«Егер тілім ертең болса құрымақ...»
2021 ж. 29 маусым
4028
0
Онлайн форматында балаларға үй тапсырмасын беру үшін біраз дайындаламын. Бірде 6-сынып оқушыларына тапсырма жібердім. Тақырып: Расул Ғамзатов. «Ана тілі». «Егер тілім ертең болса құрымақ, мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ» деген өлең жолдары арқылы ақын не айтқысы келді?
деген сұрақ бар. Бала жауап береді-ау, ал біз ше? Біз қаншалықты жауап беруге дайынбыз?
Ойыма күні кеше «ҚР Конституциясынан 7-баптың 2-тармағын алып тастау туралы» Ашық хатқа қол қойғанымыз түсті. Содан пайда бар ма өзі? Әй, қайдам...
Қазақ тілінің тағдыры әр қазақты ойландыруға, ал бар қазақ ана тілінде сөйлеуге тиіс.
Мектеп мұғалімдерін түкке керегі жоқ семинарларға көрермен ретінде қатысуға жіберіп жататыны бар (Қазір жақсы, бармаймыз). Кейбіреуінен құлазып, кейбіреуінен қанаттанып қайтасың. Қалың ойға батып, қатты ұялып қайтқан бір семинар туралы айтқым келеді...
2014 жылы күзде Астанада «Назарбаев Зияткерлік Мектебінде» «Қазақ тілін оқытудың жаңа әдістері» тақырыбында семинар болды. Шамамен жүз шақты адам қатысқан республикалық жиынға «Нұрорда» қазақ-түрік мектебінен мені жіберді. Кембридж Университетінен бір профессор келіпті, сол кісімен кездесу болды.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне салмақ салып сөйлеген сол кісінің аты-жөнін жаттап не жазып алмағаныма әлі өкінемін.
Профессор ағылшынша сөйледі. Оны «НИШ»-тің мұғалімі қолма-қол қазақшаға аударып тұрды.
– Қазақ тілі бай, көне, көркем тіл екен. Сөздік қорында бәлен мың сөз бар екен. Сіздерге сұрақ: Неге жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшынша оқытасыздар? Осы уақытқа дейін қазақ тілінде оқытылып келді емес пе? Енді өзгертудің қандай қажеттілігі бар? Ол – үлкен қате. Ертең өкінесіздер. Түсіндірейін. Тіл өмір сүру үшін қолданылатын аясы кең болу керек. Жаратылыстану бағытындағы терминдердің қазақ тілінде баламасы болса, неге оны сол қазақ тілінде оқытпасқа? Ертең қазақ тілін жойып аламыз деп қорықпайсыздар ма? Себебі, қазақ тілінің жаратылыстану бағытындағы мүмкіндіктерінен айырылайын деп тұрсыздар ғой. Ертең ол пәндер түгел ағылшынша оқытылса, болашақта ғылыми жұмыстар, магистрлік, докторлық диссертациялар түгел ағылшын тілінде қорғалады. Сөйтіп, сіздер қазақ тілінің ғылыми дәрежесін түсіріп, оны тұрмыстық тілге айналдырасыздар. Көріп тұрғанымдай, көбіңіз қырықтың үстіндегі адамсыздар, ол тілді сіздер кеткен соң жастар қолдана ма? Ғылымда қолданылмаса, тілдің аясы тарылады, яғни ол жиындарда, митингілерде, тойларда, тек ауызекі айтылатын жерлерде қолданылады. Сіздердің буын тарих сахнасынан кеткен соң, отбасында ғана қолданылады. Сөйте-сөйте жойылады. Сіздер қазақ тілі пәнінің мұғалімі ретінде бұл бастамаға қарсы шығыңыздар, өйткені ертең кеш болады. Келер ұрпақты адастырып кетпеңіздер. Тіл тағдыры – сіздердің қолдарыңызда, – деп ойын түйіндеп еді...
Кездесуден соң еш талқылау болмады, «НИШ»-тің ғимаратын аралап, басымыз салбырап, жұмысымызға қайттық...
Ақылгүл Әбдіқайымова.
Алматы.
qazaquni.kz