Қабылеттің бір қыры
2021 ж. 04 қазан
2449
0
Кез келген адамның негізгі кәсібінен қолы боста көңілі сүйіп өзге де қосалқы бір істермен шұғылданатыны белгілі. Оны халықаралық ұғыммен «хобби» деп келдік. Енді оны «әуескерлік»... бәлкім, мейлінше түсінікті тілмен «ермек» деуге болар ма екен...
Біреулер почта маркасын, шырпы этикеткасын, темекі қорабын, шылым тұтататын оттық түрлерін, әр елдің ақшасын, кеудеге қадайтын төс белгі, автомобиль модельдерін... жинаумен әуестенеді.
Қайсыбіреу қабағын қарс түйе, қаламсабын жеп қоярдай тістелеп сөзжұмбақ шешеді.
Әлдекім ішкен асын жерге қойып кітап соңында жүреді. Олардың бірі сол кітапты үйіне жай ғана әкеле бермей, автор қолтаңбасымен қоса жинақтамаса жаны жай таппайды.
Мұндай әдеттердің өзі дендеп алса ес-түсті ұмыттыратын дерт іспетті ғой – шетелдік арақ-шарап, сыра түрлері қаптап келе бастағанда кей азаматтардың пәтеріне солардың көз тартқан бос шөлмектерін тасып, шайпау жеңгелерінен: «Немене, әкеңнің басына бөтелкеден күмбез орнатқалы жүрсің бе?!» деген сөз естігенін де көрдік.
Кім не десе де, әлдебір зиянды құмарлыққа жетелеп кетпесе, осы хоббидің қай-қайсының да жамандығы жоқ. Қайта бұл адам ниетін әсемдікке, үйлесімге бұрып, неғұрлым белгілі тәртіпке, мағыналы тірлікке бастап отырмай ма. Және әрқайсының өзіндік рахаты да бар...
Сайып келсек, құмарлық та – ермек, әрине. Мәселен, кейбіреу казинодан шықпайды немесе карта ойнайды.
Ондай мысалдардың бірін академик Серік Қирабаев ағамыз Ғабиден Мұстафин туралы естелігінде: «Қазір айтуға болатын шығар, кезінде қос Ғабең, Жұбан Молдағалиев төртеуміз проферансе ойнауға әуес едік» деп, қаламдастар арасындағы тартымды қатынасты жылы сезіммен еске ала отырып әдемі келтірген екен.
Базбіреу қолөнермен айналысады, яки талаптанып өлең жазып, ән шығарады.
Спорт десе өліп қала жаздайтындар бар. Түсінде де тек балық көріп, қысы-жазы құрал-жабдығын арқалап, өзен-көл жағасынан шықпайтындар болады.
Көпшілік кейінде ата салтымыз – құс салып, ит жүгірту сияқты ғұрыптарға бет бұра бастады. Сондай аң аулап, бой жазу әдетін Ғабит Мүсірепов «Қарлы жаңбыр астында», «Достар қалжыңы», «Қасқырды атқан қайсысы?» әңгімелерінде жазғаны аян.
Кей қаламгер ағаларымыздың жыл сайын тамыз бен қыркүйек асыға күтіп, жеміс пісе тауға шығып, шипалы шөптерді отап, өз қолымен сирек дәрі жасайтын әуескерлігі де тамсандырмай қоймайды...
Әйтеуір, ермектің түрі көп.
Бізді бұл жолы жекелеген жазушы, актер ағайындардың сурет салу әдеті қызықтырды.
Қарап отырсам, бірталай жылдардан бері үстелімнің тартпасында сондай туындылардың қатары топталып қалған екен. Кезінде іске жаратармын деп сақтасам керек. Бірақ материалды соңына түсе түбегейлеп зерттемеген соң «шикізат» аздық етіп, ысырылып қала берген сияқты.
Бұлардың ішінде қаһарман Бауыржан Момышүлы атамыздың «Автопортреті», «Бір түннің тарихы» әңгімесіне өзі салған иллюстрациясы, белгілі жазушылар Қалмұхан Исабайдың, Сәкен Жүнісовтің мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған суреттері, достық шарж қиындылары бар.
