ҰЛЫ КӨШ және СҰРАҒАН АҚЫН
2021 ж. 19 қараша
1904
0
Бүгін таяуда Моңғолиядан көшіп келген белгілі ақын Сұраған Рахметұлы ағамызбен хабарласып қалғанда, қанша қат-қабат жұмысым болса да, уақыт тауып, дәмге шақырғаныма қуандым.
Өйткені, екеуміз шәй ішіп, әңгімелесіп отырып, “Қазақ Үні” ұлттық порталынан “Бүгін тарихи күн - Ұлы көшке 30 жыл!” атты мақаланы көріп, жай күн емес, тарихи күнде дидарласып отырғанымызды біліп, қуанып кеттік. Менің алдымда қасқа маңдайы жалтырап, Қабдештердің Соңғы көшін Ұлы көшке ұластырып келген су жаңа қандас, сұрапыл ақын Сұраған Рахметұлы отыр еді…
Сұраған ағам биыл қазақтың санын көбейту үшін қандастар көшінің қарқынын күшейту туралы екі рет “Ақ жол” фракциясының депутаттық сауалын жасаған менің атыма қандастар атынан алғыс айтып қоюды да ұмытпады.
Иә, бүгін 18 қараша - тар заманда тарыдай шашылған шетелдегі қазақтарды Атамекенге көшіріп алу үшін 1991 жылы ҚазКСР Үкіметі қаулы қабылдаған күнге 30 жыл толды. Осы қаулы қабылдана салысымен Ұлы көш қозғалып жүре берді.
Екі күн бұрын Ұлттық кеңесте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазір қандастардың саны 1,5 миллионнан асқанын айтып, бұл 18 қарашаның Көші-қон күні ретінде атаулы күнге айналатынын айтты.
Қазақты қалың елге айналдырар Ұлы көш Ұлыстың Ұлы тойына ұласа бергей!
Қазыбек ИСА
ТАРТЫЛЫС!
Табаныңда тартылғанда үзеңгi,
Тағдыр салса, басарсың-ау
жүз елдi.
Қаншама кең болғанымен қара жер,
Бiр-ақ жерге бүгесiң ғой тiзеңдi...
Ерiп кетiп өмiр деген көшкiнге,
Кешедi елiң,
Келсең де сен кеш мүлде...
Кiндiк кесiп –
Жүрегiңе жалғаған,
Тартылысты үзе алмайды
ешкiм де...
Азық етiп Атамекен елесiн,
Асқаныңмен уақыттың белесiн.
Иткөйлектi киген жерге итшiлеп,
Жете алмасаң –
Кебiн киiп келесiң!..
Сезiм – теңiз, толқыны ұрған басыңа,
Сиып кетер жалғыз тамшы жасыңа.
Қандай биiк ұшады екен қырандар,
Сондай жылдам құлау үшiн... тасына...
Бұрын қайтып әл iздегем
әр күннен,
Мұңымды айтып талдырды иiн тал мүлдем,
Сырымды айтып жатыр құстар
бар бiлген.
Қара жолмен кешке сүңгiп
кетсем де,
Шалғындағы таң шығында қалдым мен...
Ақ бесiктiң әуелеткен әлдиiн,
Әлi жалғап келе жатыр ән-күйiм.
Шаршағанда шарлап мынау әлемдi,
Туған өлкем,
Төсiңе кеп қалғиын!!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні