Мерекенің "үрейі": ізденістер, іркілістер
2021 ж. 10 желтоқсан
1696
2
Мереке ҚҰЛКЕНОВ. Үрей. Әңгімелер жинағы. А., «Жазушы» 1988.
1989 жылдың алғашқы айларында ақын, сыншы, ғалым Асқар Егеубаев қызмет орныма арнайы іздеп келіп, «Арман қанатында» (құрастырушысы өзі еді) жинағына шыққан әңгімем туралы жылы пікір айтты. Ол кезде мен республикалық «Ұлан» газетінде қатардағы корректор едім. Асекең бірнеше әдеби-зерттеушілік әрі жыр кітаптары жарық көрген, «Жұлдызда» сын бөлімінің меңгерушісі болып істейтін танымал қаламгер болатын. Былай қарасаңыз, ауылдан енді келген, ешкімді дұрыс танымайтын қаймана қазақпын. Пікірі көңілімді аспандатып тастады. Иманы шат болсын марқұмның. Әңгіме үстінде маған прозамен ғана шектелмей, жаңа шыққан замандас жазушылардың кітаптарына рецензия жазу керектігін, сөйтсем шеберлікке шыңдалып, өзімді де танытарыма нандырып, ағалық ақыл айтты.
Көп ұзамай Асекеңнің тапсырмасымен үш жазушының 1988 жылы шыққан кітаптарын оқып, екеуіне рецензия жаздым. Соның бірі М.Байғұтовтың «Нәурізек» жинағын талдаған «Тартымды тағдырлар» деген мақалам «Жұлдыздың» 1990 жылғы №1 санына шықты да, ал М.Құлкеновтің «Үрей» әңгімелер жинағына жазған рецензиямды Асекең дер кезінде басшылардан өткізе алмады ма, әлде өзі басқа жұмысқа ауысып кетіп, сұраусыз қалды ма, әйтеуір сол күйі жарияланбады. Өзім де сол кездерде үйлену, той жасау қамымен жүріп, өкше ізіне түсе қоймаппын. Содан машинкаға басылған екінші данасы жеке мұрағатымда 32 жыл сарғайып жатты. Биыл зерттеулер мен әдеби мақалаларымды жеке жинақ етіп баспаға ұсынғанымда бір әрпін өзгертпей, қайта бастырдым. Енді осы дүниені белгілі жазушы, баспагер Мереке Құлкеновтің 70 жасқа толған мерейтойына орай оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім.
Әрбір жазушы өз алдына бір-бір әлем. Суреткердің күш-қуаты мен шеберлік деңгейі сол өзіне ғана тән әлемінің байлығы мен кеңдігіне, көркемдігі мен кемелдігіне қарай бағаланса керек. Кейбір елеусіздеу кемшіліктеріне қарамастан, біз сөз еткелі отырған М.Құлкенов әлемі де ішкі сезім иірімдеріне құрылғандығымен, айтар ойын жалаңаштамай, емеурінмен білдіруге, обьектісін нақтырақ бейнелеуге бейімділігімен құнды.
Жас автордың алдымен шағын жанрдың қыр-сырын тереңірек меңгеріп алмай тұрып, повесть, роман сынды күрделі жанрлардың жалына жармаса бермейтіні – құптарлық қадам. Соның айғағындай «Үрей» атты топтамасына бірыңғай әңгімелері еніпті.
Шығарманың сәтті, сәтсіз шығуы ең алдымен тақырыпты дұрыс таңдауға байланысты. Өйткені шеберлік шыңына шығып үлгермеген жазушы үшін (аталмыш авторды сол топқа жатқызып отырмыз) өзі толық білетін обьектіге ғана қалам тартуы алғашқы үлкен ұтыс. Мереке бұл тұста қателеспепті, көпшілік туындысы өзіне етене таныс қалалықтар өміріне арналған. Әйтсе де осы тақырыптағы әңгімелерінің арасынан «Үрей», «Ақкөңіл», «Жүрек», «Үшінші дауысты» бөле-жара атар едік. Өйткені аталмыш төрт әңгіме қалалықтар өмірін барынша мол қамтып қана қоймай, олардың ішкі қалтарыстарын, мінез ерекшеліктерін айқынырақ аша түскендігімен ерекшеленеді.
