ҚҰЛДЫҚ САНА НЕМЕСЕ ШЕКАРА АСЫП КЕЛГЕН КӨК ШҰБАРДЫҢ УАҚИҒАСЫ
2021 ж. 08 қараша
4271
12
Менің бала кезімде, асқақ Алтайдың бөктерінде атауы небір аңыздарға арқау болған Былғары–Табыты ауылында Әбуғали есімді ақсақал тұратын еді. Неге екені белгісіз, ауылдастардың барлығы «Ауқат ата» деп атайтын еді Ғұмырын мал шаруашылығына арнаған, кеңестік кезеңде озат шопан болған, өзі де, сөзі де асықпайтын пейілі ақ, еңбекқор, ешкімге инедей қиянаты жоқ момын адам еді. Таң бозынан астына тор атын мініп малды өріске шығарып бара жатқанын көресіз. Жылдар өте, ақсақалдың торы атын көрші ауылдан бір жігіті көк шұбар түсті атқа айырбастап әкетті. Біздер, келбетті келген жас жылқының санындағы қытай иероглифіне ұқсас таңбаны көргенде, ауылымыз Қытаймен шекаралас болуы себепті, айырбас құпиясын түсінгендей болдық. Балалар қауымы шағын ауылымызда тосыннан пайда болған күдіре жалды келген көк шұбарды қызықтап мәзбіз. Жанына жүген ұстап барған жанға, құлағы жымыраңдап, оңайшылықпен ұстата қоймайтыны, мінезді жылқы екені бірден байқалып тұр.
Түн асыра, Ауқат атамыз көк шұбарды жетектеп әкеп, ауыл жанындағы сайға тұсап қоя беріп еді, аузына шөп алмастан жылқы шекара орналасқан жазыққа қарай беттей бастайды. Аңдыған баққаны көк шұбар боп Ауқат ақсақалдың немерелері бірнеше күн әбден әуре-сарсаңға түсті. Көк шұбар өз мекеніне тартып, ал иесі қайырып әлек. Аяғы қажалса да, қаншырдай боп алған көк шұбар отқа ұзағынан бас қоймастан келген жағына бет ала жөнеледі. Жылқының бұл қылығына Ауқат атамыз тамаша амал тапты. Атты ноқталап, тұсамыс арасын қысқа жіппен тұқырта байлап тастады. Алғашында еркіндікке үйренген көк шұбар тұқырта тұсалғанына қарамастан, асаулана секіріп, шоқырақтап, тау бөктерінен аңсары ауған жаққа бетке ала бастады. Сол күні ол ауылдың күншығыс жағында орналасқан қытайдың өркеш-өркеш болып жатқан сары құмына қарай қанша беттесе де, иесі ауылға қайырмақтады да отырды. Басын ноқта, аяғын тұсамыс әбден қажаған жануар бұл жолы ақ көбік сүмек терге түсіп, кібіртіктей басып, ауылдан көп ұзай да алмады... Тек өзін еркінен тыс әкелген жаққа оқтын-оқтын қарап қояды. Сары құм бейне бір мына азаптан оны құтқаратын сияқты. Сағымды даладағы құжынаған шыбын- шіркей мен маса -сона мұны тіптен талап жеп қоярдай жабысуда... Жарықтық жылқы тұқыртулы болғандықтан басын изеңдетіп, қауқар көрсетуге дәрменсіз, тек құйрығымен сипаңдата шалғылап қояды...Бағыты ауыл жанындағы бұлақ.
Уақыт өте, кең жазирада шөптің құнарлысын, судың тұнығын ішіп жүретін асыл текті жануар ауылдан ұзап шықпайтын, көше бойындағы арам шөпті талғажау етіп жүретін, шобыр атқа айналды. Тұяқкесті болған ауыл ішінде қайбір жетісіп жайылым болсын, «ер арыса аруақ, ат арыса тулақ» демей ме, жарықтық жануар көз алдымызда қабырғасы күн өтердей жүдеп кетті. Оның үстіне, көрші-қолаң да көзге көрінсе сұрап мініп, кезек жайып, жоғын іздеп, атты әбден жауыр етіп тынды. Ақыры, тулаққа айналған көк шұбар атын Ауқат атамыз ауыл іргесіндегі Сапай сайына жетектеп апарып, тұсамысы мен ноқтасын шешіп босатып жіберді. Ақсақал қанша уақыт бұғауда болған жануар ен далаға еркіндікке жіберілгенде емін-еркін бір сілкініп, сайдың отына бас қоятын шығар деп ойлаған еді. Байқаса, о тоба, керісінше, басын тұқырып ап, аяғында тұсамыс тұрғандай, бұрынғы қалпында қос аяқтап секіріп, жайылымға бас қоя бастады. Недәуір уақыт осы әдетінен айрыла алмай жүрді. Жанына жүген алып барған кез келген адамға ұстата салады, бұрынғыдай бөтенсімейді, қашпайды.Тіпті керек десеңіз, ақсақал тау бөктеріне апарып тастаса да, таптаурын болған жол жиегіндегі арам шөбін аңсағандай, ауылға қарай беттейтін де тұратын...
P.S Бодандықтың бұлауынан босаған ұлттың уақыт оздырмастан өз еркіндігін толық сезіну үшін бойында өр рух, асқақ намыс пен мұқалмас жігер болуы қажет екені сөзсіз.
Азамат Құмарбекұлы,
Қазақ үні