ӘЛ-ФАРАБИ, ӘЛИХАН АТАЛАРЫМЫЗДЫҢ ӘУЕСТІГІ
2021 ж. 20 тамыз
2179
0
Елбасымыз, Қазақ елінің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының «Ұлы даланың ұлы есімдері» бөлімінде: «Ұлы дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Сондықтан біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек» дегені мәлім. Иә, Қазақ елінің лайықты мақтан тұтар адамдары көп. Бір ғажабы, солардың бәрінің де сан қырлы қабылет иелері болғанын көреміз. Төменде халық тағдыры жолында аянбай тер төккен аталарымыздың бос уақытта немен шұғылданғаны туралы дүние ұсынылып отыр.
Әрбір адамның аңсары ауып, жаны құмартатын әуестігі бар. Бірақ осының мән-мағынасына онша бойлай бермейміз.
Егер арнайы зерттеу жүргізсе, Қазақ елі тұрғындарының, белгілі бір пайызының қандай қосалқы іспен шұғылданатынын анықтауға болар ма еді...
Әйткенмен, ондай есептің уақыты жете қойған жоқ-ау. Сондықтан мұндайға халық санағын жүргізу кезінде біршама көз жеткізіп қалар ма едік деп те ойлап қоясың.
Жаңа заман адамының әлгіндей «ерігуге» уақты жетпейтіні де еске түседі. От ала қашқызғандай қарбалас тірлік артық қимылға мұрша бермейтіні рас. Жас ұрпаққа тіптен қиын – күнбе-күнгі ауырлап бара жатқан сабақтарынан бөлек мектептегі түрлі үйірмелері мен секциясынан артылмайды. Одан қит етсе смартфонына жармасады. Сөйткен көпшілігінің «ермегі» осымен тәмәм...
Халықаралық тілде «хобби» делініп жүрген әрекетке белгілі ақын-жазушыларымыздың, жалпы өнер адамдарының жуықтығы қызықтырады. Сол арқылы-ақ бұ кісілердің шығармашылық лабораториясының талай қырын аңдар едік.
Ал назар аумағын біршама кеңейтіп, тарихқа тереңдей түссек, Әбунасыр әл-Фараби сынды ұлы тұлғаларымыздың бүкіладамзаттық масштабтағы теңдесіз қызметі арасында бір сәт сергіп, атқа мініп, туған табиғатпен етене қауышып, саят құрып, суға жүзіп немесе ас пісіріп... шабыт шыңдауға уақыт тауып отырғанын байқаймыз. Және сондай «әуестіктің» өзін халықтық мүддеге ұтқыр ұластырғанын көреміз. Мәселен, жетпіске жуық тіл біліп, астрономия, философия, логика, этика, метафизика, жаратылыстану, география, математика, медицина, музыка салаларында 150-ге тарта трактат жазып қалдырған әл-Фараби бабамыздың өз қолымен қобыз, домбыра аспаптарын жасаған шеберлігіне көз жеткіземіз. Әмбе соларды керемет тартқан орындаушы, композитор, ақын екендігін біле түсеміз. Кейбір әдебиетте ғұлама ғалымның қобыз сарыны арқылы адам емдегені айтылады.
Таңғажайып қабілетімен әлем ғалымдарын тамсандырған осынау ұлы ойшылдың бейнесі келе-келе өз жазушыларымыздың да қаламына арқау болғаны мәлім. («Аққан жұлдыз», ¬С.Мұқанов; «Ақын арманы», Д.Әбілев; «Ұстаздың оралуы», Ә.Әлімжанов; «Фараби», Д.Досжанов; т.б.). Бұларда да асқан оқымысты бабамыздың ұлттық музыкаға қатысты қырлары қамтылады. Мысалы, Әнуар Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі» романында «Фарабидің екі шекті домбырасындай сиқырлы екен» дегендей жолдар бар.
Реті келгенде айта кетейік, ұлттық-фольклорлық ансамбльдерде кең қолданылып жүрген сазсырнай аспабы кейінде табылған әл-Фарабидің «Үлкен музыка кітабы» деректері бойынша жасалғанын көпшілік біле бермеуі мүмкін...
