«АЛПЫСЫМДА АҚЫЛ КІРМЕЙ...»
2021 ж. 08 маусым
4928
0
Мырзекеңмен (Мырзагелді Кемал) ФБ арқылы танысып едім. Осында отырғандардан бөлекше көрініп, кемел интеллектісімен өзіне жалт қаратып еді мені. Сөйтсем, бұ кісі аңқылдаған ақынжанды адам екен, – ұлттық һәм дүниежүзілік поэзияның алтынға апталған інжу-маржанын жандүниесіне сіңіріп алған! Пендеден – Азаматқа айналған адамдардың бәрі де ақынжанды болып келеді, өмірден бір түйгенім – осы.
«Ақыл қалтасын» оқығаннан кейін менің алдымда оның еңсесі одан сайын биіктеп кетті, адамзаттық ақыл-ойдың айдынында балықтай жүзіп жүрген азаматты көрдім, көрдім де әбден тәнті болдым! Осыдан он шақты жыл бұрын – Астанадағы Л.Н.Гумилев универститетінде менің жыр кешім өткен. Сонда Мырзекеңнің дидарын алғаш рет көрдім, ақылына көркі жарасқан жампоз екен, содан кейін көре алмай қалам деп ойлаппын ба? Сол жолы менің жырыма тәнті болып, «Көкейімде Күлтегіннің Жазуының» алғашқы тарауларын шығарып беріп еді. 100 данаман, – өз қаржысына! Олигарх емес, бар жоғы интеллигент адам ғой? Бар болса барлық жазған-сызғанымды жарыққа шығарып берейін деп тұр!
Мына індет жағадан алып, басқа өрлеп барады ғой?! Алаштың аяулысы Мырзагелді Кемел досым кетіп еді...Қазақ тележурналистикасының айтулы тұлғасы Нұртілеу Иманғали...Шота аға... Енді, міне, ұлттық поэзиямыздың ұлы классигі Есенғали да солардың соңынан кетіп барады...
О, Тәңірі, кешір бізді,
Жыйғызсаңшы есімізді?
Бір төбеге келіп тоқтап,
Неге иірдің көшімізді?!
Кімді саған серік қылдым?!
Неге осынша желіктірдің?
Жүрек – Қазақ.
Басым – басқа,
– Қай кезеңге келіп тұрмын?!.
Қажыдым... Атамзаманғы Абайдың зары әлі – басымызда! Не болып кетті бұ дүние?! О, қатарынан озып туған оғландарым-ай! Қайда жөнеп барасыңдар, – бізді көшкен жұртыңа қалдырып?! Аңырап қалдық қой?!. Аруақтарың жар болсын Алашыңа! Топырақтарың өздеріңе торқа болғай! Әрқайсысың бір ұлтқа тіреу болардай арыс едіңдер! Бізде қатарынан асып туған ер, озып туған тұлпар, шарықтап ұшқан сұңқар көп қой, содан ба, мына ел-жұрт сендерге көзі тоқтап қарап, көңілін көншіте алмай жатқан шығар? Дегенмен... Жаз өтіп, – күз де келер, қар еріп, – көктем де шығар; сол кезде ел де есін жиып, сендерге қайта қарайлап, қарайды әлі? Кедейді бай қыла алмай жатқан жоқпыз ғой? Арамнан байыған бай-бағланды тойдыра алмай жатырмыз ғой әлі?! Кеше гөр, қапталдас, қанаттас замандастарым-ай! Кешіріңдер? Бізді...
Хош!
Мынау көзі тірісінде Мырзакеңе арнаған өлеңім еді:
Алты жаста атқа мініп,
(Ой да – алаң),
Қиялыммен қияныңа бойлағам:
Көз жетпейтін көкжиекті көргенде,
Соған сіңіп кетемін деп ойлағам...
Үлгермегем кезіп дүние базарын,
Анашымның ақ сүтіндей тазамын! ...
Он үшімде тәнті болып бір қызға,
Әйел заттың сонда-ақ сезгем ғажабын.
«Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті» –
Басымда.
Он үшімде жүзімді сап Қасымға;
Жым-жырт жатқан дүниені сілкінтіп,
«Айналып-ақ кетем- дегем – жасынға?!».
Тыныш жүрмей?! Несіне осы аһ ұрдым,
Ақтамберлідей – Арқама аруақ шақырдым?!
Керегі жоқ мынау елге ақынның,
Керегі жоқ, ақын түгіл, батырдың!
Алпысымда ақыл кірмей мен осы,
Нені жазып, нені шатып жатырмын?
Мендей жанға шері де көп, кеселі,
Дүниенің бөлек екен есебі...
Менен кейін тумайды ақын!
Туса егер –
Маңдайдағы соры оның да бес елі...
Серік АҚСҰҢҚАР, ақын, ҚР Мемлекетік сыйлығының лауреаты
qazaquni.kz