ҚАНЫШ ӘЛЕМІ
2021 ж. 29 тамыз
3335
0
Қазақ елінің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Ұлы дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді... Біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек» дегені мәлім. Міне, осынау алыптардың жалғасындай халық тағдыры жолында маңдайы жарқырап туған перзенттердің бірі – академик Қаныш Сәтбаев. Төменде ұсынылып отырған дүниеде ұлттық ғылым саласында өшпес із қалдырған сол ұланның алғашқы сапарлары баяндалады.
Қаныш та сырттағы жоғары оқу орнын бітіріп, елге оралар алдында біраз толқыған-ды. Бұл – 1926 жылдың тамызы еді.
Дегенмен, жас геолог- инженер Ресейде қалуға қолқа салған атақты оқытушыларына өзінің қалайда туған елге... Қазақ даласына қайтуы қажеттігін бірден айтты. Керемет оқымыстылығымен қатар жалпы Сібір кәсіпорындарының дамуына айтарлықтай үлес қосқан профессор Усов мемлекеттік емтихандар басталмастан бұрын-ақ дарынды шәкіртіне:
– Геологиядағы жарқын болашақ туралы не ойлағаныңыз бар, жолдас Сәтбаев?! – деп тосын сауал тастағаны бар.
Кейде сүйікті студенттерін осылай көтере сөйлеуді ұнататын ұстаз емеуірінде оқу орнында қалып, ғылыммен айналысу туралы ұсыныс жатқанын Қаныш бірден түсінді.
– Бізді туған жерде де ірі шаруалар күтіп тұр ғой, Михаил Антонович! – деді әдетінше сыпайы ғана жымиып.
Бұл түгескен Томск технологиялық институты мен сондағы политехникалық университет о тұста Еуразия құрылығының солтүстігіндегі сирек жоғары оқу орындарының бірі. Кейін төрткүл дүниеге аттары жайылған небір ғылым-білім марқасқаларының осынау шаңырақтардан түлеп ұшқанын бүгінде біреу білсе біреу білмейтіні рас. Мұндағы оқу орындарында дәріс алу алыс шет елдерде де тұратын талай талантты қыз-жігіттің қол жетпес арманы болатын. (Қаныш осы қасиетті шаңырақтардан өзінің алдында Жақып Ақбаев, Әміре Айтбақин, Асылбек Сейітов, Мұрат Сейітов, Әлімхан Ермеков сынды жерлестерінің де қанаттанғанын іштей мақтан тұтатын еді). Міне, сондай даңқтылығынан да шығар, Томск ежелден «Сібір Афинасы» атанған... Бір жақсы жері, институт ол шақта жұмыс орнын таңдауды жас маманның өз еркіне беретін.
Қызылорда Қанышқа қазақтың су жаңа инженер-геологын, яғни, өзін сонша қуана қарсы алғандай көрінді. Ауа райының әсері солай болды ма, әлде жолай ұшырасқан қала тұрғындарының қас-қабағы жылы ұшырады ма, әйтеуір, бір ерекше шуақты аңдағандай...
Үкімет үйін тез тапқан. Мән-жаймен танысқан ондағы білікті азаматтар Қанышқа көп ойланбастан-ақ өндіріс саласындағы лауазымды қызметтердің бірін ұсынды. Бірақ жас жігіт биік кеңседегі жайлы орынтақтан бас тартып еді. Бұл әрекетін айлығы да, шайлығы да тәуір... Және орталықтан қолма-қол кең пәтер аласың деп үміттендірген биліктегі ағаларын қатты таңырқатып, алдымен әдейі оқуын түгескен кәсібімді игергенім жөн ғой деп түсіндірген-ді.