Қалың жұртшылыққа белгісіздеу дүниелер де кездеседі екен.
Солардың бірнешеуі...
Студент Олжастың суреттері
Негізінен, сатиралық мәнерде салынған бұл кескіндемелер қолыма сонау 1989 жылы түскен еді. Әдебиетші Шапағат Жалмаханов мұны Олжас Сүлейменовпен қатар оқыған қарағандылық ғалым Мейрамбек Иманбековтен алғанын айтып, маған берген-ді.
Алдымдағы бірнеше кескіндемеден кәнігі маманның машығын танып таңырқадым. Көзге Шоқанның суретшілік қолтаңбасы елестеп, талант табиғатының ұқсастығы қайран қалдырған.
Негізгі мамандығы геолог Олжас та аудиториядағы графика-сызу сабақтарында көкейдегі кейбір ой ұшқынын қара тушьпен ақ қағазға түсіріп, маңайындағыларға ұстата берген секілді. Кейбірінің астына өзінің күні бүгінге дейін өзгермеген «Олж. Сул» дейтін қолын қойған. Әр бейненің тұсына ағылшынша «комментарий» түсірген.
Бір қарасаң, бәлендей мәні жоқ сызбаларды сонша жыл сақтаған курстастың да ұқыптылығы дос талантына деген шексіз құрметін аңғартқандай...
Ағылшынша түсініктемелердің мағынасын тезірек ұққым келіп тіл білетін ағайға көрсетіп ем, ол:
– Олжастың суреттері дейсің бе-ей?! Болса болар, өзі сияқты пішіні тосын, қызық нәрселер екен... Бә-ле-е, боқауыз ғой мыналары түгел! Газетке бермексің бе осыны? Онда жедел жой мына жазуларды. Әйтпесе ұятқа қала жаздапсыңдар! – дейді.
Түсініксіз таңбаларды жайлап өшіріп отырып: «Тұздықты сөзді Олжекең де пайдаланған екен-ау!» деп күлкім келді.
Жас Олжастың өз заманындағы келеңсіз көріністерге, қоғамдағы тоғышарлыққа, надандыққа деген ашу-ызасы сол кездерден-ақ атойлап бой көтерген екен-ау деген ой қылаңдайды, Жас ақын уақыт ырғағын тек өлеңмен ғана емес, сурет тілімен де дәл бейнелеуге бейім болыпты. Ал оның сызбаларға түсірген ащы мысқылды не қазақша, не орысша келтірмей, көпшілікке ұғынықсыз шет тілінде жазуы да көп жәйттен хабар береді – көкейдегі көлеңкені шағын орта ішіне ғана жариялап отырса да болашақ күрескердің сана түкпірінде шегедей қағылған цензура талаптары тұрған.
Сонда Олжас графикаға неліктен жүгінді екен?
Бұл сауалдың жауабын іздерде шығармаларын үнемі қарапайы қаламмен жазған Ғабит Мүсірепов еске түседі. Заңғар суреткер жұмысқа кірісерде өз-өзіне келіп, буырқанған шабытты бір арнаға тоғыстырып, қаптаған қарындаштарын ұштап отырғанда алдын-ала айтылар ой-толғанысын да қоса ұштаған!
Сурет те Олжас үшін кейде поэзияға өткел, бастапқы идея жаршысы ретінде қызмет еткен.
Жалпы, кәсіби суретшілікті мұрат тұтпағанымен, әуескерлік мәнерден көш жер алыс кеткен студент Олжастың қолтаңбасы бұлардан да өзге туындыларының көп болғанын байқатады. Енді...
Құдайбергеннің қылқаламы
Бұдан жиырма алты жыл бұрын «Шартарап» баспасынан белгілі театр және кино актері, «Тамаша» ойын-сауық отауының тарлыны Құдайберген Сұлтанбаевпен сыр-сұхбат кітабы жарық көрді.
