ТЕҢІЗКЕШКЕН ТӨЛЕГЕН

ТЕҢІЗКЕШКЕН ТӨЛЕГЕН

Мамыр айы еді.  

Жәкең Текеге белгі орнатты. Мен Ақшатаудағы пантеон құрылысының жайымен жүрмін. Күзге салым ашылуын межелеп қойғанбыз. Жиынның өтпей қалу қаупі үдеп тұр. Сол баяғы, біреудің көңіліне қарайлап, жалтақ жүруге дағды алдырған жалпақшешей болмыс қой. Әйтпесе, қаржысы халықтан, шынтуайтында әкімнің еш қатысы жоқ.

Ұйымдастырушы топ ішіндегілердің кейбірінің көңілін осындай, еңбегі қатпаған баланың төбесіндей былқылдақпікірлер жайлай бастаған дүдәмал кезде «Жақайымның асы биыл өтеді, жетпейді десеңдер қосымша қаржысын табамыз, биыл өтпесе, онда мүлдем өтпейді!» деп, бұрынғының алпауыт биі мен адуын батырынша кесімді сөз айтқан ЖалғасқанҚұлекенов еді.

Отыз екі тістің арасынан сәтімен шыққан уәлі сөзден кейін алқа-қотан отырған былайғы жұрт түк болмағандай, осыған дейінгі ойларын жиыстырып қойып, межелі шараны өткізетін болып шыға келді. Сөзге сараң, сырын сақтап, ой бағып жүретін томаға тұйық жанның сонда, қалың топтың ортасында көрсеткен мына ерлігіне кәдімгідей сүйсініп, ішім жылып, әлгі қамшылаудан кейін қанатымды қомдай түстім. Өйтпегенде ше, жылға жуық түрлі шытырман шаруаның басы-қасында шырылдап жүрген жалғыз өзім, «сатып алған» бейнеттің әлегімен борбай етім борша, арқа етім арша болып.

Ақыры Жәкеңнің сыңар ауыз сөзбен түйіндегендей болды да қойды. Көп ұзамай Атырау мен Алматы арасындағы ағайынға сауын айтылып, 2012 жылы Жақайым Көгісұлына ас берілді, рухына Құран бағышталды. «Алшын» мейрамханасында өткен сол түйінді жиыннан кейін Жәкеңмен етене араласа бастадық, уақыт өте келе тіпті арамыз Алла ажыратпаса, адам айыра алмайтындай болып беки түсті.

Осындай қарбалас күндердің бірі еді. Мына жазира далаға сән беріп жататын әз бабаның төрт түлігі мейірін қандырған, аңызға толы Ақшатаудың жағасында тұрып, «Берік-ау, өткендегі мен айтқан шаруаны ұмытып кеткен жоқсың ба?» деген. Шамасы бабасына арналған ниетті шараны күзде өтетін жиынға араластырмауды ойлаған болу керек. «Неге ұмытайын, ағажан-ау» дедім. Белгіленген межелі күнде тым жақын қалыпты. Сонымен, Аралды жолығатын болып келістік. Астың абыройына жалпы ағайын ортақ екен де, белгінің қаржысын өзі көтеріпті. Ол да дұрыс шығар, көптің араласуымен біткен қай шараның да артынан айтылатын әңгімесі аз болмаушы еді ғой.

...Аралға кіреберістегі күре жолдың оң қапталында, солтүстік-батыс беттегі дөңеске орнатылған, биіктігі әжептәуір көк күмбезді белгіні қоршай бас қосып жатқанқауымның қарасы әжептуір екен, жиыны 300-дей адам бар-ау. Көптен көрмеген, алыстан ат арытып келгендер шүйіркелесіп жатыр, бәрі де Текеден тараған әулет. Тіпті, араларында бір-бірін танымайтындар да жүр. Сол жерде танысып, білісіп, үлкендер жағы«мынау түгеншенің жұрағаты ғой...» десіп жатты.

Олай болуы заңды еді. Батыр өмір сүрген ХVII–ХVIII ғасырдың қарасы ұзаңқырап кетті ғой. Оның үстіне бүгінде Текенің Айтуар, Жантуар, Наурыз есімді үш баласыкөсегесі көгерген ақар-шақар елге айналды. Солүш тармақтың бірі– Наурыздың 10 ұлының үлкені, төлбасы Сырғалыдан (кейбір деректе 10 баланың кенжесі. – Б. Ж.) тартқанда Онтан, оның көзінің ағы мен қарасындай жалғыз шырақ Балғабайдың үш ұлының бірі– Құлекеннен туған Мұстафа мен Төлегенге дейінгі аралық 7 атаға жетіп жығылып тұр. Несін айтасыз, қасқа қазақтың талайына, Кіші Орда жұртының тағдырына қилы заман тап келіпбалапан басына, тұрымтай тұсына ауды. Бір демнің арасында қоғам тұрмақ тұтас жүйе, геосаяси құрылым ауысып үлгерді. Үркіншілік пен бодандық көрген халық ақыры ата-бабасының асыл сүйегіқайда қалғанынан да хабарсыз қалды. Қайта, ізіндегі есті ұрпақтың арқасында соның біріне белгі қойыпты. Біздің қазақ асылдарының жатқан жерін нақтылай алмаған жағдайда, ұлы рухты өлтірмеу үшін бақилықтардың құрметіне осылай етіп белгі орнатады. Әрине, оны да Алласына қараған, маңдай тер, табан ақысын ел мүддесіне қия алатын адам жасайды. Үнемі бой жасырып жүруге тырысатын Жәкеңнің кісілік келбетіне мен сол жолы тағы тәнті болдым.

