ЕКІ ЖАМПОЗ
2021 ж. 14 шілде
5149
0
Биыл Қазақстанның Халық артисі, әйгілі актер, Социалистік Еңбек Ері Серке Қожамқұловтың туғанына 125 жыл болды. Сондай-ақ атақты композитор, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Латиф Хамидидың дүниеге келгеніне де 115 жыл толып отыр.
Біз оқырман назарына ұлттың рухани қазынасына қисапсыз олжа салған осынау қос тұлға туралы Қазақстанның Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың естелігін ұсынып отырмыз. Бұл жазбаның дәуір озған сайын жарқырай түсетіні анық. Өйткені сол екі жампозбен де қоян-қолтық араласқан замандас лебізінде қымбат уақыт ізі, жас ұрпақ үшін ғаламат ғибрат жататыны анық.
Сегіз қырлы Серағаң
Елуінші жылдардың орта тұсында Қазақстан Жазушылар одағында драматургияның келелі міндеттеріне арналған жиналыс өтті. Оған осы мәселеге қатысы бар көптеген өнерпаздар келіп, сөз сөйледі. Сөз бір кезде Серке Қожамқұловқа берілді. Ұлы актер байпаңдай басып, асықпай-саспай, мінбеге көтерілді. Сөзін жайлап қана қоңыр үнмен бастады:
– Баяғыда Николай Гоголь «Өлі жандар» атты романының екінші томын өз қолымен өртеп жіберіпті... Ал біздің Н. секілді драматургтеріміздің жазған пьесаларының төбесінен бензин құйсаң да жанбайды. Неге? Себебі Гогольдің шығармалары тұпа-тұтас – май, ал біздің «сабаздардікі» шылқыған су. О заманда бұ заман су жанушы ма еді?! – деп Серағаң көпшілікті бір күлдіріп алды. Әділдікті жақтаған кісі алаңдай ма?!
Серке Қожамқұлов – туасы жазушы адам еді. О кісінің ойсыз, өрнексіз сөйлегенін, сөзін ескек желге ілестіріп бөстекі жібергенін көрген емеспін. Ал мен сахна саңлағын 1948 жылдан бері білетін едім. Кездескен сайын кеңесіп қалуды ойластыратын едім.
– Неге естелік жазбайсыз? – десем:
– Жазушыларың менсіз де жетіп жатыр емес пе?! Жамандардың қатарын көбейтсем, күнә болар, – деп күлетін-ді ол.
– Өзіңіз жазуға іркілсеңіз, қолыңыз тимесе, қаламының ебі бар бір жас жігіт тауып берейін, – десем:
– Соларың өз көкейіндегісін қағазға жөні түзу түсіруді білмейді. Мені қайтіп оңдырады дейсің? – деп жауабынан сытылып шығатын. – Марқұм Иманжанов Мұқан сияқты тиянақты, білімдар, өнер сырына қанық адам болса бір сәрі, – дейтін о кісі сөзді өзге бір арнаға салып.
Серағаңның ғажап мінезі – өзімен тағдыр табыстырған кісілердің таланттыларын сүйсіне ауызға алатын. Жұмат Шанинның режиссерлік тапқырлығына, Бейімбет Майлинның қажырлы ізденгіштігіне, Әміре Қашаубаевтың қайталанбас әншілігіне, Иса Байзақовтың адуын ақындық ұшқырлығына тәнті көңілмен ұзақ-ұзақ әңгімеге арқау етер еді. Сонау жиырмасыншы жылдарда, отызыншы жылдар басында жаттаған Бейімбеттің Мырқымбай циклін Серке соғыстан кейінгі кезеңдерде оңашада оқып беретін еді.
...1951 жылы Мұқан Иманжановтың «Менің махаббатым» деген драмасы Қазақтың академиялық театрында сахнаға әзірленді. Сол тұста мен пьеса авторына еріп, театрдағы репетицияға жиі-жиі барып жүрдім. Постановкаға әзірлік үстінде Серағаң Мұқанмен етене, жақын танысты. Репетиция үстінде өзі ойнаған рольден қолы босай қалса, біз отырған залға келіп, театрдың алғашқы адамдарынан бастап, қилы-қилы қызық әңгімелерге қарық қылатын.