«Үрей» әңгімесі «Түннің бір уағында подъезден құлақ тұндырар ащы дауыс естілді» деп басталыпты. Дауыс мысықтың кіп-кішкене баласыныкі еді. Бұл күтпеген оқиға тұрғындарды недәуір әбігерге салды. Автор осыны шап-шағын әңгімесінде жеңіл юмормен шебер айшықтаған. Қалалықтардың сол сәттегі әсіресақ қылықтары езуіңе күлкі үйірмей қоймайды:
«... Олар әуелі есіктің ішкі жағынан құлақ түріп, тың тыңдасты. Есіктеріндегі шынашық басындай көзшелерінен ақырын сығаласты. Әне қояды, міне қояды деп біраз сабыр сақтасты. Кім бірінші есігін ашар екен деп бірін-бірі аңдысты...» Әйтсе де пенделердің әбігерін хайуан қайтсін? Ақыры төзімдері таусылып, шығады-ау бәрі де. Бірақ барлығы жабылып, бір мақұлықтың дауасын таппай, дал болады. Осы сәттегі кейіпкерлерінің сөз саптауы арқылы автор олардың мінез-кейпін даралаған. «– Осы жасқа келгенше бейбастықтың талайын кездестіріп едік. Бірақ мысықтың баласын подъезге лақтырған көргенсіздікті алғаш көруім»,– дейді анда-санда бір келер немерелерінің «артық-ауыс күлгенін ұнатпай», күңкілдейтін зиялы шал.
«– Сұрамаңыз, бүгінгінің адамдарынан бәрін күтуге болады»,– деп қостайды оны «сөйлей жөнелгенде тәмпіш мұрны бірге қозғалатын», «Ұйықтайтын мезгілінен бес минут асырып алса, кірпіктері айқаспай қоятын» жалғызбасты әйел.
«– Осылай таң атқанша күзетте тұру ойларыңда болмаса, бір шара қолданайық...», –деп батырсынған жас жігіттің өзі «жұқпалы ауру» деген сөзден сескеніп қалады.
«– Жолама! Жұқпалы ауру болса, қайтесің!»– дейді жан ұшыра дауыстаған «мейлінше кірпияз, тазалықты шектен шыға жақсы көретін», «қандай іске де күдікпен кіржие қарайтын», айлық ақшаның өзін «әдейі алып келген бір парақ қағазбен шымши ұстап, қол сумкасына салатын» келіншек.
Осынау бір-бір ауыз сөздеріне қарап-ақ олардың айналамыздағы пенделердің қай тобына жатарын ажырату қиын емес. Оның үстіне автор подъезд тұрғындарының «әлдекімге мықтап ашуланып» жүргенін, «Бір-біріне тіксіне қарасып, сезіктенетінін», жоқтан өзгеден секем алып, «...жұқпалы» деген сөзді естісімен, тіксінісіп, бір-бір адым кейін шегінісіп тұрғанын», т.б. баяндағанда әлгілердің мызғымастай көрінген бет-пердесі сыпырылып, ыздиған әсіресыпайылықтарының түп-төркіні ашылады. Олардың бәрінен маскүнем әлдеқайда шыншыл, рухани таза, сөзі мен ісі бір жан болып шығады.
«– Өй малғұн! Кет, зиялы адамдардың жүрегін тырналамай!», – дейді де ол таяғымен мысықты ішінен іле лақтырып, подъездің есігін жауып алады. Әңгіме «Сәлден кейін есіктер сарт-сұрт жабылды.» – деп әсерлі аяқталыпты. Ең бастысы – автор мұнда кездейсоқ оқиғаның жетегінде кетпей, сол оқиға арқылы әсіресыпайылықты, үргедек сақтықты әшкерелеуді мақсат қылыпты. Және сол мақсатының үдесінен толық шыға білген.