Біз Ақшатаудан шығып, Қазалы жағындағы айдау жолмен айналып келсек, ол бала-шағасын ертіп, Шара жеңгемізбен бірге екі күннен бері Аралда жүр екен. Аспан аясында, табиғат саясында өтіп жатқан кеңқолтық жиын барысында Теке батырқаза тапқан жері, марқұмды бауырына басқан торқалы топырақтың белгісіз екені айтылды. Есіл ер, толарсақтан саз кешіп, шыбын жаныңды шүберекке түйіп жүргенде асыл сүйегің қай жер, қай белесте қалды екен? Менің ойыма Мақсат Тәж-Мұраттыңқазақтың қақпақыл тарихын қозғаған «Әйтеке бидің мұрасы мен мирасы» деген мақаласындағымына сөзі оралды: «Ілгерідегі Аларихтың, Дарийдың, Шыңғысханның, әрірек әз-Жәнібектің, бертінгі Сырымның, Шәңгерейдің, Ғұмар Қараштың, Бернияздың мәңгі қоныс тепкен жерлері мәлімсіз. Ізім-қайым жоқ» (Кәбиса жыл: зерттеулер, эсселер, әдеби толғамдар. Астана: Хұснихат, 2009. 21-б).

Ізі бағулы ерлердің жатқан жерінің ел жадында қалмауы мүмкін емес. Осы зерттеуінде ол теке сөзінің түбірін кісі есіміне қатысты талдай келіп, тотемдік ат қоюды исламдық мәдениет тоқырауға ұшыратқанын айтып, сөзін төртқара Әйтеке, керейт Теке, кердері Теке, асан Маматеке, қаракесек Әтеке, арғын Әйтек сияқты ерен есімдерменмысалдап, жалпы бұл атаудың ислами «текие» сөзінің әртүрлі жағдайға орай өзгеріске түскен түрлемесі есебінде дәлелдепті. Одан әрі текиенің қажыға барушылар түсетін тұрақ, дәруіштер үйі болуы мүмкін екенін індеткен. «Теку дуан» сөзінің тұрақ, бекет мағынасында түркі ұлыстарының мемлекеттік басқару құрылымынан орыналды һәм осы атқарым қазіргі Орал қаласының бұрынғы атында (Теке) сақталған (Кәбиса жыл, 30-б) деуі, әрине, санаға сыйымды пайым.

Мақаңның сөзін түйіп айтар болсақ, жалпы Теке атауының «қала», «тұрақ», «дуан», «үй», «бекет» мағынасынан бөлек, кісі атына қатысы болуы әбден мүмкін екен. Олай деу себебіміз, ХVI–ХVIII ғасырларда Жайықтың бойын қалың Шекті жайлағаны белгілі. Бұрынғының қай тарихшысын сөйлетсеңіз де, бүгінгідей Арал – Қазалының тар қолтығына тығылып отырған Шектіні көрмейсіз, Кіші Орда жұрты Електі өрлеп, Қобда, Ор, Мырзабұлақ, Жарлық, Құмақты жағалап, қыста Ембі, Шалқар, Ырғыз, Қарақұмға түсетінін айтады (Вяткин В.Батыр Срым // Хозяйство казахов в ХVIII в. Алматы: Санат, 1998. С. 64). Бұл күнде біріміз олай, екіншіміз былай сілкіп, әбден борбайлатып алған «Қыз Жібек – Төлеген» ғашықтық уақиғасы да кейбір ғалымдар тым әріге сүйреп тастап жүргендей осыдан 500 жыл бұрын емес, әрі кеткенде ХVII ғасырда өткен болса да таң қалмаңыз. Мұның дәлелін кейінгі табылған деректер растай бастады.

Ж.Кеңесов Жаманқала (Орск) Сырлыбай, Бәбидің ата қонысы екенін айта келіп, «Оған Сырлыбай байдың өлгеннен кейін де сүйегінің Илецкіде қалуы, қазірге дейін сақталған моласы дәлел бола алады» (Кеңесов Ж. Сартай батыр. Монография. Алматы: Дала, 2011. 122-б) деген мәлімдеме жасады.Қазақ үшін ата-бабаның моласы шекараның сызығынанәлдеқайда қастерлі. Соль-Илецк – Жайықтан арна тартатын Елек өзенінің бойындағы қала.Міне, дәл осы ендікте біз тілге тиек етіп отырған бұрынғы Текеқала жатыр. Осыдан II-III ғасыр бұрын аталмыш өңірді Сырлыбай, Бәби билер жайлағанын ескерсек, сөз жоқ, Сырлыбайға тете Теке Қожасұлыжайлаған аймақ кейін «Теке қала» атануы бек мүмкін! Тарихи себептер салдарынан қалың Шекті Жайықты тастап, түріле көшіп Арал теңізіне келгеннен бастап, Байұлы арасында бұрынғы қоныс иелерінің есімі ұмыт бола бастауы ғажап емес. Тарихта мұндай жайттар жиі кездеседі.

* * *

Сонымен ас тарқап, алқалы жиын да күрмелуге таяды. Осы кезде қалың нөпір арасынан «Аллаға шүкір, екінші, мына жуан мойын қайнағаның баласына рақмет, атасына мың алғыс!» деп қалды бір кейуана. Шамасы, Жәкеңнің жамағайын жеңгесі, болмаса, Төкеңнің есімін атай алмайтын келін-кепшігі болса керек.

Әлгі топтың арасындақаршығадай саңқылдап сөйлеп отырған және бір қария болды. Кейін сұрастырып білсем, ол Жәкеңнің әкесі – Төлеген Құлекенұлының жақын інілерінің бірі Баймырза екен. Бәсе, әйтеуір, заманында бозжорға аттай теңселе басып дәурен өткізген асыл ағасының жауырыны жерге тимен палуандығын, теңізбен байланысты тағдырын, өмірінің ақырында перзент қасіретінен мойып, шөгіп кеткенін көбірек айтыңқырап отырды. Иә, кім болса да білгесін айтады да, білмейтін адам несін айтсын.

