ЖАНҒАН ШЫРАҚТЫ ӨШІРУ – ҚАЗАҚ ҮШІН ЕҢ ЖАМАН ЫРЫМ

ЖАНҒАН ШЫРАҚТЫ ӨШІРУ – ҚАЗАҚ ҮШІН ЕҢ ЖАМАН ЫРЫМ

Білтемайды (свеча) християндар шіркеуде иконның алдында шоқынып тұрып көбірек тұтатады. Адамның Құдайға деген жылуы деп түсіндіреді мұнысын олар. Қашан өзі жалп етіп сөніп қалғанша жанып тұра береді. Үрлеп жатқан ешкім жоқ. 

Ал, қазекем шырағын үрлеп өшіру үшін жағып жүргенін білер ме екен?

Дүние есігін жаңа ашқан 1 жасар балаға торттың үстіне жалғыз білтені тұтатып алып келіп, ата-анасы оны сәбидің көзінше өзі үрлеп өшіреді (бір жасар бала үрлеуді білуші ме еді?). 

Үйлену тойында да ортаға үлкен тортпен жанған шырақ алдыртып, енді ғана отау құрып, бақытты сәттерінің қадамына аяқ басқалы тұрған жас жұбайларға зорлағандай етіп сол отты ауыздарымен үрлеп сөндіртеді.

Жаңа Жылда да айрандай ұйып отырған шаңырақтарына білтемаймен шырақ жағып келіп, оны өздері жабыла үрлеп өшіріп жатқан отбасыларды көресің... 

Қазақ үшін оттың, жарықтың орны бөлек десек, мына дарақы індетті тоқтату керек!

Көнекөз әжелеріміз иесіз үйге кіргенде от тұтатып, не болмаса сәбиді бөлемес бұрын бесікті отпен аластап, "жын-шайтан жарықтан, оттан қорқады, жарық түссе, шайтанның көзі байланады" деп ырым еткен. "Шырағың сөнбесін!", "Отауларыңның оты маздап тұрсын!", "Оша­ғыңды оттан үзбе!", "Ошағыңның отын күзетіп отыр!" деген лебіз-лепестер, міне, осы ниеттерден туса керек.

Ал, біз келеміз де сол жанған шырақты үрлеп өшіреміз... 

"Үйіңнен береке кетсе, от жақ!" деген бабалардан қалған сөз бар. Қалай десек те, жанған шырақты өшіру - жақсы ырым емес. 

Отымыз да, шырағымыз да сөнбесін!

Бекжігіт Сердәлі, 

Қазақ үні