Кейіпкер болмысын жан-жақты зерттеу кезінде тіптен мән беруге тұрмайтын майда-шүйде, кішігірім саналатын құбылыстардың өзін назардан тыс қалдырмай, әрбір қасиетке шұқшия үңігіуге тура келген. Сонда «от тұтатуға да талант керек» дегендей, актердің түрлі музыка аспаптарында жақсы ойнауымен қатар күнделікті тірлікте өзіне «түк қатысы жоқ» тас қалаушы, балташы, ағаш шебері, сантехника... жұмыстарының бәрін бір өзі-ақ кәнігі мамандай шебер орындай беретіндігін көріп бас шайқағанбыз.
Ең қатты таңдаңцырғаны – Құдайберген суретші екен!
Мұнысына көңіл-күй екпінімен артығырақ айтып жіберді ме деп сеніңкіремегендей алақтап қалсам керек, Құдекең сезе қалып, күмәні сейілсін деді ме, қағаз-қаламды ала сап, мезетте жиырма шақты адамның кескінін салып берді. Қолы-қолына жұқпай сүйкей-сүйкей салады екен. Сонда әр суретке 6-7 секундттан артық уақыт жұмсаған жоқ десем, өтірікші болмаймын.
Қарасам – бәрі де әбден ысылған суретші қолынан туған кәдімгі достық шарж!
Әрине, мұндай шеберліқке жету үшін саусақтарың сүйелденгенше ұзақ жаттығу керек. Бәрінен бұрын мені актердің осы жанр теориясына мейлінше жетіктігі таңырқатты.
Шарж туралы профессор Темірбек Қожакеев былай дейді: «Шарж –француз тілінде әсірелеу деген үғымды білдіреді. Ол екі элементтен – сурет пен текстен түрады. Шарж суреті орындалу жағынан карикатураға жақын. Ол да композициялық құрылысы жағынан карикатураға ұқсайды. Онда да әсірелеу, бұрмалау, гипербола, гротескі элементтері болады. Бірақ мұның бәрі сырттай ғана ұқсастық. Ал мәні, мақсаты жағынан шарж карикатураға
мүлде үқсамайды...». (Т.Қожакеев. Сатиралық жанрлар. – Алматы, «Мектеп» баспасы, 1983, 83-бет).
Осы шартты театр сахнасында, кино экранында сан алуан образдарды жеріне жеткізе бейнелеп, көрермен құрметіне бөленген Құдайберген жақсы біледі екен.
Ал мұндай қалыпты қағидадан ауытқымау үшін белгілі объектінің түр-
тұлғасы мен мінез-құлық ерекшеліктерін бақылаудағы қиындық сырын шаржшылар ғана жіті түсінетін болар. Көздеген кейіпкеріңе: «Отыра тұрыңызшы, сіздің суретіңізді салып ала қояйын!» дейтін емес, оған
маңайына жуытпайтын ғашығыңның жүзіне сонадайдан ұрлана қарағандай жалтақтап, ұзақ уақыт сырттай аңдииберу қайбір жеңіл жұмыс?!
Онда да қажетті «материалды» дөп басып, таба қойсаң жақсы. Тапқан «олжаң» болса, бойға сіңіріп қайта-қайта эскизге түсіресің. Шаржда документализм болмайды, объекті келбетін ашатын штрихтарды ұтқыр дамытуың керек... әйтеуір, азап жетіп-артылады.
Міне, Құдайберген Сұлтанбаев бұл мектептің бәрінен ақырын аяңдай жүре ойдағыдай өтіп, ешбір қолтаңбамен шатыстырмайтындай
стиль қалыптастырып үлгеріпті.
Ал, шынын айтқанда, мұндай қасиет жылда көрмелерін ұйымдастырып жүрген кейбір суретші азаматтардың өзінде кездесе бермейді...
Одан соң бүгінде актер ағамыздың тағы бір қырына куә болғанымыз бар – Құдекең ерекше мәнерлі сұңғатшы (живописьші) ретінде көрінді – сахналас әріптесі Бауыржан Ибрагимовтің портретін жазып, көпшіліктің алдында кейіпкеріне тарту етті.
