Бойыңызда киеңіз бар ма?

Бойыңызда киеңіз бар ма?

Адам таза жүріп, ақ (әділ) сөйлеген сайын әлемді ерекін шарлап жүрген қасиетті рухтар сол адамға барып дариды. Алла рухтарды адам көзіне үйір, өзіне таныс аң-құстардың бейнесінде әсемдеп қондырады.

Құдайдың дәргейінде ерекше ыстық ықыласқа бөленген, әсіресе шейт болған ерлер екі дүниеде тірі. Олар біздің өмірімізге ержүрек, таза жүрген адамдарға барып «әруақтың қонуы» арқылы араласа алады. Қасиетті Құранда да шейттер туралы «олар бәлкім тірі» делінген. Рухтар үш түрлі бейнеде біздің қоғамға әсер етеді. Бірінші түрі, ақ сақалды, ақ киімді абыз бейнеде. Екінші түрі, түрлі аң-құс, жәндік бейнесінде. Үшінші түрі, адамның тіліне сөз болып еніп, тілді сөйлету арқылы сөзге құдірет байлау, тілге дуа болып қону арқылы орындалады.

Қабірдегі әруақ қабір басына келген адамды сезеді, көреді, тыңдайды, бақылайды. Өте қасиетті әруақтар аң-құс, жәндік бейнесінде көрініп жақсы адамдарға және ұрпақтарына көмекке келгенде бір емес, тіпті қажетіне жарай көп түрлі жануардың бейнесіне еніп, өз мақсатын іске асыра алады. Мысалы, Марал ишанның әрбіреуі жеті басты болып келетін тоғыз айдағар киесі ұрпақтарын қорғап-қолдап келген. Тоғыз айдағардың әр біреуінің өзі жеті басты дедік. Әр басының өзі бір үлкен үйдің көлеміндей үлкендікте. Зиянкес адамдарға өте қаһарлы бейнеде көрінгенімен, ұрпақтарына ол киелі әруақ мейірімді бейнеде әсер етеді. Оның әруағы бұдан тыс, арыстан, киік, бөрі, бура бейнесінде жұрт көзіне шалдыққан.


Кие дарыған адам үлкен бақыт пен мәртебеге қол жеткізеді.

