Яссауиді түркі жұрты түгел оқыса дейміз - Исмаил Гүрлек
2021 ж. 04 маусым
2814
0
"Әзірет Сұлтан" қорық-музейі мен Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі арасында меморандум жасалды, деп хабарлайды "Қазақ үні".
Елордада "Ясауи ізімен" ғылыми-танымдық жобасын кең ауқымда жүзеге асырып, түркі әлеміне кеңінен насихаттау мақсатында меморандумға қол қойылды.
"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі жанындағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі бірлесе отырып алдағы уақытқа көптеген маңызды мәселелерді алға қойып отыр.
-"Ясауи ізімен" ғылыми-танымдық жобасының алға қойған мақсаты үлкен. Түркі әлемі қадір тұтқан Қожа Ахмет Ясауи жайлы деректер әлі де толық ашылған жоқ. Құнды деректер, кітаптар мен шежірелер дінге қарсы саясат орнаған кезеңдерде жойылып, кейбірі түрлі қиындықтармен сақталып келді. Ғылыми-танымдық жоба аясында Өзбекстан Республикасының Наманган қаласынан табылған Ясауиге қатысты қолжазбаның Түркістан қаласынан табылған Ясауи мен оның туыстарына қатысты қолжазбалардың сақталу тағдыры ұқсас. Діни көзқарасы үшін қудаланып, қорлық көрген, абақтыға қамалып, отбасы түрлі тауқыметті бастан кешірген жанкешті тұлғалардың еңбегі мен аманаты бүгінгі күнге жетіп отыр. Бүгінгі жасалып отырған меморандум барысында Түркия Республикасындағы Қожа Ахмет Ясауидің шәкірттері жөнінде зерттеу жүргізуге уағдаластық. Ясауидің шәкірттері 100-ден аса елге таралған",-деді "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.
-"Қожа Ахмет Ясауи - өзінен кейінгі артынан ерген ұрпақтары, шәкірттері арқылы түркі әлеміне ғана емес, жалпы әлемге бағыт-бағдар беруші тұлға. "Әзірет Сұлтан" қорық-музейі қолға алған "Ясауи ізімен" ғылыми-танымдық жобасының бағыты бізді қуантты. Осы мақсатта біз Түркістан қаласына арнайы іссапармен барып, қорық-музей басшысымен жолығып, атқарып жатқан жұмыстарымен таныстық. Екіжақты келісімге сәйкес XIII ғасырға тиесілі қолжазбаны түрік тіліне аударуға, электронды кітап етіп шығаруға тиісті жұмыстар жүргіземіз. Ясауиге қатысты тың деректерді жалпы Түркі жұрты түгел оқып, таныса алатындай мүмкіндік жасасақ деген ниеттеміз. Осы мақсатта бүгін Түркия Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі және ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қарамағындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі арасында жасалатын меморандум жасалған істердің, кездесулердің нәтижесі болады деп сенеміз",- деді Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TIKA) Қазақстандағы өкілі Исмаил Гүрлек.
Екіжақты келісімдер барысында тарихи-мәдени мұра құндылықтарын сақтау, "Ясауи ізімен" ғылыми жобасы аясында анықталған, табылған тарихи құнды материалдарды насихаттау, қажет жағдайда реставрациялауға ұсыну, түркі дүниесіне кеңінен тарату секілді жұмыстарды атқаруға, Ясауи есімімен байланысты діни және тарихи-ескерткіштерді насихаттау мақсатында бірлескен ғылыми және мәдени экскурсиялық бағдарламалар іске асыруға, туристік имиджді қалыптастыруға, мәдениет саласы мамандарының тәжірибе алмасу және кәсіби біліктілігін арттырумен қатар, осыған байланысты салаларда үйлестіру іс-шараларын жасау келісілді.