Табиғаттың тылсымы
2021 ж. 13 шілде
4621
0
(Аңшы әңгімелерінен)
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келді. Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деді. Көпшілікке ұсынылып отырған дүние сол ойдың мәнді жалғасы.
Қарап отырса, Тілеуғабыл Есенбекұлы өмір бойы аң қуған екен. Көбінесе сол Жезқазғанда қызметте жүрген шақтарында жиірек шығыпты. Ол төңіректе бармаған жер, баспаған тауы аз-ау. Жанында үш-төрт жолдасы жүреді. Топтасқан бойда Бетбақтың жондарын кезіп, қияндағы Созаққа дейін жортыпты. Жезқазған жерімен жапсарлас Қызылорда, Ақтөбе, Қостанай облыстарының шекарасына дейін шығандаған. Сонда да ылғи жан қалтасында бірер түйір құрт жатар еді. Осы көне торсығы да талай жылдарғы серігі. О кезде жолға азық аласың, әрине. Жапан далада ата-бабамыз қонақжай еді, бір тостақ сусын берер ме екен деп, танымайтын қай қазақтың жаппа тамын сағалап жүрерсің. Және бүгінгі заман мүлде басқаша. Әдетте «Уаз» автокөлігімен шығатындықтан, аңшылардың қоржындары дәм-суға толы болады. Машинада шағын мосы, шәйнек, қазанға дейін сақадай сай тұрады.
Үш күн, төрт күн бойы қаңғитын кездер де кездесті. Қалтылдап, гүрсілдеп келеді ақыры. Әйткенмен, олжасыз оралмайды. Жосыла жортқан киік көп болады; солардың соңынан ілби салған түлкі мен қасқыр да жиі ұшырасады. Соның артынан ақырын жымып басып, бұлар да ілесіп отырады.
Ол енді бір керемет нәрсе. Аңшылықтың романтикасы ғажайып дүние. Естен кетпес қызықты сәттер жеткілікті екен.
Ана жылы қасында ерткен алматылық журналист бауыры бар, шопыр жігіт үшеуі Созақ даласының адыр-белестерін бірталай шарлап, Жезқазғанды бетке алып заулап келе жатты. Көлік – «Зил-130». Кейде жолсызбен де жортуға ыңғайлы машина. Қорапта арлан қасқыр жатыр. Бетпақтың жондарын күні бойы кезгендегі олжалары...
Түн ортасы әлдеқашан ауған. Қарашаның ала шабыр қары бір түсіп еріген кезең-ді. Ықтырма жел екілене соғып, үркер батар сәт таянған. Бір мезгілде қараңғы түнек арасынан әлдененің қос жанары жарқ етті.
¬– Тоқта, тоқта! – деді аңшы жүргізушіге ақырын ғана. – Өшір машинаның жарығын! Түлкі! Қу түлкі...
Тілші інісі екеуі мылтықтарын ала салып секіріп-секіріп түсті де, бүкшеңдеп бұғып басып, сонадай жердегі терең жыраға жата-жата қалысты.
Төбешік тасасындағы түлкінің қайқаңдауына қарағанда бұларды байқамағандай. Қасынан бүгежектеген күзен көрінді. Қосарласып, бірдеңе істеп жүр. Ұзақ күйбеңдеді.
Әлден уақытта бұлардың сыбдырын сезіп қалған түлкі бұғып жата қалды. Сол мезет Тілеуғабылдың мылтығы да тарс еткен. Тілшінің қолындағы «ТОЗ-8» де екінші бүйірден безе қашпақ болған күзенді құтқармады.
Жүгіріп барса, іннің аузы екен. Алдында бір зорман өліп жатыр.
Сөйтсе, түлкі мен күзен «кооперация» арқылы тіршілік жасайтын болып шықты. Яғни, өзара селбеседі. Күзеннің тұяғы нәзік болғандықтан інді түлкі кеңейтіп үңгіп береді екен де, күзен түпте тығылып жатқан зорманды бас салып өлтіріп, оның бас сүйегін уатып, миын жейтін көрінеді. Сонан кейін ғана барын жемтігінің етін түлкіге шығарып береді. (Зорман – дене тұрпаты саршұнақтан ірі, суырдан кіші хайуан. Қара суық түспей ерте жатып қалады. Автор).
