Жамбылға жаңаша көзқарас қажет
2021 ж. 06 қыркүйек
1809
0
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласыда: «Ұлы дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді... Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күй¬лері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» дей келіп, «жаңғыру» ұғымына мейлінше жан-жақты қарау қажеттігіне тоқталды. Ендеше жас ұрпақ та әр құбылыстың астарына терең үңіліп, ұлы тұлғаларымыздың болмысын әлемдік деңгейге шендестіре безбендегені жөн.
Бертінге дейін Жамбыл атамызға қатысты қаншама ғылыми еңбек жазылып, ұлы жыршыға қаншама өлең-жыр арналғаны мәлім. Көзі тірісінде-ақ аңызға айналған осынау абыз туралы неше қилы әңгімелер айтылғаны да жасырын емес.
Қалай болғанмен, Жамбыл мінездемесін «феномен – феникс» деп бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген Ғабит Мүсірепов сипаттамасы Жәкеңе берілген соншама дәл баға сияқтанады.
Қарап отырсақ, біз бәрібір, кейде осы алып тұлға туралы әлі күнге дейін сол баяғы ескіше көзқарастан шыға алмай келе жатқандаймыз. Мың бояулы ғажайып ғаламды тек ақ пен қара түске ғана бөліп қарап, кез келген құбылысты «жақсы» немесе «жаман» дей салатын жалпақ қазақы мінезбен, кейде Жамбылдай аталарымыздың да қадіріне аса жете алмай жүргендей көрінетініміз рас.
Бүгінде тәуелсіз елімізді төрткүл дүниеге кең таныстыру туралы жиі айтылады. Ал қазақ өнері мен мәдениетін әлемге әйгілеу туралы сөз қозғалғанда, алдымен кейде осы Жамбыл атамыздың ойға оралатыны бар.
Себебі, Жамбыл шығармашылығы қазақ шекарасынан асып, алдымен бүкілодақтық, одан әлемдік кеңістікке сонау отызыншы жылдары-ақ тарала бастаған екен. Оның жырлары орыс тілі арқылы біртіндеп ағылшын, неміс, венгр, чех, болгар, поляк, румын тілдеріне аударылады. Жамбыл жырларын ұнатқаны сонша, оның өлеңін сол тұстардағы көрнекті қаламгер, атақты әдебиет сыншысы Джек Линдсейдің өзі тәржімалаған.
Батыс Еуропа елдерінің көзіқарақты қауымы Жамбыл шығармашылығынан халқының сарқылмас рухани байлығынан мол сусындап, ғажайып фольклор дәстүрін жаңа заманғы үлгілерімен ұтқыр ұштастыра білген керемет шебердің қолтаңбасын таниды.
– Он бесте-ақ домбыраны алдым қолға,
Тең басқан төрт аяғын болдым жора.
Он алты желі ұзатты, өрістетті,
Түскендей бұлтартпайтын даңғыл жолға.
Топ десе, он жетімде тартынбадым,
Семсердей майдандағы жарқылдадым.
Ақынды ауылға ермек басып озып,
Жұлдыздай көзге түсіп, жалтылдадым.
Еріксіз он сегіз жас мінгізді атқа,
Бір Жамбыл бөлінгендей екі жаққа.
Бір жағы – қайнап өскен қалың елім,
Бір жағы – атқа мінген бай мен датқа.
Жауларды ел қарғаған жамандадым,
Манапқа жақсы сөзді таба алмадым.
Аз сөзім бай, манапқа арналғанда,
Жалтақтап, ел не дер деп, алаңдадым.
Келгенде жеме-жемге, елде қалдым,
Шалшыққа шатылмадым, көлде қалдым.
Шалқардың шалқып жүзген мен аққуы,
Келмеді сасық, шалшық жерде қалғым, –
деп шалқытқан Жамбыл жөнінде «Правда» газеті: «Жамбылдың жалынды, қуатты жырлары миллиондаған жүректерді тебірентіп, адамзатты жасампаздыққа үндейді. Біз Қазақ елінің даңқты жыршысының терең лиризмге толы отты өлеңінен өз заманымыздың ұшқыр ырғағын сезінгендей боламыз, алып ақынның шалқар шабытын аңдаймыз» деп жазады.
