ТАРИХ ЖАСАҒАН ТҰЛҒА
2021 ж. 06 желтоқсан
1499
0
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» онкүндігі аясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тарих жасаған тұлға» кітабы бойынша танымдық дәріс өтті. Дәрісті «Болашақ» бағдарламасының түлегі, PhD Думан Жекенов жүргізіп, кітаптың ең қызықты және маңызды сәттерін айшықтап берді.
«Мыңжылдықтар тоғысында Ұлы даланың жүрегінде жаңа мемлекет пайда болды. Аты аңызға айналған Алаш ұрпағы – қазақ халқы үшін бұл жоғалған құндылықтарды жаңғыртуға, өткеніміздің үзілген шежіресін қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Әлемнің ірі мемлекеттерінің ондығына кіретін, табиғи байлықтары мол және арсеналында Кеңес Одағынан қалған ядролық қаруы бар елдің кең-байтақ кеңістігінде осы даңқты миссияны орындау өз халқының дара ұлы, мемлекет негізін қалаушы, Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арналған тағдыр болды», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев өз кітабында.
Думан Құрманғазыұлы дәрісте кітап туралы өз әсерімен бөлісіп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ең қиын кезеңдер туралы әңгімеледі.
«Еліміз жаңадан тәуелсіздік алған 1990 жылдардың басында көптеген халықаралық сарапшылар мемлекеттің қалыптасу жолына кедергі болатын бірқатар факторларды атай отырып, Қазақстанның болашағы туралы теріс пікірлер білдірді. Ол кезеңде қазақтардың мемлекетқұрушы ұлт ретінде үлес салмағы 30 пайызға да жетпеді. Қазақстан азаматтары арасындағы әртүрлі ұлт, діни сенім, тәуелді және әлсіз экономика, әртүрлі қарым-қатынас тілі сияқты факторлар кері пікір тудыруға себеп болды», – деді спикер.
Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген әрі сарабдал саясатының арқасында еліміз Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасуына кедергі болатын көптеген мәселелерді еңсерді. Осылайша барлық көршілес республикалармен аумақтық шекара мәселелері шешілді. Қазақстан әлемнің көптеген елдерімен достық және сындарлы қарым-қатынас орнатып, халықаралық аренада лайықты орын алды. Ел экономикасы нарық талаптарына сай дамыды. «Байқоңыр» ғарыш айлағы мен Ресей және Қазақстан Каспий консорциумы бойынша жобаның даулы сауалдары мен мәселесі реттелді.
Дәрісте атап өтілгендей, 1991-2000 жылдар еліміздің барлық азаматтары үшін ең қиын кезең болды. Қазақстан Президентінің «Тарих жасаған тұлға» кітабында келтірілген тәуелсіздік қалыптасуының елеулі кезеңдері жайында құнды әрі маңызды деректер оқулықтарда кездесе бермейді. Туынды ел тәуелсіздігін нығайтып, сақтап қалуы тиіс болашақ ұрпақ үшін тарихи жағынан аса пайдалы кітаптардың біріне айналды. Қорытындылай келе, дәріскер студент жастардың сұрақтарына жауап беріп, оларды ел мен жерді бағалайтын, туған халқының патриоттары болуға шақырды.