Ұлт мүддесіне өмірін арнаған
2021 ж. 29 тамыз
2840
0
Өзекең туралы үзік сыр
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы ғалым, этнограф, мәдениеттанушы Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына тоқсан жыл толды.
Мен Қазақ елінің руханияты саласына қисапсыз үлес қосқан осынау біртуар тұлғаны Қазақстан комсомолы Орталық Комитетіне жұмысқа келген кезінен бастап таныған едім. Сонда өткізілген балалар әдебиеті жайлы бір мәжіліске қатысқаным бар. Мәжілістен соң әңгімелескенде, ҚазПИ-де оқығанын, мені сырттай білетінін айтты.
Мен институт бітіретін жылы келіп түсіп, тарих факультетінде оқыпты. «Сізді сталиндік степендиант, мұғалімдермен қатар жүретін, ересек жігіт санайтынбыз», – дегені де есімде.
Осыдан бастап мен Өзбекәлінің қайда жүрсе де тілекшілерінің бірі болдым. Оған оның ұлтжандылығы, қазақтың мәдениеті мен әдебиетіне жанашырлығы, көне дәстүрлерді жақсы білетін, оның пайдалысын сақтап дамыту жөніндегі ойлары мен қызметі әсер етті. Ол қандай қызмет атқарса да, өзі істеп жүрген идеологиялық жұмыстың айғайлы, ұранды істеріне бой алдырмады. Ұлт мүддесін жоғары ұстады.
Жаңадан ашылған Торғай облысында оның мәдениет ошақтарын ұйымдастырып, сол салада өткен барлық шараларға өзі қатысып, іске жан бергенін онымен қызметтес болған адамдар жыр ғып айтады.
Алматы облысында, Мәдениет министрлігінде атқарған қызметі де ұмыт болған жоқ. Одан қалған із көп. Осының бәрі туған халқының, кейбіреулер ойлағандай, бұратана емес, тарихы мен берік қалыптасқан дәстүрі бар, мәдениеті мен әдебиеті, тілі бар іргелі ел екенін дәлелдеуге тырысып істеген істері еді. Ол осыған өмірін арнады.
Өзбекәліні менің жақын біліп, қоян-қолтық бірге жұмыс істеуім оның Орталық партия Комитетіне хатшы болып келген тұсы еді. Бұл кезде мен Ұлттық ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтында директор болып істейтінмін. Партияның бұрынғыдай емес, қаһарының қайта бастаған кезі болатын. Соны пайдаланып, қазақ оқырмандарының бір тобы Шәкәрім Құдайбердіұлын ақтап алу жөнінде ұсыныс кіргізген.
Сол ұсыныс бойынша Орталық Комитет арнаулы комиссия құрды. Оның негізгі құрамы қазақтың қоғамдық ғылымдар саласындағы ғалымдары мен әдебиетшілерден құралды. Комиссия бастығы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Жабайхан Әбділдин еді. Мен де сол құрамда болдым.
Қанша дегенмен, ескі стильдің беті қайтып болмаған кезі ғой, біраз айтысып-тартысып, ақыры Шәкәрімді ақтауға келістік. Оған Мемлекет қауіпсіздігі органдары таққан айыптар дәлелсіз көрінді. Соған қарамастан, олар таласып бақты. Ең соңында Орталық Комитетінің бюросына барып таласты. Дегенмен, әділеттік жеңіп, Шәкәрімді ақтау жөнінде шешім қабылданды (1988 жылдың сәуір айында).
Өзбекәлі дәл осы тұста Орталық Комитетке хатшы болып келді. Ол аталған комиссияны өзіне жинап, оған А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытовтардың ісін қарауды тапсырды. Бұл тек үш жазушыны ақтап алуда ғана емес, солар қатысқан бүкіл Алаш қозғалысын, Алашорда үкіметінің қызметін жаңаша бағалаумен байланысты пікірге тіреліп тұрды. Өзбекәлі осы мәселені көтере отырып, олардың ісінен ұлтшылдық көре алмайтынын, ал аталған ақын-жазушылардың шығармалары мен саяси өмірін анықтап қарау қажеттігін баса айтты.
Алғашқы ретте біз бүкіл Алашорда ісіне тиіспей, жоғары үш жазушының еңбектерін, олардың қайшылықты деген тұстарын қарадық. Шығармаларын түгел жинап оқыдық. Ақыры комиссия олардың әдеби, қоғамдық, саяси қызметінде кеңестік құрылысқа қарсы ештеме жоқ деп тапты. Комиссияның қорытындысын жазар алдында, оның негізгі шешімі жайында ақылдасып қайтуға Өзбекәліге барған Жабайхан асығыс келіп, мені шақырды.
