Түркістан туралы толғау
2021 ж. 29 тамыз
3054
0
Қазақ елі айдай әлемге өз Тәуелсіздігін жариялағалы да отыз жылға таяды. Бұл уақыт аралығында жас мемлекетіміздің талай нысаны қайта жаңғырғаны аян. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының «Таяу жылдардағы міндеттер» тарауында: «Ішкі және сыртқы мәдени туризм халқы¬мыздың осы қастерлі мұраларына сүйенуге тиіс. Мәдени маңыздылығы тұрғысынан біздің Түркістан немесе Алтай – ұлттық немесе құр¬лықтық қана емес, жаһандық ауқымдағы құн¬дылықтар» дегені белгілі. Кейінде адам танымастай құлпырған киелі Түркістан туралы қалам тербеген авторымыз да: «Атамекен дегенде тебіренбейтін адам жоқ шығар, сірә! Қаз дауысты Қазыбек би: «Алтын ұяң – Отан қымбат. Туып-өскен елің қымбат, кіндік кескен жерің қымбат», – деп туған жердің қадір-қасиетін өте жоғары бағалаған екен. «Туған жердің күні де ыстық, күлі де ыстық» демекші, әрбір адам үшін өзінің туған жері ыстық болары хақ. Ол үшін өз туған жерінен асқан жер, өз туған елінен артық ел болмайтыны да – заңдылық. Туған жердің әр тасы саф алтыннан қымбат болары да сондықтан. «Туған жер – тұғырың, туған ел – Қыдырың» дейді дана қазақ. Бүгін мен де туған жерім – Мысыр шаһарым туралы ойланып, толғанып, толғап отырмын. Сол толғауымды сіздермен бөліссем деймін. Мархабат!» дейді.
Түркістан – Қазақ хандығының орталығы
Түркістан қаласының іргетасы V-VІ ғасырларда қаланған. VІІ-XІІ ғасырларда Шауғар, кейін Ясы қаласы деп аталды. Шауғар – сақ тілінде «Қаратау» деген мағынаны біл¬діреді. Археологтар ертедегі Ясының орны қазіргі Күлтөбеге сәйкес келетінін дәлелдеді. XV ғасырдан бастап Ясы қаласы Түркістан деп аталды. Түркістан – Қазақ хандығының орталығы болған тарихи һәм мәдени қала. Осы қасиетті қалада қазақ билеушілерінің хан көтеру салтанаттары өтіп тұрған. Одан кейінгі кезеңдерде Құл Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қазақ хандарын ақ киізге көтеріп сайлайтын киелі мекен болды. Сондай-ақ бұл қалада қазақтың ақсүйектері мен бай-бағландары жиі-жиі мәжіліс өткізіп тұрған. «Күлтөбенің басында күнде жиын» деген сөз содан қалған.
Түркістан – қазақ халқының атақты да даңқты тұлғалары мен игі жақсылары жерленген пантеоны болды. Мұнда 21 ханның, 8 сұлтанның, 23 бидің, 59 батырдың сүйектері жерленген. Атап айтар болсақ, олар – Есім хан (1628), Жәнібек хан (1643), Жәңгір хан (1680), Тұрсын хан (1717), Тәуке хан (1718), Қайып хан (1718), Болат хан (1723), Сәмеке хан (1738), Жолбарыс хан (1740), Сейіт хан (1745), Барақ хан (1750), Сығай хан (1750), Әбілмәмбет хан (1771), Абылай хан (1780), Әбілфейіз хан (1783), Бөкей хан (1819), Тоғай хан (1826), Есім хан (ХІХ ғ. басы), Болат хан (ХІХ ғ. басы), Тәуке хан (ХІХ ғ. басы), Әликен хан (1859). Сонымен бірге осы кесенеде Қаз дауысты Қазыбек би, Шоң би, Торайғыр би, Қанжығалы Бөгенбай секілді би-батырлар дамылдап жатыр.
Тарихи деректерге сүйенсек, Түркістан атауы «түркілер елі, мекені» деген мағына береді екен. Ғасыр ақыны атанған Мағжан Жұмабаевтың:
Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой .
Тамаша Түркістандай жерде туған,
Түріктің Тәңірі берген несібі ғой, –
деп жырлағаны – осы сөзіміздің айғағы. Осы қасиетті қалада қазақтың небір ұлы тұлғалары дүниеге келген. Олар – Нұртас Оңдасынов, Нәзір Төреқұлов, Саттар Ерубаев, Рақманқұл Бердібай, Октябрь Жарылқапов, Райымбек Сейтметов, Өмірбай Сәуірбаев, Сабырхан Асанов, Нұрмахан Оразбек, Қаныбек Сарыбаев, Сейдолла Бәйтереков, Әбсалан Нұрмаханов, Бекзат Саттарханов, тағы басқалар. Бұл тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы туралы Білім беру ісінің үздігі, педагог-зерттеуші Расулхан Абдрамановтың «Түркістандық тұлғалар» атты кітабында егжей-тегжейлі жазылған. Сондықтан оған тоқталып жатуды артық санадым.
