РЕКТОР

РЕКТОР

Мемлекеттің тарихсыз болмайтыны сияқты, кезкелген мекеменің де дүниеге келу, қалыптасу, даму кезеңдерінен тұратын шежіресі болады. Бүгінгі күні еліміздегі үздік оқу орындарының алғашқы ондығынан ойып тұрып орын алған Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің де мақтан етерлік, ұрпаққа өнеге болар шежірелі тарихы бар.

Осыдан 70 жыл бұрын КСРО Министрлер Кеңесінің 1952 жылғы 5-шілдедегі өкімі бойынша Семейден көшірілген Мұғалімдер институтының базасында орыс тілі мен әдебиеті, физика-математика, жаратылыстану факультеттері бар Өскемен педагогика институтының ашылуы Өскемен өңірінде жоғарғы білім берудің алғашқы қарлығашы болды. Институттың алғашқы директоры А.Айманов жарты жыл, екінші директоры А.Шестаков – бір жыл, Л.Ермолаев - екі жыл, А. Темірбеков бес жылдай еңбек етті.

Өскемен педагогика институтына ширек ғасыр басшылық жасаған алғашқы ректор Юмаш Каримович Уалиевтің тұсында (1961 жылдан бастап институт директорлары аттестациядан өткізіліп, ректор деп атала бастады) оқу орны нығайып, ұжымы қалыптасып, Одақ көлемінде ауызға іліне бастаған озат оқу орындарының қатарында болды.

1984 жылы оқу орнының басшылығына химия ғылымдарының кандидаты, профессор Ережеп Әлхайырұлы Мәмбетқазиев тағайындалды. Іскер басшы, мықты ғалым оқу орнының ішкі мүмкіндік-қуаттарын да таразылап, өндірісі дамыған өлкенің әлеуметтік-экономикалық даму әлеуетін де зерделеп, одақтық Білім жөніндегі комитеті тарапынан институтты аттестациядан өткіздіріп, үлкен қажырлылықпен, орасан зор еңбекпен 1991 жылғы 1-қаңтарда Тәуелсіз Қазақстанда Қазақ мемлекеттік университеті мен Қарағанды университетінен кейінгі үшінші университетті Шығыс Қазақстанда ашқызуға қол жеткізді.

Содан бергі жылдары да оқу орнында бірнеше басшы ауысты, әрине, олардың әрқайсысының да оқу орнын нығайта түсуде өзіндік қосқан үлестері, айтарлықтай еңбектері аз емес. Бірақ біз университеттің қазіргі ректоры – отызында орда бұзып, қырқында қамал алар профессор, заң ғылымдарының кандидаты, философия докторы (PhD), ҚР Педагогика ғылымдары академиясының академигі, Азия университеттері қауымдастығының вице-президенті, Қазақстан Жоғары мектебінің Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Мұхтар Әділбекұлы Төлегеннің өмір жолы мен атқарып жатқан еңбегіне толығырақ тоқталуды жөн көріп отырмыз.

***

Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, негізгі мамандығы заңгер, бұған дейін Солтүстік Қазақстан заң институты, Алматы заң академиясы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Жетісу мемлекеттік университеті сияқты еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарында катардағы оқытушылықтан проректорлыққа дейінгі лауазымдық қызметтерде шыңдалып, тәжірибе жинақтаған Мұхтар Әділбекұлы 2018 жылғы қаңтар айында С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалды.

«Жас келсе - іске» деп дана халқымыз бекер айтпаған ғой, жас басшы өз шаруасын оқу орнындағы Ардагерлер кеңесінің, Студенттік парламенттің, Ғылыми кеңестің жұмыстарымен танысудан бастады. Оларды кабинетіне шақырып, әркімнің пікірін тыңдап отырған жоқ, өзі осы құрылымдардың жиындарына, отырыстарына қатысып, бүкіл ғұмырларын осында өткізіп келе жатқан ардагер оқытушылармен, ғалымдармен, студенттермен ашық жарқын, бүкпесіз әңгімелесіп, біраз жайларға қанықты. Университеттің оқу корпустары, жатақханалары, асханалары, кітапхана, баспаханасы бар, бүкіл сегіз ғимаратты жертөлесінен бастап, шатырына дейін аралап, жай-күйлерін өз көзімен көріп шықты. Анықталған кемшіліктер мен проблемаларға талдау жасап, тиісті құрылым басшыларымен ақылдаса отырып, қай мәселені шұғыл шешу керек, қай мәселені кейінірекке қалдыруға болады дегендей нақты жоспар жасап, әр іске де тікелей өзі араласып, қатаң қадағалауға алып, оқу-тәрбие жұмысына да, ғылымға да, шаруашылық істеріне де бел шеше кірісіп кетті. Үлкенмен де, кішімен де тіл тауып, еркін сөйлесетін көпшіл, ерік-жігері мықты, айқын мақсат қоя білетін іскер де білікті басшы аз ғана уақытта ұжымының сыйластығына, студенттердің құрметіне бөлене бастады.

