Қонаев көпірі

Қонаев көпірі

  Өткен жылы 85 жасында өмірден өткен Алматы облысы Талғар ауданының «Құрметті азаматы» Алтынбек Қонаевтың ғұмыры көп адамдарға өнеге болатын тұстары аз емес. Қарияның білімділігі мен парасаттылығы, адамгершілігі мен табандылығы, ізденімпаздық, өлкетанушылығы, ақындығы мен этнографиялық жұмыстары ел есінде, Кеген мен Райымбек, Еңбекшіқазақ пен Талғар өңіріне өте танымал болған кісі. Ел мен жер тарихын жақсы білетін қарияны іздеп келушілер де аз болмаған.  

         Қарияны 1980-жылдары республикалық басылымдардағы материалдарынан білетін едім. Газет-журналдардан Алтынбек Қонаев деген фамилия жиі кездесетін. Әр тақырыпта қалам тартатын автордың бірде тарихи тақырыпта, енді бірде жер аттарының атауы жөнінде материалдары жиі жарияланып тұрды. Қазақ пен жоңғар соғысында қол бастаған батырлар және ел арасынан шыққан шешендер мен билер туралы да жазып, балаларға арналған өлеңдері мен шағын әңгімелерінде жиі шығатын. Бір жолы облыстық «Жетісу» газетінде таңбалы тастар жөнінде жазылған тың материалына көзім түсті. Мақалада төрт сурет беріліпті. Суреттің екеуі атақты Қарқара жайлауының шығысындағы Қабандының Қарағайлысының Ақбастау деген бұлағының басынан тауып алғаны жайында. Оның бірінде 1916 жылғы Албандар көтерілісінің басшысы Ұзақ батыр туралы арабша жазылған жазу. «Ұзақ батыр 1860 жыл, ораза айы 11» деп және дөңгелек белгі салынған. Екіншісінде «1916 жылы, ұлу жылы 12 июнь 61 жаста. Ұлу жылы дүниеден өтті» депті. Ал қалған екі тасты Кегеннің жанындағы Түменбай ауылындағы Түменбай қорымындағы Ұзақтың әкесі Саурық батырдың күмбезінің жанынан тапқандығы айтылады. Төрт бұрышты жылтыр екі тастың бірінде ертедегі түркі жазумен жазылған жазуды көруге болады. Тастардағы жазудың құндылығы кімді болсын қызықтырары анық. Ұзақ пен оның әкесі Саурық тарихи тұлғалар.

        Осыдан кейін автордың жан-жақты шығармашылығы мені де қызықтыра бастады. Араға біраз жыл өткенде ол кісімен танысудың сәті түсті. Кейін бірнеше рет іздеп те бардым. Жүзінде адам тартарлық жылылық, сөзінің тәлімі мол, жайсаң жан мені ескі танысындай қарсы алып, әңгімелескенбіз. Көп жыл Кеген ауданында төтенше жағдай саласында қарапайым жұмыс істеп, кейін Талғардың Талдыбұлағында мұғалім болыпты. Әдеби шығармашылыққа кеш оралғанына өкінішін де білдірген. Сол кездесуден кейін біздер рухани сырлас, ізденісіміз бір жолға тоғысқандай болып кетті.

        Қарияның өмірбаяны тым қарапайым десе де болады.1960 жылдары әке-шешесімен өзінің тарихы Отаны Қазақстанға Қытайдан оралған. «Әкем мен шешемнің туған жері Кеген. 1930 жылдардағы ел басына түскен ауыртпалық жылдарда әкем шекарада комотрядта жүріп, Жаркент, Ойқарай, Қалжат, Нарынқолдың Сүмбе жағында қызмет атқарыпты. Ашаршылық пен кеңес заманының қысымын, елдегі қиын жағдайды көзімен көріп, жүрегіне қатты батқан. Заманның қиыншылығынан шекара асып жатқандарға жанашырлық білдірген. Бұл жағдайды өзінің тікелей басшысы байқап қалып, әкемді Қайнар ауылында тұтқындайды. Сарыжаздағы әскери комендатурасына қаматады. Комендатураға түскендердің көбі атылып, не болмаса алыс жерге айдалып жатқан уақыт екен. Әкемді түннің бір уағында тергеуге алған адам өзінің Верныйде әскери дайындыққа машықтырған командирі танып: «Қонай Байзақов сен бе? Сен жақсы жауынгер едің. Менің әскерім бұлай істеуі мүмкін емес, сен үкіметке шын берілгеніңді білемін» деп, мән-жайды сұрап босатып жібереді. Бұдан кейін Ақтасты ауылында құрылған мойынсерікке төраға болыпты. Бір күні түн жарымында әкемді жақсы танитын бір адамы Кегеннен келіп, «Сені халық жауының тізімінен аты жөніңді көріп, соны айтуға келдім. Жақын күнде тұтқындалатының анық. Енді қашпасаң болмас» деп келген ізімен кері қайтады.