Қауіпсіздік комитеті Ахметтің 1922 жылы жазылған «Қалам қайраткерлеріне» деген мақаласынан «ұлтшылдық» тауып, Орталық Комитетке түсіріпті. Құдай абырой бергенде, алыстан іздеп әуре болмай, ертерек кезде Алашорда жазушыларының шығармаларын оқығанда көшіріп алған осы мақала менің архивімнен табыла кетті. Екі жақтап оқып, оның қайшылықты деген ойларын түсіндіріп, хат жаздық. Ақыры бұл мәселе де шешілді. Комиссияның қорытындысы, Шәкәрім ісіндей таласқа түспей, Өзбекәлі алдынан да, Орталық Комитеттің бюросынан да тез өтті (1988 жылдың желтоқсанында).
Ең соңында Міржакып Дулатовтың ісі қаралды. Бұл мәселе жөнінде Өзбекәліде де, оның тапсырумен Жабайханда да оңаша пікір алыстық. Бұл істің басқаларынан гөрі қиын жағдайы бар еді – Аманкелдінің өліміне Міржақыптың қатысы бар (Аманкелді өлтірілгенде Торғайды Міржақып билеп тұрған) деген әңгіме тараған. Сондықтан да бұл мәселені батыл көтеруге ешкімнің жүрегі дауаламай, «қоя тұрайық, артынан көреміз» дескен. Бір күні мені Өзбекәлі шақырыпты. Барып ем, ол әңгімені өзіне Міржақыптың қызы Гүлнардың келіп кеткенін, Ахметтерді ақтағанда, өмірін сол кісімен бірге өткізген әкесін тастап кеткеніне реніш білдіргенін айтты. Гүлнар апарып көрсеткен құжаттармен, әртүрлі қағаздармен танысыпты.
Қауіпсіздік комитетіне Аманкелдінің өліміне Міржақыптың қатысқан, қатыспағанын анықтап беруді сұрағанын айта отырып, оның әдеби шығармаларын қарап, қорытынды жасауға тапсырды.
Мен Жабайханмен ақылдаса отырып, Міржақыптың әдеби мұрасы жайында хат дайындадым, оны апарған кезімде, қолына қалам алып отырып, Өзбекәлінің өзі қарап толықтырды. Қауіпсіздік комитеті де Аманкелдіні өлтірушілердің тізімінен Міржақыптың есімін таппады. Сөйтіп Міржақып та ақталды.
Мен бір нәрсеге қуанамын – дәл осы бір тұста Орталық Комитеттің идеологиялық жұмысы басында, Өзбекәлі емес, басқа біреу отырса, осы мәселелерді біз ойдағыдай шеше алмаған болар едік. Құдай абырой бергенде, «бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, Өзбекәлінің осы қызметке келуі қазақтың бағын көтерді, арыстарын ақтады, жоғын толтырды.
Аталған арыстарды ақтау қағаздарын түгелдей біз дайындадық. Шығармаларын ойдан, қырдан (көбі өзімізде жоғалып, беттері жыртылып кеткен) Мәскеу, Ленинград, Қазан, Ташкент – тағы басқа жерлерден іздедік, институт қызметкерлері ерекше бір қарқынмен, шабытпен жүмыс істеді. Ертелі-кеш уақытпен санаспай Ж.Әбділдинмен, Ө.Жәнібековтің өзімен байланыс жасап тұрдық. Оның азаматтық ерлігін, ел сүю сезімінің байлығын, ұлтжандылығын мен осы бір тұста ерекше таныдым.
Жазушы деген ойдың, сезімнің адамы ғой. Заман ауыртпашылығын көрген олардың кейбір еңбектерінде қайшылықты, екі ұдай пікір тудыратындай тұстар да талай талқыға түсті. Сонда Өзбекәлі «Онда қандай ұлтшылдық бар?» дегенді басқадан бұрын айтатын. Оның сөзінен кейін біз түгілі Қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерінің өзі үндей алмай қалатын.
Осы бір тұста партия да өзінің бір кездерде асыра сілтеп жіберген істерін қайта қарап, демократизмге бет бұрып жатты. Совет Одағы Коммунистік партиясының Орталық Комитеті «Ленинград», «Звезда» журналдары туралы» қаулысын (1946) қайта қарап, күшін жойды. Осыдан соң мен де институтта өзіміздің ғалымдармен ақылдасып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателіктер туралы» деген (1947) қаулысының күшін жою жөнінде Орталық Комитетке жаңа қаулы қабылдау туралы мәселе көтердім. Алдымен, институттың Ғылыми кеңесінде қарап, оның шешімін алдық. Содан соң Ұлттық ғылым академиясының Президиумына шықтық. Президиум мұны өз бетінше шеше алмады, жоғарыға ұсыныс беруге де жалтақтады.
