Туған жерге туың тік...
2021 ж. 09 қыркүйек
2342
1
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын» деді. Біздің кейіпкеріміз де ұзақ жылдардан бері өз ғұмырын дәл осынау бағытпен жалғастырып келе жатқан жан.
Атышулы Тамыз төңкерісінен кейін, бір кезең, талай шаруашылықтан береке қашты. Жағдай күрт өзгерген. «ГКЧП» Тілеуғабыл Есенбекұлын да бірталай тосылтқаны рас. Алайда, сол Орталық Қазақстан өңірінде ойран-асыр болып, салым суға кетті дей алмайтын екі адам болса, соның бірі осы Төкең болатын. Сондықтан бұрынғысынан да ширыға түскен. Саясат ауанын ертеден аңдап үйреніп, ахуал «ауа-райын» дәл бажайлап дағдыланған жан күндердің күнінде істің, мөлшермен, осылай аяқталатынын алдын ала болжаған да. Әйтеуір, көріпкелдік жасамаса да, алып СССР іргесінің де ақырындап сөгіле бастағанын күнібұрын сезгені анық. Сол себептен де шығар, жұмыстан өз еркімен шығу туралы өтінішін әлгі оқиғадан тура алты ай бұрын беріп қойыпты. Түренді тыңнан салып, тірлікті өзге бір бағытта жалғастыру туралы көптен әзірлеген жоспарлары бар еді. Әрине, сол сәт істі нақ неден бастайтынын өзі де біле қойған жоқ. Әуелде тек ұлттық ас мәзірлерін даярлайтын үлкен мейрамхана ашу немесе қазақы мәнердегі тұрмыстық-техникалық қажет өтеу үйін салу сияқты талай-талай ой нобайлары да жүрген-тін. Сөйтіп тоят тілеген қырандай құлшынып, қалайда, өзіне де, халыққа да тиімді соны жүйеге ауысуға талаптана берді. Ақыры, ойлап-ойлап келіп, өзінің туған жеріне оралып, шаруа қожалығын құруды ұйғарғаны сол кездері. Қожалығының атын әдейілеп «Азат» деп қойды.
Бұл, белгілі мағынада, үлкен ерлік еді. Бірақ туа сырбаз, кішіпейіл, қарапайым адам қашандағыша өз-өзін жарнамалауға аса құмартпайтын.
Өзі ұзақ жылдар қызмет еткен Қауіпсіздік комитеті деген жай мекеме емес, кей басшылары ә дегенде кетуге өтініш білдірген бұған одырая қарап, бастарын шайқасқаны рас. Астыңнан не су шықты, қоя тұрсайшы деп онша түсіністік таныта қоймағандар көп-ті. Кейін солар арада бірталай уақыт өткенде мұның тапқырлық ісіне іштей таңырқаған болуы да ғажап емес.
Ұзамай ТЖМК жағдайы белгілі болған соң өзге республикалармен бірге Қазақ елі өз дербестігін жариялады. Сонда керемет қуанғаны да есінен кетпейді. Тіпті, сол мезет көзіне жас келіп, қатты толқыды. Енді! Ата-бабаңның ғасырлар бойы аңсаған күні. Осы жолда қаншама қан төгілді. Бейнетпен ғұмыр кешкен әке-шешесін де ойлап, бір сәт қамығып та қалып еді...
Дегенмен:
– Ал рахмет, айналайындар, сендерге! – деп Қауіпсіздік комитеті қатарынан ертерек шығып, өз жолын тауып алғаны үшін де іштей марқайып жүрді.
Бұл орынға, әлбетте, ешқандай өкпе-реніші де жоқ. Осынау аса бір ерекше салаға өсу, есею, өмір тану, қазақ тарихымен бірге өзге де елдердің бастан өткерген небір тосын деректеріне тап болып, ой тоғайту, іздену кезеңінен тұратын аттай он сегіз жыл ғұмырын арнаған екен. Ол үшін ешбір өкіну былай тұрсын, мұндай тағдырды бұйыртқан Жасағанға іштей айрықша риза-тын. Осы жұмыстан босаған кезеңіне дейін Архимедтің: «Маған табан тірейтін тұғыр беріңдер, жер-жаһанды тұрған орнынан шыр айналдырайын!» дегеніндей, бұл да өкше қадап, өзінің жаңа шаруасын бастайтындай, өзге кеңістікке қарай серпіп итеріп, парлап самғататындай қолайлы сөре «нүктесін» белгілеп, келешек ісінің барысын әбден пысықтап, пісіріп те үлгерген болатын. Және бұл өзінің де жақсы толысып, ең бір кемелдікке бет бұрған кезеңі ме деп ойлайды. Қырық жетіден қырық сегізге қараған шағы еді. Иә, «Әлем өзіңнен басталады» деген бекер сөз емес. Дүниеге жеке жаратылысыңды байқату арқылы біртіндеп қанат жайып, туған халқыңның да кескін-келбетін көрсетуге мүмкіндік туады. Ал «қас жүйрікте сын болмас, қас сұлуда мін болмас» дегендейін, нағыз Қазақтың бітім-болмысы, біле-білгенге, расында да, мақтана ұсынатындай ғажайып бітім-болмыс. Ол үшін, әрине, ата-бабаңның қастерлі дәстүріне үңіліп, ежелгі түп-тамыр, мөлдір-бұлақтан, ұлттық салт-сана кәусарынан нәр алуың қажет.
