АЛАШҚА АДАЛДЫҚ
2021 ж. 01 қыркүйек
2586
2
Ұлы Дала тарихына, яғни байырғы Қазақ Елінің тарихи даму жолдарына тарихи зерделілікпен, ой көзімен барласақ, сақ, ғұн, түркі заманынан бастап «Мәңгілік ел» мемлекеттік ұлттық идеясынан бастап, Алтын Орда мен Қазақ хандығы тұсындағы «Жерұйық», «Алты Алаш» және ХХ ғасыр басындағы тәуелсіздік идеясының беломыртқасы, ұлт рухының бастау көзі, елшілдік-мемлекетшілдіктің символы «Алаш» идеясы еді.
1917-1920 жылдарда, нақты айтқанда, 1917 жылғы желтоқсанның 5-13 күндерінде Орынборда Жалпықазақ құрылтайында Алаш Ұлттық Жерлі Аутономиясы құрылып, оның Ұлттық Кеңесі, яғни Алаш Орда үкіметі сайланып, оның төрағасы (президенті, премьер-министрі) болып әлемдік деңгейдегі ұлы саясаткер Әлихан Бөкейхан сайланған-ды. Алаш Орда үкіметінің құрамында ұлт патриоттары – Алаштың атақты қайраткерлері болған-ды.
Алаштың ұлттық қарулы күштері, Алаш мемлекетінің астанасы – Алаш қаласы, «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасында Ел қорғау, Ғылым-білім үйрету (тегін оқу, қазақ тілінде орта мектеп пен университет ашу, хүкімет оқу ісіне кіріспеу, мұғалім-профессорлар өзара сайлаумен қойылуы), мемлекет басқару жүйесі, жер законінде жер сату деген болмау, оқу, сот, дін, әйел мәселелері хақында ой-тұжырымдар өрбітіліп, «Қазақ-қырғыз аутономиясы» - «Алаш» деп аталсын; «Алаш аутономиясының жері, суы, астындағы кені – «Алаш мүлкі» болсын; Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен Уақытша Ұлт Кеңесін құруға, мұның аты – « Алаш Орда» болсын; Алаш Орданың ағзасы 25 болып, 10 орын қазақ-қырғыз арасындағы басқа халықтарға қалдырылады. «Алаш Орданың уақытша тұратын орны – Семей қаласы); «Алаш Орда бүгіннен бастап қазақ-қырғыз халқының билігін қолына алды» деп тарихи шешім қабылдап, мәлімдеді. Ұлт тарихындағы ғасырлық оқиғаға орай Міржақып Дулатұлы: «Жасасын Алаш аутономиясы! Көркейсін Алаш!» деп жалпақ әлемге жар салды. Ұлы Даланың «сұңқар табиғатты» дауылпаз жыршысы Сұлтан-Махмұт Торайғырұлы:
Алаш туы астында,
Күн сөнгенше сөнбейміз!
Енді ешкімнің Алашты,
Қорлығына бермейміз!
Я болмаса:
Құрт аурудай жайлаған,
Құртпаққа бізді ойлаған,
Қанымызға тоймаған,
Қолымызды байлаған,
Ерімізді айдаған,
Елімізді лайлаған,
Жерімізді шимайлаған,
Өтті залым қарасы.
Немесе:
Өлер жерден кеттік біз,
Бұл заманға жеттік біз,
Жасайды Алаш, өлмейміз,
Жасасын Алаш, жасасын! -
деп, мыңжылдық қайғының бұлты сейілгенін, халықтың күткен үміті жарқырап оянғанын көсем көңілмен сипаттайды. Және де ол «Ғали ханның Семейге келуі» дейтін байыптамасында («Сарыарқа», 1917 ж., 13 қараша, №18) былайша сүйсінген: «Көш бастаған еріміз! Алаш туын қолға алған, Қараңғыда жол салған, Арыстаным, келіңіз!» Ұлы даланың бақ жұлдызын, шам шырағын, Қыдыр атасын, Асан қайғысын, Бұқар жырауын көргендей сезінді қара жұрт...
Замана толғатқан, тарих тудырған, ұлттық үміт-арманынан жаралған мыңжылдықтың тұлғасы, қазақтың қабырғалы да қайсар қара нары Әлихан Бөкейханды ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлы:
Қырағы, қия жазбас сұңқарым-ау!
Қажымас қашық жолға тұлпарым-ай!
Үйілген өлексені өрге сүйреп,
Шығармақ Қыр басына, іңкәрім-ай! -
деп ұлы кемеңгердің шынайы болмысын кемел суреттеген, заманынан, қоғамынан, қауымынан озып туған көреген, мемлекет қайраткері, айтулы Алаш көсемі, «Алаш» партиясының ұйымдастырушысы һәм Алаш Орда үкіметінің басты лауазымды басшысы, энциклопедист-оқымысты, экономист, тарихшы, этнограф, фольклортанушы, абайтанушы, журналист, көсемсөзші, тәржімашы, әдебиет пен мәдениет білгірі, ормантанушы, шежіретанушы, қазақ өлкесіндегі төрт түлік мал мен егін шаруашылықтарын зерттеуші, қазақ жерінің жоқшысы, мысалшы, өнертанушы, тұлғатанушы Әлихан Бөкейханды тану ХХ ғасырдың 90-ыншы жылдарында басталды десек, мұның басы-қасында бас-көз болған жігерлі, жалынды жас Сұлтан Хан Аққұлұлы Жүсіп (ғылыми-публицистік лақап есімі Сұлтан Хан Аққұлы) Әлихан Бөкейханның әдеби-публицистік мұрасы тақырыбында кандидаттық диссертация жазды, ұшан-теңіз материалдарды жинақтап, бір жүйеге түсіріп, толымды зерттеу туындатты.