Серағаңның революциядан бұрын Троицк қаласындағы «Уәзифа» мектебінде, одан кейін Орынбордағы татардың халық ағарту институтында оқып білім алғаны белгілі. Әдетте, пәлен тілге судай дегенді шартты түрде айта беретініміз бар. Ал Серкенің татар тілін білуі – сұмдық! Ғажап! Жасымда мен де татарлар арасында өстім. Ол тілден әжептәуір хабарым бар, сол тілден лұғатсыз-ақ тәржіме жасай аламын. Содан да болар – Серағаңды әдейі татарша сөйлетуге жетелеуші едім. Ақсақал жастық жылдарын есіне ала ма, татарша таза әрі тамаша, еліге әрі еліктіре сөйлеп кетер еді.
– Біз сөзді, тілді Серағаң секілді ағалардан үйреніп өстік, – деп еді академик-жазушы Ғабит Мүсірепов С.Қожамқұловтың сексен жасқа келген тойында. Дуалы ауыз Ғабеңдер солай дегенде, біз не дей аламыз? Іргелес өнер иелері бірі-бірінен үйрене жүруі – үздіксіз үрдіс болуы керек екен-ау. Артист Серке жазушы Бейімбеттен көп нәрсені үйрендім, азамат болып қалыптасуыма Биағаң көмектесті дейтін. Ал жазушы Ғабит алып талант Серағаңдардан өнеге алыпты.
Міне, өнер сабақтастығы, дәстүр жалғастығы! Біздің бүгінгі жас қаламгерлер өздерінің актер құрбы-құрдастарымен творчестволық мақсатта қоян-қолтық араласып тұр ма? Несін жасырайын: жыл он екі айда театр босағасынан аттамайтын жас жігіттерді де білем. Кай жігіттер емес, қалам ұстағандар...
Бұ қалай? Немесе жас актер өз тетелестері – ақындардың жинақтарын іздеп жүріп оқи ма?
Серағаң басқаға жаны ашығыш, қайырымды, сергек көңілді, жұмсақ жүректі аға еді. Мұқан Иманжанов төсек тартып жатып қалғанда, өзінің баласындай жігіттің көңілін сұрап, қаланың бір қиырындағы үйіне барып отырғанының талай рет үстінен шықтым.
1934 жылы Ташкент дыбыс жазу студиясынан арнайы кісілер келіп, қазақ артистерінің ән-күйін жазу жайында мәселе көтергенде, комиссия мүшесі Серке Қожамқұлов дыбыс жазуды Әміре Қашаубаевтан бастау қажет деп ұсыныс енгізіпті.
– Әміре сахнадан алыстап, сауық-сайранға көбірек ойысып жүр ғой қазір, – дегендерге Серағаң: ол жөнінде қам жемей-ақ қойыңдар, өзім тауып әкелем, – депті.
Ертеңінде Алматы шетіндегі Тастақтағы бір пәтерден Әмірені кезіктіріп, дыбыс жазу студиясы қызметкерлерімен жолықтырыпты.
Қомиссия ән айтқызып көріпті. Жаһанды әнмен тербеген әнші жайнаң қағып, өзі сүйіп айтатын үш-төрт әнді аспандата шырқапты.
– Даусың сыңғырап тұр ғой, өзі! – депті бір әкім.
– Есебі, Қашаубай баласы айтса, осылай ғана айтады! – депті сонда Әміре.
Әттең, дыбыс жазатындар жабдықтарын әкелгелі Ташкентке кеткенде, ұлы әнші суық тиіп ауырып әрі ащы судың зардабынан дүние салған.
Осы жайтты Мұқанға әңгімелеп бергенін өз құлағыммен есіттім...
Серағаң бала мінезді кісі еді. Мәжіліс-жиналыстарда, пленум-съездерде қасынан орын табылып, жақын жайғассаң, бүйіріңнен түртіп қап, құлағыңнан шертіп қап, мәз болатын... Ондағысы – сені сөйлету, тағы да бір қырыңнан тану, тани түсу. Адам тану – алғыр өнерпаздардың қол үзбейтін ғылымы екен-ау...
Баламер Сахариев – өз замандастары арасында аңдағыш, байқағыш, тілді, сайқымазақ, қуақы әрі білімді, әрі көргенді жігіт еді. Ол сыншылдық еңбегімен ғана танылған жоқ, ауыз екі айтатын әңгімелерімен де әйгілі еді. Бұл тұрғыдан біз Бәкеңді кішкентай Ираклий дейтінбіз. Ол басын М.Әуезов қып, Мыңбай Рашевке шейінгі аралықтағы әдебиет пен өнер қайраткерлерінің сөйлеу мәнерін, жүріс-тұрысын айнытпай салып беретін. Соның ішінде Серағаңның сахнадағы бірер эпизодын елестетіні де бар еді. С.Қожамқұловқа бертін біреу: «Баламер деген әдебиетші сіздің сөйлегеніңізді айнытпай салады», – десе керек. Ұлы өнерпаз бір жиында Баламерді көріп қап, оңашалап сөйлесіп, бір бұрышта: «Өнеріңді көрсет,_мені салғаныңды көрейін», – деп тұрып алыпты. – Көңіліңізге келер, – деп, Баламер жалтарғанмен, Серағаң қоярда-қоймай, тілегін орындатыпты. Ырза болған Серағаң:
– Мен алда-жалда ұйықтап кетсем, ізбасарым бар екен, осыныңнан тайма, – деп інісінің арқасынан қағыпты.