Тілеуғабылдың сонау жасөспірім кезден-ақ көкейінде жүретін бір түйткіл – қазақтың басқа халықтан кем емес екенін дәлелдеу-тін. Мұны жүзеге асыру үшін әлденендей күрделі іс атқаруың керек. Бұл бағытта да талай толғанған. Сонда туындаған бір арманы – қазақтың қанында бар құсбегілікті тірілту болатын.
Бажайлап қарсаңыз, мұның да қабат-қабат терең мәні бар. Бір жағынан, ел еркіндігінің символы қыран құс баулу ісімен айналысасың, одан соң, осы арқылы өзіңнің де екінші тынысың ашылып, жеке өміріңдегі жаңашылдық бағытында биік мұраттарға құлаш ұрасың. Сонда ғана туған еліңмен біріге тұтасқан, толыққанды, табиғи, мағыналы кескін-келбетің айқындала түседі. Міне, сырт жұрт осындай істер бойынша ұлтыңның сан қырлы дәстүрін байқап тамсануымен қатар, сенің өзіңнің де алғырлығыңды, іскерлігіңді мойындап құрметтей бастайтындығы даусыз.
Құсбегілік салтты жандандыру деген, бір қарағанда жеңіл көрінгенімен, әркімнің қолынан келе қоятындай аса оңай шаруа емес. Ол үшін алдымен мол қаражат керек. Ал ақша табу үшін өндіріс қажет болады. Қысқасы, осының өзі-ақ бір-біріне жымдаса байланысқан бүтін бір ғалам. Бастаған ісіңді өркендетіп, белгілі бір жетістіке жету жолында да талай «қан мен тер» төгіп, аянбай арпалысуға тура келеді.
Бұл негіздегі старт «нүктесі» ретінде Тасбазды таңдаған. Діттеген істі жүзеге асырып, тың кеңістікке көтерілетін самғау «айлағы» міндетін атқаратын бұл орынды қалауы да бекер емес, әрине. Кезінде бабалары жайлаған мекен. Әкесінің кіндік қаны тамған жер. Анасы Күлшира мен оның құрбысы Төлеу тәте екеуі тырбаңдап, баз тазалап жүретін баяғы ескі қоныс. Өзінің қоян-қарсаққа тұзақ құрып, қосаяқ аулап, балалық шағын өткізген шағын қыстағы.
Оның үстіне әуелден дайын асқа тік қасық болмай, әр істі нөлден бастауды ұнататын бұл осынау айдалада, елеусіз жатқан қырды күндердің күнінде өз қолыммен абаттандырсам, өзгеше шаруашылық орнына айналдырсам деп ертеден армандайтын еді.
Тасбаз, салыстыра қарасаңыз, шынымен де, титтей ғана нүкте-тін. Бастапқыда бұл жерді ешкімнің керек қылып, көзге ілмегені анық. Тұрған тұсы да шеттің шеті. Ауда орталығы Ақсу-Аюлыдан жиырма бес шақырымдай жырақта орналасқан. Солтүстік-шығыс бағыттағы түкпірде, жел азынаған тау арасында бұйығып-бұғып, қоңырая құлазып жатқан сүреңсіздеу бір өңір. Тұс-тұстан қылқанбозы қызараңдаған, қарағанды-тырсалы қуаң дала. Бұлай қарай сайраған жол да болмайтын. Сай-сайдың арасын ирелеңдете қуалай отырып, біршама қиналып жетесің. Талай жылдан жан баласы, тіпті, ат ізін салмағандықтан да, мұндағы ескі жер тамның жартысы ғана қалқайып тұр екен. Бәленбай жыл қысы-жазы өкпек желдің өті, қарлы боран, жауын-шашынның астында қараусыз қалған жай қайдан оңсын. Топырағы үгітіліп, тозып, құлап бітіпті. Төбесі де аңғал-саңғал. Әйтеуір, тастан қалаған баяғы қора байғұс жұлма-жұлмасы шықса да, уақытша мал қамауға жарайтын секілді.
Сонау бір ниетіне кірісуді ойлағаннан-ақ есі-дерті осы Тасбаз болды да тұрды. Расында, ешбір қызығатын да жер емес қой. Алайда, неге екенін, не бұлбұлдары сайраған шұбарала орманы, не қаз-үйрегі қаңқылдаған айдын көлі жоқ қаңыраған жапан түз болса да, сонша ыстық. Әлгі жетіспеушіліктің ешқайсына қарамады. Құдай бұйыртса, соның бәрін біртіндеп өз қолыммен жасаймын деп ынтықты.
Бірақ ниеттің аты ниет қана. Базбіреулер «Тасбаз», кейде «Тасқора» деп те атайтын бұл иесіз мекенді тілегі түзу Тілеуғабылға тегіннен-тегін бере салайын деп отырған да ешкім жоқ-ты. Аяқ астынан байып кетеді деген қызғаныш іш күйдіретін болу керек; әлде пара дәмете ме, бәлкім, соңымнан қалмай жүріп жалынсын дейтін шығар, мұның сол орынға қоныстану ойын білген бойда жергілікті басшының біразы ат-тондарын ала қашқан. Аудан аумағында бос жатқан алқап жоқ екені естеріне сонда түскен сияқты.
Ойбой, ойлай берсе, сондағы жер алудың дауы да өзінше бір бөлек әңгіме екен. О жолда да көрмегені аз.
Әйтеуір, жер телімін о ғып, бұ ғып алды-ау. Әлбетте мұндай істің бәрі де тиісті қатаң заң аясында атқарылады.
Енді үй салу керек-тін. Қораны жөндеу қажет. Бұлардан да бұрын электр жүйесін тартудың шаруасы тағы бар. Тегінде, қаракеттің ең қиыны да, маңыздысы да сол еді. Токсыз, жарықсыз жапан далада кім отыра алады. Құрылыс жұмыстарын жүргізгенде де электр қуатының жоқтығы көп қолбайлау екені және түсінікті.
Содан соңына түсіп жүріп әжептәуір қаржы тапты. Салыстырмалы түрде, қомақты қаражат әкелді. Жезқазғандағы жолдастар, негізінен, техникалық сала зиялылары қолдарынан келгенше несие алуға жәрдемдескен еді.
Әсілі, үлкен істі алғаш сұрастырып жүріп әлдекімдерден тауып алған шағын вагоннан бастады десе де болады. Әуелі соны орналастырды да, өзі әрі-бері шапқылауға кіріскен. Бірталай жасқа келген анасы Күлшира апай мен әйел, бала-шағасын осы вагонға жайғастыра тұруды ұйғарды.
Бұрын өмір бойы колхоздың да, совхоздың да қолынан келмеген электр желісін тарту ісі жеке адам үшін, расында да, өте қиын еді. Дегенмен, бұл осы шаруаны да игерді. Серго Орджоникидзе атындағы совхоздың ең жақын тұрған фермасынан Тасбазға дейінгі төтелей он бес шақырым аралыққа тігетін қисапсыз бағана мен тартатын буда-буда сымды жеткізу машақаты үшін ғана қанша жүйке тоздырғанын бір өзі ғана біледі. Әйтеуір, ақыры баяғы «Ильич шамы» келді дегендей, қайран Тасбаздың төңірегі ерекше жарқырап, қаңыраған далаға бір сәт өң кіріп, айрықша шаттанып, нұрланып жатты...
Жердің жыры да оңай болған жоқ-ты. Алдында ұзақ мерзімге жалға берілетін жер телімі жөнінде арнайы заң шыққан. Анығырақ айтқанда, Қазақ еліндегі шаруашылық қожалық жөніндегі құжат. Жеке нөмірі де бар. Арманы – әлгі. Белгілі дәрежедегі өндіріс орнын ашып, сырт жұртқа ұлттың мәдениетін көрсету; сөйтіп, өз қотырын өзі қасып, елге қазақтың да қолынан іс келетінін, өресінің шет елмен сөйлесуге молынан жететінін дәлелдеу.
Бірінші класты Тасбаздан төрт-бес шақырым жерде киіз үйде бастап еді. Шегедей кезінен өскен жері.
Ақшоқыда тұратын туыстары, жиені бар-тын. Жезқазғаннан бұл алғаш келгенде бәрі керемет қуанды. Тәрізі, осындағы шаруашылыққа жаңадан бастық болып келді деп үміттеніп қалса керек.
– Ой, Тілеуғабыл, келгенің жақсы болды ғой! Берекеміз қашып, азып-тозып кетіп едік. Елге оң көзбен қарайтын кісі де қалмады. Іс басындағылар ойына келгенін істеп, талап әкетіп жатыр ортаның мүлкін.