Сыбайласқан жақсы-ақ. Бірақ сол түні байғұстардың екеуі де аңшылардың қанжығасында кетті.
Өз-өзінен кәрілік, қарттық туралы ойлады. Мәңгілік ештеңенің жоқ екені еске түсті. Иә, расында, «Жас көңілде жарық бар, кәріде кемдік анық бар» деп Шәкәрім қажы айтқандайын, жасамыс шақтың мұңы басым. «Кәрілік – құтылмайтын бір қазған ор» деген де осы кісі. Онысы рас, аузына тиген сүйекті майша қылғытатын анау арландардың да қырық екі тісі түгел түсіп, төрт азудан түк қалмайтын сәт те туады...
Сондықтан о сорлыларды абадан қасқыр әуектен (үйірден) қуып та жіберетін жағдайлар кездеседі. Шонданайы майырылып жалғыз қаңғып, итшілемеске амалы қала ма. Кейде өз үйірлестері-ақ талап жеп қояды. Қайсыбір тектілері өзінің осындай пұшайман хәл, күйкі тірлігіне күйініп құсадан да өледі...
Бір күні қызық болды. Желтоқсан айының орта тұсында бір қар жауған сәтті пайдаланып екі жолдасын ертіп шығып кеткен. Төңіректі төрт күндей шарлап, түнгі сағат үштер шамасында қаладан жетпіс шақырымдай жердегі Бозайғыр адырларына жетті. Әлден мезгілде айдың жарығымен қалың баялыш түбінен қыбырлап кетіп бара жатқан борсықты көзі шалған. Іштей «Құдай-ау, мына мезгілде бұ қайдан жүр?!» деп таңырқап, шопырға:
– Алдын орашы ананың! – деді дауыстап.
Мәшине шоқ сораңды айнала беріп, гүрс-гүрс етіп барып, тоқтай қалды. Дөңгелегі әлдебір жыраға соғылған секілді. Мылтығын ала салып, дереу секіріп түскен Тілеуғабыл борсықтың ізімен біраз жер жүгірді. Аңы көрінбей кетіп еді.
Біз уақытта қырдың етегінде жан-жағын ақырын шолып сәл бүкшиіңкіреп тұрғанында сырттан киліккен бірдеме екі аяғының арасына қыстырылды. Сөйтсе, бұл әлгі борсықтың дәл інінің аузына тұра қалыпты. Келген сол борсықтың өзі екен. Бейшараның кәрі екенін аңдады. Хайуан:
– Өй, былай тұршы-ей! Жаным қысылып зорға келе жатқанда сен де тұрмайтын жерге тұрып алып! – дегендей қатты жұлқынып, қыспақтан ызалана сілкініп шығып, апанына кірді де кетті.
Қызық... Кәрілік деген не деген жаман, дегенмен...
Тимеді байғұсқа.
Тағы бірде таңертеңгісін әлгі ескі «шохамен» Қотыр Қызылтауды айналып Қазығұрт жоталарына өткен кезеңде қарсы алдынан таудай боп теңселіп, мүйізі қарағайдай бір буырыл бұланның шыға келгені.
Бұл көрініске аса таңырқай қойған жоқ. Бұрын да талай кездестірген суреті. Осынау қоңырайған құба жондардың қойнауы ежелден, Ақсу-Аюлы, Бұғылы-Тағылы деген атына сай, әр түрлі аң-құсқа толы келеді.
Аңға тақалып барып, мәшиненің сигналын басады. Бірақ, бәтшағар, қанша бепілдетсең де үркетін түрі жоқ. Өңкиіп, жылжуға асықпайды. Алып мақұлық. Тұрқының биіктігі бір сажындай. Салмағы да, алты жүз келіден кем түспейтіні анық. Мұның қасында атан түйеңіз алты жасар баладай көрінуі мүмкін...
Әйтеуір, әлден мезгілде аса жақтырмай, алая қарап, айналаны күңірентіп, ышқына, қинала мөңіреп біраз тұрды да, еріншектей басып, жолды босатты-ау.
Араға бір сағаттай уақыт салып қайта оралған сәтінде әлгі жануар үйдей болып, алдыдан тағы шықсын...
Сол кезде ғана мойын бұрып, жолаушы жақтағы орындығына сүйеулі тұрған бесатарына көз салған. Әйтпесе осыны ату туралы ниеті жоқ-ты. «Мынаның өзі кес-кестей берді-ау алдымды! Бұйырғалы тұрған олжа емес пе!» деген ой жылт етті.