Кейбір адамда бір кие, кейбір адамда екі немесе одан да көп үйірлі кие болады. «Кие дарысын!» деп тілей беріңіз. Қыпшақтың қадірлі анасы Алтыншаш ананың «Бұлтың бітті бойыма – билік кірді ойыма, Торы бітті бойыма - зорлық кірді ойыма, Ұзын бітті бойыма – ерлік кірді ойыма, Көлденең бітті бойыма – сауда кірді ойыма, Қарабалық бітті бойыма – байлық кірді ойыма» дегеніндей, кей адамға қандай кие қонатыны, қандай адам болатыны анасының құрсағына біткенде белгілі болса, кей адамның киесі ол туарда, жақындарының құлағына ұрпағына қонатын киеге байланысты «Оның атын Кетбұға (бұқа кие) деп қой!», «Оның атын Бабыр (арыстан кие) қой», «Оның атын Бөрібай (бөрі кие) қой!», «Сенің балаң болады. Оның аты – Қарабура (бура кие) болады» деген аяндық айтылымдармен әлдеқашан анықталады. Кей адамның есімі қонған киесіне байланысты өзгеруі мүмкін. Мысалы, Ахметжан бидің ақ теке киесіне байланысты Ақтеке би атануы. Көп адамдікі жүре келе пайда болады немесе жүре келе жасырынған кие ашыққа шығады деген жөн. Киесін бойынан қашырып алатын, өзін таза ұстамай опық жеп, түбінде жарым жан болып, тағдыры бөгеліп қалған жандар да бар. Бойынан киесі кеткендер мына дүниеге өте ашулы, құдайға өкпелі болып келеді. Киені шошытпау керек. Ол өте кірпиаз, ұлы. Ол тек өзі қонған адамның таза жүрмеуінен ғана шошиды, басқа ешбір адамнан қорыққан емес. Кейбір айдағар бейнесіндегі жыртқыш киелер сізге қонғысы келіп айналсоқтаса үрейленуіңіз мүмкін, ол кезде қорықпаңыз, саспаңыз. Егер, кие сізге шын қонғалы келген болса, жүрек жұтқан қорқынышты жануарлардың бейнесіне деген жүрегіңіздегі үрейді құдай өзі алып тастайды. Жеті басты айдаһардың өзі сізге мейіріммен, жақындықпен, бауырластық сезімде білінеді. Қасиетті әйел адамдардың бойындағы кие көбінде жасырын болады да, ашыққа айбындап шыға алмайды. Әйел адамның бойындағы киелер негізінен оның ұлдарының біреуіне қонып, сол арқылы жарыққа шығады. Әйелдердегі кие тұрақсыздыққа ие. Егер, әйел затының тұрмыс құрған адамының ішкі энергиясы таза болмаса, ол әйелдің бойындағы қасиеттер жабылып қалады да, ерекшелігі жоқ көп адамның біріне айналып қалады. Бойында қасиеті бар әйел сөзсіз түрде таза жолмен жүретін ер азаматты қадағалап таңдамаса, өз бойындағы қасиетке қиянат жасаған болып табылады. Арасында арақ ұрттап, темекі тартып жүретін және Алла, дін жайлы күдік-күмән келтіріп ойшыл болып көрінетін, көз алдыңызда кемеңгер тұлға болып көз алдарқатып, сөзден кебек қуырып бос марқайтып жүргендерден еш уақытта кие күтпеңіз, ондай адамдарда мұндай ерекше киелер мүлдем болмайды, бұрын болған болсада. Олар жын-жыбырдың достары. Өмірде кейбір қасиетті рухтар әртүрлі аң-құстың бейнесінде келіп көмектесіп келіп-кетіп тұруы мүмкін. Оның бәрі сіздің киеңіз болуы екіталай. Өз киеңізден тысқары да, талайлаған қасиетті рухтар тәңірінің қалауымен сізге қолғабыс етеді. Киелер өңірге байланысты парықталады. Алтайда бөрі, бұғы, Арқада жылан, үкі киесі жиі ұшыраса, Жетісу мен Іледе жолбарыс кие көбірек, Сыр бойында өгіз, бұқа, жылан киесі, Жайық, Маңғыстау төңірегінде бура, бүркіт кие жиі ұшырайды. Байырғы балбалдарда қайтыс болған адамның жеке киесі немесе рулық киесі ойылғанын байқауға болады. Керейлердің рулық киесі бұғы болса, наймандардың рулық киесі өгіз екенін балбал тастардан ғана емес, шежірелік пайымдардан сыр тартып біле аламыз. Бұдан тысқары, ең қызықтысы егеу кие, пышақ кие деген сияқты белгілі затқа байланған кие түрлері де болып қана қоймай, көген кие, көмей кие, өлең кие, көрік кие, аңшы кие (Жымбы деген аңшыда аңшы кие болған. Аңдар қарғитын қиын жермен бірге ілесіп қарғып кете барған), ұрыс кие(айына бір рет көп содырды жалғыз өзі таяқтамаса шыдамайтын адам) деген сияқты кәсіптік кие түрлері болған, бола береді әлі. Бұл кие қонған адам сол кәсіптермен шұғылданбаса жаны қиналып, көңілі қатты назаланып, жегені ас болмайды. Кейбір киелер адамның жанына жақын сетер малына немесе көңілі сүйетін маңызды затына байланады. Абылайдың сары бурасы өзінің сетер малы әрі екі киесінің бірі болған. «Батыр туса, оның тұлпары да бірге туады» деген дана қазақ, атағы айға жеткен даңқты ерлердің жан серігі болған тұлпарларға да кие байланған. Батырлар қиын-қыстау күнде, аяқ астынан тіл бітіп адамша сөйлеген тұлпарларынан ақыл алған немесе онымен сөйлесіп мұңдасқан, серт жасасқан. Сіз құдай ерекше сүйген адам болсаңыз өзіңіздің тұрғылықты жеріңізден жылжып, басқа өңірге бірнеше ай қоныстанғанның өзінде, жаңа өңірдің жергілікті қасиетті рухтары сізге үйірсектеп, өз өңіріңізде қонған бұрынғы киелі рух ол кезде көп көріне бермейді де, жаңа киелер өзіңнің ерекшелігін бойыңызға дарыу арқылы пәш ете бастайды. Осы кезде сіз бірнеше киеге ие болуыңыз мүмкін немесе киеңіздің түрінде өзгеріс болуы мүмкін, яғни ауысу жағдайы орын алып та жатар. Осылайша шын құдай сүйген адам сан түрлі киенің шарапатты көмегіне ие болады, таңғажайып жаңалықтар санасында толастамайды. Киелінің көзінде - от, жүзінде - сенім, мінезінде әділет пен мейірім қатар ойнап тұрады. Жан әлемі бұлқынған үлкен күшке ие болады. Киесі бар адамдарды болымсыз мазақ еткен немесе азғантай ғана көзге ілмеген адам ол ешқандай қарғамаса да шығынға ұшырайды, оның мүддесіне қайшы әрекет еткендерді мағынасыз оқиғалар күтіп тұрады. Алдағы күнде келетін шүйіншілі хабарлар мен келеңсіз істерді жақсы парықтап сезеді. Аңшылар ерекше белгісі бар нысаналы аңдар мен құсты, ерекше жылан түрін еш уақытта атпаған. Нысаналы аңдар мен құстар, жәндіктер белгілі адамның киесі ретінде қаралып, көшпенді өмірде қатты ардақталған. Әлем халықтарында бір халық үшін киелі аң, енді бір халық үшін киесіз болып жатады. Мысалы, тырналар қазақ халқы үшін қарапайым бір құс. Жапондар үшін ол киелі құс. Біздің бөрі киемізді қытай халқы киелі есептемейді, олар үшін айдаһар киелі. Сол секілді бура, бөрі, жолбарыс, арыстан деп басталатын түрлі ересен күшті киелер өздерінің күші мен рухына сай адамдарға қонатындықтан, мұндай адамдар жиі табылатын халық әрине көшпенді өмірмен шұғылданған, даланың еркін, асау мінезді халқы болып табылады. Олар отырықшы өңірдегі халықтардың ішіне көп үйір болмаса керек. Отырықшы өңірдегі халықтардың ішінде жыртқыштығы төмен киелер жиі ұшырауы мүмкін. Көшпенді өмір үлкен тазалық пен сал-серіліктің ортасы. Дегенмен, отырықшы халықтардың ішінде де бөрі киелі адамдардың болмауы мүмкін емес. Енді бір айтатын сөз, қазақ даласында өте ерте кезде арыстандар көп болған. Ол кезде арыстан киелі адамдар соған орай жиі ұшырайтын. Арсылан, Арыстан, Қызыл Арыстан хан деген есімдердің ол кезде көптеп кездесуі халықтың сол шақтағы кие сенімін аңғартады. Кейін даламыздан арыстандар құрыған. Өткен ғасырда даламызда орыс отаршылдарының жоспарлы қоршап, аулауымен жолбарыстар жойылған. Енді елімізде жолбарыс киелі адамдарды табу қиынға соқпақ. Халықтың ішіндегі ерекше адамдарға қонған кие сөзсіз түрде сол өңірді мекендейтін белгілі аң-құс пен жәндіктің бейнесінде көрінеді.

