Ұлт болмысындағы ұйымдардың рөлі - Мақпал Тәжмағамбетова
2021 ж. 07 маусым
3005
1

Жаңа заманда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру» тұжырымдамасы ұлттық құндылықтарымыздың ұлықталып, нағыз қазақы қалып, қазақы мінездің қайта жаңғыруын мақсат тұтады. Мәдениеттің басты күретамыры - адамдардың дүниетанымы, саналық өзгерісі.
Мәжілістің әлеуметтік-мәдени комитеті 3 маусымда Парламент тарихында болмаған «Ұлттың жаңа бейнесін қалыптастырудағы шығармашылық одақтар мен қоғамдық ұйымдардың рөлі» атты алқалы басқосу өткізді. Мәдениет, Білім және Ақпарат министрлігі өкілдері, шығармашылық одақтар мен қоғамдық ұйымдар жетекшілерінің баяндамаларын тыңдадық.
Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ҚР Суретшілер Одағы төрағасы Өмірбек Жұбаниязов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Асқар Наймантаев ағаларымыз руханият пен әдебиеттің дұрыс насихатталмай жатқанын, бейнелеу өнерінің тасада қалғанын, ауыл мәдениетін дамыту, халықтық театрларды жандандыру мәселелерін көтерді. Абай қорының директоры Аслан Ғафуров қоғамдық қорлардың бірігіп бірізгіленуі керек екенін айтты.
Жалынды жастарымыз сең қозғауға күш салып жатыр. Жас буыннан Елдос Тоқтарбай жетекшілік ететін «Qyr balasy» қоғамдық қоры бүтіндей институттар жасамаған шаруаның көбесін сөгіп үлгеріпті.
Сол сияқты, «OzgeEріс» өнер кеңістігі театр, әдебиет, кино, бейнелеу өнері, музыка, би жанрларын қамтитын жобалармен жұмыс атқаруда. Мұны еліміздегі барлық шығармашылық одақтардың міндетін арқалау деп түсінуге болады.
Ұланғайыр даласындай дархан көңілімен, жерінің әр тасын сөйлеткен сұңғылалығымен хан ордасынан қараша шаңыраққа дейін ой еркіндігін ту еткен елдің болмысына шерлі тарихымыздың түрлі кезеңдерінде небір қастандықтар жасалды. Соның салдарынан қазақ бұрынғы мәрт мінезінен, бірегей болмысынан айырыла жаздады. Ал Тәуелсіздік дәуірінде біз осы болмысымызды қайта іздей бастадық. Сол ізденістің бір жемісі деп “Болмыс” атты шағын роликті көрсеттік.
Дәстүр мен жаңа заманның келбетін бір арнаға тоғыстырған алаң «jeVis»-ң бұл туындысы арғымақ атқа қондырғандай, рухымызды сілкіп-сілкіп жіберді.
Диалог – қоғамдық құндылық.
Кез-келген ізгі бастама жалпы қоғамнан қолдау тапқанда ғана нәтиже бермек. Үкімет тарапынан небір жақсы жобалар жасалынып ұсынылғанымен, халықтың араласуынсыз жәй ғана сөз болып қала беретіні де ақиқат. Халық пен Үкімет арасында жанды диалог, ортақ мақсат жолындағы түсінстік керек. Бұл жерде де жоғарыда айтылған шығармашылық одақтар мен қоғамдық ұйымдардың жұмысы маңызды. Аталған ұйымдардың еліміздің рухани өміріне, мәдени дамуына қосып отырған үлесі қомақты.
Келелі кеңестің қорытынды баяндамасын ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, ақын Қазыбек Иса “Ұлттың жаңа болмысы ұлтшылдық негізде қалыптасуы тиіс” атты тақырыпта жасады.
Болашақта қазақстандық қоғамда абырой-беделі артық, халықты ортақ мақсатқа жұмылдыруда үлкен мүмкіншілігі бар шығармашылық одақтар мен қоғамдық ұйымдардың жұмысын жолға қойып, қолдау көрсетудің мемлекеттік бағдарламасын жасау мәселесі туындап отыр. Бұл алдағы жұмысымыздың басым бағыттарының біріне айналады!
Мақпал Тәжмағамбетова,
Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты