АҚЫН БІЗБЕН МӘҢГІ БІРГЕ БОЛАДЫ...
2013 ж. 15 сәуір
3609
7
Ақын Дүйсенхан Нақымов 1945 жылы наурызда бұрынғы Бөген ауданы – қазіргі Ордабасы ауданы, Коммунизм ауылында дүниеге келген.
...1977 жылдың сәуірінде бізді аудандық комсомол комитеті сақпанға жіберді. Биязы жүнді қой бағатын «Бөржар» совхозына келдік. Қой енді туа бастаған. Көктемнің нағыз кемеліне келіп, қырқаларға бойжеткен қызғалдақтардың толған шағы. Айналаға тасыған көңілмен қарап, күннің шуағына тоймайсың. Өмірде жаманшылық бар деген түсіңе де кірмейді. Көктемнің жарық дүниеге деген ұлы махаббатымен тербеліп, сақпан соңында қозылармен бірге қозыларға айналып кетесің. Аспаннан жақсылық нұры жауып, осылайша дүние түгел күн шуағына балқып жатқан шақта «Дүйсенхан қайтыс болды» деген төбеден жай түсірген хабар есіттік. Әсіресе, менің жан дүниемде бір дауыл көтеріліп, әлемтапырық күй кешкенмін. Жанымды қоярға жер таппай, торғайдай жүрегім кеудемнен пыр-пырлап ұшып кетердей айдалада жетім қозыларға қосылып маңырағанмын. Қайтар мезгіл болса да, сақпан соңынан қораға қайтпай, жылап-жылап қырда қалып кеткенмін. Бірақ, мені ешкім жұбатпады. Мен сақпанға кетер алдында ғана Дүйсекеңе барып шыққанмын.
Нар тұлғалы жігіт тым шөгіп қалған екен. Мен келген соң, күрк-күрк жөтелгеніне қарамай, жан-жағына қойылған үш-төрт жастыққа сүйене отырып:
– Келгеніңе рахмет, інім! Енді, көктем келді ғой, өлмейтін шығармын, – деді.
Мен «Қойыңыз, о не дегеніңіз» дегеніммен, әруақ болып қалған ақынға қарап, лықсып келіп қалған көз жасымды әрең тежедім.
Жұбатуға дәрменім жоқ еді. Менің лажсыздығымды сезгендей:
– Біздің үйге жылда келетін қарлығаштар келе бастады. Қарашы, келе сала ұясын жөндеп жатыр. Кіріп-шығып тыным таппайды. Үйдің
бұрышында өмір үшін күрес жүріп жатыр, – деді де, қарлығаштарға
ынтыға қарады. Артынша:
– Белгілі бір ақын қарлығаш деген құс сайрамайды депті. Сөйтіп, сайрауық құстардың қатарына кіргізбепті.
Мен қарап отырып жыным келді. Ол кісі, сірә, қарлығаштың тілін түсінбеген, өйткені, қарлығаштармен мен секілді «сөйлесе» алмайды ғой. Туған үйіне келген қарлығаштың қалай сайрайтынын дәлелдеп көрейінші деп мына өлеңді жаздым, тыңдап көрші, – деп, өзінің жаңадан жазған өлеңін оқып берді.
Әлі күнге дейін көз алдымда, өлең оқығанда сау кісідей-ақ құлшынып, бар ынты-шынтысымен жырға беріліп, жанары жалын шаша лапылдап кетіп еді. Мен оның өмірге соншалықты құштар екенін, тіпті, өлгісі келмейтінін қатты сезініп,толқығанмын. Ештеңеге шамасы келмесе де, қолынан қаламын тастамаған ақынның қарлығаштарға арнаған жырының алғашқы шумағы сол күйі есімде қалды:
Артыңда талай шөлейт,
қалды ма асқар,
Өткердің бе қиындық халді
бастан?
Көктемде келдіңдер
ауылыма,
Айналайын, ақ бауыр
қарлығаштар...
Ауруханаларда жатқанда да «Жалғыз менің күйінішім кімге керек?» деп ел туралы, сол кездегі қазақ қоғамы туралы терең ойлар толғаған ақынның бұл өлеңі оның соңғы жырларының бірі екен.
Ақынның бұл дүниелік емес екенін бәріміз де білетінбіз, бірақ, ол жәй пенде емес еді. Өкінішке орай, көктемде өмірге келген ақын көктемде қайтыс болды.
Менің алғашқы шумақтарымды өлең деп бағалап, маған қанат байлаған алғашқы ұстазым да Дүйсенхан болатын. Дүйсенхан – адам жүрегінің лүпілін терең бере білген нәзік лирик.
Оның қай өлеңі болмасын, оқырман сезімімен орайласа кетеніні, оларды ел іздеп жүріп оқитыны осыдан еді. Оның әкесіне, әжесіне, туған жердің табиғатына арнаған жырлары – қайталанбайтын дүниелер. Бар болғаны 32 жыл өмір сүрген ақын кеңестік дәуірдегі ұлтымыздың поэтикалық шежіресі деуге тұрарлық бірнеше поэмалар жазды. Тағы бір куә болғаным, ауылда өтетін шопандар тойында, басқа да түрлі мәдени іс-шараларда Дүйсенхан кез келген тақырыпқа табан астында өлең жаза беретін суырыпсалма да болатын. Осыдан келіп, біз, былайғы оқырмандары, оның үлкен эпик ақын екенін мойындағанбыз.
Біз бір ауылдан едік. Дүйсенханның туған інісі Өмірбекұлы Батырхан екеуміз бір класта оқыдық. Бала кезімізде Батырхан екеуміз көбірек ойнайтынбыз. Майкөшедегі олардың үйіне жиі баратынмын. Ойнап жүрген біздерді Дүйсенхан қасына шақырып алып, қандай кітап оқып жүргенімізді сұрап, бізбен көбірек әңгімелесуші еді. Ол кезде Дүйсенханның ақын екенін білмеуші едік...
Батырханның үйіне барғыштап жүргенде байқағаным, Дүйсенхан ауылдың өзге бозбалаларына оншалықты қосыла бермейтін. Қоржын тамның бір бөлмесіндегі әжесінің киім кебежесінің үстінде Дүйсекеңнің газет-журналдары, түрлі кітаптары жинаулы тұратын. Ол бөлмеге Батырхан екеумізді кіргізбейді. Ақын қолына түскен газеттерді, журналдарды көп оқитын, халық ертегілерін тамаша білетін. Дүйсенханның мына әңгімесі есімде: «Біздің аудандық газетке бір өлең басылыпты. Қарап отырсам, осыдан біраз уақыт бұрын «Мәдениет және тұрмыс» деген журналға шыққан өлең, тек оны біреу сәл-пәл өңдеген. Сол кезде 7 класта оқимын. Осы ұрлыққа қатты ашындым. Кейін бұл өлеңнің кімдікі екенін дәлелдеп, газетке жазып жібердім. Сол мақалам газетке шықты. Менің газетке араласуым осылай басталған». Әдебиетіміздің тазалығы үшін білімді, үлкен кісілердің өзі мұндай жанашырлық жасай алмас еді. Осыдан-ақ Дүйсекеңнің әдебиетіміз үшін жаралғанын білесіз.
Ақынның бала кезден арман-мұраты жоғары оқу орнына түсіп оқу еді. Бірақ, өмір ағысы бөлектеу болып, ол жоғары білім ала алмады. Есесіне, ел сүйіп оқитын ақынға айналып еді.
Ол оқушы кезінің өзінде-ақ мектептегі қабырға газеттерін шығарып, соның редакторы болды. Оның әдебиетке келуіне құймақұлақ, ескілікті жырларды жатқа білетін әжесі Шәйнектің ықпалы мол болды. Үйде ұзақты күнге, әсіресе, түнде әжесі Шәйнек апаға келетін ауыл қарияларына түрлі қиссаларды дауыстап, дала жыршыларының мақамына салып тұрып, оқып беруден жалықпайтын.
Көптеген қиссалар мен дастандарды бірінен кейін, бірін оқитын бала Дүйсенхан сол кезде 4 кластың оқушысы. Ақын өлеңдерін оқып отырсаңыз, ауылдың қаны мен жаны айқын көрінетін жырларынан Шәйнек әженің болмысын, тіпті, тұлғасын көресіз. Дүйсенханның әкесі, соғыс ардагері Өмірбек ақсақал да ақындықтан құралақан болмаған. Бала кезімізде ауыл қариялары Өмірбектің тойларда қыздармен қатар отырып айтысқанын көп әңгімелейтін. Бүгінде арамызда жоқ апаларымыз Өмірбек ақсақалдың айтыстарын жатқа айтып беруші еді. Осыған қарағанда, Дүйсенханға ақындық өзінің әкесі жағына келген деуге болады.
Дүйсенхан Нақымов 1945 жылы 1 наурызда Ордабасы ауданы, бұрынғы Қажымұқан атындағы совхоздың «Коммунизм» бөлімшесінде дүниеге келген. «Коммунизм» сегізжылдық мектебінде оқыды. 1963 жылы Темірландағы Аманкелді атындағы орта мектепті бітірген ол Шұбардағы кәсіптік-техникалық училищеде оқыды. Келер жылдың көктемінде біздің әпкеміз Гүлзия Ағабекқызына үйленді.
Маған жезде болды. Дәл осы жылы күзде әскер қатарына шақырылды.
Әскерде жүрген жылдарда Дүйсенхан өндіре өлең жазды. Алыста қалған әжесіне, анасы Айғызға, Арыс өзенінің жағасында танысқан жарына, елге, туған жерге деген ыстық сағынышы солдат дәптеріне өлең болып төгіліп жатты.
Әскерден оралған соң, 1967 жылы бұрынғы Бөген аудандық халық сотының хатшысы, 1968 жылдан бастап аудандық «Коммунизм таңы», «Заря коммунизма» газеттерінің әдеби қызметкері, кейін жауапты хатшысы болып еңбек етті. Ол кезде біздің Темірланда ақындар көп болатын. Газетте апта сайын әдебиет беті жарияланып тұратын. Солардың ішінде ерекше, елдің көзайымына айналған ақындар Нармахан Бегалыұлы, Дүйсенхан Нақымов және Захардин Қыстаубайұлы еді
Ақынның артында бала-шағасы қалды. Ең үлкені, әкесіне тартқан Күләш Дүйсенханқызы – Шымкент қаласындағы мектептердің бірінде мұғалім. Талантты Күләш қаладағы мектеп мұғалімдерінің маңдайалды үздіктерінің қатарында еңбек етіп келеді. Әуелхан деген жалғыз ұлы ауылда анасының қолында. Кенже қызы Клара Ордабасы ауданында. Бәрі де балалы-шағалы, үйлі-жайлы. Дүйсекеңнің жұбайы Гүлзия әпкеміз немерелерін бағып, солардың тілеуін тілеп отыр.
Ақын қайтыс болғаннан кейін, 1977 жылы «Жалын» баспасында жатқан қолжазбасы көрнекті ақын Әбу Сәрсенбаевтың көмегімен жарыққа шықты. Пышақтың қырындай ғана тұңғыш кітабына ерекше қуанған біз болдық, бірақ, оны өзі көре алмай кетті. Тәуелсіздік алғаннан кейін жазушы Захардин Қыстаубаев арқылы ақынның біраз өлеңдерін ұжымдық жинақта жариялағанымыз есімде. Ақынның артында қалған мұрасы мол болатын. Одардың барлығы туған ағасы Өмірханның қолында қалғанын да білуші едім.
Шымкенттегі педагогикалық институтқа кештеу түскен менің де диплом жұмысын қорғайтын уақытым келді. Институт басшылығы кітабы шықпаған, әдеби қорда жоқ ақындардың шығармаларынан диплом жұмысын қорғатпайтын. Бірақ, жетекшілерім өзімнің өтінішім бойынша Дүйсенханның жырлары туралы диплом жұмысын қорғауыма рұқсат берді. Мен ауылға келіп, Өмірхан көкемнен Дүйсекеңнің шығармаларын алып кеттім. Біздің институттағы мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы, академик Өмірзақ Айтбаев болатын. Сол кісі бастаған комиссияның алдында мен Дүйсенхан шығармаларынан жазылған дипломдық жұмысымды үздік деген бағамен қорғап шықтым. Бұл да болса менің өлеңдегі ұстазыма деген үлкен құрметім еді.
Сол диплом қорғаған күні таң ата түс көріппін. Арыс өзенінің жағасы екен деймін. Дүйсенхан жырлаған тоғай күн нұрына балқып, жиде жұпарына бөгіп тұрған шақ екен. Қолымда қармақ, балық аулап отырмын. Кенет әлгінде ғана ашық аспан төрінен бір ақ шуда бұлт пайда болып, дәл төбеме кеп тұра қалды. «Мына бұлттың аппағын-ай!» деп, тамсанып тұрсам, бұлттың үстінде мен жерден таппай жүрген Дүйсенхан жүр. «Қалқам, – дейді ол маған дауыстап, – мені іздеп таппай жүргеніңді біліп, өзім келдім. Мен де сендерді іздеп жүрмін. Табатыныма сенімді едім, таптым ғой. Сен мені шынымен сонау көктемде қайтыс болды деп жүрсің бе? Жоқ, ол көктемнен аман қалғам. Мені бұдан былай ақша бұлттардың үстінен ізде. Табасың. Өздеріңмен біргемін мен. Ал, әзірше асығыспын, ауылға сәлем айт»,– деп қалықтай көше берді. Мен қармағымды тастай, соңынан ұмтылдым. «Қармағыңды тастама, оған сазан ілінеді. Арыс – киелі өзен, сау бол!», – деп айқайлай сөйлеп бара жатты...
Міне, бүгін сол көрген түсім шындыққа айналды. Ақынның мұрасы менің парталасым Батырханның қызы Гүлмира Нахымова мен ақынның туған ағасы Өмірханның тиянақтылығымен жинақталып, қазақтың белгілі ақыны Қазыбек Исаның қамқорлығымен ол басқаратын «Тұран» баспасынан шығып отыр. Ақынды өлтірмейтін оның жанашырлары. Ол бізбен мәңгі бірге болатын, енді, міне, екінші өмірі басталды. Біз ақынның мұрасын жинақтап, кітап етіп шығарған жанашырларына үлкен ризалығымызды білдіреміз. Алла
Дүйсенханның жырларына шапағатын түсіріп, өмір бергей!
Әбілда АЙМАҚ,
Қазақстан Жазушылар одағы
Оңтүстік Қазақстан филиалының төрағасы,
Халықаралық
Физули атындағы
әдеби сыйлықтың лауреаты