Асқар ЫДЫРЫСОВ, Сәтбаев қаласының әкімі: «Ана тілді үйрене алмау мүмкін емес»

Асқар ЫДЫРЫСОВ, Сәтбаев қаласының әкімі: «Ана тілді үйрене алмау мүмкін емес»

СҰХБАТҚА СЕБЕП. Әдетте әкім-қаралармен әңгіме, сұхбат шаруашылық, экономикалық, әлеуметтік мәселелер төңірегінде өрбиді. Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Абылайұлы Ыдырысовпен мәдениет, өнер, жалпы руханият қақында ой бөлісуді ұйғардық. Неліктен? Себеп қандай?

Әкімдер тағайындалатын кезде елдің арасынан өздерінен бұрын олар туралы сөздер тарайды. 2016-ның қаңтарының орта шенінде «қалаға жаңа әкім келе жатыр екен», «өзі қазақшаға шорқақтау, орыснамайлау жігіт көрінеді» деген сөздер гу-гу тарап жатты. Әрине, мұндай «анықтамаларды» құлағың шалғасын «Қасиетті Қаныш атындағы қаланың тізгіні кімнің қолына тиетін болған?» дейтіндей алаңкөңіл күйге түскеніміз де рас. Содан бері бірнеше жылдың жүзі ауды. Рас, алғашында аздап кібіртіктеп қалатыны байқалатын әкім қазір қазақшаға қамшы салдырмайды. Мәдениет пен өнер саласында атқарылған істер жетерлік, алдағы уақытқа жоспарланған жобалар да баршылық. Ендеше, неге әкімді аталмыш тақырып төңірегінде әңгімеге тартпасқа? Ол ойларын ортаға салсын, өзгелер ойлана жатса тіпті, құба-құп.

¬– Асқар Абылайұлы, өзіңізбен әңгімені қарапайым сұрақтан бастасақ, мектепте қазақша оқыдыңыз ба?

– Жоқ, орысша оқыдым. 1980-ші жылдардың орта тұсында жалпы еліміздегі секілді Жезқазғанда да орыс тіліне басымдық берілетін. Заман солай болды. Менің қуанатыным, мектеп – орысша болғанмен, үй – қазақша болды. Сондықтан мен өзімді ана тілінен алшақ өстім демеймін. Кейін институтта да орысша оқыдық. Әрине, жүрген ортаның әсері қанша дегенмен тиеді. Бірақ, әлі күнге шейін «мектепте, институтта орысша оқыдық, сосын қазақшаны қайдан білеміз, қалай үйренеміз?» дейтін замандастарды түсіне алмаймын. Ынта, ниет болса еңсерілмейтін қиындық жоқ.

Тіл де солай. Кім болса да өзінің ана тілін үйрене алмауы мүмкін емес. Мен осында әкім болып келген кезде қазақша сөйлегенде кібіртіктеп қалатынмын. Мұны жасырғым келмейді. Қатардағы азамат ретінде сөйлеу бар да, басшы ретінде сөйлеу бар. Өйткені, ел қарап отырады. Және жай отырмай, сынап отыратыны белгілі. Сондықтан, қазақша барынша таза сөйлеуді өзімнің алдыма мақсат етіп қойдым. Сол мақсатыма қаншалықты жете алғанымды қайдам, бірақ, мақтанғаным емес, көрші қаланың ақсақалдары «сендердің әкімдерің қазақшаны қағазға қарамай-ақ әдемі сөйлейді екен» депті. Мұны маған өзіміздің ақсақалдардың бірі айтып келді. Расы керек, естігенде кәдімгідей қуанып қалдым.

– «Мектеп – орысша, үй – қазақша болды» дегеніңізді кеңірек айтсаңыз...

– Бұл былай ғой енді... Менің әкем де, анам да облыстық деңгейдегі қызметкерлер еді. Әкем ауылшаруашылығы, анам қаржы саласында қызмет істеді. Бір ғажабы, ол кісінің екеуі де руханиятқа жақын жандар еді. Әкем өлең жазатын. Анам болса, Лермонтов, Пушкин және т.б. шығармаларын мәнеріне келтіріп жатқа оқығанда, таң қалатынбыз. «Мама, мұғалім емессіз ғой, бұларды қайдан білесіз?» дейтінбіз. Сондайда анамыз «Әкелерің өлең жазғанда мен ақындардың жазғанын жаттай алмаймын ба?» деп күлетін. Сосын әрбір адам өзінің негізгі мамандығы қандай екеніне қарамастан әдебиетті, мәдениетті, өнерді сүйіп әрі бағалай білуі керек деп отыратын. Бізден де соны талап ететін.