1939 жылы аталып өтілген Жамбыл шығармашылығының 75 жылдығы тек қазақ мәдениетіндегі ғана емес, сол кездегі бүкіл Совет әдебиетіндегі дүбірлі оқиға болғаны, міне, сондықтан да еді. Осы шараға орай Еуропаның ең көрнекті ақын-жазушылары ыстық құттықтауларын жолдайды. Мысалы, Ромен Ролланның: «Батыстағы Альпі жүрегінен Қазақ даласының жүрегіне – Қазақ халқы мен жаңа адамзаттың жыршысы – Жамбылға бауырластық жалынды сәлем!» деген сөзін оқимыз. Сол секілді Мартин Андерсен Некс: «Жамбыл! Сіз ең бақытты адамсыз. Сіздің көшпенді өмір салтынан алдыңғы қатарлы совет мәдениетіне дейін қызықты да, аса бай құбылыстарды өткерген жарқын жүрегіңіз кемел адамзат келешегі жолында талмай соға беруіне тілектеспін!» дейді. Айта берсе, сол сәтте мұндай жеделхаттар жер жүзінің түкпір-түкпірінен келген екен.
Жамбыл даңқы Батыс елдерінде ақынның Ұлы Отан соғысы жылдарында әдебиеттің халықты идеялық-саяси қаруландыру бағытындағы орасан рөліне байланысты тіптен арта түскенін білеміз. Жамбылдың бұл тақырыптағы жырларының бірқатары 1943 жылы Нью-Йоркте шыққан «Біріккен ұлттардың соғыс поэзиясы» жинағына енуі бекер емес. Әсіресе, ақынның шыққан бойда жер-жаһанды шарлап кеткен атақты «Ленинградтық өренім!» өлеңінің орны бөлек.
Ленинград қорғанысына қатысушы, белгілі жазушы Всеволод Вишневский: «Ленинградтың ең ауыр күндерінде – 1941 жылдың күзінде – заңғар Жамбыл бізге – қала қорғаушыларына «Ленинградтық өренім!» деген керемет үндеуін жолдады. Мұны толқымай, көзге жас алмай оқу қиын. Біз бұл хатты өте қажет кезде қосымша резерв жеткендей қабылдадық. Қазақ халқы бізге өзінің бауырластық сәлемін, ыстық сүйіспеншілігі мен шынайы достығын жолдады. Осы арқылы біз күшімізді еселеп, қатты рухтанып, ұрысқа аттандық» деп жазыпты.
Ал Праганың «Людова культура» журналы қазақ ақыны туындыларының тіл байлығы мен ой тереңдігінен, халықтық терең құнарынан, табиғи тартымдылығынан бөлек тәрбиелік мәнінің маңыздылығына тоқталып, көлемді мақала арнайды. «Қалай дегенмен, Жамбыл – қазақ халық поэзиясы дәстүрінің заңды мұрагері, әрі сол бағыттың лайықты жалғастырушысы. Оның жырларының халықшылдығы – ақын шығармашылығының ең бағалы қыры. Жамбыл құдіреті де сонда» деп түйеді автор.
Айтса айтқандай-ақ, осы пікір күні бүгінге дейін мәнін жойған жоқ.
Заңғар суреткер Мұхтар Әуезов те Жамбыл феноменіне ұдайы қайран қалады. Мәселен, ол бір естелігінде былайша ой түйіпті: «Бар айтысында Жамбыл ел қорғаны болған азаматты арман етеді. Ел бағына туған ұлы азамат ел көзіндегі жасты тыйса екен, қиял мекеніне жеткізсе екен, жаңа күн туса екен дегеннің арманы. Ол арманының екінші жағы, өз заманындағы байға, ұлыққа, қажы, молдаға, төре, тілмашқа, болыс, биге ызалы кекесін болу. Құлманбеттің байларын, Сарыбастың жуандарын, Досмағанбеттің дін үгітін, Шашубайдың Байбұландай саудагерін, Бақия, Барлыбектей шенді төрешіктерін Жамбылдың кісі құрым көрмейтіні сол.
Кейінгі Жамбыл айтқандай, көп өлеңнің болашақ сипаты айтыста жатады дедік. Ең әуелі сипаты көрегендік пен сезгіштік. Жамбылда тез жер тану бар. Дүниені қырағы, алғыр көзбен лезде шолу бар.