«Жақсы жұмыс істеу үшін, жақсы дем ала да білу керек» деп, сол көктемде арнайы киіз үй тіктріп, сахна жабдықтатып, алтыбақан орнатқызып, қаланың басшылары мен құрметті ақсақалдарын қатыстырып, елдің есінде ұзақ сақталатындай Наурыз мерекесін өткізді...

Өкінішке орай, келесі көктемнің соңында әлемді жайлаған індеттің кесірі көп болды ғой. Унверситетте білім алып жатқан қытайлық, монғолиялық жүзден астам студент шекаралардың карантинге жабылуынан елдеріне қайта алмай, ата-аналары да әжептәуір абыржыды. Білім министрлігіне жаңадан тағайындалған жас басшы А. Аймағамбетовтің оқу бағдарламаларымен айналысу, қаржыландыру, қауіпсіздік мәселелерімен айналысуда оқу орындарының басшыларына дербестік бергені де осынау қиын жағдайға дөп келгендей болды. Мұхтар Әділбекұлы өзінің салалық мамандарымен ақылдаса отырып, шұғыл шешім қабылдап, арнайы бұйрық шығарып, елдерімен байланыссыз қалған шетелдік студенттерді оқу ақысынан босатып, жатақхана жағдайларын жөндеп, барлық қажетті жағдайларын жасап беріп, олардың ата-аналарымен хабарласып, алаңдамауларын өтінді. Осы жақта туыстары барлары болмаса, шетелдік шәкірттердің көпшілігі осында тұрып, онлайн сабақтарын үзген жоқ.

- Менің осы университетте еңбек етіп келе жатқаныма он екі жыл болды, ал проректор болып үш ректормен қызметтес болдым, - дейді стратегиялық мәселелер жөніндегі проректор Ирина Владимировна Ровнякова, - Мұхтар Әділбекұлының әр мәселеге өзіндік көзқарасы, дербес ойы бар, стратег, аналитик. Ерік-жігері өте мықты, алдына қойған мақсатына жетпей қоймайтын табанды, білікті де білімді, іскер басшы.

Ректордың өзі осы өңірге қажетті, болашағы кең болатын бірнеше мамандықтың ашылуына мұрындық болған көрінеді. Мәселен, оның бірі – «орман шаруашылығы», аң мен құсы мол, ну орманы сыңсыған Шығыс өңіріне ғана емес,

бүкіл Қазақстанға қажетті мамандық емес пе! Ол мамандыққа абитуриенттер жинау үшін тікелей өзі Катонқарағайға барып, аудан басшыларымен, орманшылармен сөйлесіп, түсінік жұмыстарын жүргізіп, сондағы ұлттық паркте студенттер іс-тәжірибеден өтетіндей шарт жасап келді. Қазір бұл мамандықта біраз болашақ орманшылар мен аңшылар білім алып жатыр. Негізінен мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істейтін массажистер даярлайтын – «сауықтыру физкультурасы мен спорт» мамандығы, «криминалистік сараптау» мамандықтарына да оқыту жүргізіліп жатыр.

1918-19 оқу жылынан бастап осы университеттің тарих факультетінде республикада тұңғыш болып «цифрлы гуманитаристика» мамандарын дайындай бастады. Цифрлы гуманитаристика – гуманитарлы-әлеуметтік ғылымдар мен компьютер технологиясындағы әдістеме мен тәжірибені ұштастыра алады. Бұл мамандарға музейлерде, архивтерде, білім мекемелерінде және археологиялық зерттеу жұмыстарында сұраныс көп. Мысалы, GIS-технологияларын меңгерген бұл мамандар археология саласына ауадай қажет. Өйткені олар аэрофототүсірілім жасап, материалдарды өңдеп һәм қайта құрастыра алады.

