Рухани жаңғыру - ұлттық мүддемен үндес ұғым

Рухани жаңғыру - ұлттық мүддемен үндес ұғым

Рухани жаңғыру өте маңызды, ауқымды ұғым екені белгілі. Оның аясында біз өз төл тарихымызды, мәдениетіміз бен әдебиетімізді, ұлттық салт-дәстүрімізді, дініміз бен тілімізді және атадан балаға мұра боп қалған өзге де баға жетпес құндылықтарымызды танып біліп, жаңғырта аламыз. 2017 жылдың 12 сәуірінде сол кездегі мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы халықтың қолдауын тауып, одан бері үкімет пен қоғамдық ұйымдар тарапынан осы бағытта көптеген істер атқарылды деп айта аламыз.

       Рухани жаңғыру – қазақ ұлтының салт-санасы мен мәдени дүниетанымын дамытатын, оң өзгерістерге бастайтын қозғаушы күш екеніне көз жеткізе бастадық. Оған соңғы жылдардағы тәжірибеміз куә. Халықтың қолдауын тапқан бұл бағдарлама әдеттегідей жоғарыдан жіберілетін сансыз нұсқауларды күтпей-ақ өздігінен саналы, ерікті түрде елімізде іске асып жатыр.

        Аталмыш құнды бастама алғашында мақала болып шыққанымен, елімізде өзекті бағдарлама ретінде қабылданып, 2017 жылдың 26 сәуірінде оның іске асуын үйлестіріп қадағалайтын орган ретінде Қазақстан Президентінің жанындағы арнайы ұлттық комиссия құрылды. Бұл да өзінің оң нәтижесін берді деуге болады. Ол қазіргі уақытқа дейін өзіне тиесілі міндеттерін атқарып келеді. Бағдарлама кейін де мемлекет басшысының Жолдауларында нақты көрініс тауып, дамытылып отырғанын да айта кеткеніміз жөн. Айталық, 2018 жылғы 10 қаңтардағы президенттік Жолдауда негізгі тақырып еліміздегі экономикаға қатысты өнеркәсіптік өркендеу болғанымен, адамдарымыздың рухани жаңғыруына да ерекше көңіл бөлінді. Әсіресе, қазақ тілінің терминологиясын жүйелеу, 2025 жылға дейін латын графикасына көшу кестесін дайындау, ағылшын тілін меңгеру мен цифрлық білімді дамыту мәселесі күн тәртібіне шығарылғанын білеміз. «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс» деген болатын Президент. Ал, 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шын мәнінде халық арасында жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін бергені туралы айтылды. Бұл шындық болатын, бүкіл еліміз бойынша бұл бағдарлама нақты іске аса бастады. Ол өз алдына, сонымен бірге, бұл бастаманың шеңберін жаңа мазмұнмен, бағыттармен кеңейту қажет деген қосымша міндеттер қойылды. Оған да толық негіз бар, халық қолдаған бастама жалғасын табу керек болды. Рухани жаңғыру ауқымды шарасы негізінен:

 -Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық

-Туған жер

-Қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуі

-Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы

-Жаһандағы қазақстандық мәдениет

-Қазақстандағы 100 жаңа есім сияқты басты алты бағытта жүргізілді. Бағдарлама бұнымен шектеліп қалды деуге болмайды. Осы негізгі алты бағыттардан туындайтын өзге де шаралар жүзеге асырылды, асырылып та жатыр. Алдағы уақытта өз жалғасын таба беретініне сенімдіміз.