«Ақкөңіл» әңгімесіндегі Айман мен «Үшінші дауыстағы» Қален өзара ұқсас кейіпкерлер. Оларды ортақтастыратын – суық жүріс. Автор «Ақкөңілде» сүттей ұйыған отбасының шаңырағын ортасына түсірер осынау келеңсіз жәйттің түп-төркініне үңілсе, «Үшінші дауыста» оны аяусыз әжуалапты. Соңғысының формасы ерекше. Бір келіншек қызмет бабымен телефонға жақындап, қажет номерлерін тере бастағанда «ғашықтар» әңгімесінің үстінен түседі. Бірі – өз әйелін алдап, сұлу сөзді суша сапырып өзге әйелдерге қармағын қаптыратын Қален де, екіншісі – күйеуімен түсінісе алмай, оның көзіне шөп салып жүрген Рәш есімді келіншек. Қысыр сөзге алданып қалғанда Рәштің газдағы тамағы күйіп, соны сөндіруге жүгіріп кетеді де, олардың манадан бергі әңгімесін тыңдап, бар сырын біліп алған қызметкер келіншек Қаленге дүрсе қоя береді. Мұны күтпеген Қален жалынып, жалпайып, бәйек болады. Өз күйеуін тастап, Қаленге тұрмысқа шығам деп, құрғақ сөзге малданып жүрген Рәштің телефонды қайта алғанда шындыққа көзі жетеді. Мінекей, бар оқиға осы. Әлгі екеудің арсыздығын әшкерелеу үшін автор оқырманын олардың пәтеріне кіргізіп әуре болмай, жағдайды кейіпкерлерінің өз аузымен-ақ жеткізген. Осылай, ұзын сонар тәптіштеуден гөрі, негізгі күшті диалогқа салу арқылы Мереке еселеп ұтып отыр. Біріншіден, баяндау тәсіліндей емес, диалог бір мезетте бірнеше оқиғаны қамти алады. Екіншіден, баяндаудың әсері (эффектісі) құбылыс, оқиғаны құлағыңмен естігендей, диалогтыкі көзбен көргендей. Үшіншіден, кейіпкер сөзі – оның жан-дүниесінің айнасы. Автор осыны дұрыс ескерген. Сондықтан да әңгіменің етек-жеңі жинақы. Ал, «Ақкөңілдегі» Қожантай – ирониялық кейіпкер. Аузын ашса, көмейі көрінер аңғалдығынан әйелі Айманның ноқталы бұзауына айналған. Айман мұндай сәтті бос жіберсін бе, мансап қуған болып күйеуінің көзіне шөп салып жүр. Әдепкі құбылыс: нәпсіге ерік берілсе, ар кірлемей қалсын ба? Әйтсе де автор белгілі жәйтті тәптіштеуден аулақ. Салдардың себебі қайсы? Ынсапсыздық пен арсыздыққа жол беріп, жағдай туғызып отырған не? Міне, ол оқырманын осының түп-төркініне үңілуге шақырады. Мерекенің меңзеуінше, оған себеп – жалтақтық пен жалпақшешейлік, ынжықтық пен шешімсіздік. Кейбір осындай мінездегі таныстарымызды көңіліне келмесін деп «ақкөңіл» дей салмаушы ма едік. Қожантай ирониялық кейіпкер болғандықтан, оны жазушы да солай атапты. Бірақ бұдан Қожантайдың шын бейнесі көмескіленбейді.
«Жүрек» әңгімесі тәрбие мәселесіне арналыпты. Бас кейіпкер Сәрсен бала тәрбиесі, адамгершілік, мораль тақырыбына баспасөз беттерінен, теледидардан жүйелі түрде әңгіме жүргізіп, осы іске недәуір ден қойған адам. Күн сайын оған алғыс айтып, кеңес сұраған хаттар топырлап келіп жатады. Автобуста бейтаныс жандар ыстық ілтифатпен амандасады. Бірақ сөйткен Сәрсен жалғыз ұлының бабын таппайды. Тәрбиелеу былай тұрсын ұлының алдында әке дәрменсіздігін мойындап қойған. Бұл не, «қолда барда алтынның қадірі жоқтың» кері ме, әлде Сәрсен салқын санамен салмақтамай, жүрек сезген буалдыр дүние елесін талшық етіп жүрген бе? Бәлкім, кәдуілгі жұмысбастылық шығар? Қалай болғанда