Қазақтың қоңыры

Қазақтың қоңыры

Қоңыр-қазақ үшін мағынасы терең сөз. Кезінде заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев: «Қоңыр деген жалғыз сөздің аясына күллі қазақтың ата-баба заманынан бергі бар тірлігін, мінез-құлқын, ұлттық сипатын сол қалпында қызыл тілдің құдіретімен жеткізе білген» деп баға берген еді. Дәл осы құдіретті сөзді мен бүгін досым Нұрлан Өнербаевқа арнағым кеп отыр. 

 Өзінің қоңыр дауысымен барша қазақтың жүрегіне жол тартқан, орнын тапқан тамаша әндердің иесі ол бүгін асқарлы 60 ты бағындырды. Нұрланның салған әр әні қоңыр үнді қазақтың қара домбырасындай құлаққа жұмсақ естіліп, көкірегіңе құйылып, бүкіл сана сезіміңді баурап жүрекке тура жететініне ешкім шүбә келтірмес. Ал оның құпиясы өлеңді өзінің жан дүниесінен өткізіп барып тыңдаушысына жолдайтын Нұрланның қазақи қоңыр үнінде жатса керек. Сан қырлы өнерлі Өнербаевтың әр қыры жайлы өнер зерттеушілері айта берер, бағалай жатар. Ал мен өзім білетін, өзім жақсы көретін, өзім сыйлайтын Нұрлан досым жайлы сөз қозғайын. 


 Нұрланмен таныстығымыз сонау 90 жылдардың басынан бастау алады. Сол кездің өзінде-ақ көпшіліктің көз айымына айналып, атағы алысқа кеткен, әртіс, әнші, диктор Нұрлан Өнербаев бір күні «Хабардың» табалдырығын аттады. Түр десе түрі, дауыс десе дауысы бар қияқ мұртты сұлу жігіт дәл сол кезде экранға шығам десе ешкім қарсы болмас еді. Нұрлан бүгінгідей бір екі ән айтып теледидарда жүргізушілікке жармасатын «жұлдызсымақтардай» келе сала көгілдір экранға таласпады керісінше кадр сыртында қалуды, сөйтіп көрерменмен сырласуды жөн көрді. Міне ол ә дегеннен осы қарапайымдылығымен «хабардағы» бар қазақты тәнті етті. Қазақ телевидениесінің қара нары марқұм Рафаэл Жұмабаев зейнеткерлікке шығып туған өлкесі болашақ астана Ақмолаға қоныс аударатын болды. Мен ол кезде «хабарда» тілшімін. Бәріміздің ұстазымыз Рафаэл Бәйкенұлын шығарып салу дастарханында емен жарқын отырмыз. Кеш соңында Рахаң «Сайын саған бір арнайы тапсырмам бар, сен тілінің тікенегі бар тілшісің. Радио үйінің астындағы жер төлеге түсші. Қаймана қазақтың асылдарының дауысы жазылған үн таспалар шашылып, аяқ астында жатыр, құрып жатыр, шіріп жатқанын өз көзіңмен көрші. Тез арада цифрлау қажет. Болмаса Ұлы Мұқтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Күләш Байсейітова сынды асылдарымыздың дауысы бар алтын қордан айырыламыз. Соның ішінде сенің әкеңнің де дауысы бар. Хабарда осы мәселені өткір көтеріп жақсы бір сюжет жасашы» деп тапсырды. Бардық,көрдік,жағамызды ұстадық. Айғайлатып сюжет жасадық. Келіспей жасалған сол сюжет үшін бастықтардан сөгіс те алдық. Ақша жоқ деген желеумен жабулы қазан жабулы күйі қалды. Жыртық үйдің жарылқаушысы бар демей ме Қазақ радиосына басшылыққа Нұрлан Өнербаев баруымен «Алтын қор» аман қалды. Асылдардың дауысы заман ауысса да жоғалмайтын сандық жүйеге қайта жазылып алтын сандыққа салынды. Бұл да қазақтың алтынын бағалай білген білікті басшы Нұрланның бір қыры. Нұрлан Өнербаевтың тағы бір қыры оның Парламент Мәжілісінің депутаты кезінде де жарқырай көрінді. Спортшысы да бар, әншісі де бишісі де бар Мәжілістің 4-і шақырылымы кезінде көпшілік сияқты бас шұлғып, қол көтеруді ғана білген жоқ. Сол кездегі Мәжіліс қабырғасында талқыланған «Мәдениет туралы» Заң жобасын електен өткізуде үлкен белсенділік танытып мәдениет саласын реттейтін қазіргі қолданыстағы Заңға өз ұсыныстарын табандылықпен енгізді. 