Қаршадайынан теңізкешкен қилы тағдыр иелері жайында бұрын да талай естіп, жадымызға түйіп жүрміз ғой. Саусақтары сүймендей, алақандары күректей, білектері бөрендей, бойлары қараша үйге тіреу боларлықтай осы апайтөстердішынымен де адамның асыл туған абзалы дерсің. Бұйырған несібесін асау айдынның түбінен терген, су бетінде таудай төңкерілген бұйражал толқындармен арпалысып, тіршілік жасаған ерлерді басқа қалай деуге болады?

Жеңгелері «жуан мойын» атандырған, ел естілерінің жадында палуандығы қалған, кейінгілер теңізші деп таныған Төлегеннің түп-тұқияннан өзіне дейінгі тарихы, өзек өртейтін өмірбаяны жайында кейін жырға бергісіз талай хикая сырға қанықтық. Қапелімде бұлыңғыр сағымға айналып, шет жағасын аңыз мұнары көмкере бастаған көне тарих беттерін парақтай бастасаңыз, бұл әулет жайында айтамын деген сыбағалы сөзіңді сарқу мүмкін емес.

Кезінде Қызылорда облысының Арал ауданына қарасты Қызылжар елді мекенінде тұрған, біраз жыл Қарақалпақстанның дәмін татып, Ұлы Отан соғысынан кейін туған топырағына оралған, ескіше оқыған шайыр, бердіңғұл Жақайымның Сырлыбай аталығынан шыққан эпик жыршы Махамбеттің Әбілдасының соңында қалған әдеби мұраның ішіндегі бағалысы, өзегін өлең өрнегімен өргеншежіре-дастанда Бердіңғұл Тоқбураұлының Қиық, Дәулей, Жаманша, Дүйсе, Келіс есімді бес баласының тарихы тармақталады. Тоқбура (кейбір деректе Шалбура. – Б. Ж.) деп отырғанымыз жобамен ХVI–ХVII ғасырларда өмір сүрген, аты аңызға айналған Жақайым Шыңғысұлының бір баласы. Ел арасында сақталған уәзипада «періні қуған», таза тұқым, текті әулет деп дәріптелетін сол Бердіңғұлдың кенжесі Келістен Саңырақ, Қожас Март есімді үш бала туыпты. Оты маздаған киелі ошақтың үш бұтындай бұл аталықтан Мәмбет, Алдамжар, Досжан, Қоспамбет, Дәрібай, Тілеулес, Оңғар, Матжан, Жарбол сияқты ахун, ишандар; Мыңбай, Байшоқы, Байсалбай секілді ділмар шешендер;Жылқайдар, Толыбай, Төремұрат, Сарыкөт, Қоңыз, Көтібардайелге тұтқа батырлар көп шыққан.

Осы жолдар авторының құрастыруымен жарық көрген «Сыр саңлақтары» жинағындағы Әбілда қарт шежіресінің дерегіне иек артсақ, Қожастың бес баласы – Бәби, Сырлыбай, Теке, Байғара, Жамансар (кейбір мәліметте Жамансары. – Б. Ж.). Өлеңмен өрілгенбұл аталық тарихы «...Үлкені Бәби Қожастың, / Адалдан болған некесі. / Жеткіншегі Сырлыбай, / Бәбиге жақын тетесі. / Мұнан кейінгі екеуі, / Байғара менен Текесі. / Кенже бала Жамансар, / Осымен бесеу, төтесі» (Алматы: Arna-b, 2010. 476-б.) деп, бес Қожастың бауырын жібіткен ардалардың есімі мен даңқын ұлықтай түседі.Осы өлең өріміндегі «...Байғараның ішінде, / Қайраты артық ер өткен. / «Байғара – Теке» атанып, / Ауызға толы ел өткен»(Сыр саңлақтары, 496-б.) деген жыр жолдарынан көзінің тірісінде Байғара мен Текенің еншілері айрылмағанын, олар опат болғаннан кейінгі дәуірде ізіндегі ұрқының да іргесі ажырамағанын көруге болады. Оның тарихи да, дүнияуи де себептері көп, ол жайында сөз ыңғайына қарай, сәл кейінірек.

Бұл пайымға ел аузындағы шежіре сөздің өзегінен еленіп шыққан ескі тәмсіл ретінде қарайтындар да бар. Қош, олай болса Ресей мұрағаттарында сақталған тасқа таңбаланған құжатты тарихты, асыл түбі соған негізделген әйгілі ғалымдардың ғылыми еңбектерін, кезінде әлгі туындылары үшін ең жоғары дәрежелі мемлекеттік сыйлық алған даңқты жазушылардың сере қарыс шығармаларын сөйлетсеңіз, тіпті таңғаласыз. Бұл не деген жанкешті әулет, шынжыр балақ, шұбартөс тұқым, бодандықтың қамытына иілмей ышқына қашып, егемендігін еншілетпеу үшін бұғауға бағынбаған бұла күш, ұлтарағы мақпалдан болған шексіз дәулет, арыстандай айға шауып мертілгенше ауыздығын шайнаумен өткенқайтпайтын өр мінез, түгі сыртына тепкен тектілік?!

