ДАНА ДА ДАРА ДИНА

ДАНА ДА ДАРА ДИНА

 (Ретро-сұхбат)

Дина Нұрпейісова туралы әңгімелеу, «нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп Қадыр ақын бейнелегендей, Динаша домбыра тартып, күй өнерін әлем өркениетіне таныту һәм өз қазағымызды, оның ұлттық музыкалық аспабы – домбыраның қасиетін әйгілеу деген сөз.

Күйші Дина әжеміз туралы жазу көптен бері ойда жүретін.

Міне, бүгін соның сәті түскендей. Оған бірнеше себепкер жәйттер бар. Соның бірі, ойламаған жерден Дина әжеміздің үлкен ұлы Жұрынбайдан қалған көзі тірі, жалғыз немересі Балжан Нұрпейісовамен кездесу еді.

Апамыз жетпісіне селкілдеп емес, желкілдеп жеткендей, тың, қуатты, бойы әлі тіп-тік, тіпті, кезінде караторының шырайлысы болған сыңайлы, онысы бет-жүзінен анық байқалып тұр. Қазақша айтсақ, апамыз «әңгімеге ағып тұрған» жан екен. Әңгімеміз, әрине, бірден Дина әжеміз туралы болды. ¬¬

– Қарап отырсам, әжеміз туралы осы уақытқа дейін жазылған көптеген көркем шығармалар мен мақалалар, құдайға шүкір, жетіп-артылады екен. Бірақ деректерді қайдан алғандарын қайдам, әжеміздің Екінші дүниежүзілік соғысына аттанған төрт ұлынан қайтпаған деп ішіне біздің әкемізді, яғни Жұрынбайды да қосып жіберген. Ал, шындығында, әкеміз соғыстан аман-есен оралды, бірақ жаралы келді. Ол келер жылы, яғни 1946 жылы наурыз айында қайтыс болды. Сүйегі біздің туып-өскен жеріміз Астрахан облысы, Красный-Яр (Қызылжар) ауданы, Азау деген елді мекенде.

1989 жылы барып, көкеміздің басын көтердік, құлпытас-белгі қойдық. Сол төртеудің бірі Қожахмет – әжемнің немересі, яғни менің туған ағам.

Алдымен әжемнің фамилиясына байланысты деректі айтайын. Әжем өзі айтқандай, «18-19 жас шамасында отырыңқырап қалған қыздай» шыққан күйеуінің аты ¬– Нұрпейіс болған. Нұрпейіс Мақатұлы деген адам. Бір деректер үшін керек болып әжемізден фамилиясын сұрағанда, атасының атын атаудан тартынып, күйеуін, яғни Нұрпейісті атайды. Менің өз әкем «Жұрынбай Нұрпейісұлы» боп жазылған. Нұрпейіс атамыз ертерек қайтыс болған соң, Дина әжемізді ата салтымен оның туған інісі Нұралыға қосқан.

Ырымшыл әжеміз оның шын есімі атамай, «Шәпек, Жәпек» деген. Ал әжеміз осы қос азаматынан сегіз ұл, бес қыз тауып, ұзын саны он үш ұрпақ көрген адам. Тек өкініштісі, кейбір балалары тым ерте шетінеп, әжеміз жасы ұлғайғандықтан олардың аттарын ұмытыңқырап қалған. Біздің әкеміз Жұрынбай – ұлдардың үлкені. Оның алдында Жамал, Қайырлы (Қайрош) деген апалары болған. Бұлардың әкелері – Нұрпейіс атамыз. Ол кісі қайтыс болғанда Жұрынбай әкеміз іште қалған бала екен. «Әкесінен қалған жұрын, яғни қалдық» деп ырымдап, атын Жұрынбай койыпты.