Жалпы, университет тізгінін қолға алғаннан бері ректордың өзі мұрындық болып, оқу орнында осындай 34 жаңа құрылымдар ашты. Олардың қатарына отставкадағы подполковник Сунцов басқаратын әскери кафедраны қосуға болады. Кафедра құрамында педагогикалық тәжірибесі мол және Қарулы Күштер қатарында ұзақ уақыт қызмет атқарған кәсіби педагогтар бар. Оның ішінде бір ғылым докторы, бес ғылым кандидаты, алты аға оқытушы жұмыс істейді. Қорғаныс министрлігі айтарлықтай қолдау білдіріп, кафедраға қажетті техникалар бөлді. Оны әскери бөлімдерге тікелей ректордың өзі барып, жинап әкелді. Абитуриенттерге Білім министрлігі тарапынан 348 оқу гранты бөлінді. Әрине, мұндай жұмыстардың барлығы да оқу орнының бірінші басшысының маңдай тері мен көп жүгірістерінің, келісімдерінің нәтижесінде жасалатыны белгілі.

Университеттегі халықаралық байланыс белді мемлекетаралық ұйымдардың жұмысына қатысуға, алыс және жақын шетелдердің алдыңғы қатарлы оқу орындарымен қатынас орнатуға бағытталған. Осы бағыттағы жүз он халықаралық келісімге қол қойған ШҚУ серіктестері арасында Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Түркия, Германия, Поляк Республикасы, Чехия, Франция, Швейцария, Қытай, БАӘ, Оңтүстік Корея, Моңғолия және АҚШ бар. Халықаралық байланыстың негізгі бағыты - біріккен білім беру бағдарламаларын іске асыру, шетел мемлекеттеріндегі оқу орындарында тәжірибеден өтіп, екі диплом алу мүмкіндігін беру.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті мен Мәскеу қаласының Ресей халықтар достығы университеті ынтымақтастық туралы келісім жасасты. Сондай ақ, Түркияның Мармара университеті арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Мармара университеті – Түркиядағы ең көптілді университет. Оқыту түрік, ағылшын, неміс және француз тілдерінде жүреді. Сол оқу орнындағы "Журналистика", "Құқықтану", "Биология", "Химия", "Педагогика" білім беру бағдарламаларына қызмет көрсететін факультеттермен ынтымақтастық орнату жоспарлануда. Мармара университеті де, Аманжолов университеті де

студенттер, магистранттар және докторанттар арасында алмасу бағдарламасына қатысады.

- Абай дәріптеген, үлкен үміт артқан «толық адамды» қалыптастыруда біз неге қол жеткізе алдық дегенде, әрине, кемшіліктің әлі де жетіп артылатынын жасыра алмайтынымыз белгілі. Біріншіден, халық бойындағы көп кемшілікті жойып болған жоқпыз, екіншіден, сол жоятын жүйені қалыптастырып та болмадық. Абай айтқан сол қателіктерді жөндемедік, жағымсыз мінездерден арыла алмай келеміз. Қазақ зиялылары – ұлттың ұлы мақсатына адастырмай апаратын темірқазығы болуға бар күшімізді салуымыз керек. Бүгінгі ұрпақты Президент Жолдауында атап көрсетілген терең білімге, еңбек етуге баулып, олардың бойында кәсіби дағды, жоғары жауапкершілік, әділдік пен адалдық сияқты құндылықтарды қалыптастыру мақсатында бәріміз жұмыла жұмыс істеуіміз керек, - деп, үлкен ұжымды осынау аса маңызды жұмысқа жұмылдыра білген ректордың нақты жоспарларымен ғұлама Абайдың 175 жылдығын лайықты деңгейде өткізу барысында университетте біршама маңызды іс-шаралар өткізілді.

2019 жылғы ақпан айында С. Аманжолов атындағы ШҚ университетінің Польшаның Свече қаласындағы Лингвистикалық-техникалық университеті базасында «Абай» мәдени білім беру орталығы ашылды. Ректор бастаған арнайы делегация сол жаққа барып, орталықтың салтанатты ашылу рәсімін өткізді.

Сол жылғы желтоқсан айында Мұхтар Төлеген Татарстан республикасындағы Қазан федералдық университетінде болды. Ұлттық заң жүйесін жасаудағы алғашқы қадам болуымен құнды болып отырған, қазақ қауымының ежелгі әдет-ғұрыптарымен қатар, адамдарды қанау мен зорлық-зомбылыққа негізделген патша үкіметінің заңдарымен қарама-қайшы келетін бірегей құжатқа айналған Абайдың «Қарамола ережесі» кітабының түпнұсқасы сол университеттің Н.Лобачевский атындағы ғылыми кітапханасында сақталған екен.