да Сәрсен өзі қолдан жасап алған осынау шырмауықтың сабағындай шырмалған нәрсенің құрбаны. Жазушы суреттеуінде ол жүрегінің талмасы ұстап, көшеде құлайды. Арлы-берлі өтіп жатқан жүргіншілер оны «маскүнем» деп елемейді. Тек құлдыраңдап ойнап жүрген сәби ғана оны танып, шешесіне айтады. Сонда ғана ел-жұрт жиналып, «Жедел жәрдем» шақырылып, ол аман қалады. Бірақ бұл жағдайды ескере отырып логикалық саралауға жүгінсек, оның көп ұзамай жан тәсілім береріне көз жеткізесіз. «Құрбаны» деуіміздің себебі осы жинақта жоғарыда аталғандарымен үндес, арнайы тоқталуды қажет ететін тағы бірнеше әңгіме бар. Алайда жағдай көтермейтіндіктен оларды қысқаша қарастырамыз. Жазылу тәсілі, көтерген жүгі әр түрлі осы туындылардың арасынан «Қылкөпір» «Іші-сыртыңды түгел түрткілеп, жан-дүниенің қалтарысына мысқалдай да құпия сақтатпай, бәрін көріп-біліп, бағалап тұрған» көз арқылы (қабырғаға ілінген сурет-портрет) нәзік те көрсеқызар, әсершіл де әуесқой әйел болмысына бойлай білуімен, «Мазасыз түн» сүйген, сенген пәк көңілге кірбің кірген сәтті нанымды суреттей алуымен құнды. Ал «Ескерткіш», «Жазылмаған хабар» сынды әңгімелер жекеленген жетістіктеріне қарамастан, солғындау шыққан.
* * *
Ауыл адамдарының өмірі – қазақ прозасымен бірге туып, біте қайнасып кеткен тақырып. Мысал ретінде Ж.Аймауытов пен Т.Жомартбаев, Б.Майлин мен М.Әуезов есімдерін, қазіргі Ә.Кекілбаев, О.Бөкеев, Т.Нұрмағанбетов, т.б. авторларды еске түсірсек жетіп жатыр. Бұл тақырыпты М.Құлкенов те аттап өтпепті. Алайда, Мерекенің бұрын-соңғы қаламдастарынан айырмашылығы – оны қызықтыратыны – қай-қай мәселенің болмасын моральдық, этикалық жағы. Мұнымызға «Жаңбырдан кейін», «Соңғы күн», «Кенже», «Өрттен кейін», «Телевизор» әңгімелері дәлел.
«Жаңбырдан кейін» – жинақтың беташары. Шығарма өзегі – семья бірлігі, балалар болашағы, адамгершілік мәселесі. Мұның барлығына автор алаңкөңіл Мәрзия кемпірдің көкірек көзі арқылы үңіліп, сана саңлауы арқылы ой жүгіртуді жөн санапты. Кемпірді жатса-тұрса мазалайтыны – былтыр қайтыс болған кенже қызы Айжарықтың намысы, оның қос жетімегінің тағдыры. Күйеу баласының қызына арналған зиратын тұрғызбай, сөзбұйдаға салғаны аздай-ақ, төсек жаңғыртқаны жанына батқан кейуана қызының бұрынғы отауына түтігіп кіреді. Табалдырықтан аттай бере қырағы көзі көлденең жатқан көк шөптің жоқтығын байқайды. Бірақ ашуы тарқамаған кемпір қасақана лас кебісін шешпей, төрге озады, қызының түтінін түтеткен келіншекке әдейі тиісе сөйлейді. Келіншек ибалы, көргенді қылығымен үлкен кісінің жүрегін жібітіп, қателігін өзіне іштей мойындатады... Әңгімені оқып шыққанда көкірегіңде ізгіліктің оты жанып, жүрегіңді иба мен әдептің жылы әсері баурап алады. «Іштен шыққан шұбар жыланның» намысын жыртқан кәрі көкіректің бұлқынысы, оны қарсы алған иманжүзді келіншектің жүрекжарды қуанышы – бәрі-бәрі өмірдегідей табиғи қалпын жоғалтпапты. Әйтсе де шығарманың композициясындағы олқылық көзге түспей қалмайды. Әсіресе, әңгіменің басқы жағы қарияның күйеу баласының үйіне келгенге дейінгі бөлігін әлі де ширата түссе еш артықтық етпес еді.