Біз – Жұрынбай әкемізден төрт ұрпақпыз. Үлкен ұлы Қожахмет (1920-1942) соғысқа әкесімен бірге кетіп, қайтып оралмайды. Ағамнан қалған жалғыз қыз – Гүлжан, 1940 жылы туған, қазір Ақтөбе қаласында тұрады. Ұстаз, зейнеткер. Ұрпақтары бар. Екінші – апамыз Ағжан (1929-1999) ұзақ жылдар Ақтөбеде тұрды, ұстаз, зейнеткер болатын. Оның да ұрпақтары бар. Үшіншісі ұл бала – Тілекқабыл (1932-1945) өте жастай кетті. Жазғы каникулда әжеме барам деп 1945 жылы Алматыға келген. Жас сәби балалармен ойнап жүріп, ойламаған жерден суға кеткен. Осы Алматыда жерленген. Төртінші ұрпақ – өзім, атым Балжан, балалардың кенжесімін. Осы Алматыда оқыдым, онжылдықты, Қыздар педагогикалық институтын бітірдім, мамандығым – биолог-географ. Мен де ұстазбын. ҚР Ағарту ісінің үздігі деген атағым бар. Қызылорданың Қазалысының азаматына ерге шыққанмын. Қазір екі ұл, бір қыздың анасымын. Өзім де зейнеткермін.

Ал енді әжемнің менің есімде қалған қыздарының аттарын атайын, олар: Бақтылы, Салиха, Қоңыр (Әсем Қоңыр). Осылардан тек есімде бары Қоңырдың ұрпақтары – Орал жақта. Қоңыр – қыздан кенжесі (1900-1967), ал ұлдардан есімдегілері: Төремұрат, Қатимұрат, Ғабдолмұрат, Қажымұрат. Ұлдардан кенжесі Ғабдолмұрат – ол көкемді Мұрат деуші едік. 1902-1974 ж.ж. өмір сүрді. Бақтылыдан – Ұлмекен Өтеғалиева апай. Жаңақалада тұрады.

Әкеміз Жұрынбай қайтыс болған 1946 жылы тамыз айының аяғында бізге Мұрат көкем келді де, шешеміз Қайшаны, апам Ағжанды, мені, сіңліміз Гүлжанды көшіріп Алматыға, әжеме алып келді. Әжемдер сол кезде Калинин (қазіргі Қабанбай) көшесі, №47 (Пролетар көшесінің қиылысы) үйде екі бөлмелі пәтерде тұрады екен. Сол үйде әжем, оның үш келіні, үш немере қызы – 7 әйел адам, сосын Мұрат көкем, сегіз адам болып тұрдық.

Үй бір қабатты, ұзын дәлізі бар, ағаш үй. Осы үйде алты отбасы болды. Екеуінде біз – қазақтармыз, ал қалған төртеуінде орыстар тұрды. 1955 жылы қаңтар айында әжемнің сүйегі осы үйден шықты. Олар бұл үйде жиырма жылдай тұрған екен, орыстар көп тұрақтамай жақсы-жақсы пәтерлер алып, көшіп кетіп жатты, ал бізге ондай үй бұйырмады...

Қазір ол жерде Медеу ауданының II басқармасының ғимараты тұр.

Бастықтар: «Сол маңда әжейге арнап үлкен кірпіш үй салып жатырмыз, соңынан ол музейі болады», – деген-ді. Бірақ бір ғажабы, ол үй әжем көзі тірісінде бітіп болмады, біраз уақыт өткен соң біткенмен, оны мектеп-интернат жасады. «Көзден кеткен соң көңілден кетеді» деген нақыл сөз осындайдан қалған болар. Өкініштісі осы. Өзіміз №12 қазақ мектебінде оқып бітірдік, сосын жоғары оқуға түстік.