Тарихы толық зерттелмей келе жатқан, қанша зерделенсе де қайшы пікірлерге толы кезең «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған дәуір. Әз Тәукенің ұрқы Болат хан билікке келгеннен кейін ішкі-сыртқы саясатәлсіреп, 1723 жылы жоңғар ханы Сыбан Раптан (Цэван Рабдан)70 мың қолмен қазақ жеріне жеті тұстан басып кіріп, қалаларын тартып алды. Ақыры үш жүздің басы қосылып, тізе біріктірген «Аңырақай шайқасында» басқыншыларға күйрете соққа беріп, Болат ханның өлімінен соң өткен үлкен кеңесте Үш Орданың ханы болып сайлану жайындағы дәмеден біржола үміті үзілген Әбілхайыр ізіндегі Кіші жүз жасақтарымен, сол жерде ат басын кері – Батысқа бұрды. Қазаққа сіңірген ересен еңбегі мен ерлігі бірде былай, бірде олай бағаланып келе жатқан, ғұмыры қайшылыққа толы хан 1731 жылы батыр, би, рубасы, сұлтандардың келісімін алмастан, ішікі-сыртқы саясатта елдің ертеңін қамтамасыз ету үшін Ресей патшасының боданы болуға қайыл екенін білдіріп хат жолдады.

Жалпы, Қазақстанды Орта Азияға шығаратын алтын қақпа ретіндетаныған, Романовтар әулетінен шыққан орыс патшасы I Петрдың тұсында жоспары жасалған геосаяси шешім мен аяқсыз қалған реформалар оның қазасынан кейін тоқтап тұр еді. Қазақ даласымен елшілікбайланыс орнату жайындағы аяқсыз қалған арманын Анна Иоанновна жалғастырып, 1731 жылы 14 наурызда Әбілхайырдың ұсынысы Министрлер кабинетінің қарауына шығарылып, патшайымның келісімі алынды. Сөйтіп, Әбілхайыр Ресей империясы заңдарына бағынуға, олардың қазақ даласы арқылы өтетін сауда керуендерін қорғауға міндеттеліп, қазақтарды патшалық Россияға адал болуға ант қабылдату үшін Анна Кіші жүзге арнайы елшілік жіберу жайында жедел шешім қабылдады.

Бұл қилы міндет «Петр патшаның ұясынан түлеп ұшқан өте талантты балапан», мұсылмандар арасынан шыққан тұңғыш генерал-майор,іскер ұйымдастырушы, тарихшы, бірнеше шет тілдерінеқоса алты түркі тілін еркін меңгерген, қазақшасы орысшасынан асып түспесе, кем тартпайтын татар мырзасы, жеті атасыныңжасаған қызметі ақпатшаға жаққан, сол кездегі мемлекеттік қызметкерлер тәрізді Алексей Иванович деген қосалқы есім-сой алған Құтлы-Мұхамед Мәмешұлы Тевкелевке тапсырылды. Ол да дала қазағына қатысты көрген-білгенін мөрін бұзбай, арнайы жорналға түсіріп отыруға міндеттелді. Бұл саяси үдерістің арнасы ұлғая келе, кейін біржола басқыншылық сипат алып, бодандыққа ұласып, бір халықтың сорына айналатынын, әрине, ол кезде ешкім білген жоқ.

Қазақ ССР Ғылым академиясының тарих, археология, этнография институты мамандарының ХVI–ХVIII ғасырларға тиесілі мұрағат материалдарын тыңғылықты зерттеу барысында арнайы қордағы «Қырғыз-қайсақтар ісі» деп аталатын құжат негізінде дайындаған, Қазақстанның Россияға қосылуына орай орын алған сол кездегі қазақ-орыс қарым-қатынасын сипаттайтын материалдардан қазақ даласындағықұқайдыңталай түрін көруге болады.

Көндей мақаламенкөлдей мәселенің пердесін түріп, арам етін сылып тастау мүмкін емес, әрине. Алайда құжатталған алғашқы деректерден-ақ Кіші Орда қазақтарыҚұтлы-Мұхамедтің төбесіне қара бұлт үйіргені байқалады. Елші бұл күндердің барысын, өтіп жатқан уақиғалар тізбегін өңін өзгертпестен күнделігіне тізіп отырыпты. Міне, 1731 жылы 9 наурызда қағазға түскен мына жазбада Әбілхайыр хан ордасына жақын орналасқан елшілікке қарсы жақтан көп адаммен келген Бәби, Жантума билер екі адамын жұмсап, інісі Байғараны атып өлтірген башқұртты беруін талап еткені айтылған. Бермесе, бәрібір оны сырттан ұстап алып, бұтарлап шауып өлтіретіні, болмаса Тевкелев батырдың құнына 100 жылқы, сауыт, құл, қаршыға, түйе беру керектігі жайында, онсыз тыным таптырмайтыны, ата дәстүрі осылай деп бұйыратыны хақында айтылған («Казахско-русские отношения в ХVI–ХVIII веках» (сборник документов и материалов). Алматы:Академия наук КазССР, 1961. С. 69).

Бұл жерде әңгіме ауаны 1731 жылы 3 қарашаның түнінде оққа ұшқан Сырлыбай, Бәбидің туған інісі Байғара жайында болып отырғаны белгілі. Асыл сүйегі қазіргі Арал ауданына қарасты Сексеуіл кентінен шығысқа қарай 16 шақырымдай жердегі Тебіренбес қыратынажерленген батыр дүние салғанда бар жоғы 25 жаста екен (жасына қатысты мәлімет Б. Ахметбектен алынды. Ә. Кекілбаевқа айтқызсаңыз, Байғара 30 жаста шахид кешкен. А. Сергеев сол жасына дейін «үйленбеген» десе, Ә. Кекілбаев екі баласының атын атайды. Шежіре мәліметі бойынша батырдың Атабай, Жангелді, Сарт есімді 3 ұлы болған. – Б. Ж.). Ел арасындағысөздің ықтиярына ерсеңіз, «інісінің кегін қуған ағасы Теке де осы жылы дүние салыпты-мыс». Бұл жайындамұрағат құжаттары міз бақпайды. Біздің пайымымыз өзгешелеу.

