"Шын бақыт болса, кетпейді саған оралмай..."
2013 ж. 10 сәуір
2700
0
Ақын Дүйсенхан Нақымов 1945 жылы наурызда бұрынғы Бөген ауданы – қазіргі Ордабасы ауданы, Коммунизм ауылында дүниеге келген. Өмірден 32 жасында ерте кеткен талантты ақын Дүйсенхан Нақымов тұңғыш жинағы «Тұңғыш кітапты» көре алмай, 1977 жылдың 9 сәуірінде өмірден өткен еді.
Енді ақынның артында қалған бар мұрасы қамтылған бұл тұңғыш толық таңдамалы жинағы «Ақ толқын» деген атпен Алматыдағы «Тұран» баспасынан жарыққа шықты. Ақынның асыл аманаты – жырсүйер оқырмандарымыз үшін үлкен олжа болары анық. Айшықты жырларды тұщына оқи отырып, оның кең құлашты қарымды эпиктігімен қатар, нәзік сезімді лириктігіне де куә боласыз. Туған жер мен Отан, табиғат пен махаббат және азаматтық тақырыптар ақындық алғырлықпен, көркемдік шеберлікпен жырланады. Әр өлеңнен дарынды ақынның өрнекті қолтаңбасы ерекшеленіп тұрады. Енді ақынның поэзия айдынындағы ақ толқыны өмір-өзенмен бірге алға толқи бермек.
2013 жылдың 10 сәуірінде Дүйсенхан Нақымовтың туып-өскен жері ордалы Оңтүстіктің Ордабасы ауданы орталығы Темірлан кентінде ақынның таңдамалы кітабының тұсауы кесіліп, еске алу кеші өтті.
ЖҮРЕК
Ата алмай жатыр таң әлі,
Ой тудыра алмай булыққан,
Жатырмын түнді айқара түсіп жамылып,
Бір жыры өліп қалған ақындай қаралы.
Әр күнің сенің бір қамшы болып, мезгіл-ай
Денемді осып барады.
Бұлақ боп ағып, қосыла алмай ағынға,
Сусап кеткендей-ау бар ғалам.
Тұтпаңдар айып, қуанышты менің шағымда
Мұңым да болды аздаған.
Жатырмын енді жан салып,
Ғашық – таң әне келеді тағы тамсанып.
Терекке қонған торғайдай болып, бақ аз күн
Өтпесе екен, Жар салып әмән жанса, жанса нық.
Жапсырып жатсам, бетіне әппақ қағаздың
Жүректі пәрша-пәрша ғып!
ӘЖЕМ ЖӘНЕ ҚОҢЫРАУ
Күздің күні сол шақта реңденіп,
Тұрған-ды ауылыма түр, өң беріп.
Жетектеп әжем мені келе жатты,
Көңіліне қуаныш пен жыр өңгеріп.
Кездескенге мақтанып жолымдағы,
Әжемнен қалмай келем жанымдағы.
Менің ерке күнімдей бұлғақтайды,
Матадан тіккен сөмке қолымдағы.
Ұлы өмір серпіп жатты ақ қанатын,
Көңілде арман толы ақтаратын...
Сөмкеде кітаптардан әлдеқайда
Әжемнің салған наны көп болатын.
Тағдырдан алып жүрдім ырысымды,
Келер көктем жетелеп үмітімді.
– Әкең не істейді?– деп сұрағанда,
Көп құрбымның лаулаған жүзі сынды.
Сәбидей бесікке сап еркелеткен,
Осылай өтіп жатты ерте көктем.
Алғашқы қоңыраумен әжем күліп,
Сияқты мені өмірге ентелеткен.
«Демейтін барлық бақыт маған қоншы,
Әйтеуір, білім болсын саған жолшы, –
Деп әжем маңдайымнан сүйген еді,
– Айналайын, ел сүйген адам болшы!».
Шықтым ба сол тілектің үдесінен,
Шықпайды сол әсерлі күн есімнен...
Әжем менен тапқандай күлімдейді,
Өзінің бір шаттығын түгесілген.
...Жылдар өтті қаздардың қанатындай,
Дала жатты тербетіп баласын жай.
Әжемді көрген сайын қуанамын,
Қайтадан мектепке ертіп баратындай.
КҮНБАҒЫС
Өз бақшамды аралаймын күніге,
Сондағы ойым: жырдай сұлу гүл көрсем.
Көз тоқтатып шабыт берер біріне,
Отты жырға арқау етіп үлгерсем.
Кейде өзімді қоямын бір күштеп-ақ,
Бірте-бірте жыр жолдарын еңсерем.
Ауызыма шылымымды тістеп ап,
Әрлі-берлі күнбағысша теңселем.
Ол өмірін бір мезгілге арнаған,
Кейде тіпті қурайды екен бір айда-ақ.