Әжемнің керемет қасиеті, өзі өле-өлгенше сөзінен жаңылмаған жан еді. Денесі ірі, денсаулығы мықты әжем 94-ке қараған жасында дүниеден өтті. Домбырасын серік етіп, өнерге бас игендігі соншалық, көзі жұмылардан 5-10 минут бұрын өзінің төсегінің тұсында ілулі тұрған домбырасын алдырып қағып-қағып жіберіп: «Тоқсан төрт жыл бірге жасасқан жан мен тән бірін-бірі қимай жатыр» – деді жарықтық. Бәрімізді жеке-жеке еркелетіп, аялап өсірген жан әжем осылайша көз жұмды...

Шешемнің арманы, бізге айтқан өсиеті орындалды деп ойлаймын. Себебі, бәріміз де жоғары білім алып, қоғамға адал қызмет еттік, отбасылы болдық.

***

Шынында да, Дина Нұрпейісова – қазақ музыкасы мәдениетінің аса көрнекті қайраткері, қазақтың ұлы күйші-композиторы. Дина Нұрпейісова шығармасының негізгі арқауы – халық музыкасы, оның «Ана аманаты», «Жеңіс», «Еңбек Ері», «Жігер», «Байжұма» атты күйлері осыған дәлел. Ол Құрманғазы, Дәулеткерей дәстүрін дамыта отырып, күйшілік өнерді жаңа белеске көтерді.

– Әдетте,әжеміз домбырасын таңғы шайдан кейін тартатын. Соның алдында бізді, немерелерін шақырып алып, құшақтап сүйіп, әртүрлі әзіл сөздер айтып күлдіретін. Ән-күй тартып беруді өтінсек екі етпей, домбырасын қолға алып, алға қарап, түп-түзу отырады да, жұқа еріндерін қозғап қойып, «Қайран шешем», «Әсемқоңыр», «Бұлбұл», т.б. күйлерін сүйсіне тартатын. Әлден соң «Өй-дәйт деген тіршілік! Бұл заманнан кімдер өтпеді, күй атасы Құрманғазы да өткен. Нарын! Қайран, Нарын топырағы, шіркін, сенің қасиетті құмыңды кімдер баспады?! – деп толғаныс үстінде біраз үнсіз отыратын, – дейді Балжан апай.

***

Жалпы, Д.Нұрпейісованың өмірін үш кезеңге бөлу керек сияқты: біріншісі, 1861-1921 ж.ж. Нарын құмы өңірі, екіншісі, 1922-1937 ж.ж. Астрахан өлкесі, үшіншісі, 1937-1955 ж.ж. Алматы қаласы.

Елде Кеңес өкіметі орнағанмен, қиян-кескі Азамат соғысы кезінде тыныштық бұзылып, зәбір көре бастаған қазақ ағайындар, оған қоса ашаршылыққа душар болған 61 жастағы Дина әжейдің үлкен отбасы 1922 жылы Астраханның Қызылжар (Красный Яр) жеріне – Азау мекеніне көшіп барады. Бұл жерде қырдың өсімдігі – құмаршық қағып, одан нан мен көжелік талғажау жасап, отбасын ашаршылықтан сақтап қалған. Бұл қыр елін отырықшылыққа ұйымдастырған кезең болатын.

Кейінірек елде ұжымдастыру науқаны басталғанда Дина әжей үй-ішін Володар ауданының Козлово ауылдың кеңесіне қарасты бір шағын ауылына қоныстандырады. Бұл – табиғаты тамылжыған, жанында ағып жатқан өзені бар, бір жағы егін салуға құнарлы жері мол елді мекен болатын. Сол кезде орталығы Козловодағы «Қызыл Ту» колхозының төрағасы Абуев Ғаббастың атына арыз жазып, мүшелікке алуын өтінеді. Үлкен ұлы Жұрынбай мал шаруашылығы жұмысына сұранады. Жалпы, 20-30-жылдар елде клуб жұмыстары қарқын алып тұрғындардың белсенділігі көтеріле бастады. Бұл кезде Астраханда аз ұлт әйелдерінің облыстық съезі өтеді. Осы кезеңде 67 жастағы Дина әжейдің өміріндегі бір жаңалық – алғаш рет клуб сахнасына көтеріледі.

