Танымал режиссер Сатыбалды Нарымбетов өмірден озды
2021 ж. 08 шілде
2334
0
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Сатыбалды Нарымбетов 75 жасында өмірден өтті, деп хабарлайды "Қазақ үні" тілшісі.
Сатыбалды Нарымбетов 1946 жылы 7 наурызда Түркістан облысы, Түркістан ауданы, Ащысай ауылында туған. Мәскеу қаласындағы мемлекеттік кинематография институтын бітірген. 1984 жылы жоғары режиссерлік курсты (Г.Н. Данелияның шеберханасы бойынша) бітірген.
1969 жылдан «Қазақфильм» студиясында сценарист әрі кинорежиссер ретінде қызмет етті. 1970 жылдан – «Қазақфильм» киностудиясының кинорежиссері болды.
Ал 2005 жылдан бері Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Дебют» бірлестігінің жетекшісі болып еңбек еткен еді.
Ол «Құрманғазы» атты деректі фильмге (1972 жылы), «Зауал» (1981 жылы), «Күзгі бұралаң жол» (1984 жылы) қысқа метражды фильмдерге, «Ұрын келген күйеу» (1987 жылы), «Созақтан шыққан Гамлет» (1990 жылы), «Көзімнің қарасы», «Жас аккордеоншының өмірбаяны» (1994 жылы), «Омпа» (1998 жылы) және тағы басқа көркем фильмдерге режиссерлік еткен.
"Қазақ үні" редакциясының ұжымы марқұмның туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады. Иманы саламат, жаны жанаттық болсын. Артында қалған ұрпағына қайырын берсін.