емеспін, не жазсам да, жүрекпен жаздым. Мен ешқашан халық үшін ән жазбағанмын. «Халық үшін шығарма жаздым, өлең жаздым» деген адамдарға мен сенбеймін. Меніңше ешбір шығармашылық адамы халық үшін шығарма жазбайды. Ол Алла тағаланың берген сыйы болғандықтан, өз жанының рахаты үшін жазады. Мәселен, кез келген шығармашылық адамы қандай да бір шығарманы дүниеге әкелгенде, дүниеге перзент әкелгендей қуанады. Бұл – жеке басының ғана қуанышы. Оның жазған шығармасы халықтың игілігіне жарап, ел-жұрттан лайықты бағасын алып жатса, онда ол – автор үшін абырой. Әйел заты халық үшін бала тумайды ғой, өзінің ұрпақ жалғастығы үшін дүниеге әкеледі, перзентті. Ал, перзенттерінің ішінде біреуі халықтың ұлына айналатын болса, онда ол – ата-анасының абыройы. Қалдыбек Құрманәлі ата-анасынан кейін бір адамға қарыздар болатын болса, ол – Мәдина Ералиева. Марқұм Мәдина Ералиева «Кірмеші жиі түсіме» атты әнім арқылы мені халыққа танытты. Әрі қажет кезінде туған бауырымдай қолдап, қамқорлық көрсете білді. Сондықтан, жүрегіме жақын ән, әрі мені халықтың алдында Қалдыбек еткен ән – «Кірмеші жиі түсіме» әні. Жүрегіме жақын әнші де – Мәдина Ералиева. – Композиторлар одағына неге мүше емессіз? – Шынымды айтсам, шығарма­шылық адамының қандай да бір Одаққа мүше болуы міндетті деп есептемеймін. Одаққа мүшелікке өту дегенде мына бір оқиға еріксіз есіме түседі. Ақын Баян Бекетова – менің жерлесім. Бірқатар кітабы шығып үлгерген ақын бірнеше жыл қатарынан Жазушылар одағына мүшелікке өте алмай жүрді. Бір жолы Жазушылар одағына қарай келе жатсам, Баян әпкем: «Мен бақыттымын!», – деп айқайлап тұр екен. Шынымды айтсам, түсінбей қалдым. «Мүмкін, құстардың қайтқан кезінде өнер адамдарында құс ауруы деген бола ма» – деп ойладым. «Қуанышты бөліссе, көбейеді» демекші, не болды, айтсаңызшы?» – деп сұрасам: «Мен бақыттымын, Жазушылар одағының мүшелігіне өттім!», – дейді, мәз болып. Мен аң-таң қалдым. «Баян әпке, өмірдегі ең бақытты адам он екі мүшесі сау адам емес пе, сізге он үшінші мүшеліктің қажеті не?!.» – дедім, сосын. Өзім ешқандай одақтың мүшесі емеспін. «Мүшелікке өту керек» деп те ойламаймын. Композиторлар одағына мүше болу - менің әніме ән қоспайды, «шығармашылығымды шыңдайды» деп те айта алмаймын, сондықтан, оның керегі не?.. – Қоңсы қонған өзбегің де, қырғызың да, мысалы, «Мен – ұлтшыл өзбекпін!» немесе «Мен – ұлтшыл қырғызбын!» дегенді мақтан тұтып, мерей көреді. Ал, бізде: «Ұлтшыл» деген сөз тіркесінен жанұшыра қорқып, ат тонын алып қашатын болды. Сіз: «Мен – ұлтшылмын!», «Мен – ұлтшыл қазақпын!» деп, айта аласыз ба? – Айта аламын: мен ұлтшылмын! Өз ұлтын сүю бақытына ие болған адамдар – шынайы бақытты адамдар. Алла тағала Адам қылып жаратып, пенде өмірге адам боп келген соң, өз ұлтыңды шынайы сүйе білгенге, өз ұлтыңның жолында күйе білгенге не жетсін?! Кім қай ұлттың өкілі болса, сол ұлттың жырын жырлауы тиіс. Ал, біздің елде ұлт тек қана зиялы қауым өкілдеріне ғана керек сияқты... Меніңше, әр қазақ өз ұлтын сүйе білсе, ұлт мүддесіне қатысты мәселеге бей-жай қарамайтын болса, қазақ ұлты жер бетінде мәңгі жасайды деп ойлаймын. Мен ұлтым үшін жанымды да, барымды да беруге даярмын. ТУМА ТАЛАНТТАРДЫҢ ЖАЛҒАСЫМЫН – Өмірде