– Жоқ, мен мұнда басшы болып келген жоқпын. Тасбазды аламын. Сол жерден шаруашылық ұйымдастырмақшы ойым бар.
– Иә, ал, ал! Жақсы болды ғой!..
Жанашыр ағайынның қамқоршылдығы қандай ғанибет. Совхоздың бар дәулеті өз қолдарында тұрғандай «ал, ал» деп естері шығып жүр байғұстар.
Енді ауданға түссе, Тасбаз қарайтын іргедегі совхоз директоры:
– Жоқ, жер берілмейді саған! – деп қитығып отыр.
– Неге берілмейді? Қолымда мына қаулы тұр ғой!
– Бәрін жиналыс шешеді. Бәріміз де халықтың пікірімен санасуымыз керек! – дейді.
Бұл өзі ертеден асқан әпербақандығымен, ұрдажықтығымен аты шыққан біреу еді. Жұрт мұның шын атын да айтпайды. Көбінесе Есербай дейді. Әрине, сыртынан. Әлгіндей әдеттеріне қарай атаса керек. Ешкімге жаны ашымайтын безбүйректігімен де белгілі. Кейде ығыр қылатын мылжыңдығы да жетеді. Әсіресе, масайған сәттерінде. Соған сай Бөсербай дейтіндер де бар. Оған мән беріп жатқан бұл жоқ. Түйсіксіздеу жан. Ал баспайда, жеке есебіне келгенде, керемет иісшіл-ей, осы сұм...
Тілеуғабылмен қатар оқыған. Бұған деген бақталастығы да сол ертеден басталған сияқты. Әйтеуір, жұлдыздары жараспапты. Жасынан көрінгенге ұрынып, соқтығып жүретін сотанақ та еді. Соның салдарынан бір көзінен айырылып, кемтар болып қалған жағдайы да жоқ емес-ті.
Кейінірек аңдаса, мұның Тасбазды шаруашылық орнына айналдырмақшы ойын білген соң қолма-қол ауыл еңбеккерлерін жинап:
– Осында баяғы Тілеуғабыл келгелі жатқан көрінеді. Өте принципшіл екенін өздерің де білесіңдер. Ол келсе, біртіндеп, мына совхозды да алады. Мені де кетіреді, сендерді де оңдырмайды. Осы көрген күнімізге зар боламыз. Сондықтан, оған қалайда жер бергізбеу керек! – деп үгіттеп қойыпты. Бәрін халық шешеді деп мардымсып жүргені содан екен.
Ұзақ уақыт сыртта жүрген Тілеуғабылды жерлестерінің ақырындап ұмыта да бастағаны да рас еді. Әлгінің айтқаны болды да шықты. Совхоз клубында өткен жиналыста көпшілік ағайын бұған қарсы қол көтерді.
Содан облыс әкімшілігіне барып келтіріліп жатқан кедергілердің мәнін түсіндіруге тура келген. Ондағылар:
– Ой, Төке, береді ғой. Несіне алаңдайсыз. Заңнан асып қайда барады. Олардың әкесінен қалған да, сатып алған да жерлері емес. Өз қазағыңыздың қысастығын бірінші рет көріп жүрсіз бе. Саспаңыз, – деп шығарып салды.
Сөйтіп екінші рет жиналыс ашылған. Бірақ сол баяғы жағдай тағы қайталанды.
Шаруашылық басшысының ішкен кезінде апталап жұмысқа шықпай қоятын да әдеті бар екен. Бұл шегінетін жер қалмай бара жатқаннан кейін оған ерегіспей-ақ: «Әй, жарқыным, заң – мынау. Әкімшіліктің нұсқауы – анау. Маған іске кірісу керек. Әр-беріден кейін бұл, тіпті, көпшілік талқысына салатын да нәрсе емес қой. Қисынсыз жерден кедергі келтіре бермесейші», – деп мәселені байыппен түсіндірейін десе – орнында жоқ.
Содан бір айға дейін ұстатпады. Бұл уақыт қысып, қиналып барады. Қайда жүр деп білетін біреулерден сұраса, қолдарын сілтейді. Анда-санда өстіп ләйліп кететін дағдысы көрінеді.
Үшінші рет келгенінде, жолықтырды, әйтеуір. Беті «бері қараған» сияқты:
– Жерді берейін. Бірақ шабындық болмайды. Шөп шаппайсың! – дейді ожырайып.
«Шөп шабуға құқың жоқ» деу – бұл жерде өмір сүре алмайсың, мал ұстамайсың деген сөз. Былайша айтқанда, қысастықтың ең «көкесі».
Аудан әкімі Сағынбай Медеубаевқа кірді. Жас та болса, көрген-түйгені мол, көшелі, парасатты азамат.