Мылтығын жұлып алып, жерге түсіп, бұланға жақындай бергенінде әлгі «еріншек» жануардың дереу бұрыла салып, тапыраңдап қарсы жүгіріп, бұған қарай бас салғаны! Қауіпті жануар екенін жақсы біледі. Аяқпен тарпыса аюдың өзін жайпап жіберетін алапат күш иесі...
Жанұшырып, далақтай қашты. Аяғынан түсіп қалған бір сыңар галөшіне қарауға да мұршасы келмеді. (Ауыл арасында жүргенінде қусырып сырып тіккен, жұқа байпақтың сыртынан іле салуға ыңғайлы нәрсесі еді). Сөйтіп, көлігінің сыртын айнала берді де, бұланды желке тұстан ала көздемей атты. Аң белі шойырылғандай қираң етті де, бір жамбастай шоңқиып барып, гүрс етіп құлады. Қатты ауырсынғаны ыңыранған дыбысы мен ақиған көзінен-ақ аңғарылып еді. Одан, қызық болғанда, жедел атып тұрып, емпелеңдеп жортқан күйі дөң асып, лезде ғайып болды. Жараланғаны анық-ты. Жонынан қан саулап бара жатты...
Үйге келген соң жағдайды малшы жігіттердің біріне айтып еді, ол да ойбай деп лып етіп, атына міне салып, тау жаққа жөнеген.
Барса, бұлан байғұс, бұлақ басына жете, қансырап жығылған секілді. Қорғасын оқ мойын омыртқасын уатып жіберіпті.
Мал сойып үйренген адам шыдата ма, қолма-қол бауыздап, терісін сыпырып, сүйегін жіліктеп, боршалап та тастапты.
Он-он бес жасар еркек бұланның еті сәл қаттылау келе ме деп еді; жоқ, жұп-жұмсақ екен. Және мұны жеңсікас дейсіз бе, әлде таңсықас па, таптырмайтын дәм екені түсінікті. Ішек-қарын, өкпе-бауырына дейін керемет дәрумен. Білетіндер бұланның тілі мен езуінің өзінен дәмді мәзір әзірлейді. Әйтеуір, қыруар ет қой. Нағыз «қуырдақтың көкесі» деген осы еді...
Жолдастары бар қазір. Кезінде сонау аңға бірге шығып жүрген. Шіркін, өмір-ай, олар да біртіндеп қартайды. Былтыр бір-екеуі хабарласты. Келсейші, баяғыдай саяттап, бой жазып қайтайық та дейді. Артынан әлгі достардың көңілі босап, көзіне жас алып тұрғанын сезеді. Бұл да ептеп қамығып қалады. Барамын, барамын, міндетті түрде жетемін, деп еді.
Бірақ жол түсе ме, кім білсін. Бара алмай жүр ғой. Түнде жастыққа бас қойған соң тезірек ұйықтап кету үшін әрнені ойлап жатасың. Сонда балалық шақтың, жастық кезеңнің елестері көз алдыңнан заулап өтеді. Анау серіктерге елеңдейді. Қиялы соларға қарай алып-ұшады. Таңертең оянғаныңда алдыңнан күтпеген өзге бір шаруалар қаптап шығады. Басқа бір жоспарлар туындайды. Одан соң қырсық шалған әлгіндей бір кезеңдер шырмады. Сөйтіп, ғұмыры бітпейтін күйбең тірліктің ырқына еріп, аяңдап жүріп жатады.
Құсбегілік пен аңшылыққа деген бейімдігі бойына баяғы бала кезінен дарыған дағды сияқты. Үйде қоян ұстаушы еді. Дала қоянын. Сауысқанмен әуестенді. Күйкентай, кірпі, тырна...