Кіші Орда жұртының Әбілхайыр ханның саяси ұстанымына, елші Тевкелевтің келісіне, жалпы орыс басқыншылығына деген алғашқы және одан әрі өрши түскен қарсылығынегізінен Жақайымдардың, соның ішінде бердіңғұл Қожастың бес баласының бас көтеруімен басталды. Ж. Кеңесовтың «...Бәби, Сырлыбай, Байғара, Теке, Жамансарылар Кіші жүз ханының жасаған іс-әрекетіне бірден келісе қойған жоқ, керісінше қарсы болды» (Сартай батыр,94-б) деген пікірі осы ойымызды бекітетүседі. Батыстағы Байұлы жұртына қарағанда Ресейден біршама шалғайда жатқан, оның үстіне жат қолына егемендігін олжалата қоймаған Кіші Орда қазақтары алғашқы уақытта орысқа мұрын шүйіріп, онша менсіне қоймағаны белгілі.

Алғаш рет 1832 жылы Петербургте жарық көрген көрнекті ғалым А. И. Левшинның «Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей» аты еңбегінің «О главнейших путях, проходящих через степи киргиз-казачьи» деп аталатын бөлімін шолып отырып,Ресейдің Орта Азияға бағытталған жоспарлы сауда жолдарын қамтамасыз еткен Сарайшық, Орынбор, Ор, Тройцкі, Петропавл, Жетіарал, Ямышевск, Бұқтырмадан шығып Бұқара, Хиуа, Ташкенге қатынайтын үш тармақ көне Ноғай жолының күретамырын күзетіп отырғанКіші Орда қазақтары қолындағы саяси тізгін қаншалықты мықты болғанын бағамдай аламыз (Алматы: Санат, 1996. С. 97–105). Әрине, осыдан кейін олардың орысқа танау шүйіруін түсінуге болады.

Байғараға айттырылған Шолпан қыздың кесіріненНұралы сұлтанмен екеуара туындаған кикілжіңніңақыры батырдың қазасымен күрмеліп, оныңақыры мемлекеттік мәселеге ұласып кетеді. Керісінше, қазақ даласында өткізген үш жарым жыл қызметінен кейін Тевкелев ноғай Кильмяк Нұрышев көтерілісін қанға бөктіріп, Балықшы болысы Сеянтус ауылының әйел, баласы аралас 1000 тұрғынын қырып салады. Соның ішінде 105 адамды тірілей өртеп жіберуін қандай қисынға сыйғызуға болады? Бұл жан түршігерлік уақиға жайында И. В. Ерофееваның «Служебные и исследовательские материалы российского дипломата А. И. Тевкелева по истории и этнографии Казахской степи (1731–1758 гг)» деген мақаласында айтылады (История Казахстана в русских источниках ХVI–ХХ веков. Т. III. Журналы и служебные записки дипломата А. И. Тевкелева по истории и этнографии Казахстана (1731–1759 гг.). Алматы: «Дайк-Пресс», 2005. С. 25).

Қанды оқиғаны музыка тілінде баяндайтын, кезінде этнограф С. Г. Рыбаков жазып алып, «Мызыка и песни уральских мусульман с очерком их быта» деген жинақта жариялаған башқұрттың «Тәфтиләу» («Тевкелев») деген халық әні бар. Қурайшы Роберт Юлдашев, Расул Қарабулатовтар орындайтын осы аттас халық әуені де аталмыш жайтқа арналған. Төбе құйқаңды шымырлататынбұл азалы әуенді бей-жай отырып тыңдау мүмкін емес.

Міне, осындай қандықол қасапшыны қазақ жерінде жүргенде зар жылатып, қыспаққа алған кілең атан жілік Қожас ұрпағының мықтылығы ма, әлдеоған басқа да саяси себептер болды ма? Әрине, Қазақстанның геосаяси маңызы һәм өзіндік ішкі есептері болғандықтан, орыстар Кіші Орда қазағымен, Тевкелев «злодей» атандырған Сырлыбай сияқты азулы билермен санасуға мүдделі еді. Ал мәймөңкелесіп жатудыонша қажет деп таппаған башқұрттарды бас көтергені үшін мыңдап бауыздай салды. Міне, патшалық Ресейдіңұстанған басты саясаты!

Осы кезеңнің қаны сорғалаған шындығын Қазақстанның Россияға қосылуының 250 жылдығына орай жазылған Ә. Кекілбаевтың «Үркер» тарихи романындағы оқиғалардан көруге болады. Шығарманың негізгі кейіпкерлері тағы да сол, Кіші Орданың азуы алты қарыс би, батырлары – Сырлыбай, Бәби, Байғара. Романда Сырлыбай тұтқынында жатқан Таймас Шайымовтың көрген күнін «Сырлыбай – Тевкелев» арасында жүргенжансыз Нияздың аузымен суреттейтін эпизодтан көркем шығарма болса да діні қатал бидің болмысытепсініп тұрады: «...Бейшара Таймастың кеудесінде жаны бар демесең, әйтеуір, енді санатқа қосыла қоймас... Күніне бес-алты рет барып бақыртып сабайды... Итаяққа құйып ас апарады... «Бұл да дінін сатқан арсыз. Көзі көк, шашы жирен, көрмейсіңдер ме? Жирен кісінің қылшығы тіл-көзден бірден-бір ем. Мынаның тұла бойынан түк қоймай бәрін жұлып алыңдар!» деп уыстап шашын жұлады... «Бұл итің сүндеттелді дейсің бе? Сүндеттелмесе, бұның сіңірін затың ұрланғанда отқа тастасаң, ұрлықшының сол бойда бар сіңірі тартылып, тобан аяқ болып қалады» деп киімін шешіп көрсе, пақыр молданың алдын көрген екен. Жаны бір жолға қалыпты» (Алматы: Жазушы, 1981. 373-б.).