Абайдың сол «Қарамола ережесі» кітабының түпнұсқасын келер жылы Шығыс Қазақстан университетіне уақытша пайдалануға, яғни көрмеге қоюға беруді ұйымдастыру туралы Қазан университетінде кеңес өтіп, екі елдің ЖОО өкілдері тарихи жәдігерді көрмеге қою шарттарын талқылаған еді. 2020 жылы «Қарамола ережесін» әкеліп қоюға белгіленген уақытта пандемияға байланысты карантин басталып кеткендіктен, бұл жұмыс уақытша тоқтап қалды.

1920 жылдың 1-қыркүйегінде С.Аманжолов университетінде «Абайтану» ғылыми-зерттеу институты ашылып, оның директорлығына белгілі Абайтанушы, филология ғылымдарының докторы Айжан Картаева тағайындалды.

Жуықта Директорлар Кеңесінің шешімімен оқу орнында бұрынғы факультеттердің орнына «Бизнес және құқық», «Гуманитарлық ғылымдар», «Педагогика», «IT және жаратылыстану ғылымдары» сияқты төрт жоғары мектеп құрылды. Білім беруді интеграциялау мақсатында университетте жаңа ғылыми-зерттеу және ғылыми-білім беру құрылымдары ашылған. ШҚМУ-да ғылыми-зерттеу жұмыстары Ұжымдық қолданыстағы ұлттық ғылыми зертхана, «Экология» ғылыми-зерттеу орталығы, «Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығы, «Назарбаевтану» ғылыми білім беру орталығы, біліктілікті растау орталығы, «Зияткер» ғылыми-білім беру орталығы және университет кафедралары негіздерінде жүзеге асырылуда. Университетте атқарылып жатқан жұмыстардың

негізгі ғылыми бағыттары - физика, нанотехнология, табиғи, технологиялық, әлеуметтік-экономикалық процестерді математикалық үлгілеу аймағындағы түбегейлі зерттеулер, Шығыс Қазақстанның генетикалық ресурстарын пайдалану және толықтыру үшін дәнді дақылдар биотехнологиясын құру.

Мұхтар Әділбекұлы келген жылы осы ғылыми-зерттеу саласына бөлінетін қаржы 110 миллион теңге болған болса, бүгінгі күні 26 ғылыми жобаны жүзеге асыру үшін тек министрлік тарапынан бөлінетін қаржының көлемі 1 миллиард 400 миллион теңгені құрап отыр. Ғылымды дамыту бойынша осынша қаржыны жеңіп алған ШҚУ республика бойынша төртінші оқу орны болып табылады. Оның сыртында ғылыми зертханалардың 70 миллион теңгеден аса кәсіпорын, шаруашылықтармен жасалған келісімшарттары бар.

Мәселен, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің химия мамандығының 2-курс студенті Нариман Қайырбеков Қазақстан ғалымдары конгресі мен «Бөбек» жалпыұлттық қозғалысының ұйымдастыруымен өткен ТМД елдерінің «Үздік студенті - 2021» байқауында жеңімпаз атанып, I дәрежелі дипломмен және төсбелгімен марапатталды. Нариман Русланұлы сондай-ақ, «Үздік студент – 2021» дарынды жастар халықаралық энциклопедиясына енді. Айта кету керек, Нариман Қайырбеков университеттің ұжымдық қолданыстағы Ұлттық ғылыми зертханасы базасында т.ғ.к. С. Қабдрахманова, Қ. Ақатан, PhD Т. Қуанышбеков, А. Имашева, А.Батталовамен бірге арнайы топта «Ақылды материалдар» ғылыми зерттеу жұмысына белсене қатысады.

ШҚУ биыл Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясымен аудандастырылған картоп сұрыптарының 4000 пробиркалы өсімдігін өндіруге 560 мың теңгенің шаруашылық шартын жасасты.

Әрине, оқу орнының басты мақсаты – ақша табу емес, білім сапасын жақсарту, білікті де білімді педагог-маман кадрлар даярлап шығару.

- Айта кетейік, қазіргі таңда тек біздің облыста жүзге тарта педагогтар тапшы. Сондықтан жыл сайын мемлекет, білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетовтің, сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметовтің қолдауымен жергілікті бюджет есебінен педагогикалық мамандықтарға бөлінетін гранттар саны артып келеді .Мәселен, биыл өткен жылмен салыстырғанда елімізде педагогикалық мамандықтарға бөлінген гранттар саны 20% көп. Яғни, 7920 орын беріліп отыр. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі бөлетін гранттардың арқасында өңірімізден басқа мемлекеттерге білім алуға кететін түлектер саны үш есеге азайды, - дейді университет ректоры Мұхтар Әділбекұлы. - Кәсіби бағдарлау бағытында С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Тарбағатай, Зайсан аудандарында білім-ақпараттық орталықтарын ашты. Оның негізінде мектеп түлектеріне мамандық таңдау, өтініштерді онлайн тапсыруда көмектер көрсетіледі.