                           ОРТАҚ ІСТЕ ЖАСТАРДЫҢ ҮЛЕСІ МОЛ

           «Жас келсе іске» демекші, елімізде қандай бастамалар мен жоспарлар ұсынылса да оның қомақты бөлігі жастардың иығына түсетіні белгілі, ол заңды да. Кез келген қиындықты жеңіп, небір биік асуларды алатын да сол жастық жалын, жастық жігер емес пе! Осы орайда біздің жастарымыздың белсенділігін ерекше атап өткеніміз жөн. Олар атқарылған шаралардың бел ортасында жүріп, негізгі жұмыстарды атқара білді. 2018 жылғы қазандағы Президент Жолдауында еліміздің тарихында алғаш рет 2019 жылды «Жастар жылы» ретінде бекіту ұсынылғаны белгілі. Бұл тарихи құжат жастарымыздың елдегі мемлекеттік, қоғамдық істерге етене араласуына мүмкіндік ашты. Яғни, жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс деген міндеттер қойылды. Жастар жылында рухани жаңғыру бағдарламасымен үйлесімде ауқымды жобалар қалыптастыру қажет болды. Ол міндетті «Ұлы Даланың жеті қыры» аясындағы жастарға арналған жобаларда атап көрсетілді. Жастар жылы шеңберіндегі «Жастар елі тірегі», «Жас кәсіпкер» жобалары жастардың бизнес-инициативаларын және әлеуметтік жобаларын қолдауға арналып, оларға мол мүмкіндік берді. «Жол картасы» бойынша жас ғалымдардың іргелі және қолданбалы зерттеу жүргізуіне 2019-2021 жж. аралығында жыл сайын 3 млрд. теңге қаражат бөлінді. «100 жаңа есім» жобасы да Қазақстан жастарының төл жобасы болады. Сол арқылы жүздеген талантты, білікті, іскер жастардың есімі елімізге танылды.

          Жалпы алғанда еліміздегі рухани жаңғыру бағдарламасын – үздіксіз қозғалыс деп атауға болады. Оған Тәуелсіздік жарияланған соң қолға алған барлық рухани-мәдени шараларды, егемендіктің алғашқы жылдарындағы «Мәдени мұра» бағдарламасын, «Тарих толқынындағы халық», ҚР Президентінің Ұлытаудағы сұхбатын, сол сияқты «Ұлы Даланың жеті қырын» осының құрамдас бөлігі десек қателеспейміз. Ел аумағы бойынша атқарылған осы іс-шаралар мен бағдарламалар бағзыдан келе жатқан рухани-мәдени қазынамызды қайта қарап, тарихи танымымызды тереңдетіп, бүгінгі қоғамдық сананы жаңартуды көздейтін аса қажет құжаттар. Оның қатарында қазіргі мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Барымыз да, бағымыз да – Тәуелсіздік» атты сұхбаты да бар.

          Шынын айту керек, бұл бағдарлама ұсынылған күннен зор қолдау тауып, шұғыл қолға алына бастады. Тек қана бірінші бағыт бойынша алғашқы жылдың өзінде жоғары оқу орындарының ұсыныстары негізінде 800 алғашқы оқулықтар тізімі құрастырылды. Оған 17 жұмыс тобы мен 90-нан астам сала мамандары қатыстырылды. Әлемдегі ең үздік деген еңбектерді қазақ тіліне аудару орталығы да ұйымдастырылды. «Ұлттық аударма бюросы» да құрылып, алғашқы нәтижелерін көрсетті. Сол жылы әлеуметтік-экономикалық, гуманитарлық саладағы 18 кітаптың тұсауы кесілді. Одан кейінгі жылдары да бұл жұмыс жалғасын тауып келеді. Енді қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттері экономика, гуманитарлық ғылымдар мен өзге де пәндер бойынша әлемнің үздік еңбектерін қазақша оқуға мүмкіндік алды. Бұл екінші жағынан отандық аударма саласы үшін де үлкен тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді.

          Қазақ тілі мен әдебиетіне арналған аударма жұмыстары «Жаһандағы қазақстандық мәдениет» бағыты аясында да іске асуда. Атап айтқанда, қазақ әдебиетінен 30 ақын мен 30 жазушының 500-ге жуық шығармасы әлемнің ағылшын, испан, француз, қытай, орыс және араб секілді алты тіліне аударылды. Әлемге танымал және қазақстандық қоғамда сұранысы бар телеөнімдерді қазақ тіліне аудару мен дубляждау жұмысы да жолға қойылғанын айта кетуіміз керек. Енді өзіміздің кино туындыларды әлемге таныту мәселесі қолға алынса құба құп. Әрине ол үшін кино өнерінің деңгейін көтеруге тура келеді. Сұранысқа ие, сапалы өнімдер қай елде болса да жоғары бағланатыны белгілі.