Оқып отырып, Сырекеңнің қас дұшпанын қорлау тәсілінен денең түршігеді. Жазушының шеберлігі ғой, бір жағынан арсыз күлкі қысады. Әбіштей суреткерге зор бедел алып берген аталмыш туындының жалғасы – екінші кітабы «Елең-алаңда» (Алматы: Жазушы, 1984) да осы тақырыпты үңгіп, Кіші Орда тарихын әбден індете түседі. Мұның да орталық кейіпкері солар, «сараң сөйлеп, сұйық күліп» отырып талтүсте Батыстағы аюға қарсы шапқан Қожастың бес бөрісі.

Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасына арналған шығарманың және бірі – орыс жазушысы Александр Сергеевтің «Петербургский посол» тарихи романы елші Тевкелевтің қазақ даласында өткізген күндерін, Кіші Орда жұртының саяси ахуалын көркем бейнеге айналдырған. Мұнда да Байғара (романда Байқор. – Б. Ж.) батыр мен Нұралы сұлтан қыз-бозбала жиынында қолдарына домбыра алып айтысып отырып, сөз қақтығысының ақыры шатаққа, ол күреске ұласқанда,«Байкор был вдвое, а может быть, и втрое сильнее ханского сына... перебросил его через себя, как пишинку» (Алматы: Санат, 1998. С. 134) дейтін эпизод бар. А. Сергеевбатырды «бүкір Байғара» деп кемсіте суреттей отырып, өз ұртының билігіндегі сөзін қайта жөндейді: «Вообще то Байкор горбатым вовсе не был, просто так его прозвали, потому что ходил он, сбычив толстую, как у волка, шею и горбился. При невероятной своей силе Байкор отличался звериной ловкостью характера» (Петербургский посол. С. 131).

Байғара батырды қанша жерден жағымсыз бейне ретінде көрсеткісі келсе де, қаламгер оның палуандығын амалсыз мойындайды. Романдағы осы эпизод жеңгелері мен келіндері тарапынан Төлеген қарияға қаратып айтылған «жуан мойын» теңеуінің шығу тегін түсінуге мүмкіндік жасайды. «Халық айтса қалып айтпайды» деген сөздің дәлелі осындай-ақ болар. Жоқтың түбі жоқ, бар нәрсе ешқашан жоғалып кетпейді екен ғой.Міне, Қожас балаларының орыс жылнамаларындағы бедері мен көркем әдебиеттегі болмыс-бейнесі осындай.

* * *

Теңізкешкен Төлеген әулетінің қилы тағдыры жайындағы толғау күрмеу тұсына келгенде қаламгер Қази Соңғыбайұлының «Асыл тек» деген деректі кітабын парақтадым. Шығарма аңдатпасында «Таяу жылдары ғана дүниеден көшкен Төлеген Құлекенов ақылы, адамгершілік қасиеті, адалдығының арқасында елге сыйлы болған жан еді. Кешегі от-жалынға оранған зар заманда да осындай ізгіліктерімен ел есінде қалды, кейінгі ұрпаққа өнеге боларлықтай із қалдырды» деп, «Туған жердің түтіні» бөлімінде оның әкесі Құлекеннің жалынды жастық шағына тап келген оқиғаны баяндапты: «Құлекен ат жалын тартып мінген заманда бір жағынан Хиуа мен Қоқан хандығына алаңдап, екінші жағынан орыс патшалығының қыспағына түсіп, қияметтің қыл көпірін басып жүрген еді. Алғашында Арқа, соңынан Алатау баурайында Кенесары қолы көтерілді. Сырда Жанқожа төтенше келген дұшпанға найза сілтеп қарсы шықты. Байғара – Теке руының бас көтерер азаматтары қолдарына көк найза ұстап, Жанқожаның жасағына барып қосылды. Ел ішінде үркіншілік бар еді, ілгері-кейінді көшкіншілік көбейді...» (Соңғыбайұлы Қ. Асыл тек. Алматы, 2007. 38–39-бб.).

О, жазған, байырғы бабалары көрген құқай аз болғандай, енді Текенің алтыншы буыны – Құлекеннің де бейнетжазылған тағдырына азаттықтықтың ақ туын көтерген қаһарман Жанқожаның қосын жегу бұйырған екен-ау.Елдің есте сақтағандарына айтқызсаңыз,бұл да жалғыз жүретін барымташы, мінезі шытыр, бүгін ашуланып қиратып тастаған мүлкін ертең өзі көктеп отыратын адам екен. Кейін әлгі әдетін қойып, Қарақақалпақстанға тұз апарып сатуды кәсіп етіпті. Осылайша әрекет қылып, тапқан-таянғанын бала-шағасына берекет қылып жүргенде бақастары дарияның жағасында, Қазалының Иланды деген жерінде улап өлтіріпті. Кемпірі Байжан аталығынан шыққан көзі қарақты Ақша Құрманиязқызы жасы 100-ге таяп, қашан ажалы жетіп өлгенше, «Төлеген жас болып әкесінің кегін ала алмады...» деп азарланумен кетіпті, жарықтық. Құлекеннің сүйегі баби Тілеулес ишан мешітінің жанына жерленіпті. Кейін дария суының тасқыны бейітті құлатып кетіпті. Әкесінің мазары жоқ болса да,Төкең мешіттің жанынан Құран оқып, «Әуелде асыл сүйегі қойылған жер еді ғой» деп бетін сипап өтеді екен.