Кішіпейілділік кісіліктің куәлігі деген осы-ау. Серке Қожамқұловтың сахнада кез келген рольді жұтындырып шығарарына шүбә келтірген қазақты мен ұшырата алмадым. Тума талантқа ізденгіштік, еңбекқорлық қосылса, алапаттай құдіретке айналады екен ғой. Елуінші жылдар басында Айманов пен Штейннің инсценировкасы бойынша Қазақтың академиялық драма театрында «Абай» қойылымы жүрді. Қойылым өте сәтті шықты, бір топ артист СССР Мемлекеттік сыйлығы лауреаттары атанды. Қойылымда жұт тұсындағы көрініс үлкен орын алады. Халықтың күйзелісі, халық қамқоры Абайдың жанашырлық толғаныстары...
Спектакльге бірнеше рет бардым. Бірақ кәрлі қыс пен қырғын жұт заһарын онша сезіне алмап едім. Серағаң Майбасарды ойнаған күні сахнаға сақылдаған аяз, қарлы қыс, сипама кәрлі жұт шыға келді. Абайдың үстіне кірген Майбасар – Серке қолындағы қамшысымен аяғын кезек көтере қайырып тұрып, етігінің тақасын қаққанда, мұртының қияғынан мұзды алма-кезек сыпырғаңдай қимылдар жасағанда, мен тітіркеніп кеттім, арқама аяз батқандай шіміркендім.
Серағаңның дубльдері де, басқалар да қыс көрінісіне мән бермеді ме, не қолдарынан келмеді ме, білмеймін, ал қойылымдағы шоқтықты бір эпизодты шындандырудағы, жандандырудағы Серағаң тапқырлығы әлгіндей керемет еді.
Екінші бір деталь «Қазақфильмде» қырқыншы жылдар аяғында болса керек, «Дала қызы» деген картина қойылды. Қазақ шаруасының қызы совет өкіметінің алғашқы жылдарында оқуға барғысы келетінін айтады. Жас қыздың жақсы талабына оқымаған әке қарсы. Қасарысқан қатал әке: «Бармайсың!» – дейді. «Бармайсың!» деген жалғыз сөз алпыстан асқан ақсақалдың жан дүниесін пәлендей жарқыратып ашуға себі тиіп тұрған сөз болмаса керек. Ал әке боп ойнаған Серке Қожамқұлов шай үстінде шақпақ қант кесегін оң жақ азуға басып жіберіп, күрт еткізіп қақ бөледі де, зілді үнмен: «Бармайсың!» деп кесіп тастайды. Енді бәрі айқын. Пышақпен кескендей. Қатал тыйым!..
...Әріптестерінің айтуына қарағанда, Серағаң рольдер бөлінісімен-ақ сол образдың ішіне кіруге қам жасай бастайды екен. Әр сөзге, әр қимылға жоғарыда баяндалған эпизодтардағыдай мән беріп, бояу тауып, реңк іздестіруге кіріседі екен. Стол басындағы репетицияда текст жаттап отырғанда да, Серке көзін жұмып, ойға шомып, мүлгіп ұзақ толғанады. Бейненің ішіне кіре алмай, іркіліп, дағдарған, тығырыққа тығылған сәтінде өзіне-өзі қиянат жасағандай қаталдыққа да барады екен. Мәселен, әлгіндей сәтте: «Қор болдың, Қожамқұлов!» – деп, өзін-өзі жақтан тартып жіберген кездері де аз болмапты. Бұл, әрине, өзін-өзі қайрау, шиыршық ату, ізденіс...
Әзілкеш жастар, әріптестер Серағаңның творчестволық толғаныс үстінде отырғанында көзін ала беріп, даусын өзгертіп, «Қор болдың, Қожамқұлов!» – деп қалады екен. Сонда қамшы көрген тарландай Серағаң селт етіп: «Жоқ, Қожамқұлов қор болмайды, табады іздегенін!» – деп, бұрынғыдан бетер ширыға түседі екен.
