«Ән құдіретін асқақтатқан Мұхит сал» атты республикалық әншілер байқауы мәреге жетті

«Ән құдіретін асқақтатқан Мұхит сал» атты республикалық әншілер байқауы мәреге жетті

Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданында атақты әнші-композитор Мұхит Мерәліұлының 180 жылдығына арналған «Ән құдіретін асқақтатқан Мұхит сал» атты республикалық дәстүрлі әншілер байқауының жеңімпаздары белгілі болды.

Екі күн бойы өткен, үш кезеңнен тұратын байқауға Қазақстанның жеті облысынан 17 үміткер қатысып, бақ сынады.

Байқау шартына сай қатысушылар алғашқы кезеңде Мұхиттың кең тынысты туындысын және өз өңірінен шыққан халық композиторларының бір әнін көпшілік назарына ұсынды.

Одан кейінгі кезекте жеребе тарту арқылы дәстүрлі ән мектептерінен бір туындыны, өз қалауы бойынша халық әнін шырқады.

Байқау барысында бақ сынаған өнер иелері соңғы кезеңде Мұхиттың «Айнамкөз», «Паңкөйлек» секілді туындыларының біреуін және өз қалауымен бір әнді тыңдарман назарына ұсынды.

Қазылар алқасының көшін «Құрмет» орденінің иегері, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның солисі Қайрат Кәкімов бастаған-ды. Дүбірлі байқауда өз өнерімен өзгелерден оқ бойы озық шыққан маңғыстаулық Нұрым Асқанов бас жүлденің иегері атанды.

Павлодарлық Дәуренбек Сламғалиев бірінші, батысқазақстандық Нұршат Исламғалиев пен атыраулық Байбақты Ідірбай екінші, алматылық Қайратбек Бектұрсын мен атыраулық Фатима Серікбаева үшінші орынға лайық деп танылды.

Ән құдыретін асқақтатқан Мұхит тойына Алматыдан белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Сәуле Жанпейісова арнайы келіп қатысты.

Дәстүрлі ән өнерін насихаттауды көздеген осынау байқауға қатысқан барлық қатысушыларға кәдесыйлар беріліп, жеңімпаз-жүлдегерлер арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

qazaquni.kz