     Ең бірінші рухани байлығымыз мемлекеттік тілді дамыту өзекті мәселе. Осы кезеңде латын графикасына көшу тақырыбы қоғамда терең талқыланды. Латын графикасындағы қазақ әліпбиінің бірыңғай ережесі Мемлекет басшысының 2017 жылғы 9 қазандағы жұмыс тобының мүшелерімен кездесуінде ұсынылып, 2018 жылғы 19 ақпанда «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» ҚР Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы № 569 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Жарлығы шықты. Соған орай жаңа нұсқа бекітіліп, 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшу жоспарланды. Қазақстанның ірі қалаларында өткен жалпыхалықтық диктант азаматтардың жаңа әліпбиге оң көз қарасын көрсетті. Демек бұл іс те өз шешімін таппақшы.

     Жастар туралы біздің қоғамда әртүрлі әңгімелер айтылып жататыны жасырын емес. Кейде кемшіліктерді ғана көретін теріс пікірлерді де естіп жүрміз. Әрбір адамның өз артықшылықтары мен кемшіліктері болатыны белгілі. Оны қазақ атамыз – «Бес саусақ бірдей емес» деп түйіндеген. Дегенмен жалпы алғанда қазіргі біздің жастарымыз білікті, белсенді. Оны біз «Жастар жылында» ғана емес, өткендегі «Волонтерлер жылында» да көзімізбен көрдік. Әлем бойынша тараған коронавирус індеті кезінде волонтерлер еңбегі ерекше болды. Сол волонтерлік мыңдаған топтардың негізгі құрамы жастардан тұрды. Ауырып қалған адамдарға дәрі-дәрмек, азық-түлік жеткізіп күні-түні қажырлылықпен қызмет етті. Бұны да қазақтың қанына сіңген қайырымдылық атты қасиеттің сақталғанын, оның қажет кезде қайта жаңғырғанының үлгісі деуге болады. Осындай асыл қасиеттерін жастар жоғалтып алмаса деген тілектеміз.

                           «ТУҒАН ЖЕРГЕ ТУЫҢДЫ ТІК!»

        «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға еліміздегі әрбір азаматтың қосар өз үлесі бар. Оның қайда, қай салада қызмет етуі маңызды емес. Маңыздысы соған деген таза ниетте жатса керек. Ол да ата-бабаларымыздан қалған үрдіс. Туған жерін ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қасық қаны қалғанша қорғағандары бүгінгі ұрпаққа таптырмас үлгі. Отанды сүю алдымен туған жерге деген үлкен сүйіспеншіліктен басталады. Сондықтан «Туған жер» бағдарламасы көпшіліктің қолдауына ие болды. Бұл бағыт ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға, елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қорғап қалпына келтіруді мақсат етеді. Отаныңды қадірлеу мектептерде туған жердің тарихын оқытудан, отбасындағы ата-ана тәрбиесінен басталса керек. Асты қазба байлыққа толы қазақ жерінің тауы мен өзені, дархан даласы тарихқа тарихқа тұнып тұр. Оның әрбір жер атауының шыққан төркіні туралы айтылар аңыздар мен әңгімелер жетерлік. Есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері туралы естеліктер осыған куә, жас ұрпақ соның бәрін біліп, санасына сіңіріп өсуге тиісті. Туған жерге деген құрмет пен сүйіспеншілік жалпыұлттық патриотизмнің негізгі өзегі. «Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге — Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады», деп жазды бұл туралы Президент. «Туған жерге туыңды тік!» - деген дана халқымыз. Әрбір адамның кіндік қаны тамған жеріне сүйіспеншілігі болары хақ. Әрқайысымыз сол туған жерді түлетіп, гүлденуіне өз үлесімізді қоса білуіміз қажет. Ондай игі істер осы жылдар тұрақты атқарылып келеді. Әсіресе халық арасынан шыққан кәсіпкерлер мен белгілі бизнесмендер өз қаржыларына мектеп балабақша, мешіттер тұрғызып, ескі тарихи ғимараттарды жөндеп қалпына келтіру жұмыстарымен айналысуда. Мұндай ізгі шаралар келешекте де жалғасын таба бермек.

 РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – МӘДЕНИ САНАНЫҢ КЕМЕЛДЕНУ КЕПІЛІ

         Рухани жаңғыру алдымен ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді қамтитыны түсінікті. Ата-бабадан жеткен озық салт-дәстүрді сақтаған мәдениетті ұрпақ қана ел болашағының тірегі бола алады. Осы тұста жалпыұлттық құндылықтарды жаңғырту негізінде түбірлі өзгерістерді қажет ететін осы саланың бүгінгі жай-күйі біркелкі емес. Үлкен қалалар мәдениет және өнер орталығы болып саналатыны баршамызға аян. Түрлі театрлар мен мәдени орталықтары жұмыс істеп көпшілікке қызмет етеді. Әр тақырыптағы іс-шаралар да осында өтеді. Ал ауылдық жерлердегі жағдай мүлдем басқа. Тұрғындарының бір бөлігі қалаға қоныс аударған алыс ауылдарда мәдениет ошағы болып есептелетін клубтар мен мәдениет үйлерінің жұмысы ақсап жатыр. Мәдениет ғимараттары ескіріп, жылдары бойы жөндеу көрмегендігі жайлы баспасөз бетерінде жазылып, телеарналардан жиі көрсетіледі. Осы жағына алдағы уақытта баса назар аударған ләзім. Дегенмен мәдениет саласында ештеңе істелмей жатыр деп ауызымызды құрғақ шөппен сүртуге болмайды. Аймақтардағы елді мекендерде өнерсүйгіш қауым жеткілікті. Көптеген аудандарда көркемөнерпаздар ұйымдары өз өнерімен жергілікті тұрғындарды риза етіп жүргендерін білеміз. Олардың бір қатары республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға да ие болып жүр.

Мәдениеттің де өз тарихы, бүгіні мен ертеңі бар. Өткенді ескере отырып, ұлтымыздың болашағын жасау да өз қолымызда.

          Тағы бір назар аударуға тұрарлық мәселе – «Қазақстанның рухани жәдігерлері» жобасы. Рас, бұған дейін, әсіресе одақ кезінде елімізде киелі құндылықтарға деген айтарлықтай дұрыс көзқарас болған жоқ. Керісінше оған қарсы үгіт-насихат жүргізілгені белгілі. Қазір жағдай мүлдем басқаша. Бүгінгі күні ұлттық жәдігерлерді жоғалтпай сақтап келе жатқан бірден бір орын – мұражайлар. Солардың алдыңғы қатарында тұрған Қазақстан Республикасы Ұлттық мұражайының алар орны ерекше. Мұражай көне ескерткіштер мен жәдігерлер мұқият сақтайтын қойма емес. Оны кешегіні бүгінгімен ұштастырып, ұрпақтар жалғастығын үзілдірмейтін алтын көпір десек те болады. Мұражай бүгінде көпшіліктің, оның ішінд жастардың мәдени демалыстарын ұйымдастыратын ірі мекемеге айналды. Өз келушілеріне рухани демалыс сыйлау үшін Ашық есік күндерін, Наурыз мерекесін, «Жұлдызды гид», 18 мамыр күні Музей түні акциясын өткізуді үрдіске айналдырды. Әсіресе «Музей түні» көпшілікті қатты қызықтыратынға ұқсайды. «Музей түні» мерекесін кейбір жылы 30 мыңнан астам адам тамашалаған екен. Бізде ғана емес, дамыған мемлекеттердің бәрінде ұлттық мұражайлар белгілі бір елді мекен еткен халықтың мақтанышы, рухани ордасы болып саналады. Тәуелсіздік алғаннан бері бізде де мұражайларда экспонаттар қорын ұлғайту, жәдігерліктерді сақтау мәселесіне шындап көңіл бөліне бастады.