Сосын бізге «үлкеннің алдынан кесе өтпеу», «біреудің ала жібін аттамау» керектігін құлағымызға құйып отыратын. Үйге кісі келсе, алдынан шығып сәлем беру – жазылмаған заң болатын. Біз сондай өнегемен, тәрбиемен өстік. Содан жаман болғанымыз жоқ.

– Бір сөзіңізде «әкем домбыра класына мәжбүрлеп апарды» деп едіңіз...

– Расы солай. Өзі руханиятқа жақын болғасын ба, әкеміз біздің де мәдениет пен өнерге жақын болғанымызды, заманға сай күшті, жігерлі, қайратты болып өскенімізді қалады. «Боксқа барасың. Чемпион болуың міндет емес. Кейін өзіңді қорғауға және жәбірленіп жатқан біреуді көрсең араша түсуге міндеттісің» деді. Қуана келістім. Ал, домбыра класына барасың дегенде, шынымды айтайын, соншалықты жақтыра қоймадым. Неге? Өйткені, домбыра емес гитара тарту сәнге айналған кез еді ғой. Бірақ әкең айтып тұрғасын, не істейсің, көнесің. Сөйтіп, домбыра сыныбын ықылассыздау аттадым. Дегенмен, тамырда бар нәрсе бүлкілдеп сыртқа тепкен болу керек, көп ұзамай домбыраны жап-жақсы меңгеріп кеттім.

Жезқазғанда міне, отыз жылдан аса уақыттан бері «Ұлытау үні» атты өнер фестивалі өтіп келеді. Мен осы фестивальдің ең алғашқы лауреаттарының бірімін. Қалай дейсіз ғой? Фестивальдің жас өнерпаздар байқауына күй тартып қатысқан едім. Қазылар алқасы мақтады, сыйлыққа сол кезде Жезқазғаннан қытай кәсіпкерлері шығарып жатқан қолсағат сыйлады. Бұл маған үлкен күш берді, домбыраға деген ынтамды арттырып жіберді. Өзімнің домбыра сыныбына қалай барғанымды ұмытып, қатарластарыма, өзімнен кіші балаларға домбыра тарту керектігін айтатын болдым.

– Қазір енді Домбыра күнінде қала сахнасына оркестрге қосыла шығып жүрсіз...

– Есейе келе Қадыр ақынның «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп неге айтқанын түсіндім. Менің ойымша, домбыра әрбір қазақтың төрінде тұруы керек. Домбыра қосылып салған ән де әдемі, тартқан күй де арынды.

Ия, жыл сайын қаламызда Домбыра күніне орай ұйымдастырылатын іс-шаралардан өзім де сырт қалмаймын. Мұны домбыраны насихаттаудың бір жолы деп білемін. Сол концерттік бағдарламаны тамашалауға келген әрбір көрерменнің үйіне барғасын, жақын-жуықтарына кездескенде «әкімнің өзінің домбыра тартып отырғанын» айтпауы мүмкін емес қой.

– Негізі күй тартасыз ғой...

– Ия. Дегенмен, былтыр Абай атамыздың тойында алғаш рет ұлы ақынның әнін домбыраға қосылып айттым. Қала ақсақалдары бас қосқан жиында. Әкімдері ән салып берген соң, ақсақалдар риза болып қалды.