Жылы жерден қашып... Иен дала, құла түзге кен іздеуге кетем деп құлшынып тұрған жас инженерді кім ұстасын, ақыры Қазақтың Орталық Халық Шаруашылығы Кеңесі (КазЦСНХ) ойласа келе оны Атбасар түсті металдар тресіне жолдауды ұйғарды. Ыстық-суығы басылмаған кешегі студенттің алған бетінен қайтатын түрі көрінбейді...
О тұста трест мекемесінің басқармасы Мәскеуде болатын.
Қаныш енді көп бөгелмей құстай ұшып келіп, Одақ орталығына аттанатын пойыздардың біріне билет алу үшін кезекке тұрды. Дәл сол күні, ерегіскендей, ығы-жығы вокзалда Ресей бағытына сапар шегушіге ынтыққан жүргіншілер де қаптап кетіпті. Теміржол ғимаратында иінтірескен жолаушының көптігі сонша, ине шаншыр орын жоқ. Таңертеңнен кешке дейін табанынан тозып жүріп бір билетке зорға іліккен-ді.
Расында да, жаны сүйген ісіне тезірек кірісуге құмартқан адамға мұндай кедергілер... Тіпті, сонау Томскіден осында... Бұдан енді Орынбор... Самара арқылы алып құрылықты олай бір-бұлай бір, ойқастата кесіп баруға мәжбүр ететін азапты жолдың алыстығы да ешбір бөгет жасай алмайды екен. Онда Қаныш оқу бітірерден бір жыл ғана бұрын СССР Еңбек және Қорғаныс Кеңесінің арнайы қаулысы бойынша құрылған Атбасар түсті металдар тресі Спасск және Қарсақпай комбинаттарын қамти-тын. Спасскіге Қарағанды көмір бассейні, Өспен мыс мыс руднигі және Спасск мыс қорыту зауыты қараса, Қарсақпай комбинатының құрамына енді ғана салынып жатқан сондағы мыс қорыту зауыты мен Байқоңыр көмір шахталары, Жезқазған мыс кеніштері және Қорғасын кен орны кіретін-ді.
Трест басшыларына Қаныштың ойы да... бойы да ұнады. «Жер бетінде жайсаң жандар аз емес» деп әлдебір әнде шырқалатынындай, мұнда да жақсы адамдар... және өз ісінің хас шеберлері жеткілікті екен. Әдетте ондай кісілер әділ де, қайырымды келеді. Міне, осылар жас маманның дарыны мен қарымын бірден байқап, лайықты бағалаған.
Осылайша жас Қаныш Сәтбаев бірден сонау ауқымды аумақтағы геологиялық бөлімнің бастығы болып тағайындалды. Бұған қоса сондағы барлық барлау қызметі осы жігітке сеніп тапсырылды.
Сенім дегеннің құдіреті айтпаса да түсінікті ғой. Өндіріс жетекшілерінің ықыласы кеше ғана оқу орны аудиториясынан шыққан талапты жігітті қатты шаттандырған. Осылайша «айы оңынан, күні солынан туып», Мәскеуден қанаттанып қайтқан жас геолог бірден Қарсақпайды бағытқа алған-ды.
Шынында, бұл да айтуға ғана жеңіл сапар еді...
Жаңадан салынып жатқан Қарсақпай зауытына ең жақын нүкте – Жосалы стансасынан сол анау межелі жеріңізге дейінгі аралық 420-430 шақырым! Түсесіз де, төтесінен тартасыз. Ат кездессе атпен... Көбінесе түйемен.
Сөйтіп Бетпақдала тұсынан үздіксіз соққан аптап жел өтіндегі шетсіз жатаған шоқылардың боз бетегесі мен тырсығын, ақ сораңы мен көкпегін кешіп, кейде құмдауыт алқаптың етекті жыртатын түп қарағаны мен тобылғысын, сарсазанын айнала, сай-саймен ирелеңдете салып отырып, әрине, ит-құс пен шөлден аман болып, итіңдеп жүре берсеңіз он түн, он күн шамасында жетіп те қаласыз. Жолшыбай араға жетпіс-сексен шақырым салған сайын шашырай орналасқан жеркепе жайлар ұшырасып қалады. Ондағы тұрмысы жүдеу тұрғындардың алдыңыздан күтіп алып, аузыңызға қымыз-сусынын тоса қоюы да екіталай. Ал өздігіңізден жан шақыруға қам жасап, қауға тастасаңыз, құдықтарының да суы кермек...