        Ертесінде әкем ауылдағы елді жиып: «Мен Қытайға кетем. Менің артыма қуғын түсіпті. Сендермен қоштасу үшін жинадым, аман-сау тұрыңдар» деп қоштасқан екен. Бұған ауылдағылар аң-таң болып, шекара асып жатқандар үнсіз-түнсіз кетіп жатқанда әкемнің бұлай істегеніне ешкім сенбеген екен. Сол күннің түнінде әкем отбасын ауылдың желкесінде тұрған Ақтастының Ақ шоқысына шығарып, Аспан қораға бекініпті. Шоқыдан ауылдың барлық тіршілігін бақылып, көріп те отырған. Әкемнің Қытайға кететіні жайлы хабар ауданға жетіп, қарулы жасақ ауылды түгел тінткенін әкем шоқыдан көріп отырыпты. Олардың екі-үшеуі әкем кетті-ау деген шығысқа қарай қуғынға шығыпты. Қуғыншылар көп кешікпей қайта оралып, Кегенге кеткенде Ұзынқара тауындағы бұрынғы замандардағы Дон Жон деп аталатын жасырын жота жолмен шекара асыпты.

        «Біздер Қытай жерінде отыз жылдай тұрып, атамекенге оралдық. Мен Құлжа қаласындағы педагогикалық институтты бітіріп, қазақ тілі маманы деген дипломмен келдім. Ойым мұғалім болу еді. Бірақ мені алмады. Себебі Қытайдан келгендігім кедергі болды. Ол жылдары мен сияқты Қытайдан келген әр саланың мамандары колхоздың малын бағып кетті. Мен де бала-шаға мен қарт ата-анамды бағу үшін қара жұмысқа араластым. Көзім ашық, білімім бар болғандықтан, көп нәрсеге мән беріп, қолым боста Кеген өңірін аралап, ел мен жер тарихын қағазға түсірдім. Қариялардан әңгіме тыңдап, өткен тарихқа терең мән бердім»-деген-ді Алтынбек ақсақал. Осыдан кейін біздер жақын араласып кеттік. Бірде, «Өзім көрген Кеген өңіріндегі тарихи орнындарды саған көрсетсем деген ойым бар. Жасым болса, 70-ден асып барады. Мен көргенді сенде біліп жүргенің өзіңе де жақсы. Күні ертең Алтынбек қария көрсеткен деп, айтып жүресің» деді. Қария сөзінде тұрды. Біз Ақтастыға бардық. Ондағы 1970 жылдары белгілі археолг Кемал Ақышевтың қазған сақ төбелерін көріп, Қурайлыдағы Райымбек батырдың баласы Қожағұлдың қорымын, Көксайдағы үңгір, Бүрме сайындағы үйілген тастар, Қызыл арасандағы түркі жазуы мен Қарабөлдектегі сымбастар, Түменбайдағы Саурық батырдың күмбезі, Сарытаудағы «Жұмбақ тасты», Байсуан асуындағы НКВД-ның таңбасында көрсетті. Бәрі тұнып жатқан тарих.