Сол секілді, бастауыш білімді қазақ, қыпшақ-шағатай, араб және парсы тілінде алған Шоқан Уәлихановтың да әуелден музыкаға бейім болғаны айтылады. Өйткені аға сұлтан ұлының жастайынан ел ішіндегі белгілі ақындармен, күйшілермен жиі араласып, қазақтың ауызша және музыкалық халық шығармашылығымен жақын танысуына мүмкіндігі мол болған. Ал оның бейнелеу өнеріне деген алғашқы сабақтары Аманқарағай округіне жиі келіп тұратын орыс саяхатшылары: георгафтар, топографтар, суретшілерден басталады. Елгезек, алғыр бала осыларға қатты еліктеп, өз бетімен көп машықтанады. Әсіресе, оған шығыстанушы, суретші А.Сотников орасан ықпал етеді. Кейін Омбыдағы кадет корпусында көркемсурет пәнінің оқытушысы Н.Померанцев жас Шоқанды үйіне ертіп әкетіп, талмай баулиды. Әуелгіде жұмысты қарындаш пен тушьтан бастаған ол біртіндеп су бояумен жұмыс істеу құпияларын игереді. Солайша біртіндеп шеберлік шыңына көтерілген ол Қазақ даласының небір әсем көріністерін бейнелеумен бірге портрет жанрын да керемет меңгеріп шығады. Мұнымен қатар табиғаты әсем өлкеде туып-өскен Шоқанның ертеден қалыптасқан үлкен саятшылығы, аңшылыққа әуестеніп, құс салып, ит жүгіртуге бейімдігі, өсімдік дүниесін жетік білуі алдағы атақты саяхаттарында, Қашқар сапарында, Батыс Қытай мен Шығыс Түркістан халықтарының, ұйғырлар мен қырғыздардың мәдениеті, әлеуметтік құрылымы, географиясы, тарихын зерттеп, орасан материал жинауда зор пайдасын тигізеді. Одан соң Шоқан ғажайып журналист еді. Әлкей Марғұлан әділ бағалағанындай, Шоқан күнделіктерінің өзі көркем очерк стилінде жазылған...
Ал: «жарамды әнді тыңдасаң, жаның еріп, жабырқаған көңілің көтерілер» дейтін Абайдың композиторлығы қалың бұқараға әуелден белгілі. Дана ақынның «Қансонарда бүркітші шығады аңға... Мұны оқыса, жігіттер, аңшы оқысын, біле алмассың, құс салып дәм татпасаң» дейтініндей, жақсы атқа, қыран құсқа құмарлығы да аян. Және жыл сайын салтанатын келістіріп, құсбегілерін, мергендерін сайлап, құс салып отырған. Ақынның ұлы Тұрағұлдың айтуынша, балаларының да әрқайсына құс салғызған көрінеді. Әр түрлі мезгіл арасында «екі жүз елу шамалы құсы қолыма келіп кеткен шығар, – дейді ол. – Тулақтың Шолағындай құс көргенім жоқ деп айтып отырушы еді. Бір жылы жайлауда біреудің бір қоңыр қасқа атын бес құлынды биесін беріп алды да, оған көңілі толмай, бауырға түскенде бес түйесін беріп, Қуқұла деген Қаракесекте атағы шыққан атты алды. Жасында атқа болдырмайтын жүргіш болыпты. Мен есімді білген кезде алысырақ жерге арба жегіп, отыз-қырық шақырымдық жерге салт атпен жүруші еді»...
Абай атамыз, сондай-ақ, дойбы, карта сықылды ойындардың бәрін де бір кісідей ойнапты. «Сөйтсе де, мен білген кезде салынып қызықтанып ойнайтұғын ойыны – тоғызқұмалақ еді, – дейді Тұрағұл әкесі туралы естелігінде, – Қай-қайдағы тобықты ішіндегі ойыншы шалдар келіп ай жатып ойнап қайтушы еді. Сондай ойыншы шалдардың дәулеті нашарлары кейде соғымдық қой, тай, тайынша алып, иә атқа мініп қайтқаны да болды... Таңертеңгі шайды ішкен соң құмалақ басталады. Менің әкем көйлекшең күйінде, басында тақиясы, бауырына ақ жастығын басып, құмалағын ойнап жатады... Құмалақтан әкемді жеңген адам көргенім жоқ».