Мен осы жайтты ұлы актердің көзі тірісінде талай әріптестерінен естідім... Есіл-дертімен еңсесін салмаған кісі өнерде елді сүйсіндіре алмайтынын күнде дерлік көріп-біліп жүрміз.
Шала қайнау, шабыт шақырмау, ала көңіл өнерді өрістетпейді екен... Мен, міне, 1976 жылғы дәптерімді ақтарып отырмын. Серағаң «Балдырған» журналының редакциясына төбе көрсеткен екен. Арада азын-аулақ па, ұзақ па әңгіме болыпты. Мен «Еңлік – Кебек» трагедиясы қойылымдары жайынан сұрастырсам білем. Сол қысқа сұқбаттың өзінде де әжептәуір сыр шертіліпті.
– «Еңлік – Кебек» Қазақтың академиялық театр сахнасына төрт рет қойылды; 1926 жылы, 1933, 1941 және 1958 жылы. Соңғысын қойған режиссер Моисей Исакович Гольдблат.
Әр қойылымның өз артықшылығы, өз кемшіні болды. Мәселен, Абыз бұрынғы қойылымдарында көбінекей бақсылау еді. Философиялық салмақты ойлар ең соңғы редакциясында Абыз аузымен мол айтылады ғой...
Бұрынғы Жапал Кебек пен Еңлік арасында жай ғана дәнекер сияқтанатын. Мұхаңа:
– Жапал пьесаның әлеуметтік бейнесі болсашы! – деген тілегімізді ресмисіз де, ресми қыңқылдаған балаша авторға білдіріп қоятынбыз.
– Әуезов пьесаның ең ақырғы редакциясында Жапалды әлдеқайда әлеуметтік биікке көтерді, – деді Серағаң.
– Әміре Жапалды ойнапты ғой, соны айтыңызшы, – деп едім. Серағаң бір-ақ сөйлеммен жауап қатты:
– Үшінші пердеде Әміре «Көк көбелек» әнін шырқағанда көрермендер дүрілдете қол соғып, әлемге әйгілі әншіні сахнадан жібермей отырып алатын...
Серағаң өзінің де, Қаллеки, Елубай, Шәкендердің... сахнаға қойылған пьесалардың қосалқы авторлары болғандығын ашып айтпады, жанамалап қана сездіргендей болды.
Керемет өнерпаздар неткен кішіпейіл келеді осы?!
Сахнамыздың саңлақтары сапынан Социалистік Еңбек Ері атағын алғаш рет алған, әрине, орнымен алған Серағаң еді. Лайықты сыйлығына құтты болсынды алғашқылардың бірі болып, алғашқы күні телефонмен айтқанмын. Ал ауызба-ауыз құттықтаудың сәті ойда жоқта түсе кеткені. Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрлігі Төртінші Бас басқармасының поликлиникасына енейін деп тұрғанда, есік алдында омырауына Алтын Жұлдыз таққан ағамыз томпаңдап келе жатыр екен. Құшақтап құшып: «Жұлдызың тозбай, тозбаңыз!» – деп құттықтадым. Екеуміз иін тіресе ішке кірсек, актриса Шолпан Жандарбекова мен артист Диордиев сөйлесіп тұр екен. Бізге жауырын беріп, бірдеңе деп әріптесінен сұрап жатқан Диордиев Серағаңның сәлемдескенін ести алмады білем, бұл сәтте Қожамқұлов қолындағы қолшатырымен інісін иықтан түртті: ана кісі алара қарады да, күліп жіберді.
– Сераға, что делаешь?! – деді. Серағаң:
– Герой тебя бьет! – деді. Диордиев ағасын қапсыра құшақтай алды...
Ал Серағаң секілді біртуарлардың өз өнеріне деген сүйіспеншілігі, ыстық ілтипаты, ессіз берілуі ешбір өлшемге көнбейтін құбылыс десе болғандай.
Орта жастан баяғыда-ақ асып кеткен тұста әке сүйікті ұлынан, жиырма бес жасар баласынан айрылды. Баласы қайғылы қазаға ұшырады. Қара жамылған шаңырақ иесі Серағаң ұлының үшін, жетісін өткізді. Енді екі-үш күн дегенде Қазақтың академиялық театрының Москвада гастролі басталады.