Күнделікті ауыр жұмыстан кейін Дина апай әр кеште артель мүшелеріне домбыра тартып, көңілдерін көтерген. Бұны сол ауылдың тұрғыны Ағжан апаймен бірге оқыған Әмір Ибрашев ақсақал әңгімелеген. Козлово ауылынан бар-жоғы бір жарым километр жерде орналасқан сол елді мекен кейін «Дина ауылы» атанып (Диановка с.), Дина күйші 1937 жылы тамыз айында оны әдейі іздеп келген композитор Смағұл Көшекбаевпен Алматыға аттанған. Балжан апайдың айтуынша, сонда Дина әжеміздің жанына ұлдың кішісі Ғабдолмұрат (Мұрат) бірге еріп келіпті.

1935 жылы Астраханның Марфин ауданында болған мереке-конкурс кезінде Дина Нұрпейісова өмірінде алғаш рет бірінші орынға ие болды. Сол кезде газеттер бетінде мақалалар шығып, әжей бейнесі сурет боп басылды. Дина әжей алғаш рет қағаз бетінен өз бейнесін көреді. Жалғыз сурет емес, оған қоса газеттің бұл санында Жұрынбайұлы Қожахмет немересінің мұғалімі, орыс қызы – Лилия Михайловна Щербакованың әже фотосының астында көлемді суреттемесі басылған. Бұл Астраханда шығатын «Волга» газеті еді.

Лилия Михайловна: «Тұрмыс тақсыретін, өмір толқынысын көп көрген қарт күйші – Ана халқының өнерін, асыл мұрасын, тамаша сазын бойына көп жинаған. Қолдан жасалынған кішкене қара домбырадан осындай тамаша адамның жан дүниесін билейтін үн, ғажап музыка шығады деп кім ойлаған. Мұның бәрі асқан шеберлікке, талантқа, ақылға байланысты. Дина Нұрпейісова домбыра тартқанда сол саздан елдің тарихын, салтын, қайғы- мұңын, талабын, жер мен судың, ер мен жанның сұлу табиғатын аңғаруға болады. Бұл – тарих, бұл – асқан әдемі мәнерлі музыка. Бұдан біз революцияға дейін езілген, караңғы халықтың арманы мен мақсатын, үлкен өнерін көреміз. Сол өнер қайта туып келеді. Қайта туған елдің қайта туған өнерпазы, өткен өмірдегі асыл қазынасының, мұрагерінің асқан бір өкілі –осы Дина Нұрпейісова», – деп жазыпты.

Сонда Дина Нұрпейісова елмен қоштасарда: «Туысқандар! Мен өз борышымды, алдыма қойған асыл мақсаттарымды орындау үшін Қазақстан астанасына аттанып барамын. Мен ұстазым – атақты домбырашы Құрманғазыдан көп нәрсені үйрендім, мен оның өнерін бізден кейінгі домбырашыларға жеткізуге уәде берген едім. Құрманғазыдай ұстаздың домбырада ойнау өнерінің қыры мен сырын әрбір домбырашының сана-сезіміне жеткізу үшін барамын... Мен соны түсіндіруге тиістімін. Мен сендермен қоштаспаймын, мен қазақтың қоңыр домбырасының қадір-қасиетін, оның өнерін әлі де жоғары көтеру үшін, көп еңбек сіңіру үшін, соған аянбай жұмыс істеу үшін аттанып барамын», – деген.