«Өнерді үйрен де, жирен!» деген, бәлкім, осы шығар...
Сегіз қырлылықтың сыры неде?
Байқап қарасаңыз, шын өнер адамдары табиғатының күрделі келетіндігіне, олардың сан қырлы қабілет иелері болатынына көз жетеді. «Алтын шыққан жерді белден қаз» демекші, олардың жан сарайы да үңіле түссеңіз әлем тылсымдығындай қызық құпияларын аша бастайтындай.
Жиырма тоғыз жасында «Давидті» жасап, жер жүзіне ғажап мүсінші ретінде әйгіленген Б.Микеланджело дарынды ақын екен. Р.Тагордың сегізқырлылығы да таңдандырмай қоймайды. Ал, А.Пушкин, М.Лермонтов, Л.Толстойдың мектеп оқулықтарыңа жарияланып жүрген қолтумаларымен әрбір шәкірт те жақсы таныс деп ойлаймыз.
Кейде Ш.Айтматовтың «Жәмиласындағы» суретші бала Сейіттің прототипі кім екен деп ойға батасың. Расында, кім екен сол? Шыңғыс ағамыздың өзі емес пе?!
Өнер жұлдыздарының ғажайып жан әлемі жөніндегі осындай мысалдар іздей берсек көптеп табылар еді. Бұл әңгімені өз топырағымызда туып-өскен таланттар төңірегінде де бөгелмей өрбіте беруге әбден болады.
Мәселен, Бауыржан атамыздың жоғарыда аталған «Автопортретін» өзінен артық ешкім де салып бере апмайтындай көрінеді.
Қадыр Мырза Әли: «Егер мен ақын болмағанда, сөз жоқ, суретші болар едім» депті. Соған қарағанда, тұлғалы таланттың оны да игеруге мүмкіндігі көп болған.
Егер кезінде республика бейнелеу өнерінің өркендеуіне лайықты үлес қосқан дарынды суретші замандастарының еңбектерін жұртшылыққа кеңінен таныстырып, олардың қолтаңба қалтарыстарына зерделей үңіле, құлаш-құлаш мақала жазған Әбіш Кекілбаев: «Мен өзім ешқашан да сурет салумен айналысып көрмеп едім» десе сенбес едік.
Кейінірек тағы бір тосын дерекке тап болдым – атақты актер, режиссер Асанәлі Әшімов те сонау балғын шағынца суретші болуға талаптаныпты!..
Базбір оқырман: «Соңда бұл адамдар осынша жан-жақты болса, өнердің әр саласымен неге бірдей айналыса бермеген?!» – деп ойлауы мүмкін. Біздің ойымызша, мұндай қабілет иелері сан алуан мүмкіндіктерін ерте аңғарғанымен, келе-келе көбірек ұнаған немесе өздері айрықша икемді саланы тандап алады да, тек соған ден қояды, бүкіл саналы ғұмырын соған бағыттайды. Өйткені кез келген өнер түрі тек өзіне ғана бүтіндей, алаңсыз берілуді талап етеді. Содан соң әркімге белгілі қағида бар – екі қайықтың артынан ұстау қашанда қатерлі. Мысалы, дарынды режиссер, талантты актер, қабілетті қаламгер ретінде танылған Василий Шукшин туралы жазушы Леонид Леонов: «Оған осы бесаспаптық көп зиянын тигізді. Творчестволық күшті төгіп-шашпай, бір арнаға тоғыстырғанға не жетсін!» депті.
Өкінішке орай, бізде жоғарыдағыдай айтулы таланттар көп болғанымен, ертеңгі болашағымыз дейтін жас жеткіншектеріміздің өзін жазира жағалауға, кемел кеңістікке шығаратын өнерге мұрын шүйіре қарайтыны қынжыл тады.
Мүмкін ең қауіпті нәрсе сол шығар?!.
Құлтөлеу МҰҚАШ
qazaquni.kz