Белгілі сазгер Нұрлан Байкөзов дүниеден өтті

Белгілі сазгер Нұрлан Байкөзов дүниеден өтті

Белгілі дирижер, талантты композитор Нұрлан Байкөзов дүниеден өтті. 

Нұрлан Байкөзов 1950 жылы 17 қазанда Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Тереңөзек ауылында дүниеге келген. 1975 жылы Шымкент музыкалық училищесін тәмамдаған. Осы училище қабырғасында оқып жүріп «Қыр қызғалдақтары» атты Вокалды аспапты ансамблі лауреат атанған.

1976 жылы Алматыда «Жерұйық» атты Қазақ цирк ұжымының жаңа бағдарламасы дайындалып, режиссері Кеңес Одағының халық әртісі В.В. Головко, тұңғыш рет цирк бағдарламасына Вокалды аспапты ансамбль енгізіліп, ансамблдің жетекшілік қызметін атқарған.

1979-1984 жылдары Республикалық «Гүлдер» ансамблінде дирижер болып қызмет істеген.

1984-1988 жылдары «Дос мұқасан» ансамблінің музыкалық жетекшісі, 1988-1992 жылдары Мақпал Жүнісованың қатысуымен «Назерке» атты ансамбль құрып, ансамблдің көркемдік жетекшісі болған.

1992-2010 жылдары аралығында Алматы мемлекеттік цирк оркестрінің бас дирижері, 2005-2010 жылдары Алматы әкімінің эстрадалық симфония оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері қызметін атқарған. 2010 жылдан өмірінің соңғы сәтіне дейін Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада цирк колледжінде оркестр жетекшісі және эл.гитарадан дәріс беріп ұстаздық етті. Шәкірттері Халықаралық, Республикалық конкурстардың лауреаттары.

Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, Халықаралық «Сизак» (Франция) авторлар қоғамының мүшесі, «Қазақ» - Қазақстан авторлар қоғамының жауапты хатшысы болған.

1982 жылы Ленинградта өткен джаз фистивалінің, 1987 жылы Ялтада өткен «Крымские Зори» конкурсының, 1993 жылы Қытайда өткен «Алтын арыстан» цирк өнерінің лауреаты атанған.

Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, мәдениет саласының үздігі төс белгісімен марапатталған.

Бүгінде 50-ден астам әндері мен 60-тан аса оркестрге арналып жазылған ірі шығармалары елімізде және шет елдерде орындалып жүр.

Қазақ өркениеті мен мәдениетінде өз мектебін қалыптастырған Нұрлан Байкөзовтің өмірден озуына байланысты туған туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз!

Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ

ҚР Журналистер одағының мүшесі