Қазақ тіліне деген құрметті ең бірінші өзіміз көрсетуіміз керек
2021 ж. 17 қыркүйек
1691
0

Президенттің биылғы Жолдауы менің көңілімнен шықты деп нық сеніммен айта аламын.Себебі, мемлекеттік тіліміз – қазақ тіліне қатысты үш маңызды мәлімдеме жасалды. Біріншіден, Президент «Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі», – деді. Екіншіден,«Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді», – деді. Үшіншіден, «Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс», – деді. Міне, Президенттің осы үш мәлімдемесі қазақ тілінің болашағының жарқын екенін айғақтай түспек.
Қазақ тілі қайтсек дамиды? Әрине, барша қазақстандықтар түгел қазақ тілінде сөйлеген кезде. Бұл үрдісті әлбетте біз ең бірінші өзімізден бастауымыз керек. Яғни, қаракөз қандастарымыз өзінің ана тілінде сөйлеп, өзге ұлттарға бұл тұрғыдан үлгі болуға тиіс. «Өзіңді өзің сыйламасаң, өзгеден сый дәметпе» демекші, өзіміз ең әуелі өз тілімізге қорған бола білсек, онда біздің алмайтын асуымыз болмайды. Әсіресе, Алматы, Нұр-Сұлтан сияқты ірі қалалардағы және солтүстіктегі, орталықтағы өз қазақтарымыздың өз тілін білуін талап етуіміз керек. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыра түсу қажет. Біздің басты «бас ауруымыз» – осы болуы керек. Ең бірінші, қазақтарды қазақша сөйлетіп алсақ, қалған мәселенің түйіні де жеңіл әрі оңай шешіледі.
Қазіргі кезде мемлекеттік қызметкерлерден мемлекеттік тілді талап ету туралы шешім қабылданып жатыр. Мұның өзі қазақ тілінің дамуына, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесінің артуына қосылған зор үлес болмақ.
qazaquni.kz