Осындайда біздің бір еске түсетіні, Абайдың інісі Оспан екеуінің қомақты бәйге тігіп, ауыл әйелдерін жаяу жарыстыратыны... Бұл да бір қызықты ермек түрі болса керек қой...
«Алаш» көсемі, Қазақстандағы Уақытша үкіметтің комиссары, Алаш автономиясының төрағасы Әлихан Бөкейхановтың да ірі журналист, этнограф екенін білеміз. Бізді елеңдеткен бір әңгіме оның бағбандығы жөнінде еді. Қазіргі Қарағанды облысына қарасты Ақтоғай ауданында туған ол кейін Ресейде тұрғанымен, атамекеніне жиі оралып соғады екен. Өзі кезінде немере ағаларымен бірігіп осындағы Тоқырауын өзені жағасына ақ қайың егіпті. Күндердің күнінде сол ағаш үлкен тоғайға айналады. Кейбір деректерге қарағанда, «Ақтоғай» атауы осыған орай пайда болыпты. Көзіқарақты оқырман білуге тиісті, кейбір кітаптарда Әлиханның марқұм әкесі мен ағасының зираты басына тіккен екі алып еменнің фотосуреті көрініс беріп қояды. Сөйтсек, оны Әлекең жас көшет түрінде Оңтүстік Америкадан алдырып, отырғызған көрінеді.
Тағы бір «Алаш» серкесі Ахмет Байтұрсынов фотограф және композитор ретінде танылған.
А.Затаевичтің айтуы бойынша, ол шебер домбырашы, әрі тәуір әнші. Зерттеуші «Қазақ халқының 1000 әні» еңбегінде: «Ахмет Байтұрсынов өз халқының әндерін жақсы біледі және оларды тамаша орындайды. Қазақ елінің тарихын, этнографиясын, тұрмысы мен әдет-ғұрыптарын терең білетіндіктен, ол Торғай, Ақтөбе, Бөкей ордасы, сондай-ақ Қарқаралы өлкесінің әндерін жазғанда маған көп жәрдемдесті, тамаша екі күйді тіпті өзі орындады» деп жазады.
Мағжан Жұмабаев та он саусағынан бал тамған шебер екен. Қолөнер бұйымдарын керемет жасаған. Әсіресе, қамыстан себет тоқуға бейім болыпты. Кейде сол себеттерді сатып, тұрмыстық қажет өтеген. Ағаштан түйін түйген Мағжанның қолынан шыққан бұйымдарына жолдастары да қатты қығызып, жоғары бағалап, тапсырыс беріп отырыпты.
Марқұм ақын Дихан Әбілев болса Жүсіпбек Аймауытовтың ісмер етікші екенін тамсана әңгімелер еді... Жүсіпбектің музыкаға жуықтығын, өзге де өнерге өте жақындығын ақын Әбділда Тәжібаев та жақсы айтады. Ол жазушыны алғаш он алты-он жеті жастарында кездестірген секілді: «1926-28 жылдары Шымкент қаласындағы педагогикалық техникумда оқытушы болып жүргенде мен оны өзім көрдім. (Онда Бауыржан Момышұлы екеуміз Ғани Мұратбаев атындағы интернатта тәрбиеленуші едік)... Мен оның Қожа Ахмет Яссауи ғимараты жөнінде жазылған ұзақ очеркін, әнші Әміре туралы әңгімелерін әлі ұмытқан жоқпын. Он саусағынан өнері тамған – домбыраның нешетүрлі шешендерін жасаған, көк салылап саптамалы етік тігетін, күміспен, жезбен әшекейлеп ер-тұрман жасайтын Жүсіпбек жастарға бұл өнерлерін де көрсетіп отыратын. Ол жас қауым үшін өте сүйкімді жан болды». (Тәжібаев Ә. «Есімдегілер: Естеліктер, эсселер. – Алматы. Жазушы. 1993. – 338 б.)