Қазір сол Козлово селосының орталығында Мәдениет үйі бар. Ол Д.Нұрпейісова атында. Астраханның Володар ауданы орталығында бір көше халық композиторының атымен аталады, сосын Козлово ауылында бір көше Д.Нұрпейісова атында. Козловодағы Мәдениет үйінің директоры – қазақтың атпал азаматы Қимәди Оразалиев әрі «Поиск» клубының жетекшісі, сонда Д.Нұрпейісованың музейін ұйымдастыруға көп еңбек сіңірген. Ол басқаратын домбырашылар ансамблі қазір халықтық атаққа ие болған. Сол ауылда музыкалық мектебін ашқан. Онда қазақтың талай жасөспірім жеткіншектері оқып, білім алуда. Музейде күйші анна туралы материалдар көп. Архив қазынасын ақтарғанда «Дина Нұрпейісова 1934 жылы Володар аудандық, 1937 жылы Красный-Яр аудандық депутаттар комитеті атынан «Қазақ музыкалық аспабында асқан шеберлікпен орындағаны үшін Дина Нұрпейісоваға Құрмет грамотасы сыйға тартылды» делінген. Бұл сол кездегі күйші әжемізге берілген үлкен баға деуге негіз бар.

Дина Нұрпейісованың домбырада орындаушылық өнеріне қайран қалған композитор Ахмет Жүбанов: «Дина ұзын да сүйріктей саусақтарымен домбыра пернесінде, сағалығында небір алшақ пернелер аралықтарын ешбір мүлтіксіз алады. Симфония сазындай сиқырлы әуенді 62 тамырыңды бойлата, шымырлата, жаңғырта, шулата, буырқана небір әсерге түсіреді», –дейді. Балжан апайымыз да:

– Тоғыз жасынан бастап домбыраны құйқылжыта ойнаған Дина әже әке үйіне ауыл тұрғындарын жинаған, кейін ол ел аралап, қыдырып жүріп те өнер көрсететін болған. Сол адамдар ортасында болу қасиеті қартайған кезде де қалған жоқ, – деп отыр.

***

Енді мына екі апайдың әңгімесін тыңдайық.

Қазіргі кезде Алматы түрғыны Қадырова Мәрзия (1916 ж. туған) апай былай дейді: ¬

– Мен Дина апайды түңғыш өзіміздің туған ауылда – Володар ауданы Кірмалайда көрдім. Апай біздің ауылға екі рет келді. Ағайындардан Мырзағұлов Қаби ағайдың үйінде көрдім. Апайды сол кісі біздің ауылға алып келді ғой деймін.

Үйге кірсем, іште толы адам. Дастарқан жайылған. Төрде қарқарадай жаулық тартқан, қараторы, үлкен апай домбыраны сылқылдатып тартып отыр екен. Жұрттың бәрі жүздерін сол кісіге бұрган, үй іші сілтідей тыныш. Үйде бос орын жоқ, кіре беріп тізе бүгіп қана отырғандарға қосылдым. Кейінірек адамдар апайдың домбыра тартысына таңырқаса бастады, бастарын шайқап, енді біреулер таңдайын қағысты. Үлкендер жағы «уһілеп», «аһылап» қояды. Кемпірлердің көз алдарында жасқа бұланған орамалдары ағараңдайды...

Дина апай соңынан менің Қапезбен қосылған тойымызға арнайы шақыртумен келді. Той Ақсарай биігінде өтті. Дина апай түйе мініп келді. Сол баяғы қалпы. Өзі кәрия адам болғанмен, көз жанары нұрлы, айқын көрінді, бойы да тіп-тік.

– Той иесі – жастарға арнаймын, – деп сөз соңында бөлек бір күй тартты. Күйді өте жігерлі тартты, қолы-қолына жұқпайды, домбырасы да тек сайрады да отырды.

– Бұл күйімнің аты: «Кербез». Кербездей, болсын деп жас жұбайларға арнадым. Бақытты болыңдар! – деді.

Арада 1-2 жыл өткен соң: «Дина апай Қазақстанға, Алматыға шақыртумен аттанып кетіпті», – деп естідік. Елдегілер: «Ойпырмай, осындай жаста мынадай қашық сапарға аттанудың өзі ерлік қой! Әмәнда жолы болғай!» – деп таңырқасып жүрді.