Сөйткенмен де, күнбағыстың дәл маған,
Күнге қарап өсетіні ұнайды-ақ!
* * *
Келеді әне, келеді әне, күн шығып,
Көлбеңдеп өтіп барады сұлу таң алдан.
...Қаламын мен тұла бойым түршігіп,
Ойда жоқта жарқ ете қалған жанардан.
Тереңдерге, тұңғиықтарға бойлаймын,
Мен тереңнен ала аламын жақұтты.
Өмір бойы айрылмайтын қайғы ма деп ойлаймын
Ойда жоқта кездесе қалған бақытты.
Өз жаныңа үңілші бір сәт сезіне,
Көп бақыт саған жүр емес пе қона алмай.
Сен күтпеген бақыттың тіке қара көзіне,
Шын бақыт болса кетпейді саған оралмай.
ЕРТЕДЕГІ МОЛАЛАР
Көп молалар кең далаға мұң салып,
Жататын-ды ғасыр бойы құрсанып.
Тағдыр неткен қатал еді, апыр-ай,
Қайғы апатын төге салған мұншалық.
Қатал өмір ырзық бермей тұлдана,
Жердің үстін жайлап еді-ау мұң-нала.
Ақсақ Темір қаһарынан ықпаған
Менің бабам болар, мүмкін, бұл мола.
Түн қойнында жұлдыздайын ағарып,
Мола жатыр, тербетеді жер-алып.
Тірлігінде көз ілмеген бабалар,
Жатқан шығар енді қазір демалып.
Дауылдарда қара жерге ықтаған,
Менің бабам сол ғасырдай мықты адам.
Қорқынышты емес, ардақты бұл молалар
Жер-ананың меңдеріне ұқсаған.
Қабіріне тұр бүгінде ай қонып,
Бірақ, оны ап кетті екен қай жорық?!
– Дейміз ғой біз, мола болса жатады,
Нән батырдың дулығасындай болып.
* * *
Кіршіксіз жалтыраған жыр-айдынбыз,
Халыққа ұзақ өмір сұраймыз біз.
Жаман адам өлсе де, қия алмастан
Жақсы кісі еді деп жылаймыз біз.
Өзінше азды-көпті күн көргесін
Аза етіп, жақсы еді деп кім көмбесін?!
Біз Адам, ол да Адам, сондықтан да,
Ойлаймыз осы есімге кір келмесін.
СІЛКІНІС
Ағыл да тегіл жыр едім,
Бүгін бір толқып түледім.
Рахат халді осындай,
Саған да, достым, тіледім.
Жүзімнен желпіп майда леп,
Баттым мен бүгін ойға көп.
Ынтызар еді жұртым да,
Жұлындай жұмыр,
Құлындай
Мүсінді өлең қайда деп?!
Танадай жұлдыз аспанда
Себездеп нұрын шашқанда.
Қанатындай құстың жеп-жеңіл,
Жыр керек еді өзге бір!
Сұңғыла ойлым, ардағым,
Зер көңілменен қарашы.
Сөз бағып өскен сен-дағы –
Домбырашы елдің баласы.
Пәк толқып, күліп, жарқылдар
Шағың бұл! Кәне, түнерме!
Тілегі меруерт толқындар
Кемеге дауыл тілер ме?!
Үндеме, егер Көңліңді жатса сең буып.
Қара тасқа айналса өрім гүл,
Онсыз да талай
Дауылдан шаршап болдырып,
Қирамай жеткен жерім бұл.
Жолдарға шықсаң ертемен,
Ғажайыбын көре алар едің
Бар нұрдың.
Өлеңдерім менің өзегімді талай өртеген,
Уысында кеткен тағдырдың
Жатырмын енді,
Жазудан қолды бұра алмай.
Сырларым менің
Арысымдай болып аңқылдап,
Көк төсінде ойнақтап жүрген қырандай,
Көкірегімде қуаныштарым саңқылдап.
Өлеңім – тағдыр, құзырым,
Болғанда жұрттың өсегі –
Қаршығаның көрер қызығын,
Күйкентай көрген деседі.
Төзбедім сонда азапқа,
Қолға алдым қалам серт етіп.
Жел қуып өскен қазаққа
Ошақтың басын көрсетіп,
Кетпек пе тағдыр мерт етіп?!
Мәреге шаптым намыспен,
Қалқалама сөздің шырынын.
Жасыра салар қамыспен
Олжасы емес ол ұрының!
Әкелдім көктем, жазымды,
Жауыным, шілде, бұлтым бар.
Сондықтан, айттым назымды, Өзіңнен өзге кім тыңдар?!
ТАҢ СУРЕТІ
Міне, бүгін тағы өмірдің таңы атты,
Келіншектей шуақ-жібек киініп.