Алла Тағала киесін әсемдеген адамдар

Ер-Жәнібектің қос бөрісі

Қабанбайдың ақ сұңқары

Баян батырдың қызыл жыланы

Кемпірбай ақынның көгала үйрегі

Балуан Шолақтың ақ қошқары

Сәменбет батырдың қос сары үкісі

Матай бабаның бөрі киесі

Кейкі мергеннің жеті аққуы

Ер-Төлептің қара бурасы

Ер-Досанның ақ шағаласы

Оғыз ханның көк бөрісі

Бабыр шаһтың арыстаны

Әмір Темірдің айдағары

Арыстан бабтың көк өгізі

Абылай ханның сары бүркіті мен сары бурасы (өзінің сетер малы)

Жидебай батырдың Алтайы қызыл түлкісі

Марал ишанның жеті басты үйірлі тоғыз айдағары

Төлеген ишанның үкісі және қара үлегі

Пір-Бекеттің сары үйек жыланы және үйірлі жеті аққуы

Жарылғап батырдың Алтайы қызыл түлкісі

Барақ батырдың көк бөрісі

Қазыбек бидің ауызынан от шашқан қос аюы

Тарақты Байғозы батырдың Алтайдың ақиық бүркіті

Жанқожа батырдың қос жолбарысы

Ноғайбай бидің көк бөрісі

Ахметжан(Ақтеке) бидің ақ текесі

Сүйінбай ақынның қызыл шұбар жолбарысы (шәкірті Жамбылға көшкен)

Әлібай ахунның абжыланы

Шәкі бидің алты қазы

Балтабай батырдың Алтайдың ақиық бүркіті (1989 жылғы Жаңаөзен көтерілісінің қаһарманы)

Айгүл Елшібайдың аналық сары бүркіті (ұябасар)

Батыр-балуан, ақын-әулие, хан-би болған аталарыңыздың киелерін құрметтеп, көкейден көмейге салып, бұлбұлдың тамағынша бүлкілдетіп отырып, жағыңызды талдырып, ұрпаққа қайталап айтып отырсаңыз, сол киелі әруақтар сізге де бір сүйсінер.

Алланың әлпештеуінде болайық бәріміз!

Көкбөрі Мүбарак Қизатұлы

Автор туралы қысқаша ақпарат:

Көкбөрі Мүбарак Қизатұлы 1994 жылы 10 ақпанда туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Тарих, Археология және Этнология факультетінің түлегі. «Аққудың иісі», « Арманға жылқы жерлеу», «Қызыл қанат мінәжат», «Далалар – Нағыз бабалар», «Сен неге әлем емессің» кітаптарының авторы.

qazaaquni.kz