Мәдениетімізді сақтаймыз десек, тіл тазалығына мән беруіміз керек - Смағұл Елубай

Мәдениетімізді сақтаймыз десек, тіл тазалығына мән беруіміз керек - Смағұл Елубай

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” партиясы фракциясының мүшесі Қазыбек Иса Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Үкіметі вице-премьері Е.Тоғжановқа “Егер мәдениет пен тілді сақтай алмасақ біз не үшін отырмыз бұл жерде?”-деген депутаттық сауал жолдағаны белгілі.. Онда ұлттық идеологияны ұлтшылдық негізде қалыптастырып, шығармашылық одақтарды қаржыландыру мәселесін көтерді.

Бұл өзекті тақырыптың Парламент мінберінен көтерілуі шығармашылық пен зиялы қауым өкілдері тарапынан қолдау табуда. Белгілі жазушы, кинодраматург Смағұл Елубайдың пікірін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. 


ҚР Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған сауалында заңнамалық негізде шешілетін мәселелер көтерілген екен. Бүгінгідей шығармашылық одақтардың рөлін ит үйретушілер одағы деңгейіне құлдырату мәдени құндылықтарымызды қаншалықты бағалайтынымызды көрсетіп отыр. Бұл келеңсіздіктен құтылудың жолын депутат Қазыбек Иса өзі көрсетіпті. Яғни, шығармашылық одақтарға заңнамалық негізде мемлекетпен серіктестік статусы берілуі керек деген. Ендеше, шығармашылық ұйымдардың статусын көтеру үшін осындай заңнама қабылдануы керек деп білеміз.

Одан бөлек тіл майданына көз салсақ, мемлекеттік тілді белден басып жүре беретін болдық. Мемлекеттік органдар мемлекеттік тілді менсінбеуге келгенде алдына жан салмайтын болды. Қараңыз: Түркістан көз алдымызда түлеп, көз қуанышымызға айналды. Бірақ, мемлекеттік тілді белден басып жүре беретіндер Түркістанда табылды. Айда-жылда аттап баспайтын қайдағы ағылшындарды құрметтеп, жаңа кітапхана атын «Farabi library» деп қойыпты. Осы кітапханаға жүздеп, мыңдап күн де келіп жататын қазақтардың тілін құрметтегіміз келмепті. Бір зәулім ғимаратты да ағылшынша атапты «Yassui tower» деп. Бірақ «Яссауи мұнарасы» деп атауды қимапты қазақ тілінде. Осындай сорақылықтар, яғни, жаппай ағылшынданудан телеарналар да алдына жан салар емес. Тәтті тіме, алматы life, акимат live, astana tlmes, talim speakers тәрізді жаппай ағылшынданудан ТВ-де аяқ алып жүре алмайсыз. ТВ-де істейтін журналистерге не болған? Қазақ тілінің қорғаны солар емес пе еді? Өз тіліміздің қадірін неге өзіміз түсіре бастадық?! Ақпарат құралдарының бұлай «ағылшындана» бастауын қалай түсінуге болады?! Шетел көзімен қарағанда бұл күлкілі жағдай ғой, ағайындар! Өз тілін өзі кемсіткен халық күлкі болмағанда кім күлкі болмақ?

Сондықтан, ұлттық мүддеміздің қорғаушысы, мемлекеттік тіліміздің шынайы жанашыры ретінде Қазыбек Иса әдебиетіміз бен мәдениетімізді қорғауды оңды талап етіп отыр. Осы тұста мен жоғарыда атап өткен мәселелер халық қалаулыларының назарынан тыс қалмаса екен деймін. Себебі, мәдениетімізді сақтаудың алғышарттары – мәдени нысандар атауларының таза қазақ тілінде жазылуынан басталмақ.

Смағұл Елубай, жазушы, кинодраматург

 qazaquni.kz