Арманы асқақ азамат еді...

Арманы асқақ азамат еді...

     Тәжтажал ешкімді аяйтын емес, жасты да, кәріні де талғамсыз жұтып жатыр. Коронавирус індеті елімізге келгелі мыңдаған адамдардың өмірін жалмады. Қаншама ақын-жазушулар, ғалымдар мен журналистер, өзге де қазақ қоғамына белгілі тұлғалар осы індеттің құрбаны болды. Солардың қатарында белгілі тележурналист «КСРО телевидение және радио ісінің үздігі», Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ҚР-ның мәдениет қайраткері, КР ТРК АҚ-ның «Алтын жаршы» белгісінің иегері Қалыбек Атжан да бар...

   Өзі ауырып, Тараз қаласындағы ауруханада жатса да Токиодағы олимпиадада сәтсіз өнер көрсетіп жатқан спортшыларымыз үшін күйіп-пісіп, жанашырлықпен ол туралы әлеуметтік желіде жиі жазып, отандық спортты қалай дамыту керектігі жөніндегі өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірумен болған-ды. « – Қалеке, олимпиадада алтын алмадық деп жүйкеңді тоздырма, сенің мына сырқаттан құлан-таза сауығып шығуыңның өзі біздер үшін алтын алқадан да жоғары марапат!» – деп жан-жақтан достары жазып жатты. Бірақ бәрі де жақсы болады деген достарының үміті ақталмады. Кешкісін ғана «Мені жансақтау бөліміне әкетіп бара жатыр. Енді көрісеміз бе, жоқ па?..» деп курстастар чаты мен әлеуметтік желіге жазғаны оның достарымен, мына жарық дүниемен қоштасатын соңғы сөзі екен деп ешкім ойламаған-ды. Ертеңінде ертемен «Сұм ажал Қалыбекті де алып кетті» деген қаралы хабар тарады. Қазақ журналистикасының тағы бір қара нары коронавирустың құрбанына айналды...

      Қамшының сабындай қысқа ғана бұл өмір әрбір адамға сынақ үшін беріледі деп жататын үлкендер. Ол да рас шығар. Әрбір адам өз әлінше өмір сүріп, қолынан келген тірлігін жасайды, сол қарапайым еңбегі арқылы қоғамның дамуына өз үлесін қосады. Енді біреулер қара бастың қамымен ғана күн кешіп, дүние қуып кетеді. Байлықтың жолында өзгелердің аузындағысын жұлып алуға, халқын тонап, отанын сатуға дейін барады.

      Қалай болғанда өмір өлшеулі, мәңгілік емес, шектеулі. Шіріген байдың да, сіңірі шыққан кедейдің де түпкілікті баратын жері біреу – о дүние. Бір айырмашылығы сол, біреуінің артынан жағымсыз сөз ереді, тіпті қарғыс та айтылады, ал екіншісінің есімі ел есінде қалады. Істеген ізгі істерін жұрт аузынан тастамай, естелік етіп айтып жүреді. Қалыбек Атжанның есімі жұртшылықтың жадында ұзақ сақталады деп ойлаймыз. Өйткені ол газет, радио-телеарналарда көптеген жылдар істеп, бүкіл саналы ғұмырын халыққа қызмет етуге арнады. Тәуелсіздіктің алғашқы қиын-қыстау кездерінде де халқымен бірге болып, ұлтымыздың ертеңгі жарқын болашағына үндеп, жігерлендірді. Еңбегімен елге танымал тұлғалармен сұқбат жүргізіп, көпшілікке үлгі етті, қоғамда орын алған кемшіліктерді ашып көрсетіп түзетуге шақырды. Өкініштісі, енді ол туралы өткен шақта сөйлеп, еске алу ғана қалғандай...

        Кеңестік кезеңде, сонау 1973 – жылы біздер сол уақыттағы еліміздегі жалғыз университет (өзге жоғары оқу орындарының бәрі институт деп аталатын) Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түскен ең бақытты жандар едік. Бақытты дейтін себебім, жылына небары елу-ақ адам қабылдайтын. Бір орынға он, одан көп талапкерлер таласатын. Осындай білім сынағынан сүрінбей өтіп, студент атану шынында үлкен бақыт емес пе! Оған қоса З.Қабдолов, Х.Бекхожин, Т.Амандосов, Т.Қожакеев, Ә.Ыдырысов, А-Х.Мархабаев секілді білікті, ұлағатты ұстаздардан дәріс алдық.

