Ұлттың қандай екенін мәдениетіне қарап тануға болады - Азат Перуашев
2021 ж. 16 қыркүйек
2694
0
Бүгін Алматыда Мәжіліс депутаты, "Ақ жол" демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев пен Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса және партияның қалалық филиалының төрағасы Олжас Нұралдинов атақты мүсінші Тілеуберді Бинашевті 65 жылдық мерейтойымен құттықтады, - деп хабарлайды «Қазақ үні» ақпарат агенттігі.
Т. Бинашев - ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Санкт-Петербург өнер академиясының мүшесі, Қазақстанның түрлі қалаларына сән беріп тұрған бірқатар монументалды жұмыстар мен композициялардың авторы. Мүсінді бағалаушылар, әсіресе, Қажымұқан Мұңайтпасов, Абай, Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен өнерін бейнелейтін ескерткіштерді ерекше атап өтеді.
ҰАУ ректоры Тілектес Есполов, еңбек сіңірген суретші Байтұрсын Өмірбеков, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысушы Гүлбахрам Жүніс және шығармашылық интеллигенцияның басқа да өкілдері Тілеуберді Бинашевті құттықтауларымен қатар, Үкіметке биылғы 23 маусымда жолданған депутаттық сауал үшін "Ақ жол" демократиялық партиясына және Қазыбек Исаға жеке ризашылықтарын білдірді.
- Аталмыш сауалда біздің фракция 30 жыл ішінде қалыптасқан жағдайды қатты сынға алды, онда шығармашылық одақтар "қызығушылық клубтарына" теңестіріліп, тұрақты қаржыландырудан айырылғаны, бұл мәдениет пен идеологиялық жұмыстың толық құлдырауына әкелгені айтылған, - деп жазды А. Перуашев телеграм каналында.
Осы сауалға берілген ресми жауапта Үкімет жіберілген олқылықты мойындап, базалық шығармашылық одақтарға тиісті қаржыландырумен және өзге де мемлекеттік қолдаумен "стратегиялық серіктестер" мәртебесін беру ниеті туралы хабарлады.
Сонымен қатар, «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев пен Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік бейнелеу өнері мұражайында өткен белгілі қылқалам шебері, ҚР Еңбек сіңірген суретшісі Жанұзақ Мүсәпірдің жеке көрмесінің ашылуына қатысты.
Шараға белгілі зиялы қауым өкілдері, суретшілер мен БАҚ өкілдері жиналды.
Жиын аясында шығармашылық интеллигенция мүдделерін сәтті қорғағаны үшін «Ақ жол» демократиялық партиясына белгілі қайраткерлер тарапынан көп алғыс айтылды.
Өз сөзінде Азат Перуашев Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде У.Черчилльмен болған эпизодты еске алды.
- Оқиғада Қаржы министрі премьер-министр Черчилльге тағы бір қиын соғыс жылына арналған бюджет жобасын алып келді. Сонда «Мәдениетке жұмсалатын қаржы қайда?» - деп сұрайды премьер-министр.
«Соғыс жүріп жатыр, мәдениетке уақыт жоқ», - деп жауап береді министр. Ал, премьер-министр «Сонда біз не үшін соғысамыз деп ойлайсыз?» деп ашуланып, осы салаға жұмсалатын шығындарды бюджетке қосуды талап еткен екен.
Ұлттың, халықтың қандай екенін мәдениетіне қарап тануға болады. Мәдениет арқылы ұлттық ерекшелікті, ағылшындарды немістерден, қазақты қытайларлардан, тіпті орыстарды украиндардан ажыратып, тани аламыз. Осы үшін өмір сүріп, күресуге болады, - деді А. Перуашев.
Депутаттар Жанұзақ Мүсәпірге және қазіргі суретшілерге, жазушыларға, журналистерге баға жетпес еңбектері үшін алғыс айтты.