Түркістан – тарихи туризмнің кіндігі
Бұл көне қаланың Ұлы Жібек жолында жатқанының өзі – мол мүмкіндік. Ең бастысы – тоғыз жолдың торабында орналасқан. Күні кеше халықаралық әуежай ашылды. Бұл да туристердің келіп-кетуіне ыңғайлы жағдай туғызады. Біз, ең алдымен сол туристердің кез келген көлік түрімен келіп, емін-еркін жатып, жүріп-тұруына және тарихи киелі жерлер мен мекендерді аралауына толық жағдай жасауымыз керек. Ол үшін біз заман талабына сай қонақ үйлер мен мейрамханалар, гипермаркеттер, мәдени-тарихи және спорттық демалыс орындары, саябақ пен ойын-сауық орталықтары һәм салтанат сарайларын көбейтіп, сапалы қызмет көрсете алатындай дәрежеге жетуіміз қажет. Бұл аталған құрылыстардың басым бөлігі пайдалануға беріле бастады. Көктемде «Керуен сарай», қазақ хандарына арналған мемориалдық және «Этно ауыл» кешендері, Тұңғыш Президент саябағы ашылды. 2022 жылы жасанды көлі бар заманауи демалыс аумағы ел игілігіне берілмек. Жасанды көлдің жағалауына емдік қасиеті зор шағыл құм төселеді. Сөйтіп демалушылардың қыздырынуына жағдай жасалады. Көл суы «Кеңсай – Қосқорған-2» су реттегішінен жиналатын көрінеді. Бұл демалыс аумағында элиталық коттедждер мен қонақүйлер бой көтеріп, саябақтар мен гүлзарлар салынады. Түркістанның туристік әлеуеті жоғары. Қазірдің өзінде жылына миллионнан астам турист келеді екен. Мұның санын әлі де арттыруға мүмкіндігіміз зор. Әрбір тасы тарихтан сыр шертіп тұрған қаламызда Құл Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Қазақ хандарының зираттары, Есім хан мазары, Рәбия Сұлтан Бегім мазары, «Шығыс моншасы», Қылует жер асты мешіті, Гауһар ана кесенесі, тағы басқа тарихи нысандар бар.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі қасиетті де құнды жәдігердің бірі – тайқазан. Бұл қазан 1399 жылы 25 маусымда Қарнақта жасалған. Тайқазан сирек кездесетін жеті асыл металдың (мырыш, жез, қола, қорғасын, мыс, күміс, темір) қоспасынан құйылған. Қазанның салмағы – 2 тонна, сыйымдылығы – 3 мың литр, биіктігі – 1,60, диаметрі – 2,42 метр. Тұғырының биіктігі – 0,54, диаметрі – 0,607 метр.
Күлтөбе қаласын қайта жаңғырту – күн тәртібінде тұрғаны көңіл тоғайтады. Сондай-ақ бұл – ашық аспан астындағы мұражайға сұранып тұрған мекен. Мен тек қала іші мен маңындағы нысандардың еске түскенін ғана айтып отырмын. Өйткені кезінде мен осы кесенеге кірпіш құятын Қайта жаңғырту шеберханасында жұмыс істедім. Түркістанның тумасымын. Мамандар бұл тізімді әлі де соза түсері анық. Ал енді осындай мүмкіндіктерді пайдаланбау – елге сын.
Түркістандағы туризмнің брендін қалыптастыру үшін не істеу керек?