Биыл бізде 1 мамыр күні әдеттегіден ерекшелеу іс-шара өтті. Мен бөлімдегі қызметкерлерге мерекеге орай ұйымдастырылатын дөңгелек үстелге қаладағы тек мемлекет тілін білетін өзге ұлт өкілдерін шақыруды тапсырдым. Мұның да екі жағы бар еді. Біріншіден, ешқандай айқай-шусыз өз талаптарымен мемлекет тілін меңгеріп алған азаматтарға деген ризашылық білдіріп, құрметтеу, екіншіден, солар арқылы мемлекет тілін насихаттай түсу. Ең қызығы, олардың арасында домбыра шертетін де жастар бар екен. Шәмші ағамыздың әндерін еркін орындайды екен. Содан кездесу соңына таман мен де қолыма домбыраны алып, орыстың «Коробейники» дейтін халық әнінің сазын шерте жөнелгенімде, кездесуге жиылғандар қол соғып отырды. Міне, осылайша домбыра достықтың дәнекеріне айналды. Кездесу соңынан бір жігіт келіп, «домбыраға орыстың әндерін де салуға болады екен ғой» деп, таңданысын жеткізді.

– Ұлы Абайдың әнін домбыраға қосылып айтқан кезіңізге өзім де куә болғанмын. Бұл – қалада Абай мүсінін орнатуға байланысты ақсақалдарды ақылдасуға шақырған кезіңіз еді ғой.

– Дұрыс айтасыз. Жезқазған-Ұлытау аймағында алғаш рет біздің қалада Абай аллеясы ашылды. Бүгінде қала халқының тамаша демалыс аймағына айналды. Біз аллеяның мазмұнды, мәнді болмағы үшін қаланың ақсақалдарымен, зиялы қауымымен бірнеше мәрте кездесіп, жобамызды таныстырып, ескерту, ұсыныстарды ескере отырып, жетілдірдік. Аллеяға дана, абыз бабамыздың 45 нақыл сөзін тақтайшаға жаздырып іліп қойдық. Әсіресе, ақын мүсіні көңілге барынша қонымды болғанын қалағандықтан, жасалған жобаны бірнеше мәрте сүзгіден өткердік, тіпті, жергілікті чаттар арқылы да талқыға ұсындық. Әрбір пікір ескерілді. Нәтижесінде, қойылған мүсін көптің көңілінен шықты. Биыл Домбыра күнін алғаш рет Абай аллеясында өткіздік. Бұл енді қаланың өзіндік бір дәстүріне айналады. Мүмкін алдағы уақытта Абай күні мерекесінде бұл жерде поэзия сағатын өткізерміз. Ұлы тұлғаларға орнатылатын ескерткіш, мүсін оларға емес, бізге керек. Ұлтымыздың ұлы перзенттері арқылы біз өзімізді, ұрпағымызды тәрбиелейтін боламыз. Егер менің фейсбук парақшама көз салсаңыз, Абай атаның мүсіні алдында тұрған суретімді көрер едіңіз. Ұлы ақынға деген құрметімді осылайша да жеткізгім келді. Әрі бір жағы тарихи сәтті еске салып тұрады.

– Қаланың қалыптасқан өзіндік дәстүрлері бар ма? Бұл туралы не айтар едіңіз?

– Әрине. Жыл сайын 12 сәуір – біз үшін аса қастерлі күн. Өйткені, бұл күн –Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туған күні. Соған орай әртүрлі іс-шаралар ұйымдастыру біздер үшін бұлжымас заң, қалыптасқан дәстүр. Әр жылы әрқалай. Кейінгі кезде бірде Қ.Сәтбаевқа арналған халықаралық ғылми- тәжірибелік конференция өткізсек, енді бірде атақты жазушы Медеу Сәрсеке ағаны қонаққа шақырдық. Сол сияқты ақын, жыршы, термеші Шынболат Ділдебаевтың туған күніне орай «Шынболат оқуларын» өткізу, т.б. іс-шаралар қолға алынады. Соңғы бірер жылда кезінде қалаға еңбегі сіңген, бірақ дүниеден өткен соң есімдері көмескілене бастаған ардақты азаматтарды еске алу тұрғысында «Жоғалмайтын жұлдыздар» атты жоба тұрақты түрде қолға алына бастады. Меніңше, бұл өте керек. Осы жоба аясында кен өндірісінің майталманы Садық Асатов, хирург-дәрігер Еңбекшіл Орынғалиев, композитор Омархан Несіпханов, ақындар Қуаныш Ахметов, Свет Оразаев, Аманғали Ербозовты, республикада ең бірінші болып отбасылық Балалар үйін ұйымдастырған Мәруа Құлышева апайымызды халыққа қайта таныстырдық. Биыл да жалғасын табатын жоба осылайша қаланың тағы бір өзіндік дәстүріне айналады деп сенемін.