Бажайлап оқыған жанға М.Құлкеновтың сәт сайын тіліне жеңіл юморды араластырып отыратынын байқау қиын емес. «Қылкөпір», «Ғашық», «Жазылмаған хабар» әңгімелерінде әр тұстан қылаң берген бұл қасиеті «Соңғы күнде» орныға түсіпті. Әңгімедегі басты тұлға – Сәду. Ол– өз ісіне шын берілген, біртоға жан. Бар пәле сәби көңіл аңғалдығында, кез келгеннің қитұрқы қылығына көне салатын көңілшектігінде болса керек, кейде тіпті күлкілілеу... Шыбын тынышын алғандағы оның мінезін автор: «Сәду таз ашуын тырнадан аладыға салып «Мәруа» деп күж ете қалды... – деп баяндайды,– ... Үнінен осы үйдің еркегі екендігі бірден байқалады». Сөйте тұра ол балалары мен әйелінің алдында жоқтан өзгеге түксие қалатынына кейде кереметтей ұялады. «Осы мінезді қоюым керек деп ант-су ішеді. Онысын араққа жақындау адамның уәдесі сияқты кейін ұмытып кетеді». Сол Сәду біреумен сөзге келіспей қалса, алдымен өзін қинайды. Себебі кім көрінген жазықсыз айыптап жатса да көкейіндегі сөзі көмейіне кептеліп, аузындағысын айта алмай қалатын өзі. Осы бір мінезін пайдаланып, бастығы Рақым оны оңдырмай жәбірлейді. Ал Сәду жапа шеге тұра бастығының пайдасына өз орнын босатып береді. Өзіне келгенде оның адалдығының құны көк тиын, есесіне басқаларға пайдалы. Өйткені Сәду өмірді күрес деп түсінбейді. Сондықтан ол өз жүрегіндегі әділет лүпілін өзгеге дәлелдей алмайды. Тіпті дәлелдегісі де келмейтіндей... Мұндай дәрменсіздік, содан туған психологиялық оқшаулану – адамды ортадан бөлектеп, біртіндеп өмір сүру қабілетінен айырады. Бұл – диалектикалық заңдылық. Авторлық позициядағы мысқыл осыны меңзесе керек.
«Телевизор» әңгімесіне ғұмыр сыйлаған, әр кіргізген – осындай юмор аралас тіл. Әңгіме оқиғасы бірінші жақтан, жасөспірім жеткіншектің атынан баяндалыпты. Мереке – бала психологиясын меңгерген жазушы. Сондықтан шығарманың етек-жеңі жинақы, шып-шымыр. Басынан аяғына дейін бір деммен оқылады. «Бала ғой, не білсін?» деп жатпай ма үлкендер. Шын мәнінде солай ма? «... өзінің телемеханикадан мүлдем хабарсыз екенін білмейді дейсің ба, біледі, – деп ойлайды жеткіншек сүйікті әкесінің шарасыз қылығын бақылай отырып. – Әйтсе де самсаған сымдарды бір қозғап көрмей көңілі көншімейді. Және ештеңе білмейтіндігін сездірмеу үшін бәріміздің жанымызды қуырып, ұрсып болады... Ашуланып келсе, әйтеуір бірдеңеге шұқшиятын әдеті бар еді». Әкесінің шала бүлініп жүруінің себебі – өзін теледидарға түсіріпті, соны бүгін көрсетпекші екен. Экрандағы әке бойынан жасандылықты сезіп қалған бала «балықшының рөлін ойнап жүрген балықшы секілді» деп түйеді іштей. Теледидарға түсірер алдында аман-саулық сұрасқан ғой, енді экранға шыға келгенде тілшінің қайыра сәлемдесуін әкесі алғашында ұқпай қалады. Осы бір сәтті бала мүлт жібермепті: «Экрандағы папам бір сәт тілші ағаның бетіне таңдана қарап қалды да, сөйлеу керек екені есіне түскендей біртүрлі сасқалақтағандай рай танытып:
– Амансың ба, телевизор шырақ, – деп... салды.
– Адамға «телевизор» дегенің қай сасқаның, – деді мамам не реніш, не аяныш білдірерін білмей.
Бұдан кейін экрандағы папам бізге ұзақ бақырайды.»
Мұндай езу жидырмас мысалдарды шығарманың әрбір тұсынан-ақ келтіруге болар еді, дегенмен біз «Теңіз дәмі тамшыдан сезіледі» деген қағидаға сүйеніп, бірді-екілі мысалмен шектелуді жөн көрдік. Өйткені жоғарыдағы келтірілгеннің өзі-ақ шығарманың ойнақы да көркем жазылғанына көз жеткізуге жетіп жатыр.