Таңның тілі бар әлемді жалапты,
Болашақтар мекеніне сүйініп.
Нарттай қызыл ту көтеріп шықты күн,
Сан арманды шуағына орап ап.
Күнмен бірге балқып жатыр ыстық үн,
Көкірекке наурыз күлкі қоралап.
Алау жолдар жауса күннің ізінде,
Терезелер қарайды оған аңдысып.
Күзгі алтын шалғындардың жүзінде
Қарашықтай мөлдірейді таңғы шық.
Киіп алып өрттей қызыл жейдесін,
Күн әлемге барады, әне, ой алып.
Соған қарай айқара ашты кеудесін,
Босағалар тәтті арманға боялып.
...Сәуле-орақтың жүзі ойнап құрақта,
Құлпырады, сан бояулар ұласып.
Әжем отыр ұршық ұстап шуақта,
Мына таңның мәңгілігін ұнатып.
МЕНІҢ ЖАНЫМ
Достардың жылы лебізінен қанаттанам,
Солар ғой қайғы түрін жолатпаған.
Менің жаным – бейкүнә бала кептер
Найзасына мылтықтың қонақтаған.
Сезімімді іздеңдер құрақтардан,
Дауысымды естіңдер бұлақтардан.
Кейде менің мұңым бар білгің келсе,
Қойтастардай құздардан құлап қалған.
Құйын-шаңдар жоғалсын құрып әрмен,
Сенім, жігер – ұлы ән деп ұғынам мен.
Ойламаймын, осынша досым барда
Бұл ғұмырда тұрмастай жығылам деп.
***
Қос қанатын көкке ұштар,
Соққан желден күй тыңдап.
Төбемнен менің, пәк құстар,
Өттіңдер неге қиқулап?
Жайып бір қанат – тілекті,
Ұштыңдар сұлу ту алып.
Асықтырып титтей жүректі,
Барасыңдар ғой қуанып.
Арқалап ерке көп үнді,
Армансыз сайран салыңдар.
Сағыныш сәлемдерімді
Ауылға ала барыңдар.
Айтыңдар сәлем еркеме,
Самалдай желпіп өтіңдер.
Оңтүстік атты өлкеге
Мен болып жылдам жетіңдер!
САҒЫНЫШ
Жүресің бе сен, өртеніп,
Әр жауған сайын қар мынау.
Бір кезде ойнап ерке елік,
Ұстатпай, әлек салдың-ау.
Арыңның туын құлатпай,
Жүрмісің өмір бағында.
Бір кезде сусып сынаптай,
Тұрмап ең алақанымда.
Сезімдер ойнап жазыңдай,
Әнге ораушы едік бар маңды,
Онда да дәл бір осындай
Ақша қар жауып тұрған-ды.
О, шіркін, сонда түсі әппақ
Көп еді бақыт қаншалық!
Сақылдап күліп, құшақтап,
Мойныма кеттің қар салып.
Ұйқасындай боп өлеңнің
Қалсақ ед, әттең, шашылмай.
Дәл сонан бері денемнің
Ыстығы жүр басылмай.
Жыл өтті өртеп мінімді,
Күн өтті қанша сыр күлген.
Сенің сол тентектігіңді
Махаббат қой деп кім білген?!
Шақтарда ащы жеріткен
Мөлтілдеп жатам шықтардай.
Ыдырап кеттік неліктен
Көктемгі ақша бұлттардай?
Жүрегім сені іздеді,
Қол арттым үміт ақ шыңға.
Сабылып жүрдім күздегі
Суық жаңбырдың астында.
Іздеген жоғым кезінде
Сен болармысың, ақ самал.
Тез еріп кеттің көзімнен
Қыркүйекте жауған ақша қар.
Ақша бұлт едің, жарқыным,
Қалықтап жүрген тұсымда.
Сағым боп кеттің, ақыры,
Бұлдырап көздің ұшында.
Қуанышқа, күндер, бөлеші,
Қалайын деймін сусындап.
Ләззат біткен, о несі,
Тұрмайды, құмдай сусылдап.
Болма әуре, өзіңді уатып,
Дағдарма және тұра қап.
Арамызға біздің уақыт,
Барады еніп, сыналап.
Болғанда жер бір түс кілем,
Жырға айналғанда бар ғалам.
Қып-қызыл қырдың үстінен
Бір сені ғана таңдағам.
Бояуы қалың орманнан
Өзіңді жазбай танып ем.
Сәуір айынан сау қалған
Жалғыз түп қызғалдағым ең.
Сағынышым – сұлу маржан жыр,
Кеудемнен шығар шым-шымдап.
Бүгін де құйды ақ жаңбыр,
Есіме түстің тыншымды ап.