– Сіз айтпасаңыз да біз айтайық. Мемлекеттік мерекелерге орай өтетін салтанатты жиындарда құттықтау сөзіңізде Сіз жергілікті ақындардың өлең жолдарын, жазушылардың сөздерін кірістіріп отырасыз. Мұны да қаладағы өзіндік ерекшелікке балауға бола ма, болмай ма?

– Бұл жағын енді көпшілік бағалай жатады ғой. Ал, әлгіндей құттықтау сөз сөйлегенде жергілікті ақындардың, жазушылардың шығармашылығынан мысал келтіру туралы ой қайдан келді? Қалаға басшы болып келген соң аппараттағы жігіттерден жергілікті ақын, жазушылар, өнер адамдары туралы сұрадым. Олар әрине, бірнеше есімдерді атады. «Осы кісілердің қандай өлеңдерін, сөздерін білесіңдер» десем, үндемейді. Әрине, бәрін жатқа білу мүмкін де, міндет те емес. Бірақ, олардың шығармашылығын ең алдымен, біздер, жерлестері білуіміз керек қой. Егер салтанатты жиындарда қала басшысы олардың сөзін мысалға келтіріп айтатын болса, бұл біріншіден, сол авторлардың шығармашылығына деген құрмет, екіншіден, әкім айтып тұрғасын басқалар да сол ақынның, жазушының шығармасына ден қойғысы келеді.

«Қаланың дәстүрі» деген тақырыпты әрі қарай тереңдете түссем, қалаға басшы болып келгенде бұрыннан қалыптасып қалған, жақсы нәрсені жоғалтып алмауға ұмтылдым. Мысалы, қалада қобызшылардың Ерден Сандыбайұлы атындағы республикалық байқауы өткізіледі екен. Тамаша ғой! Сол тамашаны одан әрі жалғастырып, ұлттық аспапта орындаушылар байқауына айналдырдық. Яғни, бұрын тек қобызшылар ғана бақ сынайтын болса, енді олардың қатарына сыбызғыда, сазсырнайда, жетігенде ойнайтындар қосылды.

Ақын, композитор Тайжан Қалмағамбетов атамыз кезінде Мәскеуде өткен Қазақстан мәдениеті мен өнерінің онкүндігін сырнаймен ашқан адам. Қалада өткізіліп келген сол кісінің атындағы дәстүрлі әншілердің республикалық байқауы үзіліп қалған жоқ, өз жалғасын тапты. Осы байқауға бас қазы болып келген әнші Қайрат Байбосынов ағамыз құттықтау лебізінде: «Кен өндіретін өнеркәсіптік қалада халқымыздың дәстүрлі өнеріне деген зор құрметті көріп, көңілім толқып тұр» деген болатын. Ағамыздың неге бұлай дегені түсінікті деп ойлаймын.

– Бұрыннан бар нәрсені жоғалтып алмаған әрине, өте жақсы. Дегенмен, олардың қатары жаңамен толығып жатса тіпті, дұрыс емес пе?

– Біз ұлттық руханият мәселесі әкімдердің күнделікті айналысатын нақты міндеттерінің бірі екенін ұмытпауымыз керек. Көп нәрсе осыған байланысты. Өзі басшылық жасайтын өңірдің рухани әлемі қандай? Әкімнің ойында осындай сұрақ үнемі жүргені дұрыс.