Сөйтіп жүргенде бір мәселемен Өзбекелі шақырыпты. Шағындау бір кеңес екен. Сол біткен соң, артынан қалып, жаңағы мәселені көтердім. Ол тез түсінді де, «қане, ұсынысың қайда?», – деді.
Мен қағазсыз келіп едім. Оның үстіне, Академияның басшылығы жалтақтаған соң, одан асып ұсыныс беруге ыңғайсызданған да болатынмын.
«Оларды қой, өзіме алып кел, тез», – деді Өзбекәлі. Мен ертеңіне-ақ жеткіздім. Сейіт Қасқабасовты (Орталық Комитетте істейтін) шақырып алды.
– Бір қаулының ғана күшін жою – қиын емес. Осымен байланысты тағы қандай күшін жоюды қажет ететін құжаттар бар? – деді Өзбекәлі.
Біз ақылдаса отырып, 1950 жылдары «ұлтшылдық» науқаны кезінде алынған біраз қаулыларды еске түсірдік. Олардың ішінде Жазушылар одағының жұмысы жайлы, қазақ тілі мен әдебиеті оқулықтары туралы, тағы басқа бас-аяғы бес қаулыға тоқталдық. Оларды тауып әкелуге партия тарихы институтына кісі жіберілді. Барлығы Сейіттің қолында жинақталып, олардың күшін жою туралы жаңа қаулының жобасы жасалатын болды. Ақыры ол да іске асты.
Осындай істерге Өзбекәлі жанып кететін еді және мәселені тез шешетін. Сөзі аз, ісі көп, тындырары мол болатын. Көп сөзді адамдарды, нақты ұсынысы аз, қызыл көпірме сөзді ұнатпайтын. Оған тыжырынып қарайтын.
Өзбекәлінің Орталық Комитетте істеген кезі Қазақстан үшін ең бір қиын ауыр жылдар болатын. Республика басшылығы өзгеріп, Д.Қонаевтың орнына Колбин келген. Желтоқсан оқиғасы өткен. Мұның бәрі жаңа басшы мен орталықтың қазақтарға деген көзқарасын өзгерткен. «Қазақ ұлтшылдығы» туралы қаулы шыққан. Бір жағынан, орталық пен басшының осындай көзқарасын, екінші жағынан, өрлеп келе жатқан демократиялық талаптар халықтың санасының көтеріліп, ұлт мүддесі үшін күрестің басталуы Өзбекәліні екі оттың ортасына қойды. Ол қинала жүріп қызмет істеді. Бірақ халқын да, ұлт мүддесін де сатқан жоқ, істің пайдалы жолын таба білді.
Өзбекәлінің тұсында Орталық Комитет «Қазақстан территориясы: тарих және қазіргі кезең», «Қазақстандағы ұлтаралық қарым-қатынас және интернационалдық тәрбие» деген тақырыптарда республикалық конференциялар өткізді. Алашорда қозғалысын жаңаша бағалауға бағытталған дөңгелек стол мен газет-журнал беттерінде кең пікір алысулар ұйымдастырылды. Абайдың туғанына 150 жыл толу тойының дайындығы басталды. Осылардың бәрі Өзбекәлінің тікелей басшылығымен өтті. Осы шаралар арқылы ол Қазақстанның шекаралас аудандарын қосып алғысы келетін ұлы орыстық кертартпалыққа, іштегі орыстарды бізге қарсы қоюға бағытталған теріс пікірлерге тойтарыс беруді ұйымдастырды. Алашорда қайраткерлерін түгелдей ақтап алдық.
Өзбекәлімен мен талай сапарларда да бірге болдым. Бұл жылдары ақталған арыстардың мұраларын насихаттауға, мерейтойларын атауға арналған жиындар, конференциялар көп өтті. Бұрын аталмай келген талай есімдер жаңғырды. Олардың аруағына арналып жиын-тойлар жасалды. Ол осылардың біразына қатысты. Оның маңында қошаметшілер емес, іс адамдары ғана жүретін. Топырлап, той-домалақты күйттеп жүргендерді ол жақындатпайтын. Істі нақты ұйымдастыруға керек адамдарды жұмысқа жегіп, шаруаны жинақы ұстауды қалайтын. Сөзді де аз сөйлейтін.