– Жер алып, өндіріс құрамын ба деп жүріп қажитын түрім бар. Қырсыққан әлдекімдердің бергісі жоқ. Жұмысты қиындатып жіберді. Сен енді маған, ең құрымаса, Тасбаздың басындағы үйдің айналасындағы аумақты алуға ықпалыңды тигіз. Көлемі, әрі кетсе, жеті сотық па, он сотық па екен, содан аспайды. Сол маған жетеді. Бүркіт ұстаймын, – деді.
Жезқазғаннан келген бойда Тасбаздағы бұлақ басына бірталай ағаш отырғызып үлгерген-ді. Баяғы Жаңылдық әжесінен жұққан қасиет пе екен, қолдан келгенше, отырған жерін ықтияттап, айналасын гүлдендіріп қоюға ұмтылатын. Жезқазғандағы үлкен саяжайына бұл өңірге таңсық алмұртқа дейін екті. Тіпті, Бетпақдаланың бір пұшпағындағы сол аймақта жүзім өсіріп, таныстарын түгел тамсантқан.
Мұның сөзін ықыластана тыңдаған әкім бір кезде Тасбазды көруге ынта білдірді.
– Уақыт болса, сол қыстағыңызға барсақ қайтеді, Төке? Кейінгі кезде тартысқа көп түсіп кеткен сол ауылыңызды аралауға көңілім құлап жүр, – деген.
Келді. Ананы-мынаны көрді. Тілеуғабылдың орала сала тап-тұйнақтай қылып, жайнатып қойған қыстағы көрінісіне таңырқаған да болуы керек, бас шайқап, жымиды. Одан:
– Төке, өте дұрыс екен. Ендеше бұл мәселені бүгіннен қалдырмай шешіп тастайық. Байқауымша, мұндағы біреулер сізді де, шынында да, әбден әурелеген сияқты. Дұрыс түсінгісі келмеген шығар. Оқасы жоқ, ондай-ондай жәйттер бола береді ғой, – деп, бағытты қайтадан орталықтағы кеңсеге бұрғызды. Сол күні төрт жүз гектар жерге қол қойып беріп еді. Шабындығы да, жайылымы да, бәрі ішінде. Бұл тұста енді ешбір Бөсербайдың да, Кеселбайдың да пәрмені жүрмей қалды.
Іс осылай басталған-ды. Ойлап көрсе, осы жер дауымен екі айдай сабылыпты. Ал электр желісін тартудың әлегі – әлгі...
Жалпы, ешкіммен жағаласуға, бет жыртысуға әуелден құмарлығы жоқ-тын. Іске бөгет жасап, аяқтан шалғандарға да кек сақтамаған. Мұндай әрі тарт та, бері тарт, аумалы-төкпелі кезеңдерде кикілжіңнің тууы, бәлкім, заңдылық та шығар деп, өзі де барлық жағдайға түсіністікпен қарауға тырысты.
Дегенмен, сонау совхоз басшысы қыңырлығын доғармаған. Өзі, расында да, қызық адам. Қашан көрсең, аузы көпіріп, билікті боқтап отырғанын көресің. Тартып алды, ұрлады, жырлады, жеп жатыр, құрып барамыз деп. Ал, шындығында, күллі шаруашылықты талай жылдан талан-таражға салып, берекесін кетірген соның өзі еді.
Үкімет әлгі тұста «Қуаңшылық жерлерді басқару жобасы» аталатын бағдарламасын қолға алған-ды. Бүкіләлемдік банктің қаржыландыруымен атқарылатын әжептәуір үлкен шаруа екен.
Осы іске кірісерде дүниежүзі мамандары шақырылыпты. Америкадан, Германиядан, Бельгиядан, Ресейден. Боса-болмаса, алқа төрінде өз адамдарымыз отыр. Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрі Серікбек Дәукеев: «Сол аймақта Тілеуғабыл Есенбекұлы деген бар. Өзі экологияға жақын жүреді. Жерді біледі. Елді біледі. Және келешекті ептеп ойлай алатын адам. Сонымен ақылдасыңдар. Көмек жасайды сендерге» деп ақыл қосқан секілді.
Көп ұзамай-ақ Тасбазға сау етіп бір топ өкіл келді. Тікұшақпен. Құдай салмасын, өзі де тура он екі қанат үйдей өңкиген дәу машина екен, аспан астын күңірентіп, шағын Тасбазды бір сәт майдан даласында жұмысы қыз-қыз қайнап жататын штаб орталығына да ұқсатып жіберді. Бір жағынан, мұндай тосын көрініс көңілге қуаныш та ұялатқан еді.