2018 жылы Шынболат Ділдебаев ағамыздың 80 жылдық мерейтойы өтетін болды. Тойды барынша мәнді, мазмұнды өткізу ойластырылды. Шығармаларының толық жинағын шығару көзделді. Дұрыс. Ол кісінің термеші, жыршы екендігі ескеріліп, республикалық деңгейдегі «Текті сөздің төресі – терме» атты байқауды өзімізде өткереміз деп ұйғардық. Жүрсін Ерман ағамызбен хабарласып, әрбір қатысушы Шәкеңнің біз ұсынған бір термесін орындауы тиіс деген талабымызды жеткіздік. Ол кісі келісті. Сөйтіп, 14 облыс пен сол кездегі екі бас қаламызға, Шынболат ағамыздың барлығы 16 терме, толғауы бөліп-бөліп жіберілді. Шәкеңнің аты халыққа айтыспен танылды ғой. Айтысты қалай өткізген жөн? Бұл жөнінде есімі елге әйгілі Аманжол Әлтаев ағамызға хабарластым. Ол мерейтойға шейін бірер жыл бар екенін ескеріп, алдын ала дайындықты биылдан бастап жіберейік деген ой айтты. Бұл 2016 жыл болатын. «Қалай?» деген біздің сұрағымызға Әлекең: «Айтысты жастар арасында насихаттау мақсатында жас ақындар айтысын өткізіп көрейік. Егер бәрі ойдағыдай болап жатса, Шынболат ағамыздың мерейтойы тұсында бәлкім, республикалық деңгейде өткізуді ойластырармыз» деді. Сөйтіп, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 2016 жылы алғаш рет облыстық жас ақындар айтысын өткіздік. Айтыс қорытындысында Аманжол ағамыз сахнадан «Елдің ықыласын көріп тұрмыз. Жас айтыскерлердің талабын ұштау мақсатында келесі жылы республикалық деңгейде өткізуге болмас па екен?» деген ой тастап еді, залдағы жұртшылық «дұрыс, дұрыс» деп қолдау танытты. Ойласып көрдік, ақыры, ақынның тілегін жерде қалдырмадық. Ал, 2018 жылы Шынболат Ділдебаевтың 80 жылдығына арналған халықаралық жас айтыскерлер додасындағы қазылар алқасына Жүрсін Ерман төрағалық етті. Пандемия өкінішке орай, осындай дәстүрлерді жалғастыруға кесірін тигізіп жатыр. Егер жағдай дұрысталатын болса, жыл соңына таман қаламызда Жүрсін ағамыздың 70 жылдығын республикалық айтыс жасау арқылы тойлау ойымызда бар.

– Осындай ірі шаруаларды атқаруға қаланың зиялы қауымының қатысы қалай?

– Осындай ауқымды шаруаларды әкім немесе оның аппараты өздігінен атқара алмайды. Егер біздің бастамаларымыз жергілікті зиялы қауымнан, жалпы көпшіліктен қолдау тапқанда ғана нәтижелі болмақ.

Біздің қалада өзіңіз жақсы білетін «Шындық» деп аталатын қоғамдық бірлестік бар. Атауына қарасаңыз әлдебір оппозициялық ұйым тәрізді. Өзім де алғашында солай ойлағанмын. Сөйтсем... Шынболат ағамыз өмірден өткен соң қаланың ақын-жазушылары, мәдениет, өнер адамдары бас қосып, қоғамдық бірлестік құрып Шәкеңнің атақты «Шындық» толғауын бірлестік атауына таңдаған екен. Міне, осы «Шындықтың» мүшелері руханият, мәдениет, өнер мәселелеріндегі менің ақысыз-пұлсыз кеңесшілерім деп айтуға болады.Үнемі сол кісілермен ақылдасып отырамын. Пікір тоғысқан жерде оңды шешім қабылданады. Мен сізге қаланың зиялы қауымымен бірлесе отырып атқарылған бар шаруаны емес, тек «Ұлытау» көшесі бойындағы жаңғыруларды айтсам ғана деймін.

Қасиетті Ұлытауға жол біздің қалада «Ұлытау» көшесі арқылы өтеді. Көшенің атауы – тарихи. Бірақ, осы көше бойында ұлт тарихын бейнелейтін ешқандай нысан, белгі жоқ екен. Зиялы қауыммен ақылдаса келе, көше бойынан «Ұлы Даланың Керуен жолы» композициясын аштық. Бұл композицияны жақсы ырымға балап, келген жолаушының «Жолы оң болсын!», «Олжаға кенелсін!» деген ниетпен орнаттық. Тарихи деректерге сүйенсек, қазіргі Сәтбаев қаласы кезіндегі Ұлытауға баратын керуен жолының үстіне орналасқан екен.