Ендігі бір арнайы тоқталуды қажет ететін дүние – кезінде баспасөз бетінен оқырман қауым жылы қабылдаған «Ғашық» әңгімесі. Махаббат – мәңгілік тақырып, адам сезімінің нәзік қыл-пернелерін дәл баса білу үшін қаламгерге ең алдымен сезімтал жүрек, байқампаз, елгезек көңіл керек екені әмбеге аян. Ол болмаса, махаббат тақырыбы небір атақты, танымал жазушының да оң жамбасына келе бермейді. Осыны сезе тұра Мереке тәуекелге бел буыпты... Әңгімедегі ғашық жан – Сақтаған есімді қырма сақал жігіт ағасы. Ғашығы – ақын қыз Мақпал. Ғашықтық қарапайым тракторшыға өлең жаздырады, қыздың алдына жетелеп әкеліп, одан дертіне дауа сұратады. Мақпал мұны сезе тұра тек жігіттің творчествосына қамқорлық қылумен тынады. Өйткені сүйіспеншілік бір жақты, Сақтаған тарапынан ғана... Махаббатты арқау еткен шығарма үшін ең бастысы – шынайы сезім десек, ол мұнда бар. Дәлелі – Сақтағанның қырма сақал шағында өлең жазуы, сезімін санасына жеңдіре алмай, өзін-өзі ұмытып, сергелдеңге түсуі. Көрікті байлам, толымды ой әңгімені ширата түсіпті: «Кейде ұзақ уақыт жүрегіңді тербетіп, дүниедегі ең жақын адамыңа жаныңмен айтайын деген сөзіңді сәтсіз бастап, өкінішіңе тұншығып қала беруге болады екен... Мен секілділер өмірдің мәні неде екенін біліп алмай тұрып, тіршілігіне қажеттің бәрін алуға жанталаса кіріседі екен де, құдайдың бір құтты күні бұған дейінгі қаракеттің барлығы құр далбаса екенін түсініп, бармағын тістейді... Адам баласына шамадан тыс сезімнің де кеселін тигізетінін соңғы кезде аңғарып жүрмін... мен болашағымды болжамай тұрып, қазығымды бойлата қағып тастаған адаммын.»
Бір қуанарлығы – автор мұндай түйіндеулерді (мысалдар шығарманың әр жерінен алынды) кейіпкеріне күштеп телімей, оның ішкі бұлқыныстарынан туындатады. Сол себепті шығарма шынайы шыққан. Ең бастысы – әңгімеде күйініш-сүйініші, қуаныш-мұңымен көкейіңде жатталып қалар адам бар.
Шығарма көркі – көркем тіл екені даусыз ақиқат. Ендеше жинақтың тілі туралы айтпай кету әбестік. Осы орайда біз үшін ең негізгісі – М.Құлкенов қызыл сөзге құштар емес, қарабайыр, жаргон тілдердің жетегіне де ермейді. Қолданар сөзіне өте сақ, жауапты. Халық психологиясы қабылдай қоймаған ұғымдарға ескі мағынаның қалыбын кигізе салмай, жаңа балама тауып қолдануы, кейіпкері өзге ұлттың өкілі болғанда орысша оралымдарды пайдалануы (орыс тіліндегі сөздердің орналасу тәртібін сақтай отырып, қазақша сөйлету), «әсіреңкі», «құшынаш», «рабайсыз». т.б. сирегірек айтылар сөздердің өзін тек орнын тауып қана жұмсауы осының айғағы. Сөйте тұра «қоржын бөлме» (дұрысы – қоржын там), «екі иығынан суы кеткен» (екі иығы салбыраған не салы суға кеткен), «ызам ұстап», «намысым ұстап» (жыным ұстап, намысым қозып, ызам келіп), «барға сүйеніп» (кейіпкер бардың ішінде) сияқты сөз тіркестерін қолдануда асығыстыққа ұрынған. Сөзге сақ жазушы үшін осының өзі кешірімсіз. Келешектегі жаңа жинағында мұндай болмашы кемістіктерге де жол бермес деген сенімдеміз.
Әбділдәбек САЛЫҚБАЙ,
жазушы
27 наурыз 1989 жыл.
qazaquni.kz