Серағаңа Москваға бару да қиын, ұлы актерге астанаға қайткенде жүріңіз деуге театр басшыларының да аузы бармайды... Осындай қиын күндердің бірінде, көңіл айтушылар сирей қоймаған күндердің бірінде өксігін әлі баса алмай аза тұтқан анаға – өз бәйбішесіне Серағаң тоқтау айтып, өз байламын білдіріпті:
– Жылай-жылай жүдеп біттің ғой. Көз жасынан көңілге медеу жоқ! Жетті! Болар! Тый жасыңды! Көтер басыңды! Екеуміз жетім қалсақ та, қазақ өнері жетім қалмасын: мен ертең Москваға жүрем, ойнаймын өз рольдерімді! – депті қайратты әке, қазақ өнерінің қамқор саңлағы Серке Қожамқұлов.
Серағаңның азаматтық бейнесіне алтын айшықтай әсемдік дарытар осы мінезін естігендердің сүйсінбегені жоқ. Бүгін де сүйсінеміз, ертең де сүйсінеміз!
Жетпісінші жылдар басында «Қазақ әдебиеті» газетіне басылған топтаманың ішінде ұлы актерге деген өз ілтипатымды бейнелер бір өлеңім бар еді. Соны Серағаңның өзі оқыған екен. Рақметін айтты.
Шағын естелікті де сол өлеңмен тәмәмдағым келеді.
Қарабай өлді,
улап төңіректі,
Талайды қарабайлық еңіретті...
Сераға, күлкіңменен
со бір дертті,
Күйдірдің қарығандай теміреткі.
Сұмдықтың өз-өзінен солатыны,
Әсте жоқ...
жексұрын ғып сорақыны.
Неғұрлым түйресең сен, біздер үшін
Соғұрлым сүйіктісің сол арқылы!
Шілде, 1981.
Қазақ жүректі композитор
1950 жылы көктемде «Сталин жолы» (Әйелдер журналы) редакциясының жауапты хатшысы әйгілі журналист Ләзиза Серғазина апай орысша бір ән-өлеңнің тексін қазақшаға аударып көрсінші деп маған беріп жіберіпті. Ән Совет Одағының Батыры Мәншүк Мәметоваға арналған. Әннің сазын Великие Луки қаласының тұрғыны, жергілікті композиторы жазған, өлеңінің авторы да сол қаланікі.
Мен нотасындағы буын санын есептеп көріп, сөздерін нобайлап қазақшалап шықтым да, Ләзиза апайға қайтардым. Арада біраз күн өткен соң, әйелдер журналына телефон соқтым:
– Менің қазақшалағаным ән ырғағына сай келді ме? Подтекстовканы кім жасады? – деп сұрадым.
Ләзиза апай:
– Латифке жаздырып едік қазақша өлеңін. Ол кісі сені мақтап жатыр, тегі Әлімбаевтың өзі сірә композитор болса керек, қазақ өлеңі нотасына сайма-сай, дөп келіпті деп жатыр.
Қазақ радиосының көркемдік советінің бір мәжілісіне мен де келдім, Латекең де қатысып отыр екен. Ақын Нұфтолла Шәкенов мені Латиф Хамидиге таныстырды.
– Ә, Мәншүк Мәметова жөніндегі ән тексін тәржіме еткен Әлімбаев сіз бе? Сіздің слухыңыз ғажап екен! – деді Латекең.
Мен рабайсыздау күлдім. Композитор аң-таң боп маған қарады. Мен айттым:
– Ғұмырымда әу деп көрген қазақ емеспін. Менде слух атымен жоқ.
– Жоқ, сіз білмей айтып тұрсыз, ішкі слух деген бар. Сіз ән сырын жан дүниеңізбен сезетін болуыңыз керек. Музыканы түсіну үшін, өзіңіздің ән айтуыңыз шарт емес. Міне, сіз ішкі слух арқылы ән тексін әдемі аударыпсыз, – деп композитор ағай мені біраз көтеріп тастады. Сонымен мен далбаса тәржімем арқасында талантты өнерпазбен таныстым.
Содан кейін бірнеше әнді ортақтасып жазыстық, сазын – Хамиди, сөзін – мен («Сүйікті партия», «Лениндей қыран ер болам», «Мектеп-ана»).
Отыз жылдай ол аға, мен іні боп сыйласып өттік. Латекең әзілқой, анекдотшы, ақ жарқын, әңгімешіл кісі. Кездескен сайын қызық хикаяларға жарытып тастайтын. Бір жолыққанда:
– Латеке! Сіз қазақ композиторысыз ба, әлде?.. – деп қалдым.