Осы соңғы дәуірдегі жырларының екінші саласы жауға арналған ащы, зәрлі, ызалы, мысқылды, жиреніш жыры болса, ол да бұрынғы айтыстан өз төркінін табады. «Шытыр жеген өгіздей аунап өлген» дейтін Мақсұт турасындағы ызалы күлкі кездейсоқ емес-ті. Жақсыны көксеумен қатар, жамандықты, зұлымдық сорақылықты көргіш, сезгіш ақын. Бұрын оларды үнемі әшкерелеп жазалап жүрген. Бұнда Жамбыл түре айтыстың ақпа ақыны, көреген, сезімтал, от аузында айтқыш ақын. Ашуына, сынына кезіккен кісі ажалына кезіккендей болатын. Сол мінді көргіш, көргенін қолма-қол әшкерелегіш, жерлегіш, сөзі шоқтай күйдіріп түсетін Жамбыл, бұрын талай Мәңкедей болыстарды масқаралаған-ды:
– Жанқойлық болысы пысық келеді,
Мұрындары пұшық келеді.
Екі арадан ептеп жерінде,
Көздерін қысып келеді.
Сондай-ақ парақор, жеміт тілмаштарды да сау тастамаған:
– Болысқа жолдас болды песір деген,
Жігітке жарамайды кесір деген.
Екейді қаңғып келіп, Шыбыл жейді,
Құдайдың уақыты шығар жесін деген, –
деп, әшкерелейді.
Тағы бір кезекте, Мекке жолында қасына еріп барған Тәйті өлгенде,
соның пұлын жеп қойған Шыбылдан шыққан Сауырбай қажыға:
– Мекеге біреу барса Шыбыл барсын, – деп, әшкерелеген болатын. Сондағы турашыл, зілді ашулы ызғарын Жамбыл кейінгі дәуірдегі халық, ел, Отан дұшпанына немесе күндегі құрылыс болмыстағы үлкенді-кішілі зиянкеске, не тоғышар жарыместерге оп-оңай жұмсайды. Бұл жөнінде қалт еткен мінді, қылп еткізбей бас салып, дара тіліп шырқатып шығаратын айтқыштық, қазақтың Жамбыл алуандас ақындарында аса көп болған. Дәл Жамбылдың замандас, үзеңгілес ақындарының өзінің ішінде де осылай айтатын, талай, ақтыбоздысын жүйрік айтқыштары болған-ды. Жамбыл олардыд көбімен үнемі қағысумен, қаржасумен өскен».
Енді бір сәт Қазақстанның Халық жазушысы Әбділда Тәжібаевтың естелігіне де қояйық: «Абай Құнанбайұлы мен Жамбыл Жабаев – замандас ақындар. Сондықтан болар, бір-бірімен тығыз байланысты. Екі ойшыл да шығармаларындағы ең басты тақырып – халық жайлы ерекше жыр толғайды. «Қазақ поэзиясының алыбы» атанған Жамбыл мен қазақтың бас ақыны, ұлы ойшыл Абайдың арасында қаншама ортақ ерекшеліктер бар. Екі ғасырдың куәсі болған Жамбылдың жасына Абай жетпегенмен, замандасы секілді ұлы көтерілістер мен соғыстың куәсі болмаса да, ол өзі өмір кешкен ғұмыры бойына өз заманының қатігез басқыншыларын, халықты қанаған жауыз отаршылдардың езгісін көрген болатын. Жамбыл: «Мынау тұрған Абайдың суреті ме? Өлең-сөздің ұқсаған құдіретіне. Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған, Қарсы келер Абайдың кім бетіне!» -дей отырып, Абай құдіретін басқалардан ерекше мойындап, Абай шығармаларынан нәр алған. Мұхтар Әуезов Абай жайлы «Абай үні, Абай лебі, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні» дейді. Ал Жамбылға «Жетісу ақындарының алтын діңгегі» деп баға береді. Міне, осыдан біз Абай мен Жамбылдың бүкіл халыққа, әріптестеріне, ұрпақтарына үлгі тұтарлық, сыйлы да қадірлі жандар болғанын ұғынамыз».
Ойымызды қорытар тұста қайталап айтар болсақ, «Шам жарығы түбіне түспейді» демекші, біздің Жамбыл тұлғасына әлі де біржақты қарайтын тар шеңберден толық шыға алмай келе жатқанымыз анық.
Ендеше, уақыт озған сайын Жамбыл феномені сырына терең бойлап, оған мейлінше жаңаша көзқараспен келгеніміз жөн секілді.
Мағаз ӘКІЖАН,
Алматы.