  Қазіргі эстрада «жұлдыздарының» өз жағдайын жасайтын, ақысын алдын ала келісетін, концертінің қайда өтетінін тіпті ұшақтың қай салонында орын болатынын, қонақүйдің қандай нөмірінде жататынын шегелеп жазған келісім талаптарын әлемжеліден оңай тауып алуға болады. Ал Нұрлан Өнербаев үшін тыңдарманның үлкен -кішісі, алыс-жақыны, бай-кедейі жоқ. Ол оларды тәңіріндей сыйлайды, жақсы көреді. Олар үшін жағыдай таңдамай, жол таңдамай жердің бір жеріне баруға да әзір. 

 Ұмытпасам 2013 жылдың наурыз айы болуы керек Нұрлан дос телефон шалды.

-Үйдесің бе? Қолың бос болса сенің облысыңның (Солтүстік Қазақстан облысы) Уәлиханов ауданына маған серік болып барып-келуге қалай қарайсың дейді.

Жәй мә деймін ғой. Концерт беруім керек еді. Анау жолы Петропавлдағы сенің әкеңнің мектебін ашуға барғанда уәде беріп қойып едім деп тұр Нұрлан досым.Ол жердің түбі ғой, Кішкенекөл деген аудан орталығы Ресей мен Қазақстанның шегарасында орналасқанынын білесің бе, Астанадан кем дегенде 600-700 шақырым деймін мен. Ерінсең қала бер өзім бара берем дейді досым. 

Таң қараңғысымен Нұрланның жапондық жорғасы «Акураны» жолға салдық. Түс ауа таяқ тастам жердегі ресеймен шегаралас Кішкенекөл ауылына аман есен келіп жеттік. Еңселі мәдениет үйінің жанында бізді қарсы алған Аудан әкімі Аман Төрегелдин бастаған топтан Нұрлан «ауылдарыңның осыншама алыс екенін есептей алмай қалдық, кешіріңіздер, кінә мына Сайын екеумізден. Жұрттан ұят болды ау» деп қайта-қайта кешірім сұрап жік-жапар болды. Атақты Нұрлан Өнербаевтан мұндай кішілік пен кісілікті күтпеген Аман бауырымыз өз кезегінде сасқалақтап: аяқ суытыңыздар, дәм ішіп алайық   

деп дастарханға шақырып әлек. Нұрлан жоқ тамағымды жіпсітетін бір кесе көк шәй болса жұртты тостырмай концертімізді бастай берейік деп алға озды. Міне патша көңілді көременін сыйлаған өнер жұлдызы Өнербаевтың осындай бір қырына алыстағы Кішкенекөл ауылында өзім куә болдым. Мәдениет үйінің үлкен залында ине шаншар орын жоқ. Тіпті әкім қарарлар отырады деген алдыңғы қатардағы орындықтар да бос болмай шықты. Нұрлан Өнербаев келеді дегенді естіген көрші Ресейде тұратын қазақтар да келіп қапты. Орын жоқ әкіммдер мен басшылары қосшылары 3 сағатқа созылған концертті аяғынан тік тұрып көрді. Ал зал толы көрермен мен көкіректен шыққан күмбірлеген қоңыр дауысты әнші, -Нұрлан Өнербаевтың арасындағы махаббат пен сезімге толы ыстық ілтипатты сөзбен жеткізу мүмкін емес. Оны тек тек көру керек, жүрекпен сезіну керек. Бұл қазағын ӘНІМЕН әлдилеген Нұрлан әнші мен қоңыр дауысты қоңырына разы болған, риза болған КӨРЕРМЕН арасындағы тылсым байланыс еді. Мен сол кереметті көрдім, мен сол сиқырды сездім. Әнші бақыты деген осы шығар, сірә! 

 60 құтты, денсаулығың мықты болсын, ҚАЗАҚТЫҢ ҚОҢЫРЫ Нұрлан досым!

Сайын Шаймерден, 

Қазақ үні