Дулат ИСАБЕКОВ: Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту – кезек күттірмейтін мәселе
2021 ж. 17 қыркүйек
1876
1
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты жыл сайынғы Жолдауын жариялады. Осы жолғы Жолдау барысында: Пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму; Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру; Сапалы білім беру; Өңірлік саясатты жетілдіру; Еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру; Саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау; Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы сынды басым бағыттар әңгіме өзегіне айналды.
Бүкіл ТМД елдері бойынша ең төменгі жалақы – біздің Қазақстанда ғана екен. Соны Президенттің өзі атап көрсеткеніне риза болдым. Осылайша ең төменгі жалақы – 42500-теңгеден 60 мыңға көтеріпті. Әрине, ол да бір керемет ақша емес. Бірақ аз да болса көтерілгені көптің көңілін көтеріп тастады деген ойдамын.
Сондай-ақ, осынау Жолдау аясында жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, орта және кіші бизнесті дамыту сынды өзекті мәселелердің көтерілуі елдің көкейіндегі көптеген түйінді тарқатты.
Рухани сала – ел өмірінің маңызды тұсы. Бұл тұрғыда қазақ тілінің тағдыры да Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмады. Жұрттың күткені де дәл осы қазақ тілінің жай-күйі-тін.
« – Қазақ тілі – ол мемлекеттік тіл. Қазақстанның шеңберінде жалғыз ғана тіл бар – ол қазақ тілі» делінген Жолдауда. Мұның өзі жақсылықтың нышаны. Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі Президент айтқандай, өзінің қолдану аясын кеңейте берсе, онда өзінің нағыз мемлекеттік мәртебесіне ие болатын күн де алыс емес екені сөзсіз.
Жолдаудан соң жарияланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Исаның «ТІЛДІК ДИСКРИМИНАЦИЯҒА ұшырап жатқан ҚАЗАҚ ТІЛІ, орыс тілі емес!» атты мақаласында Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесіне баса назар аударады. Бұл менің көкейіме әбден қонып отыр. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін Мемлекеттік тіл туралы заң ауадай қажет-ақ. Ендігі жерде біз қазақ тіліне қатысты бар шаруаны сөз жүзінде қалдырмай, ары қарай дамытудың практикалық жолдарын жасауымыз керек. Бұл күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін басты мәселе болуға тиісті.
qazaquni.kz