Әлемдік өркениетке бастайтын жол
2021 ж. 13 шілде
3464
0
Латын әрпіне көшу – елдік еркіндіктің, тәуелсіздіктің жетістігі. Сананың еркіндігіне, тәуелсіздігіне жасалатын шешуші қадам. Бүкіл түркі әлемімен ынтымақтастыққа, әлемдік өркениетке бастайтын дара жол. Қазақстандыңтардың ғана емес, әлемнің әр пұшпағында тұрып жатқан қазақ атаулының санасында рухани сілкініс туғызатын, Атажұрт үшін ерен мақтаныш сезімін шыңдай түсетін айтулы кезең.
Түйіп айтқанда, бүкіл қазақтың ұлт болып ұйысып, біртұтас халық болып жұдырықтай жұмылып, дамудың жаңа биігіне апаратын тағдырлы тәуекелдің алдында тұрмыз.
Не түрлі қиындыққа, тәлкекке ұшыраған асылымыздың – ана тіліміздің табиғи таза тұнығына жеткізетін латын әрпіне көшуде барлық қазақ бір кісідей жұмылатын кез келді.
Тәлкек емей немене, күштеп енгізілген бір ғана жіңішкелік белгісі (ь) қосылып, қала көшелерінде жиі көрінетін «гульдер» сөзі қазақты мазақ етіп тұрғандай. Жаров, Житомир сияқты қазақ тілінде «ж» дыбысынан басталатын атау сөздерді орысша Джамбул Джабаев, Джезказган деп жазғанға көндік. Алматы қаласының қақ ортасындағы Қазақ университеті қалашығында студенттер ғимараты төбесіне аспандата «Джолдасбеков сарайы» деп айғайлатқан атауды оқыдық. Айта берсек, мұндай көп мысалдан сүрініп жығылатындай, айтылуы да, жазылуы да бұзылып, екпіні шатаса бастаған ана тіліміз туған топырағында, өз Отанында кең қолданысқа жарамайтын тіл атанып, шеттетіле бастағанына шыдадық. Қазақ ұлтының төлқұжаты іспетті асыл ана тіліміздің төрден есікке бұдан әрі сырғи бермей, мәңгілік елдің мәңгілік тілінің мемлекеттік мәртебесіне көтерілетін кезеңін күттік.
Міне, сол сәт туды. Әуезі де, әрі де ерекше, қайнары гауһардай таза, сөздік қоры аса бай қзақ тілін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу үшін Елбасы латын әліпбиіне көшіруге тапсырма берді. Енді өткен кеңестік кезеңнің сананы улаған ескі салтымен жарға жығатын, «мен, мен» дегізетін дау-дамайы көп айтыс-тартыстан аулаң болып, ұлттың мүдде мұратына жетейік. Ұлттың үлкен сынақтан сүрінбей өтейік.
Халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Қазақ тілінің латынша әліпбиін құрастырушыларға біздер сияқты қарапайым тіл жанашырларынан бір тілек – жаңа әліпбиіміз қазақ фонетикасындағы бір дыбыс бір символ, яғни бір әріп, ал ерекше дыбыстар пернетақтадағы (мәселен, Qwerty) апостраф белгілерімен таңбаланып, екі символдың (үш емес) диграфтар екі-үштен аспаса екен.
Иә, латын әрпіне көшуде басты меже – қазақ тілінің дыбыс жүйесінің заңдылықтарының бұзылмауына жету екені түсінікті. Шапағаты мол Жаратушымыз қолдап, бұл меженің асуына абыроймен жететін күн жақсылығымен келсін.
Қазақ тілінің латын әрпіне көшуі – мемлекеттік және жалпыхалықтық деңгейде атқарылатын аса жауапты әрі игілікті сан түрлі іс-шаралардың басы болмақ. Елбасы сонау 2016 жылы жариялаған «Ұлы дала ұлағаттары» еңбегінің «Туған тілдің тұғыры» бөлімінде: «Бізде әлі де бойымыздан арылмай келе жатңан бір жаман әдет бар. Ол әуелі бастамаға бірден үн қосып, дүркіретіп әкетеміз, сосын уақыт өте келе істің аяғын сұйылтып,... іс аяғын ақсатып кететініміз бар. Осы кемшіліктен арылу керек...», «Мемлекетіміздің діңгегі – қазақ халқы. Ел де, жер де – қазақтікі. Ел болудың ұяты да біздің жұрттың мойнында» деген еді. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді. Елбасы толғанысы дайындығы 2012 жылдан басталып шешуші сәтіне жеткен осынау тарихи кезеңде бүкіл қазақты, ғалымдарды, депутаттарды, мемлекеттік барша қызметкерлерді ана тілімізді әлемдік дамудың даңғылына бастайтын латын әліпбиіне көшірудің бүге-шігесін бүгіннен ойластырып, жоғары білімділік, біліктілік, жауапкершілік биігінен көрінуге шақырып тұрғандай. Мектепте бірінші сыныптан сабақ кестесіне енгізілетін 2022 жылға қазірден-ақ жан-жақты дайындықтың бағдар-жоспарлары түзіліп, жалпы жұрттың белсенді қатысуымен жүзеге асырылуы алдын ала ойластырылса, нұр үстіне нұр.
Бұл орайда атқарылар іс ұлан-ғайыр.
Қазақ тілінің латын әрпімен әліпбиі қабылданғаннан кейін мән- маңызы ерекше үлкен қадам – асқан жауапкершілікпен, артынан өкініш, реніш туғызбайтын оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар кешенін жасау. Бұл ана тіліміздің саф қалпында ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жетуінің мәңгілік желкенінің үзілмейтін желбауының берік тұғыры болмақ.
«Атың шықпаса, жер өрте» дегендей, кезінде белгілі ведомствоның сонау жиырмасыншы ғасырдың басында ашыла бастаған жаңа мектептермен бірге өмірге келген білім көзінің бастауы іспетті «Әліппе» атауын «Сауат ашу» деп алмастырғанына таңғалып болғандаймыз. Енді жаңа әліпбимен бірге «Әліппе» оқулығын да, бүлдіршіндердің «Әліппемен» қоштасу мейрамын да қайтарып қуантса деген үмітіміз бар.
Қазақ тілінің жаңа әліпбиінің оқу-әдістемелік құралдары қазақ және оқу орыс тіліндегі мектептерге қатар шығуы тиіс. Оқу орыс тіліндегі мектептердің сабақ кестесінде қазақ тілі пәні барын бәріміз білеміз. Оқу орыс тіліндегі мектептердің оқушыларының 70- 80 пайызы қазақ балалары екенін әсте естен шығаруға болмайды. Олар өздерінің ана тілінің жаңа әліпбиін қазақ мектептеріндегі құрдастарымен қатар меңгерсін. Ағылшын, түрік тілді мектептердегі қазақ балаларын да бөліп тастай алмаймыз. Өзбек, тәжік, ұйғыр, тағы басқа тілдерде оқитын күндізгі және кешкі мектептер шәкірттері де мемлекеттік тілдің жаңа әліпбиімен шыққан оқу құралдарын асыға күтетіні күмәнсіз.
Ата-аналар балаларына көмектесуге даяр болуы үшін жалпы
көпшілікке, үлкендерге арналған жаңа әліпби кітаптары мектеп
оқулықтарынан көп бұрын шықса, тіпті жақсы. Мұғалімдерді даярлау мәселесі де жедел қолға алынса, ләзім.
Иә, бүкілхалықтың қолдауға жеткен, Тәуелсіздікпен келген тарихи бастаманың көші түзу болса игі.
Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
qazaquni.kz