Жарқын жүзді жүздесу

Жарқын жүзді жүздесу

Төлеген Айбергенов шығармашылығына арналды

Шежірелі Шардара өңірінде өнер майталмандарымен, сөз зергерлерімен естен кетпес кездесу өткізу дәстүрге айналған. Сәрсенбінің сәтті күнінде сондай кезекті кездесуге куә болдық.

Осы күні №16 колледжде филология ғылымдарының кандидаты, профессор, бірнеше ғылыми монографиялардың авторы Салтанат Төлегенқызы Айбергенова, сыршыл сазгер, ел сүйсіне тыңдап жүрген, халықтың жүрегінен орын алған керемет туындылардың авторы, бірнеше Халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Құралай Сәтмұхамбетова, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, қаламы қарымды қаламгер, «Сарыағаш» аудандық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, «Төлеген Айбергенов атындағы шығармашылық бірлестіктің» төрағасы Мұрат Бекей, әнші, бірнеше ән байқауының жүлдегері, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Әбдірайым Өміровтермен жарқын жүзді жүздесу болып өтті. Ән мен жырға, сиқырлы сырға толы кездесуді «Өскен өңір» газетінің бас редакторы, «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестіктің» төрағасы Сәбит Лаханов жүргізіп отырды.

 Сөз реті келгенде Салтанат Төлегенқызы қазақтың талантты ақыны, әкесі Төлеген Айбергеновтің шығармашылығы жайлы, өмірі туралы қызықты әңгімелер шертті. С.Айбергенова Төлеген ақынның бүкіл өмірін, шығармашылығын қамтитын «Тоғысқан тағдырлар» атты мемуар жазып, кітап етіп бастырған екен. Кездесу барысында осы кітаптан үзінділер келтіріп, естеліктер айтты, әкесінің жырларын тебірене оқып берді.

 Мұнан соң әнші-сазгер Құралай Сәтмұхамбетова шардаралықтарға деген ыстық ықыласын әсем әндермен жеткізді. Келесі кезекте сөз алған қаламы қарымды қаламгер, ақын Мұрат Бекей Төлеген Айбергенов мұраларын зерттеу барысындағы жұмыстарға кеңінен тоқталды. Белгілі әнші Әбдірайым Өміров Т.Айбергеновтің сөзіне жазылған бірнеше әндерді нақышына келтіре орындап, тыңдармандардың ыстық ықыласына бөленді.

Кездесу барысында ардагер ұстаз, ауданымыздың Құрметті азаматы Жамал Өтегенқызы Төлешова, ауданымыздың Құрметті азаматы, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов, жергілікті ақындарды бастап барған ақын, ардагер ұстаз Нұрғали Ыбырайым, жыршы-термеші, ақын Әбдіғаппар Айдаровтар сөз алып, ауданымыздағы руханият саласында атқарылып жатқан игі істерді тілге тиек етті, айбынды ақын Т.Айбергеновтің жырларын жатқа оқып, жүрекжарды тілектерін білдірді. Колледж мұғалімдері мен студенттері де өз өнерлерін көрсетіп, кештің мазмұнды өтуіне үлес қосты.

Керемет кеш Қ.Тұрысбеков ауыл округінің Шардара ауылындағы А.Әлімбетов мектебінде өз жалғасын тапты. Бұл мектеп кешегі кеңестік дәуірде шопан қауымның балаларына арналған №8 мектеп-интернат болатын. Кеңес үкіметінің малшы қауымға құрметі ерекше еді де, сол себепті интернат оқушыларымен сол кездегі шығармашылық өкілдерінің кездесуі жиі-жиі ұйымдастырылған. Ал, ең ерекшелігі ақын Т.Айбергеновтің сөзіне жазылған композитор М.Жалаңбасовтың «Шардара толқындары» әні. 1965 жылы осы әнді жазғанда Төлеген аға Шардара совхозында еңбек және соғыс ардагері Қарабеков Серікбай ағаның үйінде бірнеше күн мейман болғандығында еді. Әсершіл ағаның шардаралықтардың күні бүгінге дейін шырқап жүрген әнұранын жүрек тебірентерліктей етіп жазуына елжіреген ел жүрегінің меймандостығы да әсер еткен болар.

Мектеп оқушылары тоқсандық демалыста болғанына қарамастан Тілегенев Асан бауырымыз басшылық жасайтын ұжым ұстаздары және оқушылар тобымен өткен кездесу өте тамаша деңгейде өтті.

     Кешегі көкірегінен сары даланың,

     Тербейді сені бүгін арман-ағын.

     Толқисың толқыған ақ жібек пе деп,

     Толқынын көрсем, досым Шардараның, –

деп ақиық ақын Төлеген аға Шардараны шалқыта әнге қосса, арадан жарты ғасырдан астам уақыт өткен соң Әке табаны тиген өлкеге ат басын арнайы бұрған Төлегенқызы Салтанат қыз қандай ішкі толқыныста жүрді екен?

Әдебиет пен өнер адамдары келсе құшақ жая қарсы алып, аттанарда қимай-қимай қоштасатын шардаралықтар Төлегендей дауылпаз ақынның текті перзенті Айбергенова Салтанат Төлегенқызын Шардараны сағына жүретіндей етіп құрметтеп шығарып салды.

Әбдіғаппар АЙДАРОВ

Шардара ауданы

Түркістан облысы

qazaquni.kz