Ойлап көрсе, ұстамаған нәрсесі аз екен. Солардың мінез-құлық, пиғыл-пейілдері өте қызық болушы еді. Мысалы, сауысқаннына талдың басынан ұя жасап, табанына шөп салып, үстін жауып қоятын. Төбедегі шатырында кішкене тесігі бар. Бір тексергенінде, жұмыртқа басып жатқан-ды. Енді бір қарағанында, балапаны шығыпты. Шиқ-шиқ етеді. Сүйкімді-ақ. Үшінші мәрте соны барып ұстап, қолына алып, аузына нәр тамызайын десе – жоқ. Атымен. Сөйтсе, ана сауысқан ұя ішінен қосалқы ін қазып, титтей шібиін тығып тастапты. Залымдығы сонша, қуысты тікесінен де емес, ешкім байқамайтындай етіп, тура бүйірден қиғаштай шұқып үңгиді. Ал іннің арғы жағын ұңғыл-шұңғыл шытырманға айналдыруға тырысыпты.
Өзі таңалагеуімде қоректеніп әдеттенген. Таңғы сағат бес жарымдар шамасында ой, шықылықтап, бақырады-ай келіп. Дауысы да сүйкімсіз. Шырт ұйқыда жатқаныңда жан тітіретіп бажылдайды бір. Екі көзін сипай салып атып тұрады да, аузына ірімшік апарып салады. Мұның шағын «зообағының» у-шуына үйдегілер де әбден үйренген. Елең қылмай жата береді.
Сауысқанның тамақсаулығы да сұмдық. Жұдырықтай ғана құс кетпендей ірімшікті тұтастай жұтып жібереді. Одан соң дәндеп алады да, күнұзын бақырып, соңыңнан қалмайды. Берсең жей береді, Алла-ау. Тоймайды. Тура бір, сартылдап тұратын механизм іспетті.
Қоянның көжектері лезде жетіледі. Туғанына төрт-бес сағат қана болған титтей көжектің ширақтығы сондай, ыршып қашып, бұлтылдай жүгіріп қолды-аяққа тұрмайды. Екі күн емген соң домаланып алып, тыным таппай олай-бұлай секіреді-ай. Одан соң түн ортасында ретін тауып қашып кеткеніне көзің жетеді. Табиғаттың өзінің дарытқан ақыл-айласы соларға...
Қолға тырнаның дағдылануы қиын. Бірақ бір бауыр басып алса ілесіп қалмай қояды. Сарала қаз бен үйректің үйренуі тез. Кереуеттің астына кіріп алып жата береді. Шақырсаң ытқып шығады. Кірпі болса, тырс-тырс етіп үйдің ішін түнімен шарлап, маза бермейді.
Дала үйрегінің еті емдік қасиеті жағынан ең жоғары орындардың қатарында. Бұ бағытта қаз еті де осал емес. Екеуіне, негізінен, күздің қара суығы түсе аттанушы еді. Жезқазғанның арғы бетінде Баршакөл, Бүршікті көл, Телкөл аталатын шалқар айдындар бар. Осылардың жағасы мен Терісаққанның сыртында «Урожайный» шаруашылығының мол егіні жатады.
Солтүстіктен жылы құрылықтарға қарай бет алған мың-мың қаз сол егінжайға он бес-жиырма күндей аялдап, қоң жинайды. Солардың қаптап, қонғалы келе жатқанын алғаш көрген адам:
– Ой, қой! Мыналарың қаз емес, кәдімгі қарға ғой! – деп өз көзіне өзі сенбес еді.
– Нанбасаң, дүрбі салып қарасайшы! – дейсің сен де.
Жақындап келіп, парашютпен секіріп жатқан десанттардай қанаттарын керіп, бірінен кейін бірі жыпырлап қона бастаған шағында ғана:
– Астапыралла! Мынандай да ғажайып болады екен-ау. Мың-миллион қаздың қатар ұшқанын тұңғыш көруім! – деп таңырқайды.
Жарты айдай асықпай жатып, әбден семіріп алған соң дүр сілкіне пыр-пыр көтеріліп, азан-қазан қиқуға басып, қара бұлттай қаптап оңтүстікті бетке алады.
Ақылдылықтары ғаламат. Расында да, бәленбай мың шақырымдық азапты жолдың алдында арнайы күйленетін тамаша орынды адаспай таңдап тауып, ұзақ уақыт әдейі жатып дамылдау кімнің ойына келеді!
Аңның ішіндегі ең ақылдысы қасқыр болса, құстың естісі – қаз. Оны, мыңнан бір мезет дегендей, сирек сәті түсе қалмаса, атып алуың да оңай шаруа емес. Маңайлатпайды.
Құлан САҒАТҰЛЫ,
Қарағанды облысы.