– Мынау әрі қызық, әрі қиын сұрақ екен... Мен ертең Евгений Григорьевичтен сұрайыншы, – деп жымиды да, жауаптан оп-оңай құтылып кетті. Қасымыздағылар қарқылдап күліп жатыр. Кездескен сайын өз өмірінен, татар халқы тарихынан әрнелерді сұрап әңгіме айтқызушы едім.
– Қайда тудыңыз дейсіңіз бе? Татарстанда Апас ауданында Буәли аулында жұмысшы семьясында тудым. Мен бір жасқа келгенше сонда тұрып, Дағыстанға көштік. Мен жетіге толғанша сонда жылдарымызды өткіздік. Әкем екі ағайынды еді. Диірменде балташы боп істейтін інісіне қара шаңыраққа ие бол деп, ата-анасын тапсырып кете беріпті. Дағыстаннан Өзбекстандағы Қатта Қорғанға жылыстадық. Әкем ол жерде темір ұстасы, ағаш ұстасы боп, тамағымызды асырады. Мен сондағы татар мектебінде оқыдым. Бастауыш мектепте. Октябрь революциясы тұсында музыка мектебінде де қатар дәріс алдым. Кейінірек Ташкентке ауыстым. Онда татар халық ағарту институты ашылды. Мен сонда ұйғыр халық әндерін жинап, нотаға түсірдім. Қазір жұрт:
– Ұйғыр музыкасы Латиф Хамидиден басталады, Құддыспен жалғасады, – деседі...
– Бірінші әнді қайда, қашан шығардыңыз?
– Біздің әти де, әни де әнді жақсы айтатын. Әсіресе, әниім Ғабдолла Тоқай өлең-жырларын көп білетін. Әниімнің абилары (ағалары) шетінен сауатты кісілер еді, шетінен гармоньда ойнайтын; музыкалық мектепте оқығанымда мен де фортепьянода, скрипкада тартып үйрендім. Тұңғыш әнімді сол мектепте шығардым. Музыка мектебінде Зағида Бурнашева деген апай тарих пәнінен сабақ береді. Өзі әнді де әсем орындайтын, ол кісі әрі ақын. Зағида апайдың ақындық лақап аты – Шағира Гифрат Тоташ. Қазір сексен екі жаста. Қарт коммунист. Ғимат Темірболатов, Шәмсинур апайлардан – бәрінен текті азаматтық тәрбие алдым... Мен азамат соғысына қатысушымын. ЧОН-ға да қатыстым. Сонда жүргенде мені командир шақырып алып, басқалар спортпен шұғылданғанда музыка ойнайсың, сапта жүргенде марш, гимнастикада вальс! Ұқтың ба? – деді. Мен біраз вальс ойнап бердім.
– Мынауың татарша ғой өзі! – деп командир таң қалғандай болып қарады. Сол тұста яғни он алты жасымда бірінші вальсімді жаздым. Бірінші маршым, аты – «Комсомол, алға!». Абдрахман Сағади маған:
– Сен әлі композитор емессің, – деді. Сол күндерде татардың тұңғыш композиторы Сұлтан Ғабати Ташкентке келген еді:
– Әйда, Қазанға жүр. Мен музыкалық техникумның оқу ісін басқарамын. Сені өзім оқытамын, – деді ол кісі.
1924 жылы Қазанға бардым. Мені композиторлыққа оқытты, жалғыз-дара шәкірт болып шықтым. Онда алғашқыда виолончельде ойнадым. Қазанда ақындар Ғади Тақташпен, Мұса Жәлилмен, драматург Ғалиасқар Қамалмен таныстым. Ташкентке 1926 жылы қайтып келдім. Бір жыл қызмет істедім: ән-жырдан мұғалім боп сабақ бердім орта мектепте. 1927 жылы Москва музыкалық техникумына оқуға түстім. Ол кезеңде ұлы астанада татарша жеті мектеп, үш мешіт бар екен. Москвада бес жүз мың татар тұрады екен. Мен онда әрі техникумда оқыдым, әрі татар мектебінде жеті жыл ән-күйден дәріс беріп күнкөріске қаражат таптым. Ол кезде Москвада «Октябрь баласы» атты пионерлерге, октябряттарға арналған татарша журнал шығатын. Редакторы – Мұса Жәлил. Мектептерде татарша репертуар жетіспейді. Салих Сәйдашев, мен бар балаларға ән шығара бастадық.
Соның бірі Жәлил жырына жазылған еді. Бір шумағы есімде:
Біз туғанбыз Октябрьде,
Біз – Октябрь баласы.