Бұл жолдар да талай жәйтті аңғартып тұр. Күмбірлеген домбыра, саптама етік, әсем ертоқым жасау үшін қолдың епсектігі ғана емес, әбден шыңдалған мол тәжірибе қажеттігі түсінікті. Бәрінен бұрын ғасырлар бойы халқыңның қанына сіңген салт-дәстүріне, ұлттық мұраға деген шексіз құрмет, тіл жетпес сүйіспеншілік керек шығар. Және аса талғампаз, эстет адам осынау өнерді жас ұрпақ бойына дарытуды қастерлі міндет деп санаған. Осы дүниелерге тән айшықты мәнер, ұлттық калорит Жүсіпбек шығармаларынан да айқын аңғарылып тұрады. Бәлкім, қаламгер туындыларының басты құдыреті ¬– осында...
Жүсекең сонау жылдары жас Бауыржанға да айрықша үлгі-өнегесімен ұмытылмастай ықпал еткенін түйсінеміз. Кейін батыр да: «...Қазақтың поэзиясында Мағжаннан соңғы ақын Жүсіпбек Аймауытов. Ол кісінің «тән жүйесі, жан жүйесі» деген кітабын оқығандардың бірімін. Жүсіпбек – философ, психолог. Біздің қазақтың тарихындағы ұлы педагог, ақын кісі болған... Оған документальный дәлелім бар. Ол кісі қазақтың бірінші гимнінің авторы» деп жазыпты. (Момышұлы Б. Көз алдымда бәріңсің. – Тараз. 2007. 20-бет).
Жазушының тіршілік машығы туралы қызы Музаның естеліктері бағалы. Оның айтуынша, күндіз қоғам жұмысынан босамайтын әкесі шығармашылықпен тек түнде ғана айналысқан. Арасында домбырасын шерте отырып, ой теңізін кешкен. Одан соң ол жазу үстеліне қажетті кейбір нәрселерін өзі жасап алатын көрінеді. Мысалы, сызғышқа дейін жонып алыпты. Сол сияқты Жүсекең қолынан шыққан заттардың бірі ¬– әжептәуір салмақты, үлкен сия сорғыш. Бүгінде Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде сақталған осы бұйымын жазушы әлдебір ой шешімін іздеген сәтінде бір шетінен басып қалып, әрі-бері тербетіп, толғанатын әдеті бар екен. Бұл дүниелердің бетіндегі қаламгер түсірген өрнек те өзгеше.
Қазір ойласақ, етік тігу ісіне белгілі кезеңнің өзі мәжбүрлегеніндей, Жүсіпбек Аймауытов тұстастарына әдебиеттің бірнеше жанрында еңбектенумен қатар, жалпы рухани бағыттағы барлық саланың жүгін қайыспай көтеруге тура келген екен. Бұлар мұзжарғыш кеме секілді, басты бәйгеге тігіп, озбыр билік, зұлым күштермен тайталаса жүріп, тағдыры күрделі елдің баспасөзінің, ғылым-білімінің, әдебиетінің, мәдениетінің, театрының іргетасын қалаған. Айталық, бір ғана Аймауытов тек ақын-жазушы, сыншы, драматург, аудармашы ғана емес, журнал редакторы, педагог-ғалым, актер, режиссер секілді... көптеген міндеттерді қоса атқарыпты.
Қысқасы, қырық бір жылдық аз ғана ғұмырында қыруар іс тындырған.
***
Сайып келгенде, бұл тақырыптағы сөз біршама. «Алтын шыққан жерді белден қаз» демекші, осынау біртуар тұлғалардың қай-қайсының да әуестігі әңгімесін қаузай түссе, небір ұлттық қазына маржанының ашыла бастайтыны анық.
Құлтөлеу МҰҚАШ.