Әйтеуір, со маңда ат шалдырған кейіпте едәуір күйбеңдеп жүресіз де, жолды және жалғастырасыз. Ұзап бара жатып әлгі үйлерден дереу тізіле шыққан аш-арықтау әйелдер мен шиборбай балалардың артыңыздан таңырқап, секиіп қарап тұрғанын көресіз. Осылайша сағым ойнаған сары даланың құмтышқаны мен атжалманын, сұржыланы мен кесірткесін үркітіп, қайтадан аяңдайсыз.
Аңызақта тасторғайдың шырылы да сонша ащы естіледі-ау. Арагідік көз ұшында бастарын тұқырып алып, бұлдыраңдап маңып бара жатқан киіктер легін көз шалады. Кейде қыр астынан құйрықтары шошаңдап, тышқан аулаған түлкі-қарсақтың сұлбасын байқап қалуыңыз кәдік...
Қаныш пойыздан түскенде Жосалының кәдімгі... алып тасымалдау базасына айналғанын көрді. Жыпырлаған жұрт теміржол шетінде алты жүз-жеті жүз қаралы түйеге құрылыс материалдарын, басқа да керек-жарақ құрал-жабдықтың бәрін теңдеп артып жатыр. Бұлардың да Қарсақпай, Байқоңыр бағытына жүретіні бесенеден белгілі еді. Жігіттің мән-жайына қаныққан осы көштің басшылары оны жандарына қуана-қуана қосып алды.
Жоқ... Қарсақпай алқабына да көктем келмейді емес. Тіпті, бұл өңір сәуірдің басы мен мамырдың орта тұсына дейін гүл-гүл жайнап, құлпырып тұрады. Құшағыңды жайсаң ауқымға сыймайтын көкмайса кеңістік ақша бұлттары жөңкілген көкпен астасып, көзді де қуантады, көкірек сарайыңызды да аша түседі. Мұндайда, шіркін, бүр жарған шағындағы майқара мен басжусанның лебі жетсе мұрныңызға! Һәм сай-сайдағы өрттей қаулаған қызғалдақ пен қызылот, қандыгүлді... жуашақты қоңырбас пен сабалақ төскейді керімсал тербеп, үп еткен самалға мың сан көбелек қанат тосып, қаңғалақ қағып тұрған сәтінде көңіл масайып, дүниеде мұнан асқан жер жәннаты бар дегенге сене де алмас едіңіз. Алайда осы ғажайып кезеңнің ғұмыры тым қысқа. Әсіресе Қарақұм кіндігінен ышқына үрлеп тұратын ыстық ауа көп ұзамай-ақ кенезені кептіріп, жолындағының бәрін құрғатып, өсімдік атаулыны жаппай күйдіріп, қуратып жібереді.
Бір ғажабы, не құпиясы бар екенін, саналуан кен байлығы дәл осындай кеберсіп жатқан қуаң далалардың қойнауында мол ұшырасады әдетте...
Көштің жүре түзелетіні де рас. Екінді ауа көп ыңыранып, берекесіздеу, бытырай қозғалған керуен едәуірден соң реттеліп, ырғаққа түсіп алған соң сылаңдап тартады да та отырады. Бос таңылғандықтан немесе ара-салмағы аса ескерілмей тиелгендіктен қиқаңдап ауа бастаған жүк жүріп келе жатқанда-ақ қайта байлана салады. Кейбір кірешілер ә дегенде жүкті әдейілеп те бос артады. Себебі, оны қозғалыс үстінде теңдеу ыңғайлы. Осылайша кем-кетігі жөнделіп, қалыпты екпін алып алған тізбекті енді тоқтата қою да оңай емес.