***

Енді Сәния Қабибқызы Жүсіпәлиева (1924 ж.) апайдың сөзіне құлақ түрейік:

– Менің Дина апаймен жүзбе-жүз кездесуім Алматыда 1947 жылы қазан айында болды. Ол кезде Дина апайдың атағы бек өрлеп түрған кез. Жиі-жиі концерттер болып, газеттер жапырыла жазып жатқан. Апайдың 85 жас мерейтойы тойланып өткен. Алматыға жас жұбайлар болып келгенімізге бір жылдай ғана уақыт, отбасымызда тұңғышымыз өмірге келді. Қыз бала. Атын нартәуекел деп Дина қойдық. Таныс жазушы ағамыз бар-ды – Нығмет Сәбитов. Осыны естіген ол кісі: Қыздарыңыздың атын Дина қойған екенсіздер, енді міндетті түрде апайға барып батасын алыңыздар. Азан шақырып атын өзі қойсын, – дегені.

Күйеуім Мұфтахты әрең көндіріп, екеуміз қырқынан жаңа шыққан қызымызды көтеріп, қысыла-қысыла апайдың үйіне бардық. Бір қабатты ұзын үйде тұрады екен. Апамыз алдыңғы бөлмеде, кереует үстінде аппақ боп отыр. Сәлем беріп, ибалық сақтап, жай кірген бізге жалт бұрылып:

– Қай баласыңдар? ! – дегені. Мұфтах апайымыздың қытығына тиетіндей орысшалап сөз қоса ма деп қысылып, не болса да өзім айтайын деп қызымды көтерген күйі ілгері аттап, сөз бастадым. Қысқа уақыт ішінде, әй, бәрін айттым-ау деймін. Елден келгенімізді, апайды Марфинда көргенімді, күйлерін тыңдағанымды, тіпті, тағы бірдеңелерді қостым ба, қазір есімде жоқ, әйтеуір, күйеуім көйлегімнен тартқанда барып бір-ақ тоқтадым.

– Ойбай-ау, манадан бері солай демейсің бе? – деп апам елді есіне түсірді ме, тек жадырап кеткені.

Өзім дір-дір етемін, Мұфтахтың қызарған беті ақырындап қалпына келейін деді. Өзім екі оттың ортасында тұрғандаймын. Неғып тұрсыңдар дегендей, қызым да аздап үн шығарып қойды. Сол-ақ екен Дина апамыз жайылып сала берді. Отырып шай іштік. Үйде ұлы және екі-үш әйел адам болды. Келген шаруамызды айттық. Апамыз қайта қызып кетті.

– Қыздарыңа атымды қойған болсаңдар, несіне келдіңдер? Атын қоймай тұрып келмейсіңдер ме?! – дегені.

Біз не дерімізді білмей қалдық. Өзіміз жаспыз, тәжірибеміз де жоқ. Апай менің бетіме бір қарап, не дер екен дегендей:

– Олай болса, қолыма бір алтын сақина сал! Және ол тар да, кең де болмасын. Кеше осында Күләш келіп (К.Байсейітова болса керек), бір сақинаны қолыма салды. Кең болған соң алмаймын деп қайтарып бердім. Сол сияқты не тарын, не кеңін әкелсең, тура лақтырамын! – дегені.

Менде зәре жоқ. Мұфтах бір бозарды, бір қызарды. Аузымнан қалай шыққанын, қайдам:

– Апай сақинам жоқ, тек көйлегім бар, екеумізде қос шамадан, оның да тек жартысы кітаптар, – дедім. Апай райынан қайтып, езу тартты.