Түнеп аттанды. Одан кеткеннен кейін арада екі ай өткенде он адамнан тұратын ұжым тағы жиналған. О сапар бірталай бөгелді. Таңертең карталарына қарап алып, бағыт белгілейді де, жер-жерге елмен пікірлесуге ұшып кетеді. Айтып отырса, осы аймақтағы жердің үштен екісі құрғақшылыққа ұшырапты. Бұл енді, былайша да белгілі жәйт қой. Жаңбыр сирек жауатыны рас. Және күні-түні жел ұйтқып, кеберсіп, кеуіп жататын алқапты мол өнім алу дәмесімен ешбір өңдемей, тыңайтпай, жыл сайын тырмалау беру топырақты одан сайын тоздыратыны да түсінікті. Алыстан келген мамандар Ақшоқыдан бастап, Кеншоқы, Көктіңкөлі, Нұраталды сияқты төңіректегі өңір фермерлерінің бәрімен кездесті. Біздің қорға бөлінген осынша қаржы бар, соны тиімді пайдаланып, өлкені көркейтуге күш салайық деген бағытта әңгіме өрбіді. Шаруашылықтарды көпжылдық жоңышқа, бидайық тұқымымен, минералдық тыңайтқыш түрлерімен, қажетті жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі қозғалды. Сондай-ақ жер-жерге ылғалдандырғыш жабдықтарды, ток беретін жел қондырғыларын орнатудың жайы сөз болды.
Бірақ, не керек, кешке мамандардың бәрі үйге келгенде қарайып, ренжіп келеді:
– Ойпырм-ай, қайсына барсаң да алақан жайып ақша сұрайды. Бұл қалай енді? Түсінбей ме біздің мақсатымызды. Біз қолма-қол ақша тарату үшін жүрген жоқпыз ғой. Қаңсып жатқан аймақты жандандыруға кішкене көмек жасауға, жақсы іске түрткі болуға келдік қой, – деп.
Онысы рас, осылардың көмегін тиімді пайдалана білсе, бірталай жыртықты бүтіндеп алуға болатын да еді. Тек, кей жігіттер тілемсектеніп, арнайы қордан бірден мол қаражат бөлуді өтініп, шетелдіктерді тіксінтіп алғандай. Тегінде, орыстардың «балық берме, балық аулайтын қармақ бер» деуі қисынды; бұлардың да діттегені, негізінен, жұмысыңды түгелдей реттеп, атқарып тастамаса да, игі іске мұрындық болып, септігін тигізу-тін.
Әйтеуір, бір-екі жыл ішінде шаруа ыңғайланды. Бұл жұмыста Тілеуғабылдың да жәрдемі аз емес-ті. Олар еңбегіне ақы да төлей қойған жоқ. Бірақ техникалық кеңестің босатылған төрағасы ретінде жергілікті жұрттың бірталай ділгірлігін шешті. Қаржыландыру басталған кезде өлке жағдайын жақсы білетіндіктен, қай өңірге не беру керек деген тұрғыда ұтқыр жоспар жасап берген еді. Қолы да жүріп отырды.
Қондырғылардың бірқатарын сонау жер алатын кезде иттей қылатын шаруашылық директорына да бергізген. Басараздықтан халықтың мүддесін жоғары қойғандықтан, ұсақ тірліктен алыстау болуды қалап еді. Бірақ көп ұзамай-ақ осы жақсылығы үшін таяқ жеймін деп ойламапты. Оңбай өкініп те қалды.
О бастан адалдық, әділет, тәртіп дегеннен жұрдай жанға дауа жоқ екен. Әлгі басшы тағы да бұра тартып, қолына тиген қымбат қондырғыларды айдаладағы мүлде бөгде біреулерге таратқызып ұятқа қалдырды. Әрине, бұл сорақылық кейіннен анықталған. Халықаралық бағдарлама жетекшілері қатты ренжіді. Кәдімгіше шу көтеріліп, істің арты насырға шауып кетті. Ақыр аяғында, өңірде жақсы атқарыла бастаған пилоттық жоба ылғи бір сыбайлас жемқорлармен, парақорлармен жұмыс істеп келіпті дегендей, сенімнен шығып қалды. Еңбеккерлер недәуір несібеден қағылды. Тілеуғабыл да жерге қарады. Ауданға кір келді. Жеме-жемге келгенде, халық атына да көлеңке түспей қалмады. Кейбір сырт мамандардың ішінде ел туралы жағымсыз әсер кеткені анық қой.
***
Жерді иеленіп, Тасбазға табан тірегеннен кейін келе сала қырықтай құнажын, он бес-он алты жылқы, сексен-тоқсандай қой сатып алған. Содан бәрі ақырындап көбейді. Қазір жүз шақты сиыр бар. Жүзге тарта қой сол баяғыша. Өйткені, жыл бойы өсімін жейсің. Жылқы да аз-маз ғана өсті. Мінетін ат бар. Бие бар біраз дегендей...
