«БАЛА TIME» КІТАП ФЕСТИВАЛІ

«БАЛА TIME» КІТАП ФЕСТИВАЛІ

Бүгін Халықаралық балаларды қорғау күніне және «2021-Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылына» орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «БалаTIME» кітап фестивалі болып өтті. 

Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты 92 кітапханада 160-тан аса іс шара ұйымдастырылды. 

Фестиваль аясында күні бойы Фейсбук, Инстаграм парақшаларында «КІТАП ОҚЫП, РУХАНИ БАЙ БОЛ!» республикалық онлайн-челленджі белгілі қоғам қайраткерлері, әртістер, оқырмандардың қатысуымен өткізілді. 

Балалар әдебиетінің кітаптар көрме-жәрмеңкесі, «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі этнодизайнер Ырза Тұрсынзаданың тәлімгерлерінің қатысуымен «Көрпе fest - 2021» аясында «Ата кәсібі-бала нәсібі» мега көрме-жәрмеңкесі де келушілер назарына ұсынылды. 

«Бүгінгі бала – ертеңгі көшбасшы» атты балалардың өзін-өзі басқару күні де жоспарға ілінді. Бұл тәрбиелік мәні зор іс-шара аясында басшылық, ұйымдастыру, кітапханашы рөліндегі кішкентай оқырмандарымызға басқару ісінің қыр-сырын өз тәжірибесінде байқап көруге жол ашылады. Бұл іс шара «Менің таңдауым - кітап» ашық мінберімен де жалғасын тапты. 

Сондай-ақ, фестиваль аясында белгілі суретші-иллюстратор Қайрат Жәйірбек пен танымал дизайнер Рахима Мукушеваның жеке көрмелері ұсынылды. 

Сол сияқты, фестивалдің ең басты іс-шарасы – кітапхана жанынан «Бала TIME» балалар телеарнасының салтанатты ашылуы болып отыр. Балалардың өзі жүргізетін бұл телеарнаның қызықты танымдық бағдарламалары да осы салтанатты ашылуда көпшілікке паш етілмек. Фестиваль аясында фэнтези жанрының шебері Рустем Сауытбайдың «Шоко әлем» бестселлер кітабы және жазушы-драматург Маржан Ершудің «Кітапхана педагогикасы: Ертегітерапия» кітаптарының тұсаукесері өтеді. Жас дарын Разия Акпар, жазушы Ирина Әкімжанова сынды шығармашылық тұлғаларының да кітаптарының тұсауы кесілді. «Жас қаламгер» дөңгелек үстеліне творчестволық жұмыстармен айналысып жүрген біздің бүлдіршін балалармен кездесу өткізілді. 

Жиынға ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы, «Алтын Орда» авторлық дизайн үйінің негізін қалаушы, ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Ырза Тұрсынзада, айтыскер ақын Егеухан Мұқамәдиқызы, жазушы, жыршы-жырау Баянғали Әлімжан, балалар жазушылары, әдебиеттанушылар, мәдени мекемелерінің басшылары мен қызметкерлері, қолөнер шеберлері, дарынды балалар, БАҚ өкілдері, блогерлер кітапханашылар және оқырмандар қатысты.