Қазақ қай жерде бір-бірін қағытусыз, қыжыртусыз жүруші еді; сәлден-соң-ақ тұс-тұстан өзара қылжақтасқан уыт тілді жігіттердің қарқ-қарқ күлкісі де естіле бастайды. Мұның бәрі, әрине, көңіл серпілтетін көріністер. Осындайда бір сәт қажытқан жол сергелдеңін де ұмытып, жадырай түсесіз...
Көштің бір сәні – иттер. Алабайы, төбеті бар... Арагідік тазылары да кездесіп қалады... Керуеннің қос қапталын жағалай, бірі тұмсығымен жер тіміскілеп, екіншісі керісінше, мойынды қаздита шалқақ ұстап, бүлкіл қаққан бұлар да ұзын-сонар күш-көлік шеруінің салтанатын арттыра түседі. Осы суреттер мұндайды көре қоймаған Қанышқа кәдімгіше қызық.
Жолаушының жан серігі ой ғой, негізі. Жас жігіттің жүйрік қиялы бір мезгіл мынау алдыдағы іркес-тіркес жалпақ жондар өткерген жылдар тереңіне де сүңгіп барып қайтады. Арагідік жүзін мұң кіреукелейді. Іштей «Азаптан көз ашпаған, қайран халқым!» деп ақырын күрсініп те қояды.
Көш салқында жол ұту мақсатымен түн ортасы көп ауғанда, тіпті, таң бозына қарай бір-ақ аялдайтын көрінеді. Мұны жас жігітке алғаш тілдесіп, бірден іш тартқан мұртты қазақ Жосалыдан шығарда-ақ ескерткен еді. Көштің басы-қасында жүргендердің бірі екен. «Жол ұзақ, аздаған ас-су даярлап алайық, інішегім. Күн де күйіп тұр. Аса ашыға да қоймаспыз, дегенмен, шөл қысатыны анық!» деген-ді.
Қас қарая аспанды қою бұлт торлап, ауаны озон исі кернеді. Кенет күн күркіреп, шатыр-шұтыр найзағай ойнады да, лезде қара нөсер төге жөнелді.
Геологтардың бір қасиеті – бұлар үнемі дала жағдайында жұмыс істейтінін білгендіктен де шілденің аптабы мен ақпанның аязына сонау оқып жүрген кезден-ақ іштей даярланып үлгерер еді. Алты ай ақ қар, көк мұзға... алты ай гүл мен нұрға орану деген де осы шығар. Және өздері ылғи кенеп күртеше немесе шекпен киіп жүретіндіктен ауа райының қолайсыздығын елең қылмайды. Қаныш та жауын шүмектеп құйып бергенде саса қойған жоқ. Қайта қуанып қалды. Бүйірден түйесін тебіне тақалған мұрт та мәз сияқты:
– Нағыз ақжолтай жігіт екенсің, бауырым!,– дейді құшағын жая түсіп,– Біз жүргелі бес ай өткен шығар... Міне, қыркүйектің ортасы ауды. Тіпті, нәр тамбай қойып еді. Сен жауын ала келдің ғой, жарқыным! Нұр ала келдің ғой!
Қаныш қалыңдығы Таисияның осында аттанарда айтқан лебізі есіне түскенде кеудесін беймәлім шаттық кернеп, жымиып қойды. «Сен туған еліңнің келешегі жолында қанатымен су сепкен қарлығашсың... Осы өңірді гүлдендіру үшін жеткен жыл құсысың. Екеуміз қолұстасып жүріп әлі талай ірі міндеттер атқарамыз. Сол жолда сенімді серігің болуға жарасам бақыттымын!» деп еді ол толқыған бір сәтінде...
Құлан САҒАТҰЛЫ,
Алматы.
qazaquni.kz