* * *
Көрініп ең жанып-жанып,
Шығып барып шектен алау.
Кеудемдегі шабыт – балық,
Шоршып сонда кеткен еді-ау.
Сонда бір жел жұлқып, ұрды
Шаңғыттырып шөл-құмайтты.
Маған деген гүл сырыңды,
Сол бір түнгі жаңбыр айтты.
Ақтарылып тегіс мүлде
Жатты-ау тамшы селге құлап.
Тамыр жайған жер үстінде
Бәйтерек ем мен де бірақ.
Келем айтып далаға сыр,
Көз алдымда – таныс қалпың.
Жылдар жылжып бара жатыр,
Сол бейнеңді алыстатып.
Тапсаң да гүл басқан қырдан,
Шертесің жыр сыбырлай кеп;
Әппақ таңғы аспанымнан,
Ең кеш кетер жұлдыздай боп.
ӘКЕ
Ойың көп қыстың ұзақ түндеріндей,
Ісің мол жатқан әлі үлгерілмей.
Жүзің де көнеріпті-ау,
Әке өзіңнің
Майданнан киіп қайтқан шинеліндей.
Жүрген шақта көп істің басын ұстап,
Тиді талай тағдырдың тасы мықтап.
Шымырлады-ау окопта кеудең сенің,
Желді күнгі түндіктей ашылып қап.
Қайтты ма әлде жастықтың кезі мүлде,
Тозыпты-ау тебінгендей төзімің де.
Шылымның тұқылындай уақыттың,
Ілініп әзер тұрсын езуінде.
Әкешім, көз алдымда жүр сағымдай
Кеудеңнен кәрі қайрат тұрса арылмай,
Сендік рух дауылға да, жауынға да,
Қыңқ етпес кәрие дала жусанындай.
Көңілді қайғы-мұңның баспай торы,
Жүре берші жазылған хаттай соны.
Біздің мына шаңырақ аман болсын,
Анау мүйіз шақшаңдай насыбай толы...
ЖАҚСЫЛЫҚ
Біреудің көрер күні бұрын батып,
Кетеді талай жанды шырылдатып.
Талай ойлар жүйкемді тоздырады,
Денемнің қан тамырын шымырлатып.
Төзімді ғой.
Төзімді халық тіптен,
Ең жаман адамнан да жарық күткен.
Кейбіреу көп жасайды жер үстінде,
Тынышын тыныштықтың алып біткен.
Адалдық тұрар сонда тау тұлғаңша,
Көтеріп сөйлейді олар даусын қанша!
Мен-дағы адалдықтың бір перзенті,
Жырлайтын соңғы күні таусылғанша.
СЕН ТУҒАН КҮН
Сонау-сонау заңғардан соққан арман,
Шұғыла алып келген ақ таңдардан
Сен келіпсің ал қызыл раушандай
Бүршік жарып ақтүтек ақпандардан.
Көкрегіңде нөсерлеп төскей үні,
Шуақ болып төгіліп дос пейілі
Сені есейтіп келеді уақыт-ана.
Аруана даланың хош мейірі.
Сен келесің сан сазбен жырлап алға,
Ізің қалып таулар мен жылғаларда.
Сен туған Қараспанға содан бері
Жиырма рет келіп, қайтты тырналар да.
Төбемде тақиялы аспан күліп,
Әндетті табанымда тас жаңғырып.
Сен келіп жеткен осынау ақ алқапта,
Мен де бір кез кідіргем ат шалдырып.
Кеп тоқтағам жастықтың нұр түнінде
Қойнаулардың бүлкілдеп сыр түбінде.
Содан бері келеді қаз-қалпында
Бір тәтті түс ұялап кірпігімде.
Жаралғандай көлкіген кіл шуақтан,
Маған шабыт бересің бұлқып аққан,
Жуынып ақ боранмен-әппақ әнмен,
Сен де бір-бала қайың бүршік атқан!
АЙТТЫМ СӘЛЕМ
Жүргей де қайратымды шыңдап арман,
Болдың-ау балапандай шыңда қалған.
Ақ мамық қанатынан ап қалдың ба,
Жібергем сәлем айтып тырналардан.
Тағдырың жетелесін ісіңді алға
Арманың қолын созып ұсынғанда.
Айтып ем сәлемімді жапырақтан,
Күзгі жел саған қарай ұшырғанда.
Аласұрып тау мен тас, көкті іздеген,
Ентігің бас, гүл-жаным, көкшіл кемем.
Айтып ем жалбарынып ақша бұлтқа,
Қалайша сәлемімді жеткізбеген.
Сен дегенде шабытым толығардай,
Үміт-құсым шыңдарға қонып алғай.
Ақ самалдан айтып ем сәлемімді,
Кетті ме екен ол-дағы жолыға алмай?...