Октябрьде туғандардың
Ұлы Ленин бабасы.
Осындай бірсыпыра әндер жаздым. Өлеңдерін Мұса Жәлил жылмитып тұрып, шып-шымыр қылып шығара қоятын. Мұса Жәлил екеуміз түйдей құрдас едік. Адал дос, ақ ниетті азамат, арлы, адамгершіл. Оның қиын-қыстау шақта, Отан соғысы қан майданында батыр болып шығуына мен құйттай да таңданбаймын. Оның тәрбиесі, өскен ортасы – бәрі де ертеңгі қаһармандықтың баспалдағы болатын...
Латекең бірде өзі жөнінде жазған Мұса Жәлилдің мақаласы барын да айтып еді. Жолыққанда – сонау жетпісінші жылдар басында:
– Латеке, денсаулығыңыз қалай? – деп сұрағанымда:
– Өткендегімен салыстырғанда онша емес, ал келешектегімен салыстырғанда құдайға шүкір, тәуірірек! – дегені бар.
– Биыл нешеге келдіңіз? – дедім.
– Елу жеті, яғни сандардың орнын алмастырғанда.
Мұным жетпіс бестемін дегені.
– Балаңыз музыкант па? – деп те сұрадым.
– Ұлым Маратты кішкентайынан-ақ музыкант болып, таяғымды ұстасын деп жетелеп-ақ бақтым. Қонбайын десе, қонбайды екен. Ән-күй жағына аяғын бір баспай қойды. Бертінірек келгенде, Марат орта мектептің ортаңғы класында, құдай-ау, бесіншіде ме, алтыншыда ма – оқып жүргенінде бір күні жаңа шығарған бір әнімді ойнап отыр едім үйде, өз бөлмесінен ұлым келді де, пианиноға жағын таянып, менің тартқанымды қалт етпей ұзақ тыңдады.
– Қалай вальс ұнады ма, музыкаға қайрылайын дедің бе, малайым? – деп сұрадым. Марат:
– Жоға! – дегені.
– Ендеше, неге осынша уақыт ұзақ тыңдадың? – дедім.
– Мен сенің мұрныңа қарап тұрмын, бұл неткен қолақпандай мұрын өзі?! – деп, теріс айналып барады.
Осындай әңгімелерді Латекең күлдіру үшін айтады. Тең-туыстарының, жолдас-жораларының да тапқыр сөздерін қайталап айтып жүреді.
– Бір ұйғыр азаматына Ахаңды – Ахмет Жұбановты таныстырдым.
– Ахмет Жұбанов?! – деді ұйғыр қайталап, таңдана.
– Иә! – деді Ахаң.
– Сіз сонда қайсысыз? Композитор Ахмет Жұбанов па, академик Ахмет Жұбанов па? – деп сұрады бейтаныс жігіт.
– Мен соның екеуі де болсам қайтеді?! – деді Ахаң ежелгі жоралғысына салып.
– Міне сізге жауап! – деп, мен Жұбановтың жұмсақ алақанын қыстым.
«Балдырған» журналының алқа мүшесі ретінде редакцияға жиі-жиі соғып тұратын Латекең келген сайын әр қилы әңгімелер айтатын, күлдіріп кететін.
– Татарлар Мұзаффар деп, сенің есіміңді екі бірдей «ф» дыбысымен жазады, – деді Хамиди. – Мен айттым: «Қазаққа бірісі де житә!» – Азға қанағат деу – азаматтық! – деп күлді ағамыз.
Бір ғажабы, Латекең неше бір күлдіргі, қызулы әңгімелерді майын тамызып айтып отырып, өзі күлмейтін.
Мәдениет министрлігінде алпысыншы жылдардың бірінде ән-өлеңдер проблемасына арналған жиналыс болды. Мәжілістің орта тұсында Хамиди мінбеге көтерілді. Оған дейінгі сөйленген сөздер кілең бір құрғақ мағлұмат, мәнсіз тізбек, көңілсіз жайлар еді. Латекең бірден жұртты күлдіріп алды:
– Жолдастар, осыдан екі жыл бұрын ақын Әлімқұлов Нұрсұлтан мені ұстап алып, мынау жігіт композитор Қалдаяқов Шәмші деп қоярда-қоймай таныстырды, – деді Л. Хамиди.
Жұрт ол кісінің сөз астарын бірден аңдап, күлсін-ай кеп. Сонда сыйлы ағамыз:
– Неге күлесіздер, мен пәлендей ештеңе деген жоқпын ғой осы! – деп қуақылана ақталғансып жатыр.