Сонымен қатар бірталай техника да алды. Екі трактордың бірін сырттан жаңадан әкелтті. Біреуін сонау совхоздан сатып алып еді. «Т-150». Қос тіркемесімен.
Құдай бетін көрсетпесін, осы екінші трактордың «жыры» да анау жер мен электр дауынан асып түспесе, бір кем болмады.
Бастапқыда мұны жалға алып, кейін біртіндеп құнын толықтай төлеп, сатып алу жөнінде жергілікті басшылармен келіскен-ді. А дегенде талап етілген тиісті қаражатын да берді. Сөйтіп совхоздың бас инженері екеуі алыс-беріс актісіне қол қойып, төс қағысып тараған.
Енді бір күні әлдебір шаруаларымен совхоз орталығына кеткен тракторшысы салпақтап жаяу келіп тұр. Өңі өрт сөндіргендей. – «Өй, не болды?! Тракторың қайда?!». Сөйтсе, кездейсоқ көше ортасында ұшырасып қалған директор тоқтатыпты да: «Кәне, түс! Бұл біздің трактор! Қандай қақыларың бар сендердің мұны мінуге» деп, тападай тал түсте тартып алыпты.
Ақшасы төленген. Келісім-шарт орнында. Құжаттары түгел. Бірақ қиянатқа нет шара бар. Араша сұрап анаған барады, шешпейді. Мынаған келеді – шешпейді. Прокурор қың демейді. Ауданның да тісі батпайды. Сөйтіп ит-ырғылжың, дау қуумен жүргенде арада бір жыл өткен.
Бір күні ауданның жиналысына облыс әкімі келе қалды. Қажымұрат Нағыманов. Сонда бұл залда отырып, сөз кезегі тигенде жағдайын айтты:
– Өзіңізге осындай бір мәселені айтпасқа лажым жоқ. Тракторымды тартып алды. Сот құлаққа ілмейді. Прокурор дәрменсіз. Ауданға бағынбайды. Осындай бассыздыққа ие табылар ма екен?
Тіксінген әкім әлгі совхоз директорын орнынан тұрғызып алып:
– Әй, рас па мына сөз? Не қарап жүрсің сен?! – деді шалт кетіп.
Басшы күмілжіген:
– Мен білмедім бұ жағдайды. Бірінші рет естіп тұрмын. Барғаннан кейін анықтаймыз. Қайтарылады міндетті түрде иесіне!..
Бірақ бұдан кейін де әне-міне деп созып жүрді де, іс аяғын сиыр құйымшақтатып апарып мүлде сұйылтып жіберді. Одан кейін де сотқа жүгінуге тура келген. Басқа кімге шағымданасың. Шаруасын қолма-қол ыңғайлап бермесе де, бұл мекемеге қайта-қайта барудан жалыққан жоқ. Сол жолы бір жағына шығарды-ау олар, әйтеуір. Тілеуғабылдың пайдасына үкім кесті.
Сөйтсе, ертерек қуаныпты. Бұдан кейін де бір жылдай жүйке тоздыратынын білмепті. Әлгілер сот шешімін орындамай тағы сандалтты. Қазір атын да ұмытып қалыпты, машина-трактор ауласының бір жарыместеу меңгерушісі бар екен, әсіресе сол, құтпан айғырдай торуылдап, көлікке жолатқысы жоқ. Құдды бір әкесінің мүлкі! Ой, бір, барып тұрған ақымақ адам екен, расында. «Бұл трактор саған барған күннің өзінде тірі бармайды!» дейді қиястанып.
Көп әуремен алуын алды-ау. Бірақ әлгі нақұрыстың айтқаны келді. Екі күннен кейін-ақ көк тракторы қақалып-шашалып, өз-өзінен кілт тоқтады. Тіпті, от алмай қойды. Сөйтсе, моторына құм салып жіберіпті. Техниканың іш-құрылысын түгел шашып тастап, қайтадан жөндеуден басқа лаж қалмаған. Қазір, шүкір, сайрап тұр.
Дегенмен, қастандық тағы жалғасты. Енді бірде, шауып, үйіп қойған шөптерін тиеп әкетіпті. Одан, «қорқаулар түнде жортады» дегендей, әлдебір жауыздар түнделетіп тығылып келіп, екі үйдің арасында қабат-қабат қаттаулы жатқан тақтайларға от қойып қашыпты. Көп дүние болатын. Әжептәуір қымбатқа түсіп, зор еңбекпен жеткізілген құрылыс материалы.