          Араға бір-екі жыл салып, тағы бір сапарымыз Талдықорғанның Кербұлағына аттандық. Жолымыз Сарыөзекті басып, Алтынемелге келгенде Шоқан Уәлихановтың жерленген жері және оның Қытайға саяхаты туралы әңгіме қозғап, ертедегі Жібек жолы осымен жүргендігі сөз болды. Біз Басшиге барғанмен іздеген адамымыз табылмады. Бірақ тәлеймізге Жақыпбек деген жан дүниесі дарқан, ауылдың данагөй қариясына тап болып, бұйымтайымызды айтқанда, ол кісі көмегін берді. Елдің, жердің тарихын жақсы білетін, көкірегі ояу, көңілі жомарт басшилік қарияда шежіреге жүйрік, жер мен ел тарихына қанық екенін байқатты. Алтынбек қарияның ата-бабасының бұл жақта ертеде жүргендігі және қоныстарының бар болу керек деп, әңгімесін айтқанда, «оны бір білсе, Екпінді ауылда 90-нан асып қайтыс болған менің жақсы көретін қариям білетін еді. Амал не ол кісімен мен де сырластай болып, жақсы сыйластық. Қария бұдан екі-үш жыл бұрын өмірден өтіп кетті. Қария бір дария еді. Оның бір білсе, баласы біледі. Сендердің көліктерің ол ауылға барғанымен тауға жете алмайды. Мен апарамын» деп көлігін от алдырды. Біз Алтынемелмен жалғасып жатқан шығысқа қарай созылған тауға бет алдық. Екпінді шағын ауыл екен. Іздеген жігітіміз мектептен табылып, келген шаруамызды айтқанда «міне сіздер іздеген Аламан тауы, Аламан сайы, Аламан қоры, қыстауы деген жерлер, мына созылып жатқан тауда. Барам десеңіздер менің «Нива» көлігіммен барайық. Әкем марқұм көп білуші еді. Ол кісі кеткеннен кейін ата-баба тарихын кімнен сұрарыңды білмей қалады екенсің» дегенде, Алтынбек қария: «менің іздегенім осы. Біз Албанның ішінде Алжанымыз. Алжаннан Сырымбет, Шағыр, Аламан және Қиғылық деген төрт бала тарайды. Мен соның Аламанымын. Аламан заманында би болған кісі деп қариялар айтып отыратын. Аталарымыз Іле өзенің арғы жағында мекендеген деуші еді. Міне сол рас болып шықты. Атақты Райымбек батыр біздің атамыз. Қалмақты Іледен өтіп шапқандығы тарихта айтылады» деп, өткен заманнан сөз қозғады.

Біз барған тау ауылдан онша алыс емес болғандықтан, бір демде жеттік. Жол бастаған жігітіміз көлігін бір үлкен сайдың ауызына тоқтатты. «Бұл Аламан сайы, мұнда Аламандардың қорымы жатыр. Сайды өрлей жүріп, Аламан жайлауына баруға болады» деп таудан құлай аққан өзеннің жанындағы қорымға әкелді. Алтынбек қария ата-бабасы жатқан қорымнан топырақ алды да құран оқып, биік тауға ұзақ қарады. Бір кезде Жақыпбек қария: «айтпақшы, менің есіме ел ішінде ертеден айтылып келе жатқан бір шумақ өлең түсті. «Асу Аламанды асып келем, Жайқалған жапырағын басып келем. Бірге туған бауырларды еске алып, Соларды есім алып жасып келем» деп үлкендердің айтып отыратынын естігенмін. Осы сай сол асу екен ғой. Мына сай сол асуға алып баратын тәрізді деген де, жол бастаушы жігіт, «тақ солай, таудың үстінде Аламан жайлауы бар.Таудың сай-саласы олардың қыстауы болған» – деді. Біздің бұл сапарымыз өте жақсы өтті. Ауылдан Алтынбек қария жақын туысқанын да тауып қайтты.

     Тағы бірде жолым түсіп, Кеген ауданының тарихи мұражайына соққанмын. Ойым Алтынбек қарияның: «мен Қабанды, Түменбай қорымынан тапқан тастарды мұражайға өткізгенмін» деген сөзі себепші болған. Ол тастар мұражайда бар екен. Әсіресе, Ұзақ батыр туралы деректерде қарияның айтқан тасы тұрғанын көріп, қарияға іштей риза болдым.

        2018 жылдың жазында Алтынбек қария бір кезде айтқан атақты Шалкөде жайлауындағы үйсін ана балбал тасын көрсетемін деген уәдесін орындады. «Балам Қанат үшеуміз Шалкөдеге барамыз» деп шақырғаны. Бұдан 40 жыл бұрын Шалкөденің Айғайтасына үйсін ана балбал тасына жол тарттық. Қария балбал тастың қай жерде екенін ұмытпапты. Дәл таптық және бір балбал тасты тауып, көңілді қайтып келе жатқанымызда «Түзудегі «Жампейістің шамкөріне» барамыз деп, көлікті бұрғызды. Бұл кез кеш болып қалған уақыт еді. Және де ол үшін Шалкөде өзенінің мол суынан өту керек болды. Біздер өте алмадық. «Қап, атамыздың шамкөрін көрсек болатын еді, енді жол түспес» деп өкінгендей өзенің арғы бетіне қараумен болды. Қарияның тағы бір ерекшелігі шежіре жазумен де айналысып, ауыл-ауылды аралағанында да қасында жүрдім. Әр нәрсеге мән беріп, кімнен-кім шыққанын қағазға түсіргенін де көргенмін. Шежіре жинау оңай шаруа емес екеніндігін сол кезде түсіндім.

       Алтынбек қария өмірінің көп жылын Талғардың Талдыбұлақ ауылында өткізді. Ауылдағы мектепте жұмыс істеп, шәкірт тәрбиелесе, зейнеткерлікке шыққанда мешітте имандылықты насихаттады. Және ол кісі ертегі Талкиз қаласы туралы да зерттеп, бір-екі жәдігер тапқанын да көрсеткен. Қарапайым бауырдың тасқа айналған түрін және ол туралы да әңгіме еткен. Бауырдың бір шетінде пышақпен кескендей орны қалыпты, қалған жағы бүтін. Екінші бір жәдігері тастан жасалған түйгіш. Қолға ыңғайлы жасалған. Қарияның жан дүниесі кең, қоғамға шын жаны ашитын жан екенін замандастары мен Талдыбұлақ ауылының тұрғындары аз айтпайды. Ол кісі ауданға танымал болған. Ауылдың ішіндегі түйткіл мәселелерін бас қосқан жиында жиі көтеріп, оның шешуде де әрқашан араласып отырыпты. Соның бірі ауылды қақ жарып өтетін тау өзенінің суы тұрғындарға көктем мен күз айында өткел бермейтін кездері жиі болып, қиындық туғызғанын сан мәрте көтерген. Бірақ ол аяқсыз қалыпты. Бұл мәселені ауданның жиынында көтеріпті. Әсіресе, мектепке баратын балалар үшін судан өту қиындық туғызғанын жеткізіп, көпір салуды ұсыныс тастаған. Бірақ ол ұсыныс ұзаққа созылғанда, ауылдың бір азаматы қарияның ұсынысын жерге тастамай өзенге көпір салып берген. Ол көпір кейін «Қонаевтың көпірі» атанып, елдің игіліне айналған.

         Және де бір мысал 1970 жылдары Кеген ауданының Мыңжылқысында үлкен сиыр фермасы үкіметке сүт өткізумен айналысып, керексіз сүтті суға төгіп жатқанын байқаған Алтынбек қария сүттің суға төгіліп жатқанына жаны ашып, керексіз сүттен ірімшік және басқа тағамдар жасауға болады ғой деп, облыстық газетке өз пікірін жазған. Автордың көтерген мәселесі аудандық партия жиналысында қаралып, сүт бұдан кейін суға төгілмей, одан түрлі тағам жасаудың жолдары қойылған екен. Дананөй қариямен біраз жыл достай сырлас, рухани мүдделес, әрі сапарлас болған жылдарым қашан да ойымда жүреді. Алыс сапарға шыққанда, туған ел мен жердің тарихы еске түседі. Сонда есіме Алтынбек қарияны аламын. Шіркін, осындай қазыналы қариялар әр ауылда көп болса, сырларын ішке бүккен көп тарихымыз ашылар еді деп те ойлаймын.

Жексен АЛПАРТЕГІ

qazaquni.kz