Өнер таланттарының аяғына өре салатын ыңғайсыз, келеңсіз қылықтардан, ерсіліктен ада боп, таза жүргенің творчествоға тиімді, халыққа пайда игілік деген пікірін нағыз интеллигент, заңғар ойлы зиялы ағай еппен – уытсыз күлкімен ғана аңдатып еді сонда.
Менімен жолығысқанында:
– Мұса Жәлилге сәлем! – деп амандасатын. Мен бұған алғашында түсінбей жүрдім.
– Сенің бойың да, түр-тұлғаң да, тіпті шаш қойысың да тұп-тура Мұсаның өзі! – дейтін еді Латекең.
Бір жылы:
– Қазаннан жуырда хат алдым. «Моабит дәптері» деген кинофильмнің бас ролінде ойнауға лайық типаждар болса, суреттерін жіберіңіз деп қолқа салысты татар иптөшлар. Әйда, сіздің рәсіміңізді жіберейік, – деп қиылды Латекең. Мен келісім бермей, созбақтаған сайын Хамиди қайта-қайта телефон соғып, қаузай берді. Содан 1957 жылы күзде тура қарап, көлденең, қиғаш отырып түскен суреттерімді Латекең қоярда-қоймай Татарстандағы жолдас-жораларына жолдағаны бар... Менен қай бір артист шығар дейсің деп жүр едім. Айтқаным келді. Айтқанымдай, татар жігіттерінің өз ортасынан да батыр ақын роліне лайықты типаж табылмапты, фильмге орыс актері таңдалып алынғанына кейін куә болдық... Гәп Латекеңнің қазақ бауырына, ақын інісіне деген ағалық ілтипатында ғана.
Ал Латиф Хамиди қоғамдық орындардың қолқа-өтінішіне өте ұқыпты. «Балдырған» журналының заказын дер кезінде еш кідіртпей жазып беретін. Қазақ опера өнерінде Алатаудай айрықша әрі қайталанбас орны бар «Абай» операсын Латиф Хамиди мен Амет Жұбанов екеуі иін түйістіре, тізе қоса, бір адамдық тыныс-деммен қаз-қатар отырып, өте сәтті тудырғаны тарихқа аян, халыққа аян.
Хамиди Қазақстанға отызыншы жылдар басында келген. Келген бетте-ақ көптің құлағына жағар әндер жазған, сан жағынан кеп болмаса да, ондай әндері халық арасына кең тарай бастаған. Сол жайды аңғартқаны болар, Латекең бір отырыста мынадай әңгіме шерткені бар:
– Семей облысына фольклор жинастыруға бардым арнаулы экспедиция құрамында. Шыңғыстау ауданында бір колхозға тоқтадық.
– Халық арасында туған қандай жаңа әндер білесіздер десем, бір жігіт домбырасын ала салып, «Мылтығымыз оқтаулы ел қорғауға» деп аңыратып қоя берді. Латиф өз әнінің елге тарауына осылай куә болыпты.
Менің елу жасқа толуыма арналған мәжіліске арнайы кеп, Қазақстан Композиторлар одағы атынан құттықтап, Латекеңнің жылы лебіз білдіргені есімнен шығар ма?!
Тағы бір тоқайласқанда ұзақ сұқбаттастық:
– Менің музыкамда Дағыстанның да, Өзбекстанның да, Татарстанның да, Россияның да, Қазақстанның да әсем сазы тоғысып, ұштасып араласып жүруі ықтимал, – деді күліп.
– Ол жағын теоретиктер айта жатар... Ал сіз біз үшін ең алдымен қазақ жүректі композиторсыз, бізге аса ыстық туыссыз. «Қазақ вальсі» мен «Бұлбұл» біздің халықпен ғасырлардан ғасырларға ауыса бермек. Сол себепті біздің де сізге деген сүйіспеншілігіміз шексіз! Біздің мұндай сүйіспеншілігіміз өзгелерді өкпелетпес шығар! – дедім мен де.
– Иә, бізде Отан да ортақ, өнер де ортақ! – деді Латекең даусы дірілдеңкіреп.
Бұл менің Латекеңді соңғы рет көруім екен, оның есесіне ұмытылмас ұлы ағаның ән сазымен, нәзік жанымен эфирде, экранда, сахнада күн сайын жолығамыз, жолығамыз да, қазақ музыкасын өркендетуге қыруар еңбек сіңірген интернационалист өнерпазды шапағатпен еске аламыз.
29 қараша, 1987 жыл.