С.Аманжолов атындағы ШҚ университетінде биылғы 2021-2022 оқу жылында «Серпін» бағдарламасы аясында 486, педагогикалық квота аясында 230 грант бөлініп отыр. «Ақпараттық технологиялар», «Азық-түлік өнімдерін өндіру», «Орман шаруашылығы» мамандықтарына грантқа түсу үшін ең төменгі балл – 50 болса, қалған мамандықтар бойынша 75 баллды құрайды.

Биыл С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің 1566 түлегі алғаш рет жаңа үлгідегі диплом иегері атанды. Жоғары оқу орнының дербес дипломының сыртқы мұқабасында университеттің 2018 жылы қабылданған жаңа таңбасы (арнайы патенті алынған ол логотиптің авторы – М.Ә.Төлеген) бейнеленген. Сондай-ақ, құжаттың электронды нұсқасын алуға мүмкіндік беретін QR коды да бар. Айта кетейік, биыл университет қабырғасын 153 студент үздік дипломмен бітірді. Жұмыс берушілер – титан-магний комбинатының өкілдері ЖОО-ның 18 үздік түлегіне 200 мың теңгеден көтермеақы табыс етті.

ШҚУ түлектерінің алдын ала жұмысқа орналасу көрсеткіші осы жылы 98,6%-ды құрап отыр. Қазіргі уақытта С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың 1566 түлегінің ішінен сырттай және кешкі оқыту формаларының 795 білім алушысы жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 30 адам мақсатты грант бойынша шетелге шығады.

Ғылыми әзірлемелердің қажеттілігін арттыру және дүниежүзілік ғылыми кеңістікке интеграциялау мақсатында С.Аманжолов атындағы ШҚУ "Семей-инжиниринг", "Үлбі металлургия зауыты" акционерлік қоғамдарымен, "ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті" сияқты бірқатар ірі кәсіпорындармен және құрылымдармен өзара ынтымақтастық туралы жаңа меморандумдарға қол қойды.

Өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар С. Аманжолов атындағы ШҚУ оқытушылары мен қызметкерлерінің бәсекеге қабілеттілігінің, жоғары ғылыми деңгейінің, коммерциялық тартымдылығының, ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарының инновациялылығының көрнекі көрсеткіштерінің бірі – ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін патенттеу. 2020-2021 оқу жылында университет ғалымдары Қазақстан Республикасының 9 патентін алып, жетеуіне өтінім берді.

-Ұлттық рейтингте біздің университет қазір еліміздегі 130 оқу орнының арасынан алтыншы орында келеді. Ұжымның ендігі мақсаты – QS деп аталатын бүкіләлемдік рейтингке кіру. Әлемнің ең таңдаулы деген оқу орындары кіретін бұл құрылымда бүгінгі күні еліміздің әл-Фараби атындағы және Л.Гумилев атындағы университеттері бар. Қазақстаннан үшінші жоғарғы оқу орны болып осы құрылымға ену – Мұхтар Әділбекұлы басшылық жасап отырған біздің С.Аманжолов университеті ұжымының алдына қойып отырған стратегиялық жоспары. Құр атақ үшін емес, біз бұл мақсатқа жету бағытында екі жылдан аса жан-жақты жұмыс жүргізіп, көптеген сынақтар тапсырып, олардан өтіп келеміз. Мәселен, университетіміз ұлттық біліктілік (квалификациялық) тестілеудің қорытындысы бойынша республика мемлекеттік университеттерінің арасынан 1-орын алды, - дейді ұжымның таяу болашақтағы жоспарларымен бөліскен университет проректоры Ирина Ровнякова.

Алдағы жылғы шілдеде жетпіске толатын іргелі оқу орнының ұжымы өздерінің қырықтан енді ғана асқан жігерлі де іскер жас басшысын бір кісідей ұйымшылдықпен қолдай білсе алынбас асулар жоқ болар деген түйін жасадым өзім.

Айтмұхамбет Қасымов,

ардагер журналист-жазушы,

филология ғылымдарының кандидаты.