Иә, Төкең өмір сүрген кезең ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен кек қайтарып, қан орнына шеңгелдеп қан ұрттайтын заман емес еді. Кеңес өкіметі орнап, арғашабатын қайқы қылыш керегенің басына біржола ілінген, заңға иілген кез болатын. Десе де, кісі қолынан мерт болған ақкөйлек жары ойына түскенде «түгелдей бір елді аузына қаратқан, адуын да, қайратты» (Асыл тек, 72-б.)Ақша кемпірдің қиялын тап сол кезде қандай кек кеміріп, не түртіп тұратынын кім білсін? Енді оны сіз де, біз де,ешкім ешқашан да біле алмайды.

Міне, қарап отырсаңыз екі ғасыр бойы кермесінен жарау ат кетпеген, бел шешіп, арқайым отырып, терлік кептіріп көрмеген бір әулеттің бірегейлерінің тарихы Төлеген қарияға тірелгенде ғана атыс-шабыстан сәл де болса тізгін тартыпты, әйтеуір.

Романовтардың ақтығы I Петр патшаның әуелде Арал теңізі, Әмудария арқылы Хиуа мен Бұқараға, одан әрі Индияға кеме жүргізуді көздеген геосаяси мақсаты ақыры іске асып, Арал жағалауға жақын тұрған қала ретінде таңдалып, кемелер ұзақ аялдап, зат тиеу мен түсіруге, жүк тасымалына ыңғайлы жерлерден порт салына бастайды. Төлеген қария әуелгі жылдары портта қайықшы, от жағушы, моряк, «Шмит»кемесінде капитан Нестеренкоға көмекші, кейін осы кемеге, зейнетке шығар алдында черпалкада, «РВТ»-да капитан болыпты. Қаламгер Қазекеңнің сөзімен айтқанда «...Төлегенге керегі енді тарих емес, жұмыс керек... дүниеге келетін балаларын қалай асыраудың жайы» (Асыл тек, 54-б.).Ол кезде берекенің бәрі балықта еді, «...тіпті, трест жұмысшыларына қажет деген нан мен сүт, киім, байпақ, қолғап, сырмақ, шалбарға дейін Мәскеуден тізіммен келіп тұрады» (Асыл тек, 55-б.).Содан соң ол да орыстарға қосылып, Ақшатаудан балық аулауға кіріскен. Өйтпегенде ше, өкімет дайын асқа тік қасық қоғам мүшелерін өсіріп жатса.

Рас-ау, кезінде аттың белі, атанның қомында жүргенде орыстан ақырып теңдік сұраған бұл әулеттің міндеті елі-жұртын басқару еді, ал заман өзгергеннен кейін Төкеңдерге қалған шаруаның үлкені орыстың ығында жүріп бас бағу болып қалды. Қария мұның бәрін жан-ділімен сезінетін, бірақ амалы қанша? Содан соң Байғара мен Текенің әкелері Қожастан «Ұрлығың мен торлығың үстем болсын!» деп бата сұрайтын уақиғасы есіне түсетін. Сонда Қожас бабасының «Ойпырмай, олай деп айтуға ернім жуысар емес, одан да «Кісінің кеткені қолыңа түссе қайтып шықпасын!» деп бергенуәлі батасы ойына оралғанда, оңашада өзінен-өзі күбірлеп, «Әумин!» дей береді екен. Расында да, кісінің кеткені қолыңа түсіп, қайтып шықпаса, одан артық не керек? Ол да Алланың бергені!

Батырлық рух еш уақытта жойылып кетпейді, бірақ ақырындап шөжіп, құбылып, кейін трансформацияға қайта түсуі мүмкін. Балтық теңізінің Данияға қарайтын оңтүстік-батыс бөлігіндегі байырғы герман тайпалары – бургундар тұратын, ерте ортағасырда викингтер мекендеген «Борнхольм» деген арал, осы аттас шығарма бар. Сол туындыдағы теңізкешкендер тағдырына қатысты «Адам жанының бар өжеттігін сезінгің келсе рақат өлімнен сені жұқа тақтай ғана бөліп тұратын ашық теңізде болып көр» деген ғажап сөзді менің Әбдіжәміл нағашым ашық айдын бетіндегі бейбіт күннің батырлары – Арал балықшылары өмірінің кісі төзгісіз тауқыметін суреттейтін «Сең» романының рухын айқындау үшін эпиграф етіп алып еді. Сол асыл рухтың иесі, менің кейіпкерім Төлеген қарияның желең кезінде басынан өткен мына бір уақиға тіл ұшына орала берді.

Заманыкөтермесе де, Төкең байырғы бабалары сияқты көкпар тартып, палуанға тұру әдетін көпке дейін қоя алмапты. Сыртқа тепсініп тұратын осы бұла күш шығар, әйтпесе қанша жерден техниканың оқуын түгесіп келсе де, кемеде жұмыс жасайтын орыстар баржның үзілген тросының өзегі болаттан болса да жымын білдірмей, қыл арқан ескендей шиырып, күрмеуін келтіріп,бір-біріне кіріктіріп жіберетін Төлегеннің қол қаруына тамсанып, риза болып тұрады екен. Палуанның күректей қолы бір тигеннен кейін енді ол сым арқанда үзік болмайды деседі.

Атақ, даңқы сонау Үргенішке дейі кеткен аманөткелдіктатыран Тәжі палуан жайында, «аруағы басым» деп көп адам онымен белдесуге дәті бармайды дегенді көп еститін. Сол аты аңызға айналған ересен күш иесін Төкең жігіт шағында көріпті. Көргені сол, бір жиында шижүгіртпе сөзге еріп, албырттықпен «Ұлы дүбірдің арасынан шешініп шыға келген жігітке бурыл шашты кісінің айтқан жалғыз ауыз сөзі «Бала, сен мені танисың ба?» болыпты.

