КЕМЕЛ ТОҚАЕВ АТЫНДАҒЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЗАЛЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

КЕМЕЛ ТОҚАЕВ АТЫНДАҒЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЗАЛЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Бүгін Ұлттық академиялық кітапханада Ұлы Отан соғысы басталуының 80 жылдығына арналған «Лесная песня» тақырыбындағы халықаралық кітап көрмесі мен Кемел Тоқаев атындағы шығармашылық залы таныстырылды. 

«Лесная песня» атты кітап-иллюстрациялық көрмесіндегі материалдар Беларусь Республикасының Ұлттық кітапханасы мен Беларусь Ұлттық мұрағаттарының қорларынан ұсынылды. «Орман әндері» жазылған баннерлер мен Беларусь партизандарының қозғалысы және ұйымдасқан қарулы күрестің мақсаттары туралы нақты мәліметтер көпшілік қауымға таныстырылды. Сонымен қатар, қолжазба журналдары (қолмен немесе машинкада басылған ерекше құжаттар) әскери операциялардың карталары мен сызбалары, партизан мектептеріндегі балалардың қолынанан шыққан ерекше жұмыстары қойылды.  

Соғыс тақырыбындағы шығармаларға деген қызығушылық оқырмандар арасында артып келеді. Қазақстандық майдангер-жазушы, ақын, журналистердің саны 90-нан асады. Олардың қатарында: Б.Момышұлы, Д. Снегин, Д. Әбілев, Д. Саин, К. Тоқаев, Қ. Әбдіқадыров, В. Чугунов, М. Абдуллин, Қ. Аманжолов, А. Жұмағалиев, Б. Бұлқышев, Д. Молдағалиев, С. Мәуленов, М. Ғабдуллин, П. Кузнецов, И. Адамбеков, А. Исмамбетов, Х. Ерғалиев, А. Шәріпов, Қ. Қайсенов және басқалары бар. 

Соғыс бейнесін қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосқан қазақстандық авторлардың арасында Кемел Тоқаевтың шығармалары да оқырмандар арасында ерекше сұранысқа ие болып отыр. Талантты жазушы Ұлы Отан соғысының ардагері, Отан соғысының І және ІІ дәрежелі ордендерінің иегері, Сталинград, Украина, Беларусь және Польшада өткен шайқастарға қатысты. Ол көптеген әскери оқиғалардың тікелей қатысушысы ретінде кейіпкерлердің болмысын, сезімдерін дәл әрі шебер суреттейді. 

Осыған орай бүгін сондай-ақ, Ұлттық академиялық кітапханада қазақ детектив жанрының негізін қалаушы Кемел Тоқаев атындағы шығармашылық залы оқырмандарға таныстырылды.

Шығармашылық залды ашудағы мақсат – жастарды адалдыққа, ерлікке, отансүйгіштікке баулу, майдангерлерге құрмет көрсетуге, детективтік жанрдағы шығармаларды оқуға оқырмандардың қызығушылығын ояту және оның дамуына серпін беру. Өз кезінде кітаптары жүз мың данамен оқырмандарына жол тартқан қаламгердің рухани мұрасы жастар бойындағы патриоттық сезімін оятуға өз септігін тигізері сөзсіз.

Залда Кемел Тоқаевтың кітаптары, әлемдік және қазақстандық детектив жанрындағы үздік туындылар, Ұлы Отан соғысы туралы жазылған шығармалар, сол кезеңдегі жарияланған мақалалар, хаттар, мерзімді басылымдар, аудио-бейне материалдар, соғыс тақырыбындағы экспонаттар ұсынылған. Сондай-ақ, оқырмандарға электронды каталог, kazneb.kz порталы, деректер базалар және интернет қолжетімді.

Кемел Тоқаев қазақстандық детективтің негізін салып, осы жанрдың рухани көшбасшысы мен әдеби бастаушысына айналды. Оған дейін қазақ әдебиетінде чекистер мен полиция қызметкерлерінің қиын әрі қауіпті қызметі туралы баяндайтын көркем шығармалар жоқтың қасы еді. ІІМ-нің көптеген ардагерлері жазушы Кемел Тоқаевты өздерінің әріптесі деп санайды. Себебі, ол қазақстандық құқық қорғау органдары үшін үлкен істер атқарды. Жазушының кітаптарын оқып, полиция қызметкері болуды армандап оқуға түскен қаншама батыл, ержүрек жастар бұның нақ дәлелі.

Бүгінде ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы еліміздің белгілі ақын-жазушылары мен қоғам қайраткерлері атындағы оқу залдарының болуымен ерекшеленеді. Атап айтсақ, «Абай» академиялық оқу залы, «Құнды тарту» залы, жазушы Әбіш Кекілбаев оқу залы, «Мырзатай Жолдасбековтың мемориалдық кітап коллекциясы» оқу залы, Дүкенбай Досжан атындағы «Жазушы» залы, академик Кеңес Нұрпейісұлының «Ғылым» залы, жазушы-драматург «Әкім Тарази» оқу залы, Тұрсынбек Кәкішев атындағы «Ғалым» оқу залы, түрколог ғалымдар Бейсенбай Кенжебаев пен Немат Келімбетов атындағы «Түркология» оқу залы, ақын Нұрғожа Ораз және жазушы, аудармашы Марал Хасеннің жеке кітапханаларынан «Нұр-Сұлтан залы», жазушы Қажығали Мұқамбетқалиұлының оқу залы, қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанұлының жеке кітапханасынан «Рухани жаңғыру» залы, Балалар кітапханасының оқу залы. Одан басқа, Зәки Ахметов, Хамит Ерғалиев, Халифа Алтай, Хасен Оралтайдың жеке кітапханалары оқырмандардың сұранысына ие.

Кездесу ТМД елдері елшіліктерінің, мемлекеттік органдар, шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен онлайн-форматта өтті. 

Іс-шара ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының, Беларусь Республикасының Елшілігімен және Беларусь Республикасының Ұлттық кітапханасымен бірлесіп ұйымдастырылды.