             Осы жерде біздің де мақтанышымызға айналған Қазақстан Ұлттық мұражайы туралы айтпай кетпеске болмас. Оның ғимараты ғажайып құрылыс үлгісі, оған шетелдіктер де тамсана қызығатынын айта кетуміз керек. Алып кешен 74 000 шаршы метр жерді қамтиды, тоғызыншы қабатқа дейін ауыспалы қабатты болып келетін жеті блок оналасқан. Жалпы көлемі 14 000 шаршы метрден асатын экспозициялық алаң 14 залдан тұрады. Бүгінгі күні мұражай талғампаз келушілердің сұранысына толықтай жауап бере алатын мәдени орталыққа айналды. Мұражай қорында 200 мыңнан астам экспонат жинақталған. Он тақырыптық көрме залы тұрақты жұмыс істейді. Ежелгі және орта ғасыр тарихы (археология) залы, Тарих залы, Этнография залы, Тәуелсіз Қазақстан залы, Астана залы, №1 және №2 Алтын залдары, №1 және №2 Заманауи өнер залдары, Рухани жаңғыру залы мен Төрт уақытша көрме залдары келушілерге қызмет көрсетеді. Ұлттық құндылықтарды зерделеу бойынша мұражай құрылымында ғылыми-зерттеу институты да бар. Оған балалар музейіне, балалар шығармашылығы орталығына, екі көрме залына, қалпына келтіру шеберханасына, зертханаларға, кәсіби қор сақтауға, оқу залы бар ғылыми кітапханаға, мәжіліс залы мен кәдесый дүңгіршектеріне арналған үй-жайлар қарастырылған. Мұражай әлемдік талаптарға сәйкес жабдықтармен жарақтандырылған. Экспозициялар үшін заманауи көрме технологиялары: екі залға жұмыс істейтін арнайы контенті бар бірегей иілген экран, медиа еден, қазіргі Астананың орталық бөлігінің серпінді макеті, көптеген медиаэкрандар, голограммалар, диодты жарық LED-техника, сенсорлық дүңгіршектер, үш тілде ақпарат беретін мультимедиялық жолсерік пайдаланылады. Экскурсиялардың алуан түрлері – шолу және тақырыптық, философиялық экскурсиялар, интерактивті сабақтар мен ойын экскурсиялары түрінде арнайы бағдарламалар қызмет көрсетеді. Мұражай ғимаратының елорданың орталығында Тәуелсіздік алаңы маңындағы «Қазақ елі» монументімен, Тәуелсіздік сарайымен, Бейбітшілік және келісім сарайымен, «Хазірет Сұлтан» мешітімен және Ұлттық өнер университетімен қатар орналасуы да оған үлкен мән берілуін аңғартса керек.

      Бүгінгі күніміз ертеңгі тарих, бұл өмір заңы. Келер ұрпақ бүгінгі біздердің тыныс-тіршілігімізді осы тарих арқылы білетін болады. Сол тарихты түгендеп келер ұрпаққа қалдыру да асқан біліктілік пен ұқыптылықты қажет етеді. 2014 жылдың соңына қарай ел арасында елеу¬сіз жат¬қан құнды дүниелерді, ұлты¬мыз¬дың ұлы тұлғалары қолданған заттарды Ұлттық музейге сый ретінде қабылдау арқылы «Ұлттық музейге сый тарту» атты республикалық акция ұйымдастырылған болатын. Ондағы басты мақсат қоғам назарын тарихи-мәдени мұрамызды сақтау мәселесіне аудару еді. Бүгінгі күні сол іс-шара өзін өзі толығымен ақтады деуге болады. Акция аясында Кенен Әзірбаевтың ұлы Бақытжан Әзірбаев әкесінің домбырасы мен кемер белдігін, Қасым Қайсеновтің қызы Гүлжаһан Қайсенова батырдың кездігін, мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің ұрпақтары әкелерінің дипломатиялық төлқұжаты мен ордендерін, вальс королі Шәмші Қалдаяқовтың іні-досы Абай Балажан композитордың күлсалғышы мен қаракөл бөрігін мұражайға сыйға тартты. Сол сияқты Айкен Жұмекенқызы әкесі, ақын Жұмекен Нәжімеденовтің дипломаты мен портсигарын, Вадим Сидоркин анасы Гүлфайруз Ысмайылованың қыл қаламдары мен сәнді сөмкелерін, Қадыр Мырза Әлі атындағы қордың төрағасы Донеділ Қажымов ақынның қаламсабы мен қолсағатын ұлттық музейдің қорына тапсырды. Ал қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров өзінің алтын медальдары мен жарыстарға киген киімдерін өз қолымен сыйлады. Бұл бастаманы қолдаған өзге де атақты спортшыларымыз бен өнер шеберлері акциядан тыс қалмады. Мұражай қызметкерлері заңға сәйкес барлық сый-тартуларды ресми рәсімдеп, келісім-шарт негізінде қабылдап алды. Осылайша еліміздің Бас мұражайының сөрелері жаңа жәдігерлермен толыға түсті. Оның бәрі ертеңгі ұрпақтар үшін тарих болып қала бермек. Біз бұл мақаламызда бір ғана Қазақстан Ұлттық мұражайын мысалға келтіріп өттік. Осындай мұражайлар әрбір облыс орталықтары мен ірі қалаларда да бар. Олар да осы бағытта мүмкіндіктерінше жұмыс істеуде.