Жезқазған -Ұлытау аймағында «Төрт босаға» ұғымы бар. Бұл кезінде елді ел еткен, оның бірлік, ынтымағын қамтамасыз еткен Сандыбай батыр, Қадір, Шегір, Бабыр билердің есімдеріне байланысты. Қаладағы Бабыр би көшесі Ұлытау көшесімен қиылысады. Биыл Бабыр би ұрпақтары Бабаларына әдемі ескерткіш орнатты. Сөйтіп, «Ұлытау» көшесі тағы бір тарихи тұлғамен толықты. Бабыр би кім болған? Оның елге қандай еңбегі сіңген? Оқырмандар тарапынан осындай сұрақ туындауы мүмкін. Бір ғана мысал келтірейін. Кенесары атамыздың сарбаздарының қатарында Бабыр бабаның бауырынан өрген 10 баласы, 12 немересі болған! Осыдан-ақ Бабыр бидің қандай тұлға болғаны түсінікті болар!

Енді қазір осы көше бойынан өлке тарихынан сыр шертіп, өткенге саяхат жасауға мүмкіндік беретін Ұлттық тарих саябағы ұйымдастырылуда. Мұнда аймағымыздағы Алашахан, Жошыхан, Домбауыл, Болған ана кесенелері, Хан ордасы, Аяққамыр секілді тарихи орындардың шағын макеттері орнатылады, әлгінде айтқан «Төрт босаға» атанған төрт тұлғаның барельефі бой көтереді. Саябақта тұрақты түрде экскурсовод жұмыс істейтін болады. Меніңше, бұл жоба қала жастарының тарихты тануға деген ынта-ықыласын арттырады. Тек жастардың ғана емес.

– Сөзді тілмен бастадық...Енді қаладағы мемлекеттік тілдің жай -күйі туралы аяқтасақ...

– Баршаға белгілі мемлекеттік тілде сөйлеуге, сол тілде арыз-шағым жазуға ешқандай кедергі жоқ. Кез келген азамат осы мүмкіндікті пайдалана білсе, тіл туралы артық-кем әңгімелер айтылмас та еді. Жекеменшік құрылымдар тарапынан да түсіністік бар. Біз кәсіпкерлік нысан өкілдерімен халыққа қызмет ету кезіндегі ең көп қолданылатын қарапайым сұрақтарға жауап қайтаратындай сабақтар өткіздік. Мысалы, «Мынау диван қанша тұрады?», «Басқа түрі бар ма?», «Несиеге берсе қалай төлейміз?» т.т. ауызекі әңгімеге ыңғайланған сабақтар нәтижесін беруде. Қазір осы сабақ жалғасып жатыр.

Тәуелсіздік жарияланған 1991 жылы қаламызда 2 қазақ мектебі, қалғаны бірыңғай орыс мектебі болған. Аралас мектеп бола қоймаған. Ал, қазір 13 мектептің екеуі – орыс, бесеуі қазақ, қалғаны аралас тілді мектеп. Барлығы 11700 оқушы блса, осының 8200-ге жуығы қазақша білім алады.

Балабақшалар туралы айтар болсам, 3 балабақша таза қазақша, қалған 11-і аралас. Барлығы 73 қазақша топ бар, мұнда 1800-ге жуық бала тәрбиеленуде. Қазақ топтарына баратын өзге ұлт балалары да бар, бірақ, аздау. Бірақ, бұрын мұндай да болмайтын еді ғой.

Бір байқағаным, өзге ұлт жастары арасында қазақ тіліне деген қызығушылық бар. Менің қабылдау бөлмемде Оксана Кравченко деген келіншек жұмыс істейді. Өзі қазақшаға қамшы салдырмайды әрі өзіміздің келін. Мен бұл баланы Жезқазғанда бір жиында байқап қалып, өзіме жұмысқа шақырдым. Оксана: «Мені көргендер маған орысша амандасады, ал, мен қазақша жауап қайтарғанда таңданып қалады» дейді. Көрдіңіз бе? Көп нәрсе өзімізге байланысты.

«Мен бұрын мектепте орысша оқыдым» деген сылтау айтуға болмайды. Уақыт өтті, жетті. Әркім өз ана тілін үйреніп десе, ынтасы болса, ешқашан кештік етпейді.

– Сұхбатыңыз үшін көптен-көп рахмет!

Әңгімелескен: Абдолла ДАСТАНОВ,

Сәтбаев қаласы

Қарағанды облысы.