Жанкешті Сұлтан Хан Аққұлының құрастыруымен 1995 жылы «Әлихан Бөкейхан. Таңдамалы – Избранное» атты сүйекті академиялық жинағы «Қазақ энциклопедиясынан» жарыққа шықты. Бұған Ә. Бөкейханның 1889-1927 жылдар ішінде жазған кесек-кесек монографиялары, ғылыми-зерттеу шығармалары және эпистолярлық мұрасы және библиографиялық көрсеткіші енгізілді. Және ғылыми түсініктемелері берілді.
Әлихантанушы Сұлтан Хан Жүсіп өте-мөте сирек тарихи-әдеби, деректемелік, шежірелік мәліметтерді молынан жинаған мұрағаттанушы, деректанушы. Оның көрсетуінше, Ә. Бөкейхан Ресейдің атақты экономистері, географтары қатысқан «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» атты көптомдықтың қазақ даласына арналған 18-інші томындағы «Исторические судьбы Киргизского края и культурные его успехи» атты очерктің үш авторының бірі (1903). 1911-1914 жылдары Ф.А. Брокгауз бен И.А. Ефронның «Новый энциклопедический словарь» басылымының 4-20-томдарын жазуға атсалысқан. Осы сөздіктің 8-томында Ә. Бөкейханның 1906-1907 жылдары «Иртыш», «Омич» және «Голос степи» газеттеріне редактор болғаны айтылады. 1928 жылы академик Сергей Швецов Әлихан Бөкейханға жазып берген мінездемесінде оның қазақтың жылқы тұқымдары мен жылқы шаруашылығы жөнінде тамаша еңбегі болғанын атапты.
Сұлтан Хан Аққұлының 2016 жылы жарық көрген «Алихан Букейхан. Творец истории» (1 том) және «Алихан Букейхан. Завещание» (2 т.) атты, 2017 жылы «Алихан Букейхан. Собиратель казахских земель» деген атаумен қайта басылып шыққан 2-томдық қабырғалы толымды зерттеулерінде ұлы саясаткердің, ұлт көшбасшысының толық шығармашылық өмірбаяны мен қоғамдық-ұйымдастырушылық қызметі жан-жақты көрсетілген. Мұнда тарихи деректер, мәліметтер, ұлт көшбасшысының ұлы идеялары өлшеусіз мол.
Әлихан Бөкейхан мұрасы – Ұлы Дала тарихы мен тағдырының, тәуелсіздік жолындағы қазақ халқының қаһармандық-ерлік күресінің, тілі мен дәстүрінің, ұлттық рухы мен санасының шарайнасы. Сондықтан да филология ғылымдарының кандидаты, алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлы қазақ қоғамының реформаторы, стратег, тарих тамыршысы, қазақ жерінің жоқтаушысы, «Ел ағасы, Қыр баласы» (Мағжан ақын айтқандай) Әлихан Бөкейханның 2016-2017 жылдары 15-томдығын бастырды. Құрастырды, түсініктерін жазды, библиографиялық көрсеткішін жасады. Мәскеу, С.-Петербор, Орынбор, Омбы, Самар, Томскі, Минск, Киев, Семей шаһарларындағы архивтерді, ҚазКСР мен КСРО КГБ-ларының және РФ Федералдық қауіпсіздік қызметінің Орталық архивтерін ақтарды. Сөйтіп «Особые прибавления к «Акмолинским областным ведомостям» (Омбы), «Туркестанские ведомости», «Дала уалатяның газеті» (Ташкент), «Степной край», «Иртыш», «Омич», «Голос степи» (Омбы), «Сын отечества» (Мәскеу), «Речь», «Мусульманская газета», «В мире мусулманства» газеттері мен «Сибирские вопрос» журналы (СПб), «Қазақ» (Орынбор), «Сарыарқа» (Алаш) сынды қазақ баспасөзі мен «Известия Западно-Сибирского отдела ИРГО» (Омбы), «Записки Семипалатинского подотдела Западно-Сибирского отдела ИРГО» атты ғылыми басылымдарын зерделеген.
Сонымен қатар «Абай», «Темірқазық», «Жас қайрат», «Жас қазақ», «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі», «Шолпан» журналдары мен «Ақ жол» (Ташкент), «Еңбекші қазақ», «Теңдік», «Кедей теңдігі» сынды ұлт басылымдарын бірін қалдырмай ақтарған. Соның нәтижесінде сан-алуан материал жинаған. Ұлы Дала кемеңгерінің қазақ, орыс тілдерінде ойшылдықпен, білімдарлықпен жазған ғылыми зерттеулері, экспедиция материалдары, мұрағат құжаттары, ғылыми, көркем аудармалары, сатиралық әңгімелері, жаратылыстану, фольклортану жайындағы жазбалары, фельетондары, оқулықтары оқу-әдістемелік құралдары, әдеби-сын мақалалары, пікірлері (рецензиялары), сиезд хаттамалары, қарарлары, хаттар, жеделхаттар, үндеулер, Алаш Орда мен Уақытша үкіметтердің заңнамалық қаулылары, бұйрықтар, нұсқаулар, тергеу хаттамалары, сот үкімдері және т.б. дүниелері топтастырылған.
Жинақтап айтқанда, Сұлтан Хан Аққұлұлы Жүсіптің «Алаш мұрасы: жинау, жүйелеу, зерттеу» бағытындағы Ә. Бөкейханның өмірі мен әдеби-публицистикалық, ғылыми шығармашылық мұрасын түбегейлі зерттеуі мен оның 15-томдық еңбегін жариялауы – әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлыққа толықтайынан лайық кешенді зерттеу.
Серік Негимов,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері,
филология ғылымдарының докторы,
профессор