турашыл мінезіңіз, я болмаса, өткір тіліңіз опық жегізді ме? – Мінезімнен опық жеген кезім жетіп-артылады. Оны санап жүрген жоқпын. Ең бастысы, егер мен бір жерде бірнәрсе айтқан болсам, онда ол сөз сол жерде айтылуы керек болғаны. «Өтіріктің балын жалап күн көргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық» деп Бауыржан атамыз айтпақшы, шындық мен үшін бәрінен қымбат. Бірақ, өзімнің айтқан сөзім үшін өкініп, кейіннен кешірім сұраған кезім жоқ... Кейде ойлаймын: бір-ақ рет естіп, ұмытылып кететін қатардағы ән жазу үшін – айрықша мінездің қажеті жоқ-ау... Керісінше, қазақтың жүрегін қозғап, жанарын сулайтын құдіретті туынды – жағаға соққан асау толқындардай адуын мінез, бірбеткей болмыстың нәтижесінде дүниеге келеді. Қазақтың ән әлемінің алыптары Нұрғиса, Әбілахат, Шәмші, Әсеттердің жасын жалғасы әрі сырбаз сарқыты атанып, оның орасан жауапкершілігін арқалап жүру – қиынның-қиыны... – Төл тағдырыңызды тәрк еткендей, өз өміріңізге өзегіңіз өртенген өкінішті сәттеріңіз болды ма? – Өмірде менің бір ғана өкі­нішім бар. Ол – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық универси­тетінде композиторлық мамандық бойынша жоғары білім ала алмағаным. Орындалмай қалған арманым да осы. Егер де кәсіби маман болғанымда, менің сыртымнан: «Қалдыбек – жәй ғана әуесқой композитор» деп түрлі сөз айтып жүргендердің аузына құм құяр едім. Бірақ, «Композиторлар одағының мүшесімін» деп кеудесін ұрып жүрген кейбір «кәсіби» мамандардың халық бір әнін де білмейді. Меніңше, өнердегі нағыз қасірет осы. «Жақсы ән жаза алмаған адам жақсы симфония, жақсы опера жазады дегенге сенбеймін» деп Шәмші ағамыз айтпақшы, ғұмырында халықтың жүрегінен орын алатын жалғыз ән жаза алмаған кәсіби композиторлардан кесек дүние шығады, дегенге менің де үмітім аз... Мүмкін, менің маңдайыма Әбілахат Еспаев,Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов сынды кәсіби білімі жоқ тума таланттардың ізбасары болу бақыты жазылған шығар. Ендеше, бұл тағдыр-талайыма шексіз шүкіршілік етемін!.. – Аға, халықтың алдында, қазақтың көкейінде жүрген ардақты азаматсыз. Тіпті, сіздің отбасыңыз туралы да түрлі пікірлер айтылады... – Жұртты таңсық қылатыны: балаларымның есімдері шығар. Қазір балаларымның үлкені он бесте болса, кішісі бір жаста. Шәмші-Қалдаяқты Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернатқа, Бекзат-Саттарханды «Шаңырақтағы» бокс мектеп-интернатына, Мұхтар-Шаханды бейнелеу өнері мектеп-интернатына бермекпін. Бәрі жақсы оқиды. Мақпал қызым мен Иманғали-Тасмағамбет әлі кішкентай. Әзірге балаларым осы. Ал, жеңгелеріңнің аты – Эльмира. Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданының тумасы. Алғашқы мамандығы – психолог, кейінгісі – журналист. Дәл қазір үйде бала тәрбиесімен айналысып отыр. Бұрын жұмысқа шығып, ел қатарлы қызмет еткісі келетін. Қазіргі уақытта ана үшін бала тәрбиесінің бірінші кезектегі іс екендігіне көзі жетті... – Қалдыбек аға, таяу арада жаңа ән кешіңіздің өтетіндігінен көпшілік құлағдар. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, 25 жылдық шығармашылық кешіңіздің өзге ән кештерінен ерекшелігі қандай болмақ? – Қарап отырсам, 25 жыл ішінде отыздан аса ән жазылыпты. Мүмкін, бұл аз шығар, бірақ, мен аз болса да, саз болғанын дұрыс көрдім. «Мен өмірде өз шығармашылығыма адал болдым» деп айта аламын. «Осы уақытқа дейін не бітірдім?» деп, халықтың алдында есеп беру үшін 20 сәуірде Алматыдағы Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында шығармашылық кешім өтеді. Шығармашылық кешімді әдейі осы сарайда өткізгелі отырмын. Өйткені, ел аузында жүрген көптеген әндерім университеттегі студенттік күндерімде дүниеге келген еді. Бұрынғы кештерде жіберген кемшіліктерді қайталамай, халыққа әсерлі бір ән кешін сыйлаймын, деген ойдамын. Бұйыртса, бұл кеште 25-ке тарта әндерім орындалмақ. Өзге кештерден ерекшелігі сол – жазылғанына 20 жыл өтіп кетсе де, енді ғана әншісін тауып жатқан жаңа әндерім орындалмақ. Сонымен қатар, «Ән аға», «Шай ішіп кетсең, қайтеді», «Сырдария жағалауы» атты әндеріме салынған суреттер осы кеште көрсетілмек. Картиналардың авторы – менің шығармашылығымды жоғары бағалайтын суретші досым Әділ Несіпбаев. Кештің өтуіне қолдау көрсетіп жатқан Студенттер сарайының директоры Ералхан Әбішке, ақпараттық қолдау танытып отырған «Қазақстан» телерадио корпорациясының төрайымы Нұржан Жалауқызына айтар алғысым мол. Кештің бар құпиясын ашып қойсам, көрерменге қызықсыз болып қалуы мүмкін. Олай болса, «Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық» демекші, әсем әннің құшағында тербелгілеріңіз келсе, сол күні ән кешінен табылыңыздар, демекпін. - Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлмира САДЫҚ

 ІЗІНДЕ ЖҮРСІҢ ІЗГІ ӘННІҢ...

Қалдыбекке

Шаянға барса әншімін демес кім-кімде, Шардара барған шайырмын демес бұл күнде. Сәнімен емес әнімен әркез сүйкімді, Ақкөңіл досым, Алға бас, дәйім, іркілме! Еріп ең маған есімді жимай жүргенде, Ескертулерден есейген жеттік күндерге. Жырымды менің түсінбейтіндер жетеді, Әніңмен ал сен әйгілі болдың бір демде... Мен тұрған кезде жатақханасында қыздардың, Шықпайтын едің, Сол кезді ойлап сыздар мұң... Із қалдырмаған жерің жоқ сенің қайда да, Ізінде жүріп ізгі әннің... Әрқашан солай, әнменен әсем жыр егіз, Сұлулар суық болмайтын бізге, білеміз. «Ұмытпа мені, аяулым» дейміз қыздарға, Өзіміз бірақ ұмытып кетіп жүреміз... Арманға біздер жетерміз бәлкім, аңсаған, Қалықтап жүріп, жазарсың әлі қаншама ән... «Қариялар бүгін азайып бара жатқан соң» Аз ақылымды айтып та қоям мен саған... Қайыққа барған... Айыпқа қалған кештерің, Кеткен жоқ босқа, Өлеңмен бірге өскенің... «Ән аға» жайлы шедевр әнді жаздың да, Шәмшінің алдың ескегін... Көз тартып тұрған көрікті сондай күзгі алма, Жұлынып қалса Ұрынып қалмай ызғарға... Сұлулар саған өңіңде ғана керек пе, «Кірмеші, жиі түсіме» дейсің қыздарға. Кездестің елмен сарайда сәнді міне, кең Өткенің менен көктеміңді енді жыр етем. Алыстан іздеп, «Қиялдап жүрген қалқашың» Көрші ауылдағы аулада ойнап жүр екен... Күрес қой өмір, Күндерің өтер жарыспен... Шаршаған кезде сырласып қайтқын Арыспен... Әнші боп кетпе әріптестерің секілді, Қой қайтаратын дауыспен... Жұлдызды түнде гүл қызды біздер ән қылып, Қалада қатал Қайтушы ек ұзақ қаңғырып. Айтушы ек өнер туралы таңға-таңды ұрып. Жаңғалақ досым, Жасайсың қанша, білмедім Ал, әнің болсын мәңгілік! Қазыбек ИСА 1998 жыл

www.qazaquni.kz