ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ БІРЛІКТІ НАСИХАТТАУ ЛЕКТОРИЙІ ӨТТІ

ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ БІРЛІКТІ НАСИХАТТАУ ЛЕКТОРИЙІ ӨТТІ

2021 жылғы 13 қазанда Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Жамбыл облысында Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін насихаттау жөніндегі республикалық лекторий өткізді.

Қыркүйек айында Маңғыстаудан бастау алған лекторий бүгін Жамбыл облысының Қордай, Масаншы, Сортөбе, Қаракемер ауылдарында жалғасын тапты.

Лекторийдің басты мақсаты – қай этносқа жататынына қарамастан, барша қазақстандықтардың ортақ мәдени кодының, біртұтас құндылықтарының және жалпыұлттық тарихи санасының негізінде халықтың бірлігін нығайту.

Лекторий аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі М.Әзілханов аталмыш ауылдардың қазіргі жай-күйін білу үшін жергілікті тұрғындармен және облыстық ҚХА құрылымдары өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Іс-шараға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Д.Кәрібек және ҚХА мүшелері қатысты.

Ассамблея Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов Жамбыл облысына іссапарын Қаракемер ауылынан бастады. Ауылдың спорт кешенін аралап, қызметімен танысып, ауыл ақсақалдарымен кездесіп, этносаралық қатынастарға қатысты бірқатар сұрақтарға жауап берді.

ҚХА өкілдерінің іссапары Қордай ауылындағы Мәдениет үйінде жалғасты. Пікір алмасу форматында өткен бұл кездесудің басты тақырыбы Ақсақалдар кеңесінің қызметі және ауылдағы халықтың назарында жүрген өзекті мәселелер.

Кездесуде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, өзге этностарға қазақ тілін үйренуге көмектесу, Ассамблея жастарының жұмысын жандандыру, оларға қолдау білдіру секілді басқа да жұмыстардың барысына баса назар аударылды.

Мәдениет үйіндегі мұражайды аралап, оның жұмысымен танысқан Марат Әзілханов Сортөбе ауылындағы Имамдар үйіне де барып қайтты.

Аталған кездесу барысында ҚХА Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов ауыл имамдарының жұмыстарымен танысты. Ассамблеяның атқаратын қызметін, сондай-ақ қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін одан әрі нығайту жөніндегі шаралар талқыланды.

Іссапар аясында облыстық ҚХА Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Іс-шараға ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанаи және Кеңестің т.б. өкілдері қатысты.

Аналар кеңесінің отырысында Ассамблея қызметінің басты бағыттары бойынша Кеңеске қатысты бірқатар мәселелер талқыға салынып, қатысушылар өз ойларын ортаға салды.