Ғұмырын Мемлекеттік тіл мәртебесін асқақтатуға арнаған ғалым

Ғұмырын Мемлекеттік тіл мәртебесін асқақтатуға арнаған ғалым

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында "Шора Сарыбаев тағылымы" атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Шара аясында «ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шора Шамғалиұлы Сарыбаев атындағы оқу залы» салтанатты түрде ашылды, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.

Жиынға ҚР Парламенті депутаттары, орталық мемлекеттік органдар өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академиктері, сондай-ақ жоғары оқу орындарының профессорлары, докторанттар мен магистранттары қатысты.

Еліміздің ғылымы мен біліміне өлшеусіз үлес қосып, отандық тіл ғылымының халықаралық деңгейде танылуына, түркі дүниесінде өзіндік орын алуына елеулі еңбек сіңірген академик Шора Сарыбаевтың тағылымдық-танымдық еңбектері мен ғибратты ғұмыры туралы кіріспе сөзбен конференцияны ашқан академик Кәрімбек Құрманәлиев, одан әрі ғылыми жиынды жүргізіп отырды.

ҚР Парламент депутаттары Қазбек Иса мен Әмірхан Рахымжанов ғалымның қазақ тілінің мемлекеттік мәрбесін көтеру жолында қоғамдық ой-пікір қозғаудағы істері мысал келтіре отырып баяндады. 

- Шора Сарыбаев қазақ тіл білімін өркендетуге сүбелі үлес қосқан біртуар ғалым. Бар ғұмырын мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге арнаған ғалымның еңбектері әрдайым елмен бірге жасай береді, - деді Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса жиын барысында. 

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдаулетов академиктің жергілікті сөздерді жинап , аймақтық сөздіктер құрастырудың теориялық негізін жасағанынын және терминжасам тәжірибесін әңгімеледі.

“Шора Сарыбаев: ғалым фономені”атты бас баяндаманы жасаған А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова ғалымның тұлғалық келбетіне ерекше тоқталып, туған тілге арналған ғибратты ғұмырын кеңінен сөз етті. Ел ағалары, мемлекет және қоғам қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков пен Әділ Ахметов аға буын өкілдерінің ғылымға қосқан қомақты үлестері келешек ұрпаққа үлгі-өнеге болып қала беретіндігін тілге тиек етті.

ҰҒА академиктері Сейіт Қасқабасов, Уалихан Қалижан, Шерубай Құрманбайұлы, Дархан Қыдырәлі өз сөздерін ғалымның ғылыми шығармашылығына арнап, академиктің қаламынан шыққан З00-ге тарта ғылыми еңбектер, 20- дан астам монографиялық зерттеулер, оқулықтар мен сөздіктер отандық ғылымды дамытуға қызмет еткен туындылор екенін атап өтті.

Қайнар университетінің ректоры, академик Еренғайып Омаров ғалымның еңбек кітапшасында екі жазба ғана бар екені, оның бірі- саналы ғұмырының 50 жылын өткізген Тіл білімі институты болса, екіншісі- 20 жыл қызмет еткен Қайнар университі екендігіне конференция қатысушыларының назарын аударып, Шора Шамғалиұлының Қазақстандағы тұңғыш жекеменшік жоғары оқу орнының қалыптасып, қазақ филологиясы факультетінің өркендеуіне қосқан үлесін атап өтті.

Конференция жұмысы барысында бар ғұмырын туған тілді тұғырына қондырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға арнаған академиктің жеке кітапханасын ғалымның ұлы - белгілі мемлекет қайраткері, дипломат Қайрат Шораұлы Сарыбай әкесі өмір бойы жинастырып құрған 5000-нан астам қазақ тіл білімінің диалектология, морфология, лексикология, лексикография, библиография, тіл тарихы, аударма, есімнама, т.б. салаларына арналған ғылыми зерттеу еңбектерді Ұлттық академиялық кітапхананың қорына тарту етті.

Академик Шора Сарыбаев мұралары ғылыми- көпшілік қауымға қолжетімді болғаны- ғылыми ортаның зор қолдауына болды