Әлгілер мұнымен де тоқтамай, іргедегі қайыңы мен терегі сыңсыған шағын тоғай – Бетқайыңға да өрт қояды. Екі отты тура бір мезгілде тұтатқан секілді. Әйтсе де, Алланың иігені ғой, сол түні бұл аймаққа көптен тамбай қойған жаңбырдың шелектеп төккенін біледі. Дәл сол сәт қарақшылардың әрекетін сезбесе де, үйде жатып, жауын жауғаны үшін ғана, іштей күбірлеп, Жаратқанға мың алғысын жаудырғаны есінде.
Өрт ізін екі күннен кейін бір-ақ көрді. Дегенмен, тақтай да, сонау бүйірдегі тал-шілік те аз-маз шеті күйіп үлгергені болмаса, тез сөніпті. Және бәрі қалың жауған жаңбырдан соң шылқылдап, әлі су болып жатыр екен.
Мән-жайды түсінген шақта қабаржып, қатты ренжісе де, Құдайдың шарапатына ризалық білдіріп, тәубе айтқан.
Шөпті де ұзамай сот арқылы қайтарып алды. Артынан әлгі ұрылардың өздері әкеп беруге мәжбүр болды.
Егер қызығатын киногері табылса, Тілеуғабыл бастан кешкен арпалыстар керемет бір көркем фильмге сұранып-ақ тұр-ау. Ойбой, неше қилы құқайды бұл да көріп бағыпты. Бірақ, әрине, жеңіл не бар дейсіз; өтпелі заманның мұндай заңдылықтарынан айналып өту оңай ма...
***
Күндердің күнінде сайын Сарыарқада сонау Абай заманынан беріде ақырындап ұмытылуға айналаған үлкен Салбыруын мерекесін өткізсем деген арманына да жеткен. Және оны екі ауыл арасындағы жай ғана шара емес, шама келгенше құлашты қияға сермеп, төрткүл дүние бүркітшілері қатысатындай кең ауқымды той деңгейінде ұйымдастырды. Дүбірлі шара Ақсу-Аюлының Мәдениет Үйі алдындағы үлкен шеруден басталды. Бұл 1995-тегі қарашаның аяғы-тын. Және «е, қанды басың бері тарт!» дегізіп, Құдайдың өзі сәтін салған нағыз қансонар күні болатын. Қарағанды мен Балқаштан, Ағадыр мен Қайрақтыдан, көршілес совхоздардан қаптап жиналды. Олардың да, әрине, алыстан ат арытып жеткен Франция мен Германия, Австрия, Моңғолия мен Ресей саятшыларына таңдана қарап, солардың маңайында көбірек айналшықтауы да заңды еді. Мың қаралы қауым қан сәскедегі мерекенің салтанатты ашылуынан кейін алдымен салт атпен сап түзеген он екі бүркітшінің Бұғылы мен Тағылы бөктеріндегі арнайы бүркіт салу қойылымдарына куә болды. Жүздеген шақырымға созылған іркес-тіркес бел-асулардың сай-сайы арасындағы жаңа жауған ұлпа қарды жалдай қашқан түлкі-қарсақ пен биіктен шүйліккен ақиық қырандардың осынау қиян-кескі тартыстарын, шіркін, бір сәт анау көк жүзінен тамашалайтын мүмкіндік туса деп те қиялдайды екенсің. Дегенмен, түкпір-түкпірден жиналған кәнігі киногерлер мен фотосуретшілер ең қызықты сәттерді қалт жібере қоймайды-ау. Қазіргідей техниканың қарыштап дамыған заманында кез келген қашықтықтағы көріністі жарқыратып тартып ала қою, анығында да, аса қиынға түспейтін көрінеді. Кейін байқағанындай, жоғарыдан сорғалап келіп, жемтігіне қан шеңгелді батыра салған алғыр бүркіттердің немесе қапталдан қосылып жаныға жүгірген құмай тазылардың, яки қиқуға желігіп, ауыздықпен алыса, аршындай екпіндеген жүйрік аттардың небір тартымды кескіндері объектив назарынан тыс қалмапты. Ұшқыр уақытпен қанаттасып, зымырай зулаған тіршілік иелерінің арпалысқа түскен айшықты сәттері бір мезет ақ қағаз бетіне мөлдірей тұна қалыпты.
Иә, алапат айқасқа толы Салбурынның нағыз мәні – «қыран жапқандай» деген тіркес те осындай әсерлерден кейін амалсыз туындайды екен-ау!
Құлан САҒАТҰЛЫ.
Қарағанды облысы
qazaquni.kz
Бүркітші Тілеуғабыл Есенбекұлы қазақтың Салбурын өнерін Австрия елінде өткен әлем құсбегілердің Халықаралық сайысында паш етті.