– Білмеуші едім.

– Мен Тәжі палуанмын ғой.

– Ойбай, аға, мың мәрте тағзым – деп, ағасының қолын алған екен. Тәжі баласындай болып, іші-бауырына кірген жігітке батасын беріпті». Өмірдің ащысы мен тұщысын қатар татқан, заманы өтіп бара жатқан қарт палуанның сондағы айтқаны «Ақымақ күшті ақылды бала бұйдасына ұстап жетектейді» (Асыл тек, 28-б.) деген сыңар ауыз сөз болса керек.

Иә, Қази Данабаевтың ел арасынан естіген уәзипаларды елеп, екшеп, біздің заманауи оқырманға жеткізуі осылай. Кім білген, мүмкін дәл солай болған шығар? Болмаса, біздің халық «Жел тұрмаса, қамыс басы қимылдамайды...» дегенді айтпаған болар еді ғой. Міне, ата көріп, оқ жонған адамның тәрбиесі осы. Тұтқасы болып, қара жерді бір айналдырып, қайтадан орнына қоя алатын күшін сезінсе де ізет пен құрметке толы ерекше қазақы ілтипаттан аттап өте алмайды. Балықшылықты кәсіп етіп жүрген бала Төлегеннің атағы даңды Тәжі палуанды өмірінде алғаш һәм соңғы мәрте көруі осы екен, кейін қанша іздегенмен таба алмапты, көз жазып қалыпты.

Төлеген қария Кеңес одағықамшы иіріп тұрған кезде қос әйел алған және екеуін де тең ұстаған. Алғашқы алғаны Әлима Жарболқызының арғы аталары Бәбиден тарайтын шынжыр балақ, шұбартөстер. Ол жайында Қ. Данабаевты сөйлетсеңіз «...білетіндердің айтуына қарағанда, Жарбол деген әулие кісінің қызы екен, Кеңес өкіметі кезінде қудалау көріп, төркінінен жұрдай болыпты» дейді. Рас сөз, қызыл өкімет билік құрған тұста дін иелері, ескіше оқығандар жұрағатының қудаланбағаны жоқ. Әлима шешей де тағдырмойын бұрып, тас емшегі бір иімей қойған сондай мұңлық екен.Кейінгі алған аққолтығы Құндызхан Қабылбекқызы – қолынан іс келетін, айналасына сөзі жүретін жан болыпты. Сөйтіп, біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей,Төлеген мен Құндызхан ел қатарлы тіршілігін күйттеп, Алладан рақат көрсетуін тілеп отырғанда, дүние бір-ақ күнде шыр айналыпты. Ақынның тілімен айтқанда «Ай, күнім қайда?» деме аспаныңда, / «Байлығым қайда?» деме бас жағыңда, / «Қайғы, мұң қайда?» деме қас қағымда» деген сол екен.

«Сексеннің сеңгіріне іліктім бе, жоқ па?» деп иллалап отырғанда мұндай болады деп кім ойлаған? Адам баласы жеткізе алмайтын қасіреті қалың, жаны жаралы, басы қаралы күндердің уақиғасын тағы да сол Қази ағамызға айтқызайық: «...Өмірдің талай қыспағынан өткен Төкең қажырлы-ақ жан еді, бірақ сол жолы мұқады... Балапаны құзға құлаған кәрі бүркіт секілді былқ-сылқ еткен ұлын бауырына басып жылайды... Сөйтіп, өмірден Жеткерген өтті. Жарық дүниеге келген баладан асқан тәтті не бар дейсің, Төлеген қария әрқайсысын Құдайдан сұрап алғандай болып еді. Еңсесін жазып үлгерместен Өтепәлі кеткен о дүниелік болып...» (Асыл тек, 147-б.).

Қайғы-қасіреттің кермегін жұта-жұта, іштей егіліп, қабырғасы сөгіліп 1981 жылы 4 маусымда 81-ге қарағанда Төкең де өтті жарық жалғанның жүзінен. Сол жылы желтоқсанда, 59 жасында Құндызхан шешейдің де беті жабылды. Көп ұзамай қайран қарашаңырақтың есігіне қасқайып қара құлып ілінді.Ізіне кішкентайАқмарқасын ертіп алып,Жәкең артына қарапбір терең күрсінді де, Арал перронынан пойызға мініп, Қызылордаға келді.

«Сауап үшін!»депбәкісін қайысқа жанып жіберіп, үлкен-кішінің шашын алып беретін, «Біреудің шырпысын алушы болмаңдар!» деп шырылдайтын кешегі өткен қасқа мен жайсаңның жұрағатының да мәңгілікке бет түзегеніне биыл 40 жыл болыпты. Алла алдынан жарылқағай!

Иә, ет пен сүйектен жаралған пенде болған соң жер бетінде армансыз ешкім жоқ. Сен де арманда, мен де арманда, олардың да арманы көп. Бірақ мына тынымсыз өмір өз арнасына түсіп алып, бұйығыырғақпен жалғасып келе жатыр. Табаныңның астындағымына жұдырықтай жұмыр жер жылыстап кетпейінше,осылай,өмір мәңгі жалғаса береді. Тіршіліктің жазылмаған, адам баласының танып, түстеуіне арналмаған тылсымның бірі осы. Теңізкешкен Төлеген әуелде ырым етіп, тізгінұстар ұлдың есімін Жалғасқан қойғаны да сол.

Берік ЖҮСІПОВ, фольклортанушы

 qazaquni.kz