Бірде ол бір топ ғалымдар мен тіл мамандарын жинады. Қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялау туралы әңгімелер көтерген тұс болатын. Әуелде қазақ тілі мен орыс тілі – екеуі де мемлекеттік тіл болсын деп Колбиннің ыңғайымен кеткен азаматтар да ойланып, ұлт тіліне ден қойған. Жабайхан Әбділдинде жиналып, осы пікірді қолдаймыз деп келіскенбіз. Жабайхан да осыны қолдап, өзінің дәлелін дайындап сөйлегені есімде. Ал, Орталық Комитет екі тілді қолдаудан айнымаған. Өзбекәлі бізді көңілсіздеу, қабағы катқыл күйде қарсы алды. Жиынның мақсаты осы мәселе жөнінде пікір алысу деп қысқа ғана кіріспе сөз сөйледі. Бірінші болып академик Салық Зиманов сөз алды.
Ол бірден мемлекеттік тіл – қазақ тілі болуы керек деп бастап еді, Өзбекәлі сөзін бөліп, ойын әрі қарай өрбітуге мүмкіндік бермеді. Осы әдіспен орнынан екінші болып көтерілген академик Әбдуәлі Қайдаровты да тоқтатты. Хатшының оларға айтқан қарсы дауы жоқ, бірақ қолында күші бар, билік бар, «жағдайды неге түсінбейсіздер» деп ренжіңкіреп, бөгеп жатты. Екі академиктен кейін ешкім орнынан тұра қоймады. Арада аздап үнсіздік орнады. Өзбекәлі де ештеме айтпайды. Тұнжырап, төмен қарайды. Осы үнсіздікті бұзып, мен:
– Маған бола ма? – деп орнымнан тұрдым. Өзбекәлі басын көтеріп, изеп, маған қарады.
– Мен бір нәрсеге түсінбеймін, – деп бастадым сөзімді. Бізбен ақылдасуға шақырған екенсіздер, онда неге бізді толық тыңдамайсыздар? Бәрімізден жасы үлкен академик ағамыз Салық Зиманұлын тоқтатып тастадыңыз. Бүкіл тіл тағдырын көтеріп жанын салып жүрген, тіл қоғамының басшысы академик Әбдуәлі Қайдаровты сөйлетпей қойдыңыз. Енді біз не айтамыз? Онда бізсіз қаулыларыңызды ала бермейсіздер ме? Бізде бұл кісілер айтқан пікірден басқа ой жоқ.
Өзбекәлі де әзер шыдап отыр екен, жарылып кетті:
– Осыны неге Колбинге айтпайсыздар? Мен түсінбейді деп отырсыздар ма? – деді даусы жарыла шығып. Екі оттың арасында отырғанын жасырмады. Қабағы да ашылып, жұмсара бастады.
– Айталық, бізді ертіп апарыңыз. Шақырсын! – дедік шуласып.
Ақырында келісімге келдік. Колбин келген соң (ол кезде Колбин Мәскеуде КСРО халық депутаттарының бірінші съезіне кеткен) Өзбекәлі қабылдау ұйымдастыратын болды. Бірақ Колбин келмеді, басқа қызметке ауысып, сол жақта қалып қойды, мәселе өзінен-өзі қазақ тілінің пайдасына шешілді.
Бұл да Өзбекәлінің ұлт тілінің тағдыры үшін қиналған бір тұсын еске алғызады.
Орталық Комитетте Өзбекәлі қазақтың ғылымына да, әдебиеті мен мәдениетіне де шын мағынасында қамқор болды. Біздің институт құрамында қолжазба орталығын құруға көмектескен. Орталыққа бөлек үй алып берем деп жүр еді, оған уақыт, партияның тарауы мұршасын келтірмеді. Бірде Республикада әдебиет пен өнер музейін ашу жөнінде пікірлескеніміз бар. Мен Украинадағы осындай музейде болғанымды айттым. Ол осы идеяны қатты қолдады. Орталық Комитеттің қаулысын да шығартты. Оған үй де іздей бастап еді, ол да аяқсыз қалды. Қолжазба орталығын құру кезінде менің институттағы қолжазбалардың сақталуы жағдайын көруін сұраған тілегімді шын пейілмен қабылдады.
– Барам, көрем, қоғамдық ғылымдар институттарын аралаймын, – деді.
Уәделі күні біз алдымен Президиумға келер деп (көмекшісі солай деген) Әбділдиннің кабинетіне жиналып, күтіп отырсақ, ол қасына ешкімді ертпей, Тіл білімі институтына келіпті. Бәріміз жүгірісіп сонда бардық. Сол жолы біздің институтта болды, қолжазба сақталатын жерді көрді. Ғылыми кітапхананың қолжазбалар қорын аралады. Бұл оның қарапайымдылығының бір көрінісі іспетті. Жалпы, оның табиғатында кеңсешілдік, төрешілдік деген болмайтын. Қарым-қатынаста да таза іскерлігімен танылатын.