    Елу студент екі топқа бөлініп, соның біріне Қалыбек староста болды. Кураторларымыз Тұрымтай Дүйсебаева апай мен Хабижан Құсайынов ағайымыз. Екеуі де дауыс көтеруді білмейтін, жайдары, студенттерге жаны ашып өз баласындай қарайтын жандар. Университеттегі оқу, тәрбие жұмыстарын демалыс күндері отбасына арналатын өз уақыттарын бөліп, мәдени шаралармен ұштастыратын. Топтағы студенттерді ұйымдастырып, театрларға, циркке, мұражайларға, суретшілер мен мүсіншілердің шеберханасына дейін алып баратын. Бұл да тәрбиенің, студенттердің мәдени деңгейін көтерудің бір әдісі екенін кейін түсіндік. Қалыбек өте белсенді болатын, қоғамдық жұмыстардың үнемі алдыңғы қатарында жүреді. Былайша айтқанда, Тұрымтай апайымыздың оң қолы, курстың ағасы. Шынын айтсақ оның бұл белсенділігіне екінші топтың кураторы Хабижан ағайымыз қызыға қарайтын. Өзі де сымбатты, үлкенмен де, кішімен де күлімдеп тұрып сөйлесетін Хабижан ағайымыз бірде: «Қалю, сен осы журналистикаға босқа келдің!» демесі бар ма. (Қалыбекті ағайымыз осылай атайтын). Дәп осыны күтпеген Қалыбек «Ағай, мен не істеп қойдым? Сабағым жақсы, мақалаларым «Лениншіл жаста» (қазіргі «Жас Алаш» газеті) шығып тұрады. Қалай мен журналист болмаймын?» деп тура сұрақ қойды. «Жоқ, Қалю, мен сені журналист бола алмайсың деп тұрған жоқпын. Боласың, жақсы журналист шығады сенен. Айтайын дегенім, агроном, зоотехник, экономист болсаң совхоз, аудан, тіпті облысты басқара алатын мүмкіндігің бар. Сенің ұйымдастыра білу қабілетің, қоғамдағы белсенділігің сол жерде көбірек қажет дегенім ғой» деп ағайымыз әңгімені одан әрі өзге арнаға бұрып әкеткен-ді.

      Бүгінде бақилық болған, жаны жәннатта болғыр Хабижан ағайымыз қателеспеген-ді. Университетті қызыл дипломмен бітіріп, ол кезде көптеген журналистердің қолы жете бермейтін «Лениншіл жас» газетіне орналасқан Қалыбек ұстаз сенімін ақтады. Одан кейінгі жылдарда «Қазақ» радиосында, «Хабар» телеарнасында ұзақ жылдар қызмет етті. 1984-2002 жылдар Шымкент облысы бойынша қатардағы меншікті тілшіден бастап, 2002-2008 жылдары "Қазақстан" РТРК АҚ «Қазақстан-Шымкент» филиалының директорына дейінгі лауазымды қызметтерді атқарды. Облыстық телеарнаның ақсап жатқан жұмыстарын жөнге келтіріп, алдыңғы қатарға шығарғанын қол астында істеген әріптестері бүгінге дейін еске алады. Өз белсенділігінің арқасында облыстық мәслихаттың депутаттығына сайланып, халық қалаулысы ретінде қала және облыс тұрғындарының түрлі әлеуметтік-тұрмыстық және өзге де мәселелерін шешуге атсалысты. Соның бәріне үлгеріп, уақыт таба білді.

       Ұйымдастыру қабілетін, басқара білу мүмкіндіктерін байқаған министрліктегілер одан кейін Қалыбек Атжанды 2008 жылы жұмысын жақсарту қажет деп санаған "Қазақстан" РТРК АҚ "Қазақстан-Тараз" филиалының директоры етіп тағайындады. Басшылық қызметті атқарып, телеарнаның шығармашылық әлеуетін көтерумен қатар, Қалыбек қол астындағы қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға да үнемі көңіл бөліп отырды. Олардың жалақысын көтеріп, мүмкіндігінше баспаналы болуына өз септігін тигізді. Бұдан кейін де еліміздегі ең ірі медиа құрылымнан қол үзбей еңбек етіп, зейнеткерлікке де 2017-жылы осы радиотелекорпарациядан шықты.

Қалыбек еңбек еткен Түркістан облысы мен өзінің кіндік қаны тамған Жамбыл облысында өте жақсы танымал. Оны қатардағы қарапайым жұмысшыдан бастап облыс, қала басшыларына дейін жақсы білетін, аймақтағы танымалдығы тым жоғары болатын. Өмір бойы жұмыс істеген адамның үйде қол қусырып отыруға көндігіп, бірден үйрене алмайтыны белгілі. Зейнеткер болса да ардагерлер ұйымының және қаладағы өзге де қоғамдық жұмыстарды атқара бастаған Қалыбекті облыс басшылығы шақырып алып, ақынның 175 жылдық мерейтойына орай жаңадан ашылғалы жатқан Тараз қаласындағы Жамбыл Жабаев мұражайына жетекшілік етуді тапсырды. Жаңа іске қаражат қана емес, ұйымдастыру үшін көп күш қажет. Бұрындар айналыспаған мұражай жұмысы көбірек ізденуді талап етті. Сондықтан Алматыдағы Қастеев, осы облыстағы бұрыннан келе жатқан Жамбыл және де өзге мұражайлардың жұмысымен арнайы барып жақынырақ танысып, тәжірибе жинақтауға тура келді.

       Соған қарамастан қысқа мерзім ішінде, жыр алыбы Жамбылдың мерейтойы қарсаңында ақын өлеңдерін оқу және қазақтың ұлттық билері мен әндерінің байқауын бірнеше рет өткізіп үлгерді. Оған көптеген ұлт өкілдерінің жастары қатысып, жеңімпаздар ғана емес байқауға қатысушылардың бәрі қомақты сыйлықтарға ие болды. Жиналғандар Жамбылдың жыр алыбы екенін, қазақтың тілі мен өнері өте бай екеніне тағы бір көз жеткізіп қайтты.

        Армансыз адам болмайды дегенді жиі айтамыз. Ол рас, бірақ арманның да арманы бар. Біреулердің арманы аспанда болса, енді біреулердің жай ғана қарапайым, күнделікті тіршіліктің маңайынан аспайды. Ол да әр адамның жоспарына, мұратына, қиялына байланысты. Армансыз адам өмірінде биік мақсаттарға жете алмайтыны да белгілі. Қалыбекті сырттай білетіндер оны армансыз адамға санайды. Қалаған мамандығын алып, сол салада өмір бойы жемісті еңбек етті. Рахиядай жар тауып, екі ұл бір қыз тәрбиелеп өсіріп, олардың жоғары білімді азамат болуына ықпал етіп жағдай жасады. Немере сүйіп, ұрпақ жалғастығына жол ашты. Басқа не керек дерсіз!

          Рас, Қалыбек армандарының біраз бөлігін іске асырды, халқына қалтқысыз қызмет етіп ел құрметіне бөленіп, талай биіктерге қол жеткізді. Бірақ арман да көкжиекте көлбеңдеген сағым секілді емес пе? Оған жақындаған сайын өзіңнен алыстай түседі, қусаң да жеткізбейді. Сондықтан арманымды толықтай іске асырдым деу бекершілік. Қалыбек те арманы асқақ азамат болатын.

     Бірде Алматыға келген Қалыбек маған телефон шалып, тез келуімді сұрады. Көрсеткен мекен-жайына лезде жетіп бардым. Қала орталығынан екі бөлмелі пәтер жалдап, сонау Ұзынағаштан курстасымыз Қажымұқан Мырзабековты де шақыртып алыпты. «Дағарадай үй тұрғанда мынауың не?» десем, ешкім бөгет жасамайтындай өзіміз жеке отырап бір демалайықшы дейді.

   Әңгімеміз түн ортасы ауғанша таусылған жоқ. Ертеңінде түске таман Қалыбек Таразға кету керек, пойызға билет те алып қойған екен. Жолай екі үлкен сөмке сатып алып баспаханаға алып барды. Қалыбектің хикаяттар мен көркем әңгімелерден тұратын «Ауылдың ақбоз таңдары-ай» атты көлемі жиырма баспа табақ кітабы жарық көргенін сонда барып білдік. «Қыз ауыр ма, тұз ауыр ма?» дейміз ғой, сол жолы қағаздың ауыр екенін түсіндік. Екі сөмкені мықшыңдап пойызға салып шығарып салдық. Кетерінде «Баспаханада қалған кітаптар саған аманат, үйіңе апарып қой» деп маған тапсырды.

       Кейін кітаптарды алып кетуге үйге арнайы келгенде мынаның бәрін қашан жазып жүрсің деп сұрадым өзінен таңғалысымды жасыра алмай. Өйткені телеарнадағы жұмыс тынымсыз, күн демей, түн демей шапқылау керектігін жақсы білемін. Соған қарамастан көлемді кітап жазу деген оңай емес. «Бұл жүректің түбінде жатқан арманымның ұшқыны. Бала кезде қаламға құмартқанда ақын, жазушы болсам деп ойлайтынмын. Ал үстіне уақыт та тапшы. Қолым қалт еткенде жазып тартпама тастай беретінмін. Соның бір парасын міне жарыққа шығардым. Құдай қаласа қалғанын да іске жаратсам дұрыс болар еді» деген досым сол арманының кілті төбеде ілулі тұрғандай бір нүктеге қадалып қарап қалған-ды.

   Өнерлі адам жан-жақты болады деген рас. Қалыбектің кез келген музыкалық аспапта ойнайтынын жақсы білетінмін. Ақындықтан да құралақан емес. Композитор Марат Омаровтың әндеріне мәтінін жазған. Қалыбектің «Ауылдың ақбоз таңдары-ай» кітабын мұқият оқып шықтым. Негізінен қарапайым ауыл адамдарының тағдырлары, бастан кешкен қызықты жәйіттерін арқау еткен көркем шығарма оқырманды өзіне тартып отырады. Бүгінгі мерзімді баспасөзде жарияланып жүрген кейбір шығармалардан анағұрлым ілгері. Өзі айтқандай бала кездегі арманын жүректің түбінде жасырмай жарыққа шығарып, көркем шығарма жазумен айналысқанда тележурналист емес жазушы ретінде танымал болар ма еді деген ой келеді. Биыл Қалыбек Атжан «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналының оңтүстік өңірдегі меншікті тілшісі болып тағайындалған-ды. Бұл да оның бала кездегі арманын іске асыруға, әдебиетке жақындауға бағытталған қадамы болса керек. Өкінішке орай, оған уақыт мүмкіндік бермеді, сұм ажал арманы асқақ азаматымызды ортамыздан алып кетті...

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz