Траги-фарс жанрындағы алғашқы қойылым

Траги-фарс жанрындағы алғашқы қойылым

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры көрнекті жазушы-драматург Михайл Булгаковтың 130 жылдығына орай «Өлі жандар» (Н.В.Гоголь поэмасы негізіндегі траги-фарс) қойылымның премьерасын көрермен назарына ұсынды.  

Жаңа қойылымның шы­мыл­дығын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театры­мыздың директоры Асхат Маемиров көрерменге бүгінгі театрымыздың қонақтарын таныстырып, М.Бул­гаковтың «Өлі жандары» қазақ сахнасы кеңістігінде тұң­ғыш рет қазақша сөйлегелі тұрғанын айтты.

– М.Булгаковтың «Өлі жандары» қазақ сахнасы кеңістігінде тұңғыш рет қазақша сөйлегелі тұр. Сондықтан да әлемге ортақ әйгілі әдеби драмаларды қалдырған ұлы драматургке деген біздің жастарымыздың тағзымы деп есептесек болады», – деді А.Максимұлы.

М.Булгаковтың «Өлі жaндap» пьесасы өмір сүруге деген құштарлықтарын ашатын туынды. Сонымен қатар, қоғамның өзекті мәселелерін көтеріп, оларға өзіндік шешім де айтады. Солардың бірі – сыбайлас жемқорлық. Ол өз кезегінде, мемлекетті құлдыратып, жетіс­тіктерді жоққа шығарып, адам­дардың рухани өміріне қауіп төндіретін індет. Бұл – барша адам­затқа ортақ шындық. Туындыда өзекті мәселелер ащы әзілмен, ойлы күлкімен айтылып, көрерменді шынайылық, адалдық әлемінің тереңіне бойлатады.

Премьерадан кейін театры­мыздың жанашырлары өз ойларымен бөлісіп, театр жастарының ізденімпаздығын, жаңашылдығын жоғары бағалады.

Ақиқат пен жалғандықтың ара жігін ашып көрсететін, әр көрерменнің бойына пара­сат­тылықтың негізін қалайтын, өмірді сүюге баулитын бүгінгі «Өлі жандар» премьерасы туралы және Музыкалық жас көрер­мен театрының бүгінге дейін сахналанған басқа да репертуарлары жайында Қазақстан Рес­публикасының Парламенті Мәжі­лісінің депутаты Әлия Әбсеметова:

– «Жас театрдың ұжы­мына, жастарға алғысымды айтқым келеді. Себебі, өзім Музы­калық жас көрермен театрының туындыларымен өте жақсы таныспын. Қойылымдарына, премьераларына жиі келіп тұрамын. «Шәмші» мюзиклінде өмірі қиындыққа толы болған Шәмшінің тұлғалық қасиеттерінің ашылғанын көріп әнмен тербелсек, «Дүние-Ғапыл» метафизикасында барша адам­затқа ортақ тақырыпты сөз ететін адам өмірінің қаншалықты маңыздылығын алға тартатын туынды екенін көрдік!» – деді.

Рольдерде: Чичиков ролін – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Асылхан Төлепов пен Аман Ғұмаров, Манилов – Абзал Арапов, Михаил Семенович Собакевич – Азамат Болатов, Плюшкин – Ақәділ Иманғали, Ноздрев – Қазыбек Есқара, Настасья Петровна Коробочка – Мақпал Дүйсен, Илья Ильич – Шалқар Мұралтай, Полицеймейстер – Саламат Мұқашев, Қамқоршылық кеңесінің хатшысы – Талғат Кеңес, Мавра – Альфия Хайзуллиева, Мижуев – Әлихан Әлішер, Петрушка – Еламан Иманбаев, Селифан – Аққанат Қуандық.

Әділғазы Бақытұлы

qazaquni.kz