– Олай болса, оқыған-тоқыған балалар екенсіңдер, осындағы бастықтарға айтыңдаршы, мені еліме қайтарсын. Берер сыйларын алдым, үнтаспамды түгелдей жаздырдым, Москва, Тәшкентке бардым, Жамбылды көрдім, енді мені үйіме қайтарсын. Елді сағындым. Байбектің топырағын бір басып, Нарын құмы құдығының тұнығынан қанып бір су ішсем, одан басқа менде арман қалмады, – деді. Сосын: – Әкпел бері, балаңды! Аузына түкірейін! – деп баланы қолына алды. Тек сонда ғана Мұфтах:

– Тек аузына түкіре көрмеңіз. Қызым тәтті ұйқыда жатыр ғой, – деді басылыңқырап.

– Олай болса, қызыңа өнерімнен гөрі ұзақ өмір-жасымды берсін! Бақытты болсын, әумин! – деді. Сосын баланы қайтарып беріп жатып, көйлегінің етегін желпіп-желпіп жіберді. Одан: – Басқа бөтен нәрсе ойларына алмаңдар! – деп сөзін аяқтады.

Ал мен: «Соңыра өскенде осы бала желпініп, рухтанып сөйлер ме екен-ау!» – деп ойладым.

Шаруамыз бітіп, апамызға қош айтысып шығып кеттік...

***

Енді Мәжит Сабырұлы Жақыпәлиевтің сөзі. 1930 жылы туған, Астрахан қаласының тұрғыны:

– Кезінде Дина Нұрпейісова апайдың көзін көріп, оның домбыра тарту өнерін тамашалаған адамдар саны бұл күнде тым азайып барады. Қазір менің жасым 75-те, бірақ со бір жерлес апайымызды кездесіп, көру сәттері күні кешегідей көз алдымда сақталды. Мезгіл 1936 жылдың жаз айының аяқ кезі болатын. Аудан орталығы – Володаровкада ауыл өнерпаздарының үлкен мерекесі өтті. (Оны «Олимпиада» деп атайды). Стадионға халық өте көп жиналды. «Қызыл таң» колхозынан (Бағлан ауылы) барған делегация ішінде менің анам да бар. Ол мені де ерте барған-ды. Сонда үлкен концерт болды. Маған, әсіресе, домбырашылар сайысы өте ұнады. Есімде мықтап сақталғаны: төселеген кілем үстінде екі адам жайғаскан, оның бірі – әйел адам, басында ораған үлкен аппақ жаулығы бар, ал екіншісі – ер адам, ол домбырашы – Сәрсен Мырзашев екен. Мен оны бірден таныдым, анамның туысы, маған ағай еді. «Ал анау әйел кім?» деп сүрадым. «Ол – Дина әжей ғой», – деді анам. Ол домбыраны керемет тартады екен. Кейінірек, есейген шағымда ғана түсінгенім, маған тағдыр Дина Нұрпейісова өнерінің өрлеу кезеңінің куәгері болу бұйырған екен. Сол үшін өзімді бақытты адамдай сезіндім...

***

Қорыта айтқанда, енді бес жылдан соң Дина Нүрпейісованың 150 жылдық мерейтойы болары анық. Оны бүкіләлемдік деңгейде, ЮНЕСКО аясында атап өту ұлтымызға, халқымызға үлкен міндеттер жүктейді. Сондықтан ертерек қамданып, құдіретті күйші әжеміз Дина Нұрпейісованың Райымбектей батыр атасының, Күләштей бұлбұл сіңлісінің қасында тыныстап жатқан мәңгілік мекенін жөндеу, жиырма жылдай өмірі өткен Алматыдағы үйінің орнына тақташа орнату, музейін ашу, қала орталығынан күй анасына арнап көше беру, ескерткішін орнату – бәрімізге міндет! Тек осы сертке берік болайық, ағайын!

Рухың биіктей берсін, бар қазақтың анасы – құдіретті Дина әжей!

Ләтифолла ҚАПАШЕВ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

2006 жыл.

qazaquni.kz