Құдайға мың да бір шүкір, Қазақ елінің Алтайдан Атырауға дейін созылған ұланбайтақ жері бар. Бұл қасиетті жерімізде тау да, бау да, көл де, шөл де, орман да, қорған да бар. Осылардың бәрін жүйелеп, туристердің талғамына сай жарақтандырып һәм абаттандырсақ, сондай-ақ жоғары деңгейде насихаттай алсақ, алынбайтын қамал жоқ. Ол үшін туризм кластерін дамытуымыз қажет. Ал ол кластерді дамытуға Түркістан қаласы әбден лайық. Біріншіден, Түркістан – облыс орталығы. Екіншіден, Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы. Үшіншіден, Түркістанның айналасында Арыстан баб, Шахан ата кесенелері, Отырар, Сауран қалашықтары, теріскейде Қарабура, Баба түкті Шашты Әзіз, Ысқақ бап, Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері, Ақмешіт үңгірі, Қаратау қорықтары, одан әрі Укаша ата, Жылаған ата, Ғайып ерен, Қырық шілтен, Ақсу – Жабағылы, Сайрам – Өгем мемлекеттік табиғи паркі, «Қасқасу» тау-шаңғы курорты секілді ғажап та ғаламат тарихи жерлеріміз бен нысандарымыз бар. Бұл жерлер кімнің тақиясына тар келеді?! Осының бәрі жоғарыда айтқан туризм кластерінің жоба-жоспарына енгізіліп, бір орталықтан жүйелі түрде басқарылуы керек. Сонда өгіз де өлмейді, арба да сынбайды. Жергілікті халықты туристерге қызмет ететін кәсіптерге тарту да – уақыт оздырмайтын басты шаруа. Сонымен қатар осы тарихи жерлер мен тарихи тұлғалар жайлы өнердің барлық саласы бойынша шығармалар жазып, туындылар туғызып һәм тұрғызып, ел арасында, тіпті халықаралық деңгейде насихаттауымыз аса қажет. Ол үшін шығармалар әлемнің жетекші тілдеріне аударылуы керек. Сонда сіз айтқан бренд мәселесі өз-өзінен шешіледі.
Қазақстан өзін әлемге таныстыруға қауқарлы ма?
Неге қауқарлы болмасын?! Әбден қауқарлы. Негізі, бір халықтан бір халықтың еш артықшылығы жоқ. Алла Тағала адамзат баласын бірдей қылып жаратты. Тек өмір сүру салтымыз әрқилы. Басты кемшілік – барымызды ұқсата алмай келеміз. Жұртқа жақсы да жағымды жақтарымызды жарнамалау жетіспейді. Ылғи да бір істі бастаймыз да, соңына дейін жеткізбей, тастай саламыз. Қаржыны дұрыс жұмсай алмаймыз. Ел мүддесінен гөрі, жеке мүддемізді күйттеп кетеміз. Қысқасы, пендешілігіміз басым. Мұндай істің басына жеке бастың емес, елдің тауқыметін көп ойлайтын нағыз патриот азаматтарды қою керек. Олар күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмеуі қажет. Туризмі дамыған елдермен тәжірибе алмасу – кезек күттірмейтін мәселе. Түркістан қаласының облыс орталығы болуы – бізге осы олқылықтардың орнын толтыруға зор мүмкіндік.
Туристерді не қызықтырады?
Әрине, кез келген туристі өзі көргісі келген елдің тарихы, мәдениеті, өнері, әдебиеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, киелі де қасиетті жерлері қызықтырады. Осы жағынан келгенде, оның бәрі бізде бар. Тек соларды туристердің жетесіне жеткізе айтып, көрсете біл. Оларды қызықтырудың, шақырудың жолын тап. Кісілік емес, кішілік көрсет. Қызметтік қиындықтар туындатпа. Лажы болса, қолжетімді ет. Сонда олар келесі жолы жанына тағы біраз адамды қоса әкеледі. Насихаттаудың да кешенді жоба-жоспарларын жасауымыз қажет.
Қаратау мен Сырдария өзендерінің ортасында орналасқан көне шаһарда 1991 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ашылды. Бұл оқу ордасында 14 факультет, 63 кафедрада 74 мамандық бойынша білім беріледі. Кентау, Шымкент, Тараз, Алматы және Анкара қалаларында филиалдары бар. Қазіргі таңда бұл білім ошағы – еліміздегі жетекші білім беру ордасына айналды. Сондай-ақ 2020 жылы Халықаралық туризм және меймандостық университеті құрылды. Бұл халықаралық тұңғыш университет туризм саласындағы әлемдік деңгейдегі мамандар дайындайтын болады. Оқу ордасының 4 жылдық білім беру бағдарламасының нәтижесінде түлектер халықаралық үлгідегі екі диплом алады. Бұл олардың әлемнің кез келген жерінде өз мамандығы бойынша жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Бұл білім ошағының да болашағы зор болары даусыз.
Тағы бір айта кететін мәселе, 2000 жылы ЮНЕСКО шешімімен Түркістан каласының 1500 жылдық мерейтойы әлемдік деңгейде аталып өтілді. Ал 2002 жылы Дүниежүзі қазақтарының ІІ құрылтайы өтті. Бұл тарихи оқиғалар халық жадында мәңгі сақталары хақ.
Ермахан Шайхыұлы,
«Алтын қалам» сыйлығының иегері.
Мәдениет саласының үздігі
qazaquni.kz