Төрешілдіктің мол заманында оған бой алдырмай, көпірме ұранға ілеспей, барлық қызметін туған халқының мүддесіне арнаған азаматтың есімін біз әрқашан құрметпен еске аламыз.
Ол халық мүддесінің шын жоқшысы еді.
Серік ҚИРАБАЕВ, академик
Өмірдерек
Өзбекәлі Жәнібеков (28.8.1931, Түркістан облысы Отырар ауданы Сарықамыс ауылы ¬– 22.2.1998, Алматы) – мемлекет қайраткері, этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты (1990).
Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Алматы мемлекеттік университеті) бітірген (1952). Шымкент (қазіргі Түркістан) облысының Келес ауанында мектеп мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі (1952 –1955), Келес ауданы комсомол комитетінің 1-хатшысы (1955-1956), Шымкент облысының комсомол комитетінің хатшысы (1956-1961), Қазақстан ЛКЖО ОК-нің 1-хатшысы, хатшысы (1961-1970), Қазақстан компартиясы Торғай облысы комитетінің хатшысы (1970-1975), Қазақстан компартиясы ОК-нің шет елдермен байланыс бөлімінің меңгерушісі (1975-1977), Қазақстан мәдениет министрінің орынбасары (1977- 1988); мәдениет министрі (1987-1988), Қазақстан компартиясы ОК-нің хатшысы (1988-1991) қызметтерін атқарды.
Жәнібеков қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына елеулі үлес қосты. 20 ғасырдың 70-жылдарының өзінде-ақ Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің қалпына келтірілуіне ұйытқы болды. Жәнібековтің бастамасымен Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық мұражайлар ашылды, Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатын көздеген «Арқас» қоғамы құрылды. Жәнібеков «Шертер», «Адырна», «Алтынай», т.б. фольклорлық өнер ансамбльдерін ұйымдастырды. «Наурыз» мейрамының, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев есімдерінің халқына қайта оралуына белсене ат салысты. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты.
«Қазақтың ұлттық қол өнері» (1982), «Жаңғырық» (1991), «Уақыт керуені» (1992), «Жолайрықта» (1996), «Қазақ киімі» (1996), «Ежелгі Отырар» (1997), «Тағдыр тағылымы» (1996, 1-кітап, 1997, 2-кітап) еңбектері жарық көрген.
Екі-үш мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдермен марапатталған.
Намыс
Өзбекәлі Жәнібеков Алла Пугачеваны қазақ жеріне неге келтірмеді?
1980-ші жылдары Өзбекәлі Жәнібеков ҚазССР Мәдениет министрігін басқарып тұрғанда «Арлекино» әнімен әлемге аты шыққан Алла Пугачеваның Алматыдағы Ленин атындағы сарайда (қазіргі Республика сарайы) екі концерті бір күнде өтеді.
Екінші концерттің соңына таман көрермендердің қошаметі шаршатқан Алла Пугачеваның сахна сыртындағы акустикалық микрофонның қосулы тұрғанын аңдамай: «Оһ, как надоели мне эти бараны!» деген сөзі естіледі. Залдың алдыңғы жағы гу етіп барып, бір басылады. Бірақ грузин мен армянға қарағанда «толерантты» қазақ концертті соңына дейін тыңдап қайтады.
Ертеңінде бір «баран» Пугачиханың ол сөзін министрлікке жеткізеді. Өзағаң ҚазТВ-дан (әлде Қазрадиодан) концерттің жазбасын алдырып, Алланың айтқан сөзінен құлағдар болады.
Міне, сол күннен бастап, Алланың Қазақстанға концертпен келу жолы жабылады. Ертеңінде СССР Мәдениет Министрлігі мен КПСС Орталық Комитетінің мәдениет бөлімі бұл жағдайдан хабардар болады.
Содан 1991-ші жылға дейін – Өзбекәлі Жәнібеков ЦК-ның хатшылығынан пенсияға кеткенге дейін, Алла Қазақстанға аттап баса алмады. «Союзконцерт» бірлестігінің Қазақстанға гастрольдік бағдарламасынан Пугачева сызылып тасталып отырды.
Сызып тастауды қызметтен кеткенінше талап еткен – Өзбекәлі Жәнібеков. Мәне нағыз нар тұлға!
Ермұрат Бапи, журналист.
qazaquni.kz