      Елімізде кең өріс алған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының тағы бір тармағы – «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы дер едік. Әрбір халықтың өзіне тән киелі орындары бар. Мәселен, француздар Нотр-Дам-де Париді мақтаныш тұтса, бізде де мақтаныш ететін қасиетті орындар жетіп артылады. Бұлар ежелгі Тараз, Ұлытау, Түркістан, Алтай оның ішінде Тарбағатай ауданындағы Ырғызбай Досханаұлы мәдени-тарихи кешендері, Маңғыстаудағы Бекет-Ата кешені.

          Осы жоба аясында ұлттық музей жанынан республикалық «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы құрылып, Қазақстанның жалпыұлттық маңызы бар киелі жерлерінің тізімі анықталды. Бүкіл халыққ белгілі 206 нысан, ал жергілікті маңызы бар 575 киелі жерлер тіркелді. Жиырмадан астам тарихи және мәдени ескерткішке ғылыми реставрациялау жұмыстары жүргізілді. Солардың қатарында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Отырар мен Сығанақ қалашықтары, Семей өңіріндегі Абай мемориалдық кешені, Сырымбеттегі Ш.Уәлихановтар үйі және басқа да тарихи орындар бар.

       Байқап отырғанымыздай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бүкілхалықтық сипат алды. Оған қоғамдық ұйымдар да белсене қатысты. Осы ретте біз «Ақ жол» демократиялық партиясының игі істерін атап өтуіміз керек. Өзінің сайлауалды бағдарламасында көрсетілгендей, кеңестік заңсыздықтың құрбаны болған Алаш қайраткерлерінің есімін еліне қайтару жолында көптеген істер атқарды. Ол үшін ғылыми конференциялар өткізіп, жыл сайын ақындардың жыр мүшәйрасын, Алаш арыстарына арналған жас ғалымдардың зерттеулеріне байқау жариялаған іс-шараларды тұрақты түрде жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар Алаш қайраткерлерінің есімімен еліміздегі қала көшелерінің аталуына мұрындық болды. «Ақ жол» партиясы бұл бағыттағы жұмыстарын жалғастыра бермекші.

         Еліміз тәуелсіздік алған отыз жылда саясат, экономика, білім және өзге де салалар бойынша жүздеген тіпті мыңдаған жобалар ұсынылып, үкімет тарапынан көптеген жоспарлар мен бағдарламалар қабылданғаны белгілі. Ол жағынан кемістік болған емес. Мінберге шығып алып, ел алдына арнайы міндет қойған соң, оны мүлтіксіз орындау да керек. Ашығын айтайық, сол жоспарлардың көбісі толықтай іске асқан емес. Оған халық куә. Үлкен ұранмен бастау алып, жоспарлардың соңы сиырқұйымшақталып кеткенін білеміз. Бағдарламалардың неге толық орындалмағанына айтар сылтаулар көп, себептері де жеткілікті. Нәтижесінде сол аспаннан алынғандай болған кейбір жоспарлардың еліміздің дамуына кері әсерін тигізгені де жасырын емес. Ал, Рухани жаңғыру бағдарламасы осы күнге дейін өзінің өміршеңдігін көрсетіп келеді. Неге? Өйткені бұл маңызды мәселе бүкіл халықтың қызу қолдауына ие болды. Бұл оның ұлттық мүддемен үндестігін байқатты, сондықтан өміршең. Негізі төл тарихымыз, ата-бабаларымыздың озық салт-дәстүрілері мен қазақтың ежелгі мәдениеті мен әдебиетімен сабақтас «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бізге мәңгілік бағдар болып қала беретініне сенімдіміз.

 